Еліміздегі ең жас фильммейкер осылай дейді. Нұрбол Қуандықов 19 жаста. 16 жасынан бері видео түсірумен айналысады. Əлем фильммейкерлерінің туындыларын зерттеп жүр. Кейіпкеріміз ойы мен сезімін видео арқылы жеткізгісі келеді. Нұрбол өзі туралы былай дейді:

– Негізгі мамандығым – қаржыгер. Сұранысқа ие мамандық болса да, өнер – менің хоббиім. Үш жыл бұрын жақындарым фотоаппарат сыйлады. Бəрі содан басталды. Ол күнделікті өмірде тұтынатын құралыма айналды. Табиғат пен адамдарды кадрға алып, өмірді əдемі қырынан көре бастадым. Тəжірибе жинау мақсатында отандық киноөндірістің «асханасымен» таныстым. Сол жерден маған лайықты жұмыс та табыла кетті. Кумирім – Қанат Бейсекеев пен Айзатулла Хусеин деген кино саласының мамандары. Олардың маған көрсеткен бағыт-бағдары көп пайдаға асты. Қанат ұстазымның «Америкалықтар Қазақстанда» жобасында оператор болып жұмыс істедім. Бұл үлкен тəжірибе болды. Елімізге белгілі оператор Айзатулла Хусеиннің де аяғымнан тік тұруға көмектескенін жасырмаймын. «Aiza Indie Media» өнер орталығында да біраз шыңдалдым. Өнерден орнымды таптым деп айта аламын. Суретшінің əдемі туындысын көргеннен кейін «менде суретшілік қасиет жоқ» деп тартынып қаламыз. Кез келген адамның табиғи ерекшелігі болады. Ол – өнері. Əлемдегі барлық адамның бойында талант бар. Соған махаббатпен қарау жеткілікті, – дейді өнерден орнын тапқан жас талант. Осы күнге дейін деректі фильмдер ғана түсіріпті. Жасына сай комедия жанрын алып жүрсе де жарасар еді. Бірақ комедия  жанры ұнамайды екен. «Елімізде комедия жанрында түсіретін режиссерлер көп. Көптің бірі болғым келмейді», – деп кесіп айтты.

Кино əлеміне қалай келгенін де айтып берді:

– 2006 жылы итальяндық кинорежиссер Габриэле Муччиноның «Бақыт жолында» деген фильмін көргеннен кейін өмірім өзгерді. Картинаның сю-жеті өте сəтті құрылған. Қиын тағдыр, жігерлендіру жəне адамның арманына деген ұмтылысы баяндалады. Мен де осындай терең мағыналы, мотивацияға толы кино түсіргім келеді, – дейді жас режиссер.

Нұрболдың ойлау деңгейі мүлдем басқа. Өзінің қатар құрбыларына ұқсамайды. Осы уақытқа дейін төрт деректі фильмді жарыққа шығарып үлгеріпті. Одан бөлек əлеуметтік роликтер мен влогтар түсіріпті. Жақын арада «7 арнадан» көрсетілетін  «Біздің адамдар» («Travel show») жобасының сəтті шығуы үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Болашақта танымал кинорежиссер болу үшін қадамды бүгіннен бастапты.

 

 

Ақерке ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №8
20 ақпан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз