Сəлем, оқырман! Бəріміз бала күнімізде теледидар алдына телміріп, көрген дүниелерді аулада қайталаушы едік қой. Əсіресе, ұлдар жағы күншығыс елінің киноларын ерекше құштарлықпен тамашалайтын. Себебі ондағы кейіпкерлер ұрыс өнеріне машықтанған, «ессіз» айла-тəсілдерді аса ептілікпен жасаудың шебері еді. Бір топ адамды жалғыз өзі жайпап салатын, əуеде «ұшып», биік ғимараттарға өрмелеп, аяқ-қолдары көз ілеспес жылдамдықпен қимылдайтын əртістердің өнеріне барлығымыз дерлік таңдай қағып, таңғалатынбыз. Аяқ-қолын жылдам сермеп, ептілікті қажет ететін спорттың бірі – киокушинкай каратэ.

Өткен аптада киокушинкай каратэден Алматы облысының ашық біріншілігі өтті. Буыны қатпаған жасөспірімдердің басын қосқан турнир жоғары деңгейде
ұйымдастырылды. Былғары қолғап киіп, татамиде ұрысқа түскен балғын спортшылардың өнері жанкүйерге ұнағаны анық. Көз салып қарасаңыз, кинодан көрген дүниелерді жас спортшылар айна-қатесіз жасап жатыр. Қолдарын құлаштай сермеп, соққысын қарсыласына дөп тигізеді. Анадайдан тамашалап тұрған маған арыстан секілді ақырып алатын спортшылардың қимыл-қозғалысы ерекше ұнады. Жарыс барысын бақылап отырып өзгеше жағдайға тап болдым. Кезегі келіп, айқас алаңына беттеген спортшыны өзінен бірнеше жас қана үлкендігі бар «бапкері» алып шықты. Кездесу барысында жасөспірім ақыл-кеңес айтып, кезеңаралық үзіліс кезінде де білгенімен бөлісіп отырды.

Жарыстың өтуі, форматы, жасөспірім спортшылардың деңгейі жайлы ұйымдастырушы
Дəулет Мұратовтан сұраған едік:

«Киокушинкай каратэден өткен чемпионатқа 23 командадан 358 спортшы қатысты. Шара Алматы облысында каратэмен айналысатын ұл-қыздардың басын қосты. Қаскелең, Талғар қалаларынан да қатысушылар келді. Жарыстың форматы жас аралығына қарай екі бөлімнен тұрды: 4-17 жас аралығында жасөспірімдер жəне 35-40 жас арасындағы ересектер өзара алтын медаль үшін таласты. Жарыстың мақсатына келсек, біріншіден, киокушинкай каратэ спортын дамыту, жастарға насихат жасау. Екіншіден, Тəуелсіздік күніне орай ұйымдастырылатын қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатына іріктеу. Одан бөлек Қазақстан кубогына да Алматы құрамасын жасақтау. Клубтар арасында өткен жарыста қатарластары арасында топжарған жасөспірімдер Алматы құрамасына енеді. Яғни, республикалық турнирлерде Алматы қаласының атынан сынға түседі. Кейінірек ұлттық құрама тізіміне еніп жатса, нұр үстіне нұр болар еді», –деді киокушинкай каратэден қара белбеу иегері.

Оқырман арасында каратэмен айналысатын достарымыз болса, жақсы жаңалықпен бөліскелі отырмын. Халықаралық олимпиада комитеті каратэні олимпиадалық спорт түрлеріне қосты. Демек, 2020 жылы Токиода өтетін жазғы олимпиадаға каратэден Қазақстан ұлттық құрамасы қатыса алады. Ол үшін спортшылар жолдаманы жеңіп алуы керек. Біздің құрама бұл мақсатты орындауға білек сыбана кірісіп кетті. Мадридте (Испания) өткен əлем біріншілігінде Дархан Асадилов 60 келі салмақта қола жүлдегер атанды. Спортшылар əлемдік ареналарда көзге түсуін тоқтатпаса, Жапония астанасында қазақстандық каратэшілерге тақым қысатын күн алыс емес.

Ілияс СƏРСЕНБАЙ

«Ұлан» газеті, №47
20 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз