Қоғамда жастар арасында жаңа субмәдениет пайда болды. Ол «Корея толқыны» деп аталады. Ninety one, Newton, Eagles деген атаулар осы толқынның өкілдеріне тән. Жаңа мәдениетті біреулер мақтайды, біреулер даттайды.

Корея мәдениеті мен өнері әлемге қалай танылды? Пластикалық ота жасаудың отаны саналатын Кореяда сұлулықтың стандарты қандай? Корея саясатынан нені үйренуіміз керек? Сеул қаласындағы Донгук университетінде оқып келген Әйгерім Сайлаукеновадан осы туралы сұраған едік.

Ұлан: Білуімізше, шығыстану факультетінде оқисың. Шығыстанушы дейтін мамандық бар екенін мектеп оқушыларының көбі біле бермейді. Бұл мамандыққа қалай келдің?

Әйгерім Сайлаукенова: Иә, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде оқимын. 2018 жылдың ақпан-тамыз айларында Оңтүстік Корея мемлекетінің астанасы Сеул қаласында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқып келдім. Донгук университетінде бір семестр білім алып, жазғы демалыс кезінде тіл жетілдіру курсын оқыдым.

Мектепте оқып жүрген кезімнен бастап корей сериалдарын көріп, олардың мәдениеті мен тіліне деген қызығушылық қалыптасты. Алайда, мектеп бағдарламасында дүниежүзі тарихы мен география пәндерінен басқа сабақта Корея туралы сөз қозғалмайды. Ал шығыстану факультетіне түсу үшін ағылшын тілі пәнін таңдау керек. Оқуға түскен соң корей тілімен қатар, Кореяның мәдениеті мен тарихын, ішкі және сыртқы саясаты туралы да сабақтар өтеміз.

Ұлан: Шетелде оқығысы келетін жастар көп. Бірақ жолын тапқандар аз. Кореяға қалай жол түсті? Шетелде оқудың шығыны қандай?

Әйгерім Сайлаукенова: Бала күнімнен Кореяны бір көруді армандадым. Өзім ақылы бөлімде оқитындықтан, шетелде білім алудың шығындары мені де алаңдатты. Ата-анама салмақ салмауға тырыстым. Бірақ әрбір университетте «академиялық ұтқырлық» дейтін бағдарлама бар. Бұл бағдарлама басқа елдегі оқу орындарымен бір семестрге студент алмасуға мүмкіндік береді. Студент алмасу – мәдениет алмасу, білім және тәжірибе алмасу деген сөз. Кез келген студенттің өзі білім алып жатқан оқу орнының ұжымынан осы бағдарлама туралы білуге және осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланып, шетелде тегін оқып, тегін тұруға құқығы бар. Егер осы бағдарлама бойынша шетелде оқитын болса, тек жүріп-тұрғаны мен тамақтануына ғана ақша кетеді.

Ұлан: Кореядағы оқу жүйесі мен Қазақстандағы оқу жүйесінің қандай айырмашылығы бар?

Әйгерім Сайлаукенова: Басты айырмашылық – еркіндік. Университетте өзіңе ұнайтын пәнді, сабақ беретін ұстазды, өзіңе қызық тақырыпты таңдау еркіндігі бар. Қазақстандағы оқу орындары да осы жүйеге көшіп келе жатыр. Алайда әлі толығымен еркін білім алу жүйесіне қол жеткізе алмай келеміз. Бізде білім деңгейін тексеру білім беруден қарағанда көбірек. Емтиханнан емтиханға дейін өмір сүретін студенттер көп. Кореяда білім беру процесінің көп бөлігі бар білімді беруге, үйретуге бағытталған.

Тіл үйрену үшін оның фанаты болу керек

Ұлан: Корей тілін үйренуге қанша уақыт кетті? Корей тілі мен қазақ тілінің қандай ұқсастығы мен айырмашылығы бар?

Әйгерім Сайлаукенова: Ағылшын тілін жылдам үйрену үшін орыс тілімен салыстырған ыңғайлы. Ал корей тілі қазақ тіліне жақын. Сөйлемдегі сөздердің орналасу тәртібі қазақ тіліне ұқсас. Үш жыл бойы университет қабырғасында тіл үйрендім. Қосымша курстарға бардым. Тәжірибе жинау үшін Кореядан келген туристерге гид болдым. Тілді тек теориялық тұрғыдан меңгеру алманың суретін сала бергенмен бірдей. Ол алманың дәмі мен иісін тек жақыннан көргенде, дәмін татқанда сезуге болады. Сол сияқты тілдің грамматикасын оқи бергеннен гөрі, оны тілдік қолданысқа енгізген пайдалы әрі әсерлі.

Тілді жақсы меңгеру үшін оның фанаты болу керек. Тіл үйренуде ғана емес, кез келген іс-әрекетте қызығушылық не махаббат керек. Екеуі қатар келсе, тіпті жақсы. Бітпейтін шаруа жоқ.

Ұлан: Фанат демекші, Қазақстанда Корей мәдениетіне еліктейтін жастар толқыны өсіп келеді. Кәрістерге еліктеу синдромының жылдам таралуының сыры неде деп ойлайсың?

Әйгерім Сайлаукенова: Музыкалық мәдениетте. Қазір «Корея толқынынан» қалыспайтын жастар тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде бар. Мұны індет, қазаққа төнген қауіп деп қараудың қажеті жоқ.

Кореяда музыкалық бағдарламалар мен шоу, арнайы телеарналар бар. Олар әрбір өнерге өздерінің ұлттық құндылығын қосады. Халқы өнерпаздарға бас иеді, құрметтейді. Осы тұрғыдан олардан үлгі алу керек деп ойлаймын.

Бізде Ninety one, Newton дейтін осы мәдениеттің қазақша нұсқасын дамытып жатқан топтар бар. Алғашында мұндай мәдениетті қазақтың менталитетіне жат деп қабылдап, қарсылық білдіргендер көп болды. Бізде шовинизм, ұлтшылдық деген басым. Өнерде шекара болмайтынын ұмытпасақ екен деймін.

Қазақ қыздары Кореядағы сұлулық стандартынан жоғары тұрады

Ұлан: Кореядан не үйренуіміз керек?

Әйгерім Сайлаукенова: Өз ойымызды ашық айтуды үйренуіміз керек. Корея халқы демократияның не екенін жақсы түсінеді және өз пікірін жақсы түсіндіре алады. Қарапайым адамдар бейбітшілікті қалайды. Біз Кореяға барғанда соғыс болып жатқандықтан, алаңдаушылық болды. Бірақ біз барған соң соғыс тоқтады. Сосын оқуға барған Донгук университетінің ауласы лас болып жататын. Алғашында «Мен армандаған Корея осы ма еді?» деген ойға қалғаным рас. Сөйтсем, аула тазалаушы техқызметкерлерге айлық төленбегендіктен олар митингке шығыпты. Бір митингтен кейін мәселе шешілді.

Ұлан: Біз Корея туралы көп нәрсе білеміз. Фильмін көреміз, әуенін тыңдаймыз. Ал олар Қазақстан туралы не біледі екен?

Әйгерім Сайлаукенова: Шынымды айтсам, көп нәрсе білмейді. Қазақстан деген атауды Ауғанстанмен шатастырып, бізге қауіппен қарайтындар жиі кездесті. Оларға Қазақстан туралы ақпарат айтудан шаршаған жоқпын. Бізбен танысқан соң «Қазақстанда сендер сияқты сұлу қыздар көп шығар?» деп сұрайды. Бізден де сұлу қыздар бар десем, сенбейді. Кәріс қыздардың бойлары қысқа. Олардың жанында өзімізді алып адам сияқты сезінеміз (күлді). «Модель шығарсыз?» деп сұрайтындар да жиі кездесті. Кореяда қалыптасқан сұлулық стандарты бар. Бірақ қазақ қыздарының сұлулығы бұл стандарттарға бағынбайды.

Ұлан: Кореяны пластикалық ота жасаудың отаны ретінде білеміз. Сонда Кореядағы сұлулық стандарты қандай?

Әйгерім Сайлаукенова: Мінсіз әппақ тері, үлкен бота көз, сопақ пішінде бас пен көздің астындағы төмпешік. Кореяда қыздар ғана емес, жігіттер де боянады. Бұл олар үшін қалыпты жағдай. Пластикалық отаның дамып кеткені сондай, кореялықтардың түрлері бір-бірінен аумайды. Көшеде бір көрген адамнан аумайтын адамды бір қадам аттаған сайын кездестіруге болады. Қыздар да, жігіттер де бет күтіміне баса мән береді.

Жаз айы болғандықтан, теңізге бардық. Кәрістер күнге күюден қатты қорқады екен. Бізде «жазда күнге күйсең, қыста ауырмайсың» деген миф бар. Бала күнімізден осыған сеніп өстік. Ал Кореяда «күнге күйіп кетсең, тері рагына шалдығуың мүмкін» деген сенім бар. Сондықтан күн көзінде көп жүрмеуге, ыстық күндері жабық киінуге тырысады.

Ұлан: Жергілікті халық қандай дінді ұстанады? Киіну үлгісінің дінге қатысы бар ма?

Әйгерім Сайлаукенова: Жергілікті тұрғындарының айтуынша, Корея халқының жартысына жуығы дінсіз. Яғни, жаратушыныың бар екеніне сенбейтін атеистер. Мұсылмандар жоқтың қасы. Христиан діні мен буддизмді ұстанатындары бар. Басым бөлігі дәстүрлі діндерді ұстанады.

Ұлан: Әңгімеңе рақмет!

Сұқбаттасқан
Дана МАРАТОВА

«Ұлан газеті», №41
9 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз