Лақ бірде жайылымда жүріп ұйықтап қалды.Оянған соң қараcа, көзіне ешнәрсе шалынбады. Далада жалғыз қалыпты. Отардың соңынан қуып, жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатып қасқырға кезікті.

– Ей, мұнда неғып жүрсің? – деді қасқыр көзі оттай жанып.

– Қуаласпақ ойнап, – деді лақ тез ес жиып.

– Кіммен? – деді қасқыр.

– Ағаммен, – деді лақ. Сөйтті де, артына бұрылып:

– Мен оны ертіп келейін, – деді.

Бұл ербиген неме қайда барар дейсің деп ойлаған қасқыр:

– Бар, тезірек ертіп кел, – деді.

Лақ төмен қарай жүгіре жөнелді. Іле бір шошақ тастың басына шықты. Қараса, асты терең құз екен. Тұсында үлкен терек өсіп тұр. Соңғы үміт сол еді. Секірмеске лаж жоқ. Ал секірейін десе жүрегі дауаламады.

Оны көрген қасқыр:

– Ей, неғып тұрсың ербиіп?– деді айбар шегіп. – Бері кел, бармасаң!

– Ағам жүрмей жатыр… қазір барам, – деді лақ.

– Жүрмесе… қазір мен көрсетем қалай жүруді, – деді қасқыр орнынан қозғалып.

Қауіп төнгенін сезген лақ  ілгері қарай секіріп кетті. Лақтырған бөріктей құлдап кеп көк теректің бұтағына жалп етті. Тұла бойы оңбай ауырса да, аман қалды.

Аздан соң есін жиған лақ:

– Ей, ақымақ, қасқыр, бері кел! – деді қасқырға.

– Не деп тұрсың-ей, қайталап айтшы, – деді қасқыр төбеден төніп.

– Ей, ақымақ, бері кел деймін!

– Сен сілімтікті ме! Мойныңды үзіп, жұлып алмасам, қасқыр атым құрысын. – Дүлей ашумен төмен қарай секіріп кеткен қасқыр теректің діңіне қатты соғылып, сеспей қатты.

Жеңіске жеткен лақ одан ары жүрді. Жолда бір қабанға кезікті.

– Аға, мұнда неғып жүрсің, – деді лақ сасқанда не айтарын білмей.

– От оттап, су ішіп жүрмін, – деді шошқа қорс-қорс етіп.

– Аға, мен қорқам, – деді лақ еркелеп.

– Неден қорқасың, қасыңда мен бармын ғой…

– Білмеймін…

– Онда маған ілесіп жүр.

– Жоқ, аға, мен сізге мініп алайыншы. Шаршадым!

– Мейлің.

Лақ тастың үстіне шығып, қабанға секіріп мініп алды.

– Ой, аға, арқаң қандай жұмсақ, – деді ол сәлден соң.

Қабан мінгізерін мінгізсе де, аздан соң жайсыздана бастады

– Лақ, түсші, көкем!Менің қытығым кеп тұр, – деді қипалақтап.

– Ой, апа, қойшы! Түспейінші! – деді лақ түскісі келмей.

Лақ түспеді. Қайта жабыса түсті. Лақ құшағын қатты қысқан сайын қабан күлкіге тұншығып, желе берді. Ақыры ол қалың бұтаға кеп қойып кетті. Лақ артынан сыпырылып түсіп қалды. Аздан соң бір бұғыға кез болды.

– Ата, мен адасып қалдым, сай табанына түсіріп қойшы, – деді жыламсырап.

– Кел,менің екі мүйізімнің ортасына отыр,– деді бұғы екі сөзге келмей.

Лақ бұғының айтқан жеріне жайғаса кетті. Сөйтіп бұғы оны лезде сай табанына әкелді. Өзі жайына кетті.

Лақ біраз жүрген соң тағы да бір қасқырға кез болды.

Бұл түнімен отар торып, түк іліктіре алмаған аш қасқыр еді.

– Мен сені жеймін, – деді ол лақты көрген жерден.

– Жесең же, – деді лақ бірден келісіп.– Бірақ бір тілегім бар, соны орында.

– Айт тілегіңді!

– Мен әлі баламын ғой… шамалы ойнатшы мені.

– Қалай ойнатам?

– Арқаңа мінгізіп ал да, ана суда жүз. Ойыным қанған соң жей бер.

Қасқыр көнді. Лақ оның үстіне мініп алды. Екеуі су бетінде сынаптай сырғып жылжи жөнелді. Лақ іштей қатты қорықса да, онысын білдірген жоқ.

– Алақай, қандай жақсы! – деп айқай салды тіпті.Сөйтті де қасқырдың көзін аяғымен баса қалып:

– Ағатай, жүзе бер, жүзе бер! Тез жүз!– деді қызыққа батқан кісі болып.

Қасқыр бар күшін салып жүзе берді. Бір кезде төбе басында жүрген қос төбет суда жүрген лақты көріп, тұра ұмтылды.

Өзіне қарай ағып келе жатқан төбеттерді көрген лақтың қуанышында шек болмады. Олардың дыбысын қасқыр біліп қала ма деп қауіптеніп:

– Ағатай, жүзе бер, жүзе бер, – деп тағы айғайлады бастырмалатып.

Судың сылдыры мен лақтың айғайынан түк естімеген қасқыр қарқынына қарқын қосып жүзе берді. Сақпан тасындай зулаған қос төбет жақындап қалғанда лақ:

– Ағатай, көзіңді жұмып, жүзе  бер, – деді, өзі секіріп кетуге ыңғайланып. Сәті жеткенде жағаға қарғып шығып, қос төбетке қарсы жүгірді.

Қасқыр сонда ғана көзін ашып, лақты көріп, тұра ұмтылды.Бірақ бұл ажалына асығумен бірдей еді. Қос төбет қос бүйірден іліп, жайратып салды.

Айлакер лақ демде төбе басына жетіп, сонда жайылып жатқан қалың отарға қосылды.

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз