Аулаға шықсақ, жарнамадан көз сүрінеді. Жұмыс берушілердің ұсынысынан бастап, үйіндегі қолданылған ыдыс-аяғы мен жиһаздарын сататындар, одан қалса түрлі курстардың жарнамасы қаптап тұр. «Ағылшын тілін оқытамыз»,   «Математика курсы»,  «1-4-сынып оқушыларын мектепке дайындаймыз»… Біздің іздегеніміз де осы. 4-сыныпқа өткен жиенді ағылшын тілі мен математикадан курсқа беру керек. Ала жаздай ойынның түбін түсірген бала сабақ басталғанда «мақау» болып қалуы мүмкін. Былтыр өткен сабағын бір тоқсан бойы қайталап, тағы да мектеп бағдарламасынан қалып қоймасын деген тілек қой біздікі.

Жалпы топқа береміз бе, əлде жеке мұғалімге оқытамыз ба? Осы жағына келгенде көп ойландық. Біз барған курстардың жалпы топтарында түрлі жастағы балалар (2-3 жас айырмашылықта) оқи береді екен. Балалардың қабылдау деңгейі əртүрлі. Əдетте балаларды тіл үйрету курстарына бергенде топпен оқыту тиімді екенін айтады. Өйткені, балалар бір-бірімен шет тілінде сөйлесіп, тез үйреніп кетеді екен. Бірақ, түрлі деңгейдегі тіл үйренушілер бір топқа түсіп қалса қиын болады. Оны өз басымнан өткергенмін. Мен сияқты ағылшын тілінде əріптерді қосып оқи алмайтындар мен «хеллоу» мен «гуд бай» дегенді айта алатындардың деңгейі екі бөлек. Ол кезде миы ашығанның көкесін көресің, ағылшын тілінің бетін қайта ашқың келмей қалуы да мүмкін. Сол ойыма сарт ете қалды. Əйтпесе тіл үйретуші курстағылар «қатырамыз, үйретеміз» деп тақылдап-ақ тұр. Балаға топпен оқытқанда тіл курстарына сыныптастарымен барған тиімді екен. Етене танитын достарының алдында ұялмай, еркін сөйлесіп, тілді тез үйреніп кете алады деседі.

Біз жеке мұғалімде оқитын болып шештік. Мұғалімі «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген. Бағасы да қалтамызға қонымды болды. Бір сағат оқытқанына 1500 теңге алады. Бірінші сабағында-ақ баламыз үйдегі заттардың атауын ағылшын тілінде айта бастады. Ол үшін сабақ қызық болды. Апайымен кездесуін асыға күтеді. Мектепте де бір жыл ағылшын тілін оқыды. Бірақ, ол тілден не үйренгенін үйде айтпайтын. Ағылшын, орыс тілдерінен үздік нəтижеге қол жеткізе алмағасын ұстаздарынан: «Баланың үздік бағаға оқи алмауының себебі неде?» – деп сұрадық. «Ағылшын тілін меңгерсін десеңіздер, курсқа беріңіздер», «Орыс тілін білсін десеңіздер, үйде орысша сөйлесіңіздер» деген жауап алдық. Баланың миы курсқа бергенде өзгеріп кетпейді ғой. Мұғалім сабақ оқуға қызықтырса, бала курссыз ақ тілді үйреніп шығады. Егер балалар тілді курстар арқылы үйренетін болса, онда бізге шет тілдерін пəн ретінде енгізіп, мемлекет тарапынан мұғалімдерге артық ақша төлеп не керек? Үйде орысша сөйлесек, баламызға «патриот бол, мынау сенің елің, жерің» деген сөзіміз жəй ұран болып қалады емес пе?!

Елбасымыз үштұғырлы тіл саясатын бекерден-бекер айтып жатқан жоқ. Жастайынан оқыса, бала тілді тез үйреніп кетеді. Бірақ, мұндай жолмен емес. Үш тілді үйретеміз деп жаппай курс жағалап, орысша сөйлеп кетпейміз ғой. Шет тілін үйренеміз деп ана тілімізден безінбейміз. Олай ету «шаш ал десе бас алғанмен» тең. Үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыруда шет тілдерінен сабақ беретін мұғалімдердің рөлі орасан. Өз тілінен жирендірмей, өзге тілді үйрету нағыз ұстаздардың ғана қолынан келетін шаруа. Бұл базынамызды бірдің емес, мыңның көкейіндегісі деп қабылдағайсыздар.

 

Жадыра НАРМАХАНОВА
«Ұлан» газеті, №31
01.08.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз