Кейбір суреткерлердің Отанын, елін сүйгеніне өз халқы күмәнмен қарағаны қызық. Сол суреткерлердің ішінде Мансұр Халаж, Достоевский, Бодлер және біздің Абайлардың болғанын еске алсақ, адамзаттың кемел ақыл иесі екеніне өзің де күмәндана бастайсың. Олар адам қабиласының кемелдік кеңістігі мен азғындық шекарасына дейінгі мыңжылдықтар бойы жазылып келе жатқан ақиқатқа тағы бірнеше том қосты. Болды. Өз халқының жетпей жатқан жақтарымен күресті. Сол-ақ. Өз дәуіріне үн қату жолында «моральдық» құрбандыққа баруға дәті жетті. Осы ғана.

Бар болғаны осы.

Ал, бұл жаппай бұқараның шымбайына неге батады? Бір ескеретін жағдай, біз мұнда аталған суреткерлер өмір сүрген кезеңге қатысты әңгіме өрбітіп отырмыз. Замандар алмасқанда ұрпақтар оларды ақтап алды. Бірақ, неге өз заманы түсінбеді? Себебі, адамдар айнаға қарап үйренген еді. Айнаның алдында бойын сылап, шашын тарағанға, өз келбет-мүсініне сүйсінгенге дағдыланған еді. Олар айнаның бетін үнемі сүртіп тұратын, шаң басқан айна оларды ажарсыз көрсететін.

Бәлкім… бір күні бір міскін айнаның артқы бетін көргісі келіп, теріс айналдырды. Сонда өрмекшінің торы мен шаң басқан кеспірсіз көріністі көрді.

Бұл көрініс оған әуелгі марқаю сезімін емес, біртүрлі жайсыздық сыйлады. Есіне қатігез ойлары мен күнәлі істерін салды, мүмкін. Айнаның артқы беті оған ұнамады. Апыл-ғұпыл айнаның оң бетіне қарап еді, жүзі әлеміштеніп кеткен өзін көрді. Бойын сылап, шашын түзеп тағы біраз тұрып еді, өз келбетіне қайтадан сүйсіне бастады. Ол ендігі айнаның екінші бетіне қарамасқа тастүйін бекінді. Бәлкім… бір күні тағы бір міскін айнаның артқы бетін аударып көрді. Оның да көз алдында өрмекшінің торы мен шаң басқан кеспірсіз көрініс. Ол да біртүрлі жайсыздық сезінді. Есіне қатігез ойлары мен күнәлі істерін салды, мүмкін. Лезде айнаның оң бетіне қарап еді, жүзі әлеміштеніп кетіпті. «Демек, біз көз көрген жылтыраққа алданып жүрміз, басқа, бұдан басқа ақиқат бар», – деп ойлады ол. Сөйтті де, өрмекшінің торын тазартып, шаңын сүртті. Айнаның арты тазарғанмен, келбетін көрсетердей жылтырамады. «Бәлкім, бұл менің кірлеген, күңгірт ішкі әлемім болар»…

Содан айнаның алдына барған сайын аударып артқы бетіне қарайтын әдет тапты. Өзін көре алмады, бірақ.

«Ізгілік» деген сөз тілінің ұшында тұрып алды. Көзін шел басқан кейуанаға қолұшын беріп, жақсылық жасады да, келесі күні тағы келіп қараған, күңгірт… Келесі күні қарияға көмектесті, айнаның арты күңгірт. Келесі күндері аяғы ауыр келіншекке, аурушаң балаға… айнаның арты әлі күңгірт еді.

Себебі, бұл «ізгілікті» ол онсыз да күнде жасайтын. Бұл «ізгілікті» басқалар, тіпті айнаның артын екінші қайтара ашпасқа бекінген міскін де кез келген уақытта жасай алатын. Сонымен қатар бұл да, олар да кез келген уақытта қатігездікке бара алатын еді-ау! «Демек, санам күнәлі ойлардан тазармаған. Ойдың ізгілігіне жетуім ләзім». «Қалай?» Қалай? Бәлкім… айнаның артқы бетін алғаш сол екі адам көрді. Көпшілік қайта қарамауға бекінген міскіннің жолымен жүрді. Азшылық айнаның артына қайта-қайта үңілетін тақуаның мүриті болуға бел буды.

Бәлкім… сол міскін алғаш адамзатқа «ойдың ізгілігі» жайлы уағыз жүргізуді бастады. Әйтеуір, содан бері жанның көлеңкелі түкпірлеріне шырақ алып түскен азшылықтың қатары сиреген жоқ. Бір дәуірлер оларға әулие деген атау берді, бір дәуірлер оларға ғұлама деген атау берді. Бір дәуір туды, содан бері олар суреткер деп аталып келеді.

Суреткерлер көпшіліктің айнасын теріс қаратып қойды. Көпшілік айнаның артындағы күңгірттікті көруге құлықсыз. Анығы, суреткерлер айнаны теріс

қаратқанда, оған қараған адам өзінің ішкі әлемін көретіндей шеберлікке көтерілген еді. Бұл айтылған қисынға мекен категориясы жүрмейді. Әлемнің мұхит асқан құрлықтарында, яки шақырымдарға созылған кез келген елде дүниеге келген өнер туындысы неге өзге мәдениет өкілдері – бізге әсер етеді? Неге өзге топырақтың қайғысы сенің топырағыңның шемен қайғысына ұқсас?

Әңгіме дәлелді болу үшін тағы бір қисынға жүгінуге тура келеді. Бұл қисынға жүгінбес бұрын мына мәселенің басын ашып алайық.

Қазіргі әдебиетте «постмодернистік талдау» деген ұғым бар. Постмодернистік талдау әдісі «кез келген мәтін кез келген өнер түріне көшіп жүре алады» дегенді ұсынады. Бұған сүйенер болсақ, әдеби талдауда басқа кез келген өнер түрінен мысал келтіруге еріктісіз. Қызық, әдеби шығарманы философиямен, көркем суретпен байланыстырсаңыз, жарасымды секілді де, кинематографиямен байланыстырсаңыз, сөкеттеу сықылды. Өкінішке қарай, осы тенденция біздің қоғамда бар. Иә, бұл жазба әдеби талдау емес шығар. Дегенмен…

Мақұл! Сонымен, өткен ғасырдың соңын ала қожыраған Одақтың бір қиырында таңғажайып уақиға болады. Бұл уақиғаның таңғажайып болатын себебі, мұқым Одақ көлеміндегі езгідегі халықтардың Бостандық алу мұратының әбден кемеліне жетіп, пісіп-жетілгенінің жаршысы болуында. Бір жағы кіші халықтардың азаттыққа деген ұмтылыстарының «әлқиссасы» болса, бір жағы алып империяның «бет сипар» аяғы тақағанын әшкерелеп берді.

Өнер расымен елдің алдында жүреді екен. Біз сөз етіп отырған уақиға – 1984 жылы Тенгиз Абуладзенің режиссерлігімен «Арылу» («Покаяние») картинасының дүниеге келуі еді. Тәжірибелі цензура фильмді бірден текшеге салып тығып қояды. Араға екі жыл салып 1986 жылдың аяғында ғайыптан тайып КСРО Кинематографтар Одағының бірінші хатшысы Элем Климовтың тікелей ықпалымен «Арылудың» жабық көрсетілімі болады. Келесі жылдың басында-ақ фильм бүкіл одақтас елдерді, қала берді шет мемлекеттерді де шарлап кетеді. Стилистикасы карикатуралық, символдық әдістер арқылы жасалған картина сталиндік зұлматтың тарихи бағасын – шын бағасын берді.

Жаңа келген ұрпақ өзіне дейін жасалған ізгілікпен де, озбырлықпен де қауышады. Әр ауысқан ұрпақ арылу процесінің белгілі бір кезеңдерін жүйке тамырынан өткізеді. Бұл процестің қанша ұрпаққа дейін жалғасуы сол халықтың иммунитетіне байланысты.

«Арылудағы» үшінші персонаж, яғни немере аталарының қателіктерінің құрбаны. Өзіне дейін жасалған әділетсіздікке жүйкесі төтеп бере алмады. Төңірегімізге бажайлап қарасақ, осы кейіпкердің әлі де тірі екенін байқаймыз. Ал, атасын өлгеннен соң қара жер қабылдамады. Осы екі топырақтың қайғысы ұқсас болуы гүржілердің де, қазақтардың да Одақ құрамында болып, геноцидті бір көргенінен дерсіз. Рас. Орынды уәж. Әйтсе де, зұлым адамды қара жер қабылдамауы ше? Гүржілер танымында да бар екен бұл. Өткен күзде Светқали көкеме (Нұржан): «Грузиннің Тенгиз Абуладзе деген режиссері бар. «Арылу» деген киносын көрсеңіз ғой…» – деп әңгіме бастап келе жатқан едім, көкем бірден: «Желтоқсаннан кейін сол фильммен жұбандық қой», – десін. Мен ұялып қалдым. Үндемедім. Не деймін?..

Абуладзенің картинасында суреттелетін Кавказ тауының оңтүстігіндегі гүржілер даласындағы жағдай – біздің Сталин өлгенде егіліп жылаған аталарымыздың, КСРО құлағаннан бері әлі күнге дейін сол замананы аңсап, тамсана айтып отыратын әкелеріміздің жағдайынан аумайды.

Сайын Мұратбеков Кеңестік ұжымдастыруды сүйіп жырлаған жазушыдай көрінетін. Сол кезде… студенттік алғашқы жылдарда. Өзара әдеби талқылаулар да көп болатын кез. Сондай отырыстарда Әбіштің, Мағауиннің мәртебесі қашанда биік болушы еді. Тарихи шығармалар тәрбиелеген біздің «қаһарманданған» санамызға Сайынның коммунист кейіпкерлерін қабылдау қиынға соқты. Сөйтсек, кешегі «жалған Отанға» мүлтіксіз сенген көз көрген жандарын, «қуыршақ коммунизмді» аңсаған бүгінгі әкелеріміздің бозбала шағын риясыз көңілмен суреттеген екен. Өз заманын жырлапты. Абуладзе мен Мұратбековтің түйсінгені бір нәрсе: өз Отанының белгілі бір кезеңдегі портретін жасау және көркем бояулармен.

Асылы, суреткерлік мұрат – «ойдың ізгілігін» уағыздаған бағзы бабалардан мұраға алып қалған алғашқы ұстынынан айнымаған. Ал, біз суреткерлердің елін сүйгеніне күмәнмен қараймыз.

Блоктың «әйелі»

1999 жылы тәжік режиссері Бахтиер Худойназаров «Ай әке» («Лунный папа») деп аталатын көркем фильм түсіреді. Сценарийі Иракли Квирикадзенің қаламынан туған. Қышлақта бірсыдырғы ғұмыр кешіп жатқан отағасының соғыста басынан жарақат алып, жарымеске айналған баласы және енді ғана бойжеткен қызының тағдырын арқалаған картина уағында «Оскарға» ұсынылған. Театрға, өнерге ғашық аңғал бойжеткен бір күні айсыз түнде өзін әртіспін деп таныстырған бейтаныс біреуден көтеріп қояды. Дәстүрге берік қышлақ тұрғындары оң жақта отырып көтеріп қойған қызды ауыр сынға алады. Масқаралайды, қорлайды, отбасымен қосып көшіріп жіберуге әрекеттенеді. Жарымес ағасы қорған болуға қауқарсыз, ауыртпашылықтың бәрін әкесі мойымас бірбеткей мінезімен көтеріп алады.

Иронияға құрылған трагикомедия Орта Азия халықтарының дүниетанымын Батысқа таныстыруда үлкен рөл атқарды. Квирикадзенің өзінен сұрап көріп ем, бастапқы сценарий бойынша гүржі ауылындағы бір отбасы суреттелгенін айтты. Худойназаров уақиғаны тәжік қышлағына ауыстырыпты. Мұндағы басты назарда ұстайтын нәрсе, бойжеткеннің есімі – Мамлакат. Бізше Мемлекет қой. Мамлакаттың намысы есі кіресілі-шығасылы ағасына да, әкесіне де, мұқым қышлаққа да ортақ. Мамлакат көтеріп қойғаннан кейінгі барлық кейіпкерлердің кешетін көңіл-күйі мемлекет алдындағы жауапкершілікке ұқсайды. Әртүрлі формадағы мемлекет алдындағы жауапкершілік.

Блоктың «әйелі» деп отырғанымыз да осы. Блок ХХ ғасырдың басында өз өлеңінде Отанды әйелге теңеді. Анығы, әйеліне. Блоктың кеудесінен түлеген поэтикалық теңеу арғы-бергі адамзат тарихындағы Отан жайлы ұғымның жаңа модерн-кеңістігін ашып берді. Отанды «ана» образында көру өте ескі әрі көнермейтін ұғым. Жер шары қауымдарының барлығының дерлік фольклорында кездеседі бұл. Ал, Отанын әйелінің образында, әйелін Отанының кейпінде көру эстетиканың жаңа бір сатысы. Кезекті сатысы. Санаға жарық түссе, бұдан кейін де нешеме ұғымдар дүниеге келе береді. Режиссер Мамлакатқа сакральдық мағына сыйлай алған. Әкесі қайтып, қорғансыз қалған Мамлакат та жарымес ағасының көмегімен «Жүз жылдық жалғыздықтағы» Әсем Ремедиос секілді аспанға ұшып кетеді. Әйел намысы – Отан намысы соншалық қорғансыз, соншалық нәзік, біз оны жаралап ала береміз. Отанды әйеліңдей көрудің не екенін сіздер білесіздер. Әрі қарай талдаудың қажеті де жоқ. Мұнда ешкімге айтпай-ақ түсінетін, өз «әйеліңмен» үнсіз ұғысатын қатпар-қатпар әсерлер жатыр. Мағжанды бізге жеткізген әйелі еді, «Тәуелсіздікті ең болмағанда ұрпағым көрсін» деп жантәсілім еткен боздақтардың арманын құрсағында әлдилеген де Құдай қосқан жары – әйелдері еді. Осы тұста Квирикадзенің үшінші лекциясына тоқталайық. Академияның терезелері қараңғыланған кинозалындамыз. Барлығымызға «Мен» («Кто я?») тақырыбында түсірілім жасауға тапсырма берілген болатын. Бір-біріміздің таспаға алған дүниелерімізді тамашалап отырмыз.

Тобымыздағы Зелимхан есімді шешен жігіт Шешенстандағы қарулы қақтығыстар кезіндегі балалық шағын суреттепті. Шешенстандағы қандастарына көмекке әкесінің кеткені, артынан бұларды алып анасының кеткені…

Қақтығыста екі ағасынан айырылғанын, анасының бұларды алып қайтадан Қазақстанға оралғанын, артынан әкесінің де оралғанын баяндайды. Кішкентай ғана фильмде соған кінәлі адамдарды күстәналайды. Енді отырып талдап жатырмыз. Кезек маған да келді. «Мен де кінәлаймын», – дедім. Әңгіме бірден қыза түсті. Жамырап жатқан топты тыныштандырған Квирикадзе: «Сөздеріңде шындық бар шығар. Бірақ, олардың ішінде Достоевский де, Пушкин де, Лермонтов та болған жоқ қой…» – дедікөзілдірігін сүртіп жатып. Жан-жақтан әлгінде айтқан сөзіме «Неге?», «Неге?» деген сауалдар естіліп жатты. Мен бұған не деп жауап берем? Үнсіз отырып Блоктың «әйелін» ойладым…

Үсен ТОРТАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз