Бұл қаланың көшелерін көп кезбедім. Сандалып жүріп табанымды тоздырған емеспін. Мен үшін бұл қала ауыл мен қала арасындағы ат суытып өтетін бекет секілді ғана. Студент шақта өзге жерліктермен осы қала үшін керісіп қалатыным болмаса, айтарлықтай алып-ұшпа сезім де жоқ-тын. Мүмкін, бала шақтағы көңіл қалғаннан болар. Сүндетке отырғызғанда әперем деп алдаған белесебеттің қарасы 4-сыныпта қарауыта көрініп, қалаға барып таңдаймыз деген еді. Сонда тұңғыш көрдім бұл қаланы. Бірақ, ұнамады. Қала дегенді тек кинодан көрген, кино болғанда да америкалық кинолардағы Нью-Йорк, Вашингтон сияқты қалаларды көріп, ойша елестетіп барған соң, баланың әсері қайдан оңсын.

Жете алмай кеткеніміз есімде. Ауылдардың, жер үйлердің арасымен келе жатырмыз. «Шымкент қайда?», – деймін мен. «Міне, келдік қой», – дейді олар. Шалдың баласы өзін ертіп келген әке-шешеге сенгісі жоқ. Қайта-қайта қараймын. «Биік үйлер қайда?» – деймін. «Қаланың ортасында», – дейді. Сонымен, не керек, қаланың ортасына кірмей, шетін жағалап қайтқандай болып едім. Кейін білдік, Америка қайда, біз қайда.

Өмір сүріп, суын ішпеген қала болмаған соң, ол қала туралы жарытып сөз айту да қиын. Осы қаламен бірге өсіп, бірге жасасып келе жатқан азаматтарға жолығуға тура келді. Ойымда дайындаған біраз сұрақтарым бар. Шымкентті кәсіпке икемді дейді. Өнер ордасы деп те жатады. Осы салаларда қызмет етіп жүрген екі кісі табылды.

Кәсіпкер Ербол Дайрашовтың жұмыс орнына түс әлетінде жеттім. Сәуірдің басы Шымкентте шыбынсыз жаз еді. «Көктем де оңтүстіктен басталады» дейді ғой Мархабат. Ерекең жұмыс орнында жоқ болып, хабарласқанымда жақын маңдағы шәйханада отырғанын айтты. Екінші қабатында өзі қатарлы бір жігітпен әңгімелесіп отыр екен. Үшінші болып жайғастым. Қарапайым қал сұрастырылды, таныс-біліс басталды. Бұрыннан отырған екі кісінің арасына түсіп көп сөйлегеміз жоқ. Біршама отырыстан соң сыртқа шығып, Ербол аға екеуміз мәшинеде келе жатырмыз. Оны-мұны айтысып келеміз. Бірақ менің әлі не үшін келгенімді, не жұмыспен жүргенімді сұраған жоқ. Байтұрсынов көшесімен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қасынан бұрыла бере:

– Аға! Біраз сұрақтарым бар еді.

– Иә.

– Жалпы Шымкент, Оңтүстік турасында.

– Сен сұрақтарыңды қоя бер. Мен жолай жұмыстарымды бітіре жүріп жауап берейін.

– Әр елдің, әр өңірдің өзіндік мінезі бар ғой. Оңтүстікте нендей мінез бар?

– Жаңа дастарқан үстінде не байқадың?

– Айтарлықтай ештеңе байқай қоймадым аға. Қарапайым әңгімелер жүрді емес пе?

Осы тұста Ерекеңнің телефоны шыр ете түсті. Экранына бір қарап: «Қазір мен саған нағыз Оңтүстіктің мінезін көрсетемін», – деді де тұтқаны көтерді.

– Ассалаумағалейкум, Асеке!

– Уағалейкумассалам, Ереке! Аман-есенсіздер ме?

– Аманшылық. Ауылдарыңыз орнында ма?

– Әәә. Көше қойған жоқпыз. Қалада қапырық дей ме?

– Жоға. Әлі ауа кең ғой.

Осылай жәй сұрасып отырып екі-үш көшенің қиылысынан өтіп кеттік.

– Ереке деймін. Сіздер қаланың адамысыздар! Біз даланың қазағымыз. Қалаға икеміміз келе бермейді. Жөнімен жүре алмаймыз. Сол қаланың тіршілігіне байланысты бір жұмыс бар еді. Қолыңызды байламаса…» – деп бір тоқтады. Осындай ұзын-сонар сөздермен екі-үш тоқтап айтар сөзін жеткізіп бітірген еді. Екі сөйлесушінің тұтқаны тастауына да бір-екі көшенің қиылысын қиып өтер уақыт кетті. Ерекең тұтқаны тастай сала, маған бұрылып:

– Міне, Оңтүстіктің мінезі – осындай. Ал жалпы суреттейтін болсақ, жұмсақ, иілгіш келеді. Екі жаққа да ыңғайлы, орта дүниеге келісетін халық қой.

– Бұл өңірді пысықтықтан бұрын пысықайлыққа жақындатады…

– Пысықайлар әр өңірде де бар емес пе? Ал, біздің Оңтүстіктің іске жақындығын да, оның себебін де бәрі біледі. Халықтың тығыздығы, бәсекенің көптігі әр адамды ширақ тіршілікке икемдейді ғой. Оған таңғалудың, одан басқаша мағына іздеудің не керегі бар? Әрине, Оңтүстіктегі өзім құралпы кәсіп иелеріне тән тағы бір қасиет байқалады. Бәріне белгілі, бұл өңірде өзге ұлт өкілдері де баршылық. Көбінің кәсіпке икемі де мықты келеді. Мүмкін, сол ұлттарға ұлтымызды басындырығымыз келмегеннен де болар, кәсібімізге айрықша қарайтынымыз. Бұл мінез әрбір қазақ кәсіпкерінде бар ма, жоқ па маған белгісіз. Бірақ болуы міндетті деп ойлаймын.

Осылай әңгіме үзілді. Шымкенттік кәсіпкер Ербол Дайрашов мен күткен әңгімені айтпады. Мен күткен әңгіме не дейсіз бе? Мәселен Оңтүстіктің бизнесінің басқа жақтан айырмасы мынада көрінеді. Басқа жақтарда бірме-бір пайда түспесе, жұмыс істемейді, яғни бизнес жүрмейді. Ал Шымкентте үстінен бір тиын түссе болды. Білекті сыбанып тастап, іске кірісіп кетеді. Шымкенттіктердің бақуатты тұратынының бір сыры, мүмкін бар сыры осында болса керек. «Айналайын, еңбеккер елім-ай!» демеске шараң жоқ.

Мен жол шетінен түсіп қалып, саябақта біраз сандалдым. Жалпы Қазақстандағы саябағы ең көп қала Шымкент болса керек. 20-ға тарта саябақ пен гүлзар бар.

«Қозапая» әңгімесі есіңізде ме? Кеңес өкіметі мен Тәуелсіздік алған жылдар арасындағы құндылықтардың ауысуын суреттейтін бұл қысқа ғана әңгіменің авторы – Мархабат Байғұт атты жазушы. Біздің Оңтүстік туралы сөзімізді сол кісімен жалғайтын болып келістік. Орталық саябақтың төрінде орналасқан ардагерлер үйінің ең түпкі кеңсесінде отыратын жазушының алдына имене кірген едік. Кеше хабарласқаннан есінде қалған болу керек, атымды атап алдындағы орындықты ұсынды.

– Аға! Мен бұл Оңтүстіктің қай бұрышынан бастарымды, неден бастап сұрақ қоярымды білмеймін.

– Осыдан бір-екі жыл бұрын Қызылордадан қайтып келе жатқан едім. Өңкей туысқандар бір вагоннан орын алыпты. «Тойға бара жатырмысыңдар?», – деп едім: «Жоға. Қыдырып келеміз», – дейді. Сөйтсем, жыл сайын бұл әулет Шымкентке келіп демалып, бала-шағасын қыдыртады екен. Сонда ойладым, Шымкент жалпы оңтүстіктегі ең жайлы, қыдырып, серпіліп қайтуға қолайлы қала екен.

Шымкент – 2200 жылдық тарихы бар, Қазақстан даласындағы ең ескі қалалардың бірі.

– 2200 жыл? Тараздан үлкен болып тұр ғой!

– Иә. Кеңес кезіндегі көптеген ғалымдар Шымкент қаласының атауы жазба деректерде алғаш рет ХІІІ ғасырларда қылаң береді деп, бұл қаланы «Мәскеудің құрдас қаласы» деп атап жүрген еді. Кейіннен жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде ескі қала маңынан табылған қыш құмыралардың жасын өлшеп, халықаралық археологтар Шымкенттің 2200 жылдық тарихы барын дәлелдеді. Мұнымен енді таласар ешкім жоқ деп ойлаймын. Алдағы күннің еншісіндегі ендігі мәселе сол мерейтойды халықаралық дәрежеде атап өту. Шымкент сол тойға қазір қызу дайындық жасап жатыр.

– 2200 жыл десек, біздің заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырларға жобалайды ғой. Ұлы Жібек жолының да пайда болған кезеңі осы кезеңге тура келеді. Сонда сол замандардан-ақ Шымкент сауда-саттықтың ірі орталықтарының бір болған ғой?

– Әрине. Бұл қала қазақ даласындағы ең ірі қалалық мәдениет қалыптасқан жер. Тіпті, қала болмаған күннің өзінде, Қазығұртта Нұқтың кемесі қалған деген аңыз бар ғой. Мұндай аңыз әлемнің үш тауына қарасты айтылады. Синай, Арарат және біздің Қазығұрт. Жалпы аңыздағыдай Қазығұртта кеме қалып, бүкіл аламзаттың дамуының қайта басталуы осы жер болмаған күннің өзінде, ескі аңыздың бір ұшы осы өңірге тиіп кетуінің өзі бұл жердің қай ғасырлардан-ақ құтты мекен екенінің айғағы емес пе? Сол Қазығұрт Шымкентке тиіп тұр. Бұл қаланың бір жағындағы таудан бүкіл адамзат бастау алды дегенді аңыз етсек, Қазақтың қиын-қыстау заманда Қаратауға қайтқыштап отырғаны ақиқат емес пе? Ал жоңғардың бетін қайтару үшін бар қазақтың басы қосылып, Әбілқайырды сардар сайлаған атақты Ордабасы тауы Шымкенттің бір қапталында жатыр. Бүгінгі күні дала парламенті атап жүрген Күлтөбе мен Мәртөбе де осы өңірде. Сондықтан бұл Оңтүстікті аңызға сеніп асыра мақтансаң адамзаттың, басыла мақтансаң бар қазақтың атамекені деуге болады.

– Сіз атаған орындар бүгінде сақталған ба?

– Әрине! Ордабасы тауында Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің басшылары бас қосып, халық алдында сөз сөйлеп, мәңгі дос болуға ант берген. Сол кезде Ордабасыны Ұлттық тарихи-мәдени қорық жасау туралы шешім қабылданды. Мәртөбе мен Күлтөбе де солай қарайтылып, бүгінде қорғауға алынған. Қазығұрт тауының басындағы қазіргі соғылған кемені білесің. Болашақта ол кемені алып, орнына үлкен кеме қойылатын болып жатыр. Яғни ол жер туристік орталыққа айналады.

– Оңтүстік туралы алып қашпа сөз көп, аға!

– Иә. ондай сөздер айтылады. Оған жауап ретінде қанша мақала жаздық. Оңтүстікке қатысы жоқ қаншама зиялыларымыз мәселе көтерді. Елбасы жоғарыда атап кеткен Ордабасыны: «Ел жүрегі, жер кіндігі», – деп атады. Әбіш Кекілбаев: «Ордабасы – Қазақ рухының қағбасы», – деді. Бұдан артық сөз түсінер адамға не айтарымызды білмейміз. Бір кездері қазақты ішіне іріткі салып бөлудің сарқыншақтары өшпей келе жатқаны ғой. Жалпы көптеген елде жаңалық ыстық жақтан басталады. Америкада Техас деген жерді білесің ғой. Міне, сол штат Америка экономикасының ең үлкен бөлігін қамтиды. Ауылшаруашылық, химия өнеркәсібі, қаржылық институттардың орталығы саналады. Бірақ Америка халқында осы бір Оңтүстік штатқа қырын қарайтындары баршылық. Мүмкін, Шымкентті Техас деп атайтындары сондықтан болар. «Қайда барсаң оңтүстіктікілер, Шымкенттіктер» деп жатады ғой. Қарапайым статистикаға сүйенер болсақ әр бесінші қазақ Оңтүстікте туылады екен. Сонда Қазақстандағы әр бесінші адам оңтүстіктікі болмай ма? Олар қайда бару керек сонда? Жалпы, бұл бөліну, бөлу ұзаққа бармауы керек. Себебі бұл бізді алысқа апармайды да.

– Әкімдер арасында әзіл бар дейді. «Шымкентке әкім болып барып, жұмыс істемеу мүмкін емес» деген.

– Иә. Бұл өңірге келіп үлкен іс тындырмай кеткен әкім аз. Солардың ішіндегі елеулісі Асанбай Асқаров болды. Ол кезде әкім деп аталмайды. Дәлірек айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы обком партиясының бірінші хатшысы болған. Міне, сол кісі тұсында бұл қала қатты өзгерді. Оның артында қалған ең маңызды жұмысы – Қазақстандағы ең үлкен дендросаябақ. Бүкіл қаланың қоқысы жиналған жердің үстіне топырақ жайып, қала ортасындағы нағыз орманға айналдырды. Бұл саябақта 600-ге тарта өсімдік түрі бар. Кейіннен, саябақты жекелеген адамдар талан-таражға салғысы келген еді. Олары жүзеге аспады. Асқар Мырзахметов қаланың бүкіл саябақтары мен демалыс орындарын қалпына келтірді. Қазіргі Оңтүстіктің әкімі Жансейіт Түймебаев «Шатқал» бағдарламасымен қаладағы барлық табиғи, жарамсыз, бір кездері қоқыс төңілген шатқалдарды тазартып, саябаққа айналдырып жатыр. Ал салынып жатқан жаңа қала «Шымкент сити» турасында көпшілік хабардар. Оңтүстіктің тіршілігі осындай бүгінгі күні.

– Шымкент көшелері қандай естеліктер айтады?

– Шымкентте айтар естелік баршылық қой. Қаланың жаңа тарихы ХІХ соңынан басталады. Осы ғасырда Шымкентте сантанин зауыты салынды. Сантанин дәрісін жасауға қажетті дәрмене шөбі осы Оңтүстік өңірде ғана өседі емес пе? Ол зауыт әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Бүгінгі – Химфарм. Міне, сол жылдардан бастап Шымкентте үлкен даму басталды. Біреу білсе, біреу білмес, Жүсіпбек Аймауытов 1923 жылдары Шымкентте өмір сүріп, институтта сабақ берген. Атақты «Ақбілек» романы осы қалада жазылды. Көзін көргендер күнде кешкісін Қошқарата өзеніне келіп шомылатын еді дейді. Сол өзеннің бойында атақты жазушының табанының табы қалды. Пушкин көшесі, №9 үйде тұрған екен. Сексенінші жылдардың ішінде барып бір рет көргенім бар.

– Қазір сақталған ба ол үй?

– Жоқ. Бұзылып кетті. Сақтап үлгермедік. Біз шырқап жүрген Шәмші әндерінің талайы Шымкентте жазылды. Шаханов ақындығының шырқау биігіне осы қалада көтерілді. Тәкен Әлімқұлов жаз айларында көбіне осы қаладағы «Восход» қонақүйінде жатып шығармаларын жазушы еді. Барып тұратынмын. Қалай шыдайтынын білмеймін, сағаттап үндемей жүре беретін. Жазатын дүниесін ойлап жүретін болар. Маған белгісіз.

Асқабақпен жасалатын самсасы жақсы деп бір дәмханаға апарды. Бірақ таусылып кеткен екен. Кітабына автографын алып, ұзақ-сонар естеліктерден соң қоштастық. Ол естеліктер өзге мақаланың мазмұнында кездесетін болады. Әзірге Оңтүстік туралы осы.

Бұл өңірдің тарихы мен тарихи жерлері туралы айтып тауысу мүмкін емес. Оларды жазуға үміттенген де жоқпын. Жалпы екі кісі де маған Оңтүстіктің мінезі туралы ашып айтып берген жоқ. Тек ишарамен ғана түсіндірді. Мен сол ишараның барлығын мақалама сыйғызуға тырыстым.

Мархабат ағадан шығып келе жатып, тіпті, жалпы осы келісімде Әбіш Кекілбаевтың сөзін түсінгендей болдым. «Той өтеді. Торқа тозады. Бірақ Оңтүстік әр нәрсесін бесіннің көлеңкесіндей ұзартып, арғы-бергіге абайлата көз салдырады. Оның айтарын жүрекпен ғана ұға аласың», – дейді емес пе Әбіш абыз. Оңтүстіктің тарихы туралы: «Бұл аймақ қазақ тарихы мұражайының бас павильоны екен де, қалғандары қосалқы филиалдарындай көрінеді», – деген де сол Әбіш емес пе еді.

Бірақ, бұл қала, бұл өңір, жалпы Оңтүстік тарихын бұлдамайды. Қарапайым ғана өз кәсібімен айналып жүре береді. Халқы ашық-жарқын, қонақжай дейді ғой. Ол да бар. Бірақ, оның шын мұңы мен лирикасы жасырынып жатады. Жанды жеріне жақындасаң, әзілге айналдырады. Бұл өңірден шыққан ақын-жазушылардың шығармаларында әпке мұңаяды, іні намыстанады, аға тістенеді. Апалар жасырын жасын сығып алады. Барлығының тамырын басып аталар ғана сезеді. Ал олар немерелеріне батырлар туралы ертегі айтады. Бірақ, мұның барлығын Әбіштей жүрекпен ғана сезіну керек.

Қоооош!

Шымкенттің орталық саябағында 2003 жылы бард әнші Высоцкийге арналып тақтайша қойылған екен. «Бұл саябақта 1970 жылдың тамызында Владимир Высоцкий ән салған» деген жазуы бар. Кейіннен тақтайша тіл туралы заңға қайшы келгендіктен алынып тасталған. Заң бойынша қазақ тіліндегі ақпарат бірінші, орыс тіліндегі ақпарат екінші жазылуы керек. Кейін білдім, Қазақстанда атақты Высоцкийдің жалғыз музейі Шымкентте орналасқан екен және оның ән фестивальдері әлі күнге өтіп тұрады. Маған түсініксіз. Высоцкий солтүстік қалаларда да, Алматыда да болды емес пе? Неге Оңтүстік бұлайша қатты құрметтейді? Неге Высоцкийдің Ташкентте өтпей қалған концертіне сатылған билеттерді халық қайта өткізбеді? Қазақылық сақталған, қазақ тілін қазақты қойып, өзге ұлттары да білетін өңірде Высоцкий неліктен құрметтеледі? Мен жауабын таппадым.

Тағы да біреумен кездесуім керек еді. Оны осы орталық саябаққа шақырғанмын. Телефон сөніп қалған. Сондықтан Высоцкийдің атақты киносының атындай «Кездесу орнын өзгертуге болмайды».

Кездесу орны – Шымкент. Орталық саябақ.

Біз әлі талай келеміз. Шымкентке келмеу мүмкін емес.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2018

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз