Бүгінгі жас өскін ұрпақ тәуелсіздіктің қадірін қаншалықты біледі? Талай мәрте тілден, елден, жерден айырылып қала жаздағанымыздан қаншалықты хабардар? Соңғы сәтке дейін жан алысып, жан беріскен күндердің салмағын ой сарабына салып көрді ме? Биік мінберлерден айтылған «жаптым жала, жақтым күйе» жайында ше? Әлде мұның бәрі «жабулы қазан» күйінде қалып бара ма? Төмендегі мақала осындай сұрақтарды алдымызға көлденең тартты.

Еңбек жолын етікшіліктен бастаған  Г.В.Колбиннің Нижний Тагилде партия ұйымдарының жетекшісі болғаны, одан соң Грузияға қызметі ауысып, Ульяновск облыстық компартиясының бірінші хатшылығына өтіп, ақырында Қазақстанды 1989 жылға дейін билегені ел есінде. Жалпы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы ғана емес, Кеңес өкіметінің ақырғы кезеңі әлем жұртшылығының назарында болды. Қазақстан басшылығына, жергілікті халыққа бейтаныс Колбиннің келуі, оған қазақ елінің қарсы болғаны туралы ақпараттар бүкіл әлемге тарап жатты. Барша әлем Орталық Азия аймағында бір өзгерістің боларын күткендей еді. Халықтың наразылығын тудырып, жағымсыз әрекеттерімен ел есінде қалған Колбин өзін қалай ақтап көрсетерін білмей әлекке түскені байқалады. Оның сол кездегі қазақ қоғамы, ел тұтқасын ұстаған азаматтарға қатысты көбі жалған, асыра сілтеген ақпараттары Кеңес Одағын былай қойып, шетел баспасөзінде де жарияланып кетті.

1986 жылы желтоқсан айының ортасында қызметіне кіріскен Г.В.Колбин жергілікті халықтың өзіне деген наразылығын сезіп, Қазақ Республикасын күйелеудің небір әдістерін қолданғанына сол кездегі газет тігінділері куә. 1987 жылдың қаңтар айында «The Moskow news» басылымына көлемді сұхбат беріп, қазақ қоғамын басынан аяғына дейін жемқорлыққа батқан ел, басшылық тізгінді ұстаған азаматтарды қара басын күйттеген тойымсыз ретінде суреттеген. «The Moskow news» газетіне Г.В.Колбиннің Қазақ Республикасын даттаған сұхбаты жарияланған соң келесі күні Жапонияның «Асахи» басылымының халықаралық тақырыптарға арналған бетіне «Кеңес өкіметі. Қазақ Республикасы. Басшылығы түгел іріп-шіріген» (22 қаңтар, бейсенбі. 1987 жыл.) деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Тақырыптың төменгі жағына «Еттің 30 пайызы үкіметке жасырын жолмен тасылған, тұрғын үй бөлінісінің 80 пайызы заңсыз» деп жазылған. Мақаланың бас жағына Г.В.Колбиннің Қазақстан Компартиясы басшылығында 22 жыл отырған Дінмұхамед Қонаев қызметінен босатылған соң орнына келген адам екені айтылған.

Мақалада Г.В.Колбин «жемқорлыққа белшесінен батқан Қазақ Республикасын» қызметіне кірісе салысымен дереу тазартып шыққанын мәлімдейді. Қазақ үкіметі, партия, милиция, сот төрағалары барлығы өздерінің малын колхоз, совхозға өткізіп, «жеке малын бағуға мемлекет қаржысын пайдаланған» дейді. «Социалистік Кеңес Одағында осындай бюрократия қаулап, жоғары таптық авторитаризм жайлап барады, бұны әшкерелеу қоғамдық реформа мен түйткілді мәселелердің шешімін табу үшін қажет» дегенді де қосады.

Г.В.Колбин «Қазақ Республикасының астанасы Алматыдан бастап барлық облыстардың орталық қалаларында азық-түліктің үштен бірін басқарушы тап пайдаланғанын айтыпты. Мысалы, барлық дүкендерде сатылуы керек еттің 30 пайызы жасырын жолмен басқарушы мекемеге жеткізіліп отырған дейді. Сөйтіп Қазақ Республикасын басынан аяғына дейін жемқорлық жайлаған ел ретінде сипаттайды. Ал шын мәнінде Қазақстанда өндірілген ет қана емес, жергілікті дүкен сөрелерінен табылмайтын, одақтас республикалардан шыққан азық-түлік, жеміс-жидектерге дейін Кеңес Одағының орталығы саналған Мәскеу мен Ленинградқа тасылғаны сол заманды көзі көргендердің есінде болса керек.

Республикадағы басшыларды бильярд, сауна, саяжайлар салып, онда адамдар мемлекет қаржысымен жұмыс істеген деп айыптаған. «Бұндай орындарға басшылар жылына екі-үш рет достарын, отбасын ертіп барып демалған» депті. Бірақ ондай мекемелердің қайда орналасқаны туралы бір ауыз сөз айтпайды. Сөз соңында Колбин «Кілең басшылар мемлекет қаржысын пайдаланып, қарапайым адамдардан артық дәрежеде, шалқып өмір сүрген жұмақ тәрізді ұяшықтың көзін жойдық» деп жария-лайды. Бұл сөзіне де нақты мысал келтірмеген ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне делегаттардың он алтысы ол дәрежеге лайық емес деп танылғанын да айтқан.

Қазақстан Республикасындағы басшылық жайында шетелге осындай ақпарат таратқан Г.В.Колбиннің өзі мемлекетке адал болды ма? Г.В.Колбин отбасымен Алматыға көшіп келгенде қызына жеке үш бөлмелі пәтер алынғаны, Төлебаев көшесі бойындағы үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекет қаржысынан 33 мың рубль (ол уақытта үш бөлмелі пәтердің құны 10 мың рубль) жұмсалғаны, қызы мен әйелін, екі итімен қосып Ульяновскіден жеке-жеке ұшақтармен жеткізуге қыруар ақша кеткені тарих парақтарында жазулы (Э.Аубакиров. Колбин. Штрихи к портрету // «Экспресс К».  № 233,  11.12.2009.).

«Асахи» газетінің аталған күнгі халықаралық айдарында екі зауыт басшысы парақорлығы үшін өлім жазасына кесілгені туралы ақпарат жарияланған. Бұдан Г.В.Колбин басқарып тұрған кезде әлемге Қазақ Республикасы туралы жағымсыз ақпараттарды арнайы тарату саясаты жүргізілгені анық аңғарылады. Шын мәнінде Г.В.Колбин аз уақытта жүзеге асырып тастаған «жемқорлықпен күрес науқанында» жалған айып тағылған жергілікті басшылардың дені қазаққа қарсы саясатты қолдамағаны үшін  қызметінен босатылғанын тағы бір қайталап еске салғанның артығы жоқ.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз