Еліміздің бас қаласының намысын қорғап жүрген «Астана» клубы соңғы үш-төрт жылда Еуропада азды-көпті табысқа жетіп жүр. Өзгелермен салыстырғанда тепкен добымыз түзу ұша қоймайтын біздің ел үшін қуанышты жаңалық екені түсінікті.
Сол «Астана» Шотландияның Глазго қаласында жергілікті «Селтик» клубынан 0:5 есебімен оңбай жеңілді. Бұл Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің іріктеу бəсекесі болатын. Осы ойыннан кейін елорда командасының футболшылары мен бапкерлер штабын даттап жатқандар, тіпті, елдегі футбол ойынын қаржыландыруды жауып тастау керек дегендер көбейді. Оларға қарсылық білдіріп, ақтағандар да жетерлік. Екі тараптың да өз шындығы  бар. Енді осы пікірлерге салқынқандылық танытып жауап беріп көрсек.
Біріншіден, елдегі футболдың дамуын ұлттық құраманың, ішкі чемпионаттың, жастар жəне балалар футболының деңгейімен өлшеу керек. Сондай-ақ, инфрақұрылым мəселесі де аса маңызды. Біздің ұлттық құрама 26 жыл ішінде жанкүйер сенімін ақтай алған жоқ. Ал чемпионаттың деңгейі жыл сайын өсіп, көтеріліп келеді. Бірақ, оның бəрі бірінші кезекте сырттан келген легионерлердің арқасында. «Астана», «Қайрат», «Шахтер», «Ақтөбе» болсын, өзге ойыншылардың көмегімен азды-көпті нəтижеге қол жеткізді. Ең болмаса өз еліміздің үздік клубтарында қазақстандық футболшылар көшбасшы болмаса, ұлттық құрамадан бірдеңе дəметудің өзі ұят. Инфрақұрылым туралы, тіпті, жақ ашпай-ақ қоюға болады. 26 жыл ішінде елімізде жалғыз ғана стадион салынды.  Клубтардың арасында тек «Қайраттың» жаттығу базасы бар.

Қазақстанда футболда қаржы бөлу əкімдерге байланысты. Мысалы, Сергей Кулагин, Архимед Мұхамбетов, Ғалымжан Жақиянов, Өмірзақ Шөкеев, Даниал Ахметов, Əділбек Жақсыбеков, Амалбек Тшанов секілді шенділер əкім болған облыстардың футбол клубтары үнемі жүлделі орындарға таласып жүрді. Олар орнынан түсіп немесе қызмет ауыстырса барлығы өзгеріп шыға келетін. Ал клуб басшылары жылдам нəтижеге жету үшін сырттан легионер ойыншылар мен бапкер шақырады. Бірақ, барлығы инфрақұрылым мəселесін ұмытып кетеді. Жылда көктемде футбол ойнайтын стадион табылмайды. Жалғыз стадионымыз «Астана Арена» концерт өткізуден босамайды.
«Астана» бапкері Станимир Стойловтың командасы наурызда Шымкентте «Ордабасы» командасымен жолықты. Ойыннан кейін Стойлов біраз мəселенің шетін шығарды.
– Мұндай алаңдарда футбол ойнауға болмайды. Егер Қазақстанның футбол федерациясы, қазақ футболының инфрақұрылымы үшін ештеңе істемесе, болашақта ешбір оңды өзгеріс болмайды. Қазір тағы 2 ай осындай алаңдарда ойнайтын боламыз. Бір қызығы, командалардың барлығында да жақсы алаңдар салуға ақша да, жағдай да бар. Бірақ  ақшаны легионерлер мен өзге мақсаттарға жұмсайды. Егер осылай жалғасар болса, жазда Еуропа футболы басталғанда үйде отырып көретін боламыз, – деді Станимир Стойлов.
Болгариялық бапкердің пікірінше, мұндай жағдайда Түркия мен Дубайға барып, миллиондар жұмсап жаттығу жұмыстарын жүргізгеннен де пайда жоқ. Себебі, елге келгеннен кейін ішкі біріншілікті 2 айдай жаттығуға арналған сапасы өте төмен қосалқы алаңдарда ойнауға тура келеді. Стойловтың айтқаны айна-қатесіз келді. Жалғыз «Астана» ғана еурокубоктың топтық кезеңіне өтті. Өзгелері іріктеуден аса алмады. «Астананың» осындай табысқа жетуі жаттықтырушысының біліктілігінің арқасында.
Легионер келеді, кетеді. Бапкер де солай. Ал салған стадион мен команда, жанкүйер қалады. Футболды дамытамыз дегендер алдымен осыны ойланса екен. Əйтпесе, басқасының бəрі бекер. Егер еліміздің ең ірі қалаларында кемі 5-10 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай стадиондар мен манеждер болса, нəтижені талап ету қажет.
Кейбір клубтарымыз қолында бар қаржыға жөні түзу легионер мен бапкерді шақыра алмай отыр. Осы жағынан алғанда «Астана» клубының менеджменті тəп-тəуір. Глазгодағы жеңіліске қарап, қазақ футболын жерлеп тастауға болмас.

Ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитов əлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанда футболға тыйым салу керек деп жазыпты.
– Қазақстанда футболға тыйым салу керектігін əрдайым айтып келемін. Оған жұмсалып жатқан қаражатта есеп жоқ. Одан да ол қаржыны балуандарға, боксшыларға, файтерлерге беріңіздер. Бұл жігіттердің жүрегінде ар-намыс пен мақтаныш бар! Олар елі үшін өз қаражатына еліміздің Туын көтеріп, абыройын асырып жүр. Ақымақтарға ұқсап 90 минут жүгіріп, миллиондаған ақша алмайды, – дейді Қуат Хамитов.
Оған жауап ретінде қазақ футболының ардегері Құралбек Ордабаев əркім өз жұмысымен айналысу керектігін, мұндай кезде «Астана» клубын қолдау қажет екенін айтып отыр.
– «Найман» біздің футболшыларға баға бергені немесе кеңес айтқаны қажет емес.  Ол өз спортымен айналыссын. Біз оның жұмысына араласқан емеспіз. Əрине, футболшылар көп жалақы алады. Себебі түсінікті. Жаттығады, қаншама жүйкесі жұқарып, ресми ойындарда күшін сарқып ойнайды. Сосын Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Астана» клубының ойындарына жиналатын көрермен мен ережесіз жекпе-жектің жанкүйерлерін санап көрейікші. Бұл жағынан ережесіз жекпе-жектің өкілдері мақтана алмайды деп ойлаймын. Əркім өз ісімен айналысқаны дұрыс жəне футболшылардың ар-намысына тигенін қолдай алмаймын. Мүмкін эмоцияға беріліп айтқан шығар. Дегенмен, кешірім сұрауы тиіс. «Астана» жеңілді. Бұл спорт. Кіммен ойнағанын да ұмытпау керек.
«Селтик» – қанша дегенмен танымал еуропалық команда. Шотландықтардың тепкенінің бəрі қақпаға кірді, екеуі – автогол. Ондай жағдай болып тұрады. Мұндай қиын кезде «Астана» футболшыларын қолдаған дұрыс. Енді қарымта ойында 5 гол соқпаса да, жеңіске жетуі үшін тырысады. «Астана» еурокубокта қалған жалғыз қазақстандық команда. Олар əлі Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнайды, – дейді Құралбек Ордабаев.
Қалай десек те, футбол – бұқаралық спорт. Оны жауып, тұншықтыра алмайсың. Халықтың көбі ала допты жақсы көреді. Бастысы, жоғарыда айтқандай инфрақұрылымды жөндей алсақ, сосын балалар жəне жасөспірімдер футболын дамыту жағын ойластыруымыз керек. Мүмкін шетелден білікті балалар бапкерін шақыру керек шығар. Сол кезде нəтиже талап етуге болады. Əзірге басшылар ақшаны онды-солды жұмсамай, тиімді қолданса екен.
«Астана» капитаны Дмитрий Шомко – намысты жігіттердің бірі. Ол бұл ойыннан қорытынды шығаратынын, алдағы уақытта елорда командасының жоғары биіктерден көрінуі үшін аянып қалмайтынын жеткізді.
– Кез келген жеңіліс команданы құлдыратады немесе екі есе күшті болуға əсер етеді. Бұл ойында ойлаған жоспарымыз жүзеге асқан жоқ. Қазақстан жанкүйерлері еліміздің нағыз мақтанышы. Кім не айтса да,сүйікті клубымыз үшін соңына дейін күресеміз, – дейді «Астана» капитаны Дмитрий Шомко. «Астана» жас команда болса да, өзіндік ойын өрнегін қалыптастырып келеді. Бұл жеңіліс толағай табыстардың бастауы болады деп үміттенеміз.
Бек ТӨЛЕУОВ
«Ұлан» газеті, №34
22.08.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз