Лəйлə Сұлтанқызын «Балапан» арнасының бұрынғы директоры, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы «Əйел бақыты» бағдарламасының жүргізушісі, «Менің екінші кітабым» жəне «Əйел» кітаптарының авторы ретінде танимыз. Соңғы уақытта ол «The Эфир» бағдарламасын жүргізеді. Лəйлə ханымның жанкүйерлері де көп-ақ. Жақында Қазақ Ұлттық университетінде Лəйлə Сұлтанқызымен кездесу өтті. 8 наурыз – Халықаралық əйелдер күні мерекесіне орай оның қыздарға қатысты бірнеше ақыл-кеңесін ұсынып отырмыз.

«Қазақстанда мансап құр». Сендерге арнап осы тақырыпты таңдап алдым. Мансап деген сөздің мағынасын əркім əртүрлі түсінеді. Бай болу, танымал болу, абыройлы, табысты болу, биіктен көріну… Бəрінің мағынасы бір-біріне жақын. Алайда осының бəрі қыз бала үшін қаншалықты маңызды? Бұл туралы жиі ойлана бермейміз. Қазақ қыздарының тағдыры бір-бірін жиі қайталайды, өте ұқсас. Үйдегі тəрбие, мектеп бітіру, диплом алу, тұрмысқа шығу, өмірге ұрпақ əкелу, жұмыс пен үйдің арасындағы тіршілік…

Осылай бірсарынды болып жалғасып кете береді. Кез келген адамда мақсат болу керек. Мейлі ол қыз бала болсын, мейлі ер жігіт болсын.

«Əйел бақытын» жүргізген соң, «Əйел» атты кітап шығарған соң менен «Қалай бақытты болуға болады?» деп сұрайтындар көбейді. Оның нақты формуласы жоқ. Бақытты өмір деген болмайды. Бақытты сəттер болады. Сол бақытты сəттерді адам өз қолымен жасауы керек. Күн сайын ұйқыдан оянғанда «отбасымның берекесі шайқалмаса екен» деген тілекпен оянып, ұйықтарда да Алладан осыны тілеп жатамын. Əр əйелдің, əр ананың тілегі осындай болса, барша əлем бақытты болар ма еді?

«Сіз сияқты болғым келеді» дейтін қыздардың көпшілігі бұл сөзді менің атағыма, мансабыма қызығып айтатын сияқты. Айналайын, қыздар, біздің ең басты миссиямыз бұл емес. Басты міндетіміз – отбасының ұйытқысы болып, бала тəрбиелеу. Осыны естен шығармаңдаршы.

Күнделікті сөздік қолданысыңды бақылап көрдің бе? Күніне қанша сөз қолданасың? Оның қаншасы қазақша, орысша, ағылшынша немесе басқа тілде? Бір сөзді неше рет қайталайсың? Қыстырма сөздер мен жаңа сөздердің үлесі қандай? Журналист боламын, оның ішінде телевизия саласына келемін дейтін адам алдымен осындай сараптама жасай алуы керек. Егер эфирге шыққан сайын бірсарынды сөздерді қайталай берсең, көрермен жалығып кетеді. Сондықтан үнемі ізденіс үстінде болуымыз керек.

Журналистикаға ғылым емес деп қарайтындар көп. Меніңше, журналистика – адамтану ғылымы. 19 жылдық тəжірибемде он мыңға жуық адамнан сұқбат алыппын. Қанша кейіпкер болса, сонша тағдыр, сонша мінез бар. Журналист соның бəрін танып-білуі керек.

Қазіргі жастардан қорқамын. Жақсы мағынасында қорқамын. Мен студент, оқушы болған кезде қазіргідей көп мүмкіндік болмады. Сондықтан менің даму деңгейімнен сендер жүз есе алға озып кете аласыңдар. Бізден кейін өте мықты ұрпақ толқыны өсіп келеді. Олар мен білмейтін нəрселерді біледі, мен жасай алмайтын жұмысты жасай алады. Мен сендерді қызғанамын, мен сендерге қызығамын, жастар!

Нағыз қазақ жігітінің қандай болуы керек екенін əрбір қазақ қызы қалыптасып қалған стереотиптермен сипаттағысы келеді. Бірақ мен бұдан бас тартқым келеді. Тура арманыңдағыдай жігіт ешуақытта жолықпайтынын немесе сенің ойыңнан толықтай шығатын адамның кездеспейтінін мойындау керек.  Батырлар жырындағы жігіттердің сипатын, бейнесін қазіргі жігіттерден таба қоймаспыз. Бұл сөзіммен қазіргі жігіттердің бəрі жаман дегім келмейді. Жігіттің жамандығын жасырып, жақсылығын асыру арулардың қолында. Сондықтан нағыз қазақ жігітін қолдан жасап алу тек қана қыздарымыздың мойнында екенін естен шығармауымыз керек деген пікірдемін.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №10
6 наурыз 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз