Редакциямызға мұғалімдер мен ата-аналардан қайта-қайта өтініш қоңыраулары келіп түсіп жатыр. «Kundelik.kz дейтін бəле болды. Мұғалімге екі есе жұмыс тауып берді. Онсыз да жұмысы аз еді», – дейді кейіп. Көпбалалы ата-ана Kundelik.kz-ке кірмегені үшін баласының сынып жетекшісін ата-аналармен тіл табыса алмайтын маман ретінде орнынан алайын деп жатқанын, ал орнында қалдыру үшін сол мектеп туралы газетке мақтап мақала жазу керек екенін айтып хабарласты. «Кінə менен болып тұр. Апайымыз жақсы маман. Балалар үйреніп қалған. Мен сияқты 5-6 ата-ананың кесірінен мектептің көрсеткіші төмендеп қалады екен. Білім бөлімі директорды, директор мұғалімдерді қысады ғой.

Өтініш, мақала шығарып беріңіздерші», – дейді өзімсініп. Міне, осындай қоңыраулардан кейін Kundelik.kz туралы іздене бастадық. Расында біраз мұғалімнің жүрегінің отын алып қойған екен. Kundelik.kz туралы сұрасаң, тұра қалып жамандайды. «Осыны енді газетке берсек қарсы емессіз бе?» десек, «Атымды жазбашы. Директор ұрсады. Өзің бірдеңе қылып біздің мұңды жеткізші. Журналистер айтпаса кім айтады?» – деп бар жауапкершілікті өзіңе сілтеп жөніне кетеді.

Дегенмен Kundelik.kz деген не, оның тиімді жəне тиімсіз тұстары қандай деп мамандардан, ата-аналардан, электронды күнделікті жасаушы компанияның өкілдерінен сұраған едік.

Гүлжан ШƏКЕН, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Баршақұм орта мектебінің мұғалімі:

«Аудан орталығына келіп толтырыңдар!»

Ауылымыз ауданнан шалғайда орналасқан. Алақандай ғана мектебіміз бар. Байланыс жүйесі де жақсы емес. Бір компьютерде ғана «Спутник» интернет желісі орнатылған. Кезек алып қоямыз. Алайда кезек келгенше интернетіміздің
жылдамдығы бəсеңдеп қалады. Электронды күнделік жобасы жұмысты көбейткені рас. Интернеті бар аудан-ауылдармен салыстырғанда сайтқа кіру көрсеткішіміз төмен болатыны айтпаса да түсінікті. «Аудан орталығына келіп, толтырыңдар!» – деп сөгеді жоғары жақтағылар. Өзім қалада оқып жатқан балаларыма жіберемін. Солар толтырып береді. Электронды күнделіктің мақсаты – ата-ана мен мектеп арасында онлайн байланыс орнату, баласының сабақ үлгерімін үнемі қадағалап отыру емес пе?!. Жөн-ақ. Бірақ интернеті жоқ ауылдағы ата-аналарға Күнделікке кіріңдер деп айта алмайсың. Өйткені ата-ана түгілі мұғалімдердің кіруі қиын болып тұр. Сөздің шыны керек, балалар да Kundelik.kz-ке қай мұғалімнің қандай баға қойып жатқанынан хабарсыз. Электронды күнделікке көшкеннен кейін, қағаз журналды алып тастау керек еді. «Екі кеменің басын ұстап» əлі жүрміз. Қағазбастылық көбеймесе, азаймай тұр.

Ақмарал ТҰРҒЫНОВА, Алматы қаласындағы №10 мектептің мұғалімі:

Ата-аналардың құжаттарын толтыру қиын

Kundelik.kz-тің тиімді тұсы – əрбір ата-ана мектепке келмей-ақ баласының білім
көрсеткішін қадағалай алады. Үйінде немесе ұялы телефонында интернет болса болды. Солай біздің де уақытымызды алмайды. Хабарландыруды да, үй тапсырмасын да Kundelik.kz арқылы жібере аламыз. Қалада тұрғандықтан желіге қосылу біз үшін қиын емес. Ал ауылды жерлердегі əріптестердің қиналып жүргенін естиміз. Өйткені интернет барлық ауылға жетпеген. Kundelik.kz -ке баға ғана қоймаймыз. Онда оқушының ата-анасы туралы мəлімет толтыруымыз керек. ЖСН нөмірі, куəлік сериясы, кім, қашан берген, жарамдылық мерзімі, туған күні деген сияқты жолақтың бəрін толтыруға тура келеді. Жұмыс орны туралы да сұраймыз. Көп ата-ана осындай мəліметті сұрағанымызда шамданып қалады. Ата-аналардікі орынды. Өйткені ЖСН нөмірін кез келген адамға бере бермейді ғой. Ата-ананың аты-жөнін тіркесек, жеткілікті емес пе?

Kundelik.kz-ке кіруді ата-аналардан талап етпеймін. Ол əр ата-ананың өз шаруасы. Бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан балаға да онлайн күнделікті қара деп айтпаймын.

Гүлмира САДЫҚ, ата-ана:

Электронды күнделік пен қағаз күнделіктегі тапсырма…

Электронды күнделік мұғалімге тағы да бір артық жұмыс қосып берді деп айтар
едім. Фейсбукте «Мұғалім мəртебесі» деген парақша бар. Сонда мұғалімдер күнделікті толтырудың мүмкіндігі жоқтығына байланысты наразылығын білдіріпті.
Былтыр ұлым 1-сынып оқып жүргенде Kundelik.kz-ке кіріп тұратынбыз. Бірақ онда бəрі жоғарыға есеп беру үшін жасалғандай. Өйткені электронды күнделікпен қоса қағаз күнделік те толтырамыз. Екеуінің ішіндегі тапсырма екі түрлі. Қағаз күнделіктегі  тапсырмамен дайындаламыз. Электронды күнделікке кіруге көп ата-ананың уақыты да, мүмкіндігі де болмады. Менің жұмысым тікелей интернетпен байланысты болғасын былтыр үзбей кіретінмін. Биыл кірмейтін болдым. Сіздерге жауап беру үшін Kundelik.kz-ке кірейін деп едім, мүмкін болмады. Мен сияқты барлық ата-ана кіре алмай отыр екен. Электронды күнделік шалағай жасалған жоба деп ойлаймын. Балалар да күнделікке кіріп отыру керек. Мысалы, бастауышта оқитын баламда смартфон жоқ. Компьютердің алдына отырғызбаймын. Сонда ол үй тапсырмасын қалай орындауы керек? Балалар үй тапсырмасын орындауы үшін мұғалімдер қағаз күнделік толтыртуға мəжбүр.

Kundelik.kz-ке кіру-кірмеу әркімнің өз таңдауы

Kundelik.kz ІТ компаниясының мəлімдеуінше, электронды күнделік мұғалім, ата-ана, оқушының басын бір желіде қосатын автоматтандырылған жүйе. «Қазіргі кезде Қазақстанда 6 мыңнан аса мектеп Kundelik.kz-ке тіркелген. 2 жарым мыңнан аса мектеп толықтай осы желімен жұмыс істейді. Халықтың 77 пайызының интернетке қолы жетімді. Электронды күнделік арқылы бала сабақты жіберіп алмайды. Ауырып қалса да, жарыстарға барса да тапсырмаларды онлайн орындау арқылы сабағын жалғастыра береді. Түрлі білім ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік бар. Желі арқылы басқа мектептің
балаларымен достасуға да болады.

Электронды күнделікке мұғалімдердің де, ата-аналардың да, оқушылардың
күнделікті кіруі міндеттелмеген. Мұғалімдер мен оқушылардың Kundelik.kz-ке жиі
кіруін талап ететіні туралы естиміз. Мұндай есеп үшін кіруді қою керек. Одан ештеңе өзгермейді. Алайда электронды журналмен тиімді жұмыс істеу үшін мұғалімдер мен ата-ана, оқушылардың 60 пайызы кіруі керек. Kundelik.kz-ке кіру-кірмеу əркімнің өз таңдауы. Бірақ оның ең үлкен минусы – оқу процесімен онлайн режимде таныса алмайды.

Интернетке кіруде қиындық туындаса күнделікті компьютермен оффлайн режимде толтырып, сеть пайда болғанда жүктеп қоюға болады. Қазіргі кезде мұғалімдерге арнап күнделіктің мобильдік нұсқасын да дайындап жатырмыз. Олар телефонмен де күнделікті кез келген жерде толтыра алады», – дейді Kundelik.kz-тің баспасөз қызметі.

P.S. Мəжіліс депутаты Кеңес Əбсəтіров Kundelik.kz алғаш енгізілгенде-ақ Білім жəне ғылым министріне жобаның Ресейдің платформасында жасалғанын айтып, дабыл қаққан еді. Бірақ оған назар аударған ешкім жоқ. Kundelik.kz-ке кірушілердің көбі соңғы кезде түрлі жарнамалардың шығып кететінін айтып наразы боп жүр. Балалар отыратын желіде неге түрлі жарнама жылтыңдап тұруы керек? Оған жауап беретін біреу бар ма? Айтпақшы, Kundelik.kz Zero рейтингінде бірінші тұрған интернет ресурсы екен.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №46
13 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз