Жанболат,  Қазақстанда бұрын-соңды болмаған дүниені шығару ойыңызға қайдан келді? Осындай ерекше бизнес түрін бастаудағы мақсатыңыз қандай?

– ІТ университетінде оқығандықтан, технологияға жақынбыз. Шетелде мұндай технологиялар жақсы дамыған. Әр адам өзін жақсы көреді деп ойлаймын. Сол себептен өзімізге де, басқаларға да көңіл-күй сыйлайтын дүниені Қазақстанда да дамытсақ деген ой болды. Келген адамдар қуанып, алғыс білдіріп жатады. Осы жерде отырып, кофеден бір ұрттап, шабыттанып өлең шығарып кететіндер де бар. Біздің мақсатымыз – адамдарға керемет көңіл-күй, шабыт сыйлап, өмірге деген жарқын көзқарастың  қалыптасуына сәл болса да үлес қосу.

– Есептеу техникасы және бағдарламалы жасақтама мамандығын бітірген екенсіз. Неге өз мамандығыңыз бойынша жұмыс істемедіңіз? Әлде мамандығыңыз өзіңізге ұнамады ма?

– Мамандығымды өзім таңдап түстім. Бұл мамандыққа түспегенде, мұндай бизнес ашу ойыма келмес пе еді, кім білсін?.. Университетте жан-жақты болуға тәрбиелейтін. Роберт Кийосакидің «Мен ақша үшін жұмыс істемеймін, ақша мен үшін жұмыс істейді», «Жұмысшы болма, жұмыс беруші бол», «Қанша ақша тапқаныңыз емес, қанша сақтағаныңыз маңызды» дейтін керемет сөздері бар. Қарапайым жұмысшы болмау керек демеймін. Бірақ алға қарай ұмтыла беру керек. Құласаң қайта тұрып, алға қарай еңбектей бер. Оқу керек, тәжірибе алмасу қажет. Өмір деген – күрес. Қиындыққа берілмей, бойыңды тік көтерсең ғана өмірде көп нәрсеге қол жеткізесің.

– Сізді біраз адам жайдарманшы ретінде де таниды. Жайдарманға қазіргі қарым-қатынасыңыз қалай? Бизнесіңізге кері әсерін тигізбей ме?

– «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Жайдарманға университетте оқып жүргеннен бастап қатыса бастадым. Біраз жүлделі орындарды иелендік.  Қаншама қызықты оқиғаны бастан өткердік. Кәсібіме жайдарман кері әсер етеді деп ойламаймын. Ол күнде болып жатқан жоқ. Бизнеспен кетіп, Жайдарманды тастау әзірге ойымда жоқ. Қазақы әзілімізді халықпен бөлісіп жүре бергім-ақ келеді. Дегенмен өмір бақи секіріп жүре бермейсің. Уақыты келгенде мұны да жас буынның еншісіне қалдырамыз.

– Алға қойған мақсатыңыз қандай?

– Мақсатымыз осы бастаған ісімізді Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарату. Адамдарға сергектік сыйлау. Ал сергек адам өз жұмысын тиянақты орындайды. Ел экономикасын дамытуға атсалысқымыз келеді.

-Әңгімеңізге рақмет! Бастаған ісіңізге береке тілейміз!

Жанар АДЫРБАЙ,

ІТ университетінің 1-курс студенті

“Ұлан” (№14, 3 сәуір 2018 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз