Кенесары Кененбаев 15 жасқа дейін кәсіби түрде дзюдо күресімен айналысып, әжептеуір нәтижелерге қол жеткізген. Әртүрлі республикалық, халықаралық турнирлерде жүлделі орындардан көрініп, спорт шеберлігіне үміткер атағын да иеленген. Алайда Кенесары иығынан алған ауыр жарақатына байланысты дзюдомен біржолата қош айтысыпты. Ашық суға жүзуден 25 шақырымды жүзіп өткен тұңғыш, әзірге жалғыз қазақ спортшысымен сұқбаттасуды жөн көрдік.

– Спортқа келуіме әкем себепкер болды. 1-сыныпқа барғанда дзюдо үйірмесіне өзі жетектеп апарды. Өзімнің де дзюдоға деген қызығушылығым ерекше еді. Сондықтан 7-сыныпта Кәркен Ахметов атындағы Республикалық арнайы мамандандырылған мектеп-интернатқа түсіп, шеберлігімді сонда шыңдадым. Аяғымды сындырып, біраз уақытқа күрестен қол үздім. Ал 10-сыныпта оқып жүргенде иығымды жарақаттап алып, дзюдоны да тастауыма тура келді.

Кенесары жарақатынан айығу үшін ғана жүзумен айналыса бастаған. Оның кәсіби жүзуші болатынына ешкім сенбеді. Тіпті бапкерлер де жүзуге өте кеш келгенін айтқан. Бірақ ол қазір еліміздегі еркін (кроль) тәсілмен 1500 метр қашықтыққа жүзетін ең үздік спортшы.

– Шынымды айтсам, жүзуге жарақатымнан айығып, денсаулығымды жақсарту үшін бардым. Аптасына үш рет жаттығу жасап, бапкерлердің тапсырмасын тыңғылықты орындадым. Күнделікті жаттығулар жүзуге деген қызығушылығымды арттырды. Сөйтіп 11-сыныпта Алматы қаласының «Шаңырақ-1» ықшамауданындағы «Олимпиада резервінің Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне» түсіп, жүзумен кәсіби түрде айналысуға бел будым. Бір жылдан соң Қазақстан чемпионатында бағымды сынадым. Бірақ жүлде алғам жоқ. Өйткені қарсыластарымның барлығы бұл спортпен 1-сыныптан бастап айналысқан, яғни маған қарағанда тәжірибелері мол. Дегенмен шүмектеп тер төгіп, жаттығуымды екі есе артық жасадым. Нәтижесінде 3 жылдың ішінде спорт шеберлігіне үміткер атандым. 2014 жылы Теміртау қаласында өткен «Қазақстан кубогында» қола жүлдегер атанып, жүзу спортындағы алғашқы жетістігіме қол жеткіздім. Ал 2015 жылы еліміздегі ең ірі додалардың бірі, 4 жылдықтың басты сайысы саналатын Спартакиадаға қатысып, 1500 метр қашықтыққа жүзуде бас жүлде иелендім. Бұл жеңістен кейін өзіме деген сенімім артып, биік белестерді бағындыруға болатынына көзім жетті. Алдыма үлкен мақсат қойып, аянбай тер төктім.

2015 жылы Ресейдің Қазан қаласында су спорты түрлерінен өткен әлем чемпионатына жолдама алдым. 19 жасымда әлем чемпионатында өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе еді. Әлемнің 180 мемлекетінен келген ең үздік спортшылар сайысқа түсті. Мен бақ сынаған ашық суда 5 шақырымға жүзуден жарысқа 100-ге жуық спортшы қатысты. Өкінішке қарай, мәре сызығын 30-ыншы болып кестім. Бірақ бұл додадан үлкен тәжірибе алдым.. Ұлттық құрама сапына ілініп, Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы болдым.

Кенесары Рио Олимпиадасына жолдама ала алмады. Десек те, 2017 жылы Будапешт қаласында су спорты түрлерінен өткен әлем чемпионатына жолдама алып, ашық суда жүзуден 25 шақырымды бағындырған тұңғыш қазақ атанды.

– Будапеште өткен додада әлемнің 182 мемлекетінен 2500 спортшы сайысқа түсті. Мен 5, 10 және 25 шақырым қашықтықта бағымды сынадым. Осы додаға дейін 25 шақырымға жүзіп көрмеген едім, бапкерлерім де рұқсат бермейтін. Бұл қашықтықты ешбір қазақ спортшысы жүзіп өтпегендіктен, барымды салып, намысқа шаптым. Бірақ жарысты 25-інші болып аяқтадым.

Кенесары әлемдік аренадағы сайыстарда жүлделі орынға біртабан жетпей қалып жүр. Дегенмен әр додада нәтижесін жақсартып, әлем чемпиондарымен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп келеді.

– Елімізде су спорты түрлері енді ғана дамып келеді. Білікті бапкерлердің саны артып, спортшыларға барлық жағдай жасалып жатыр. Америка, Австралия, Еуропа елдерінде су спорты түрлері өте қатты дамыған. Олардың жаттығатын базалары да өзгеше. Қазір қытай спортшылары сол жерде жаттығады. Нәтижелері де жаман емес, әр додада жеңімпаздар мен жүлдегерлердің қатарында. Аллаға шүкір, біздің спортшылар да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Болашақта Қазақстаннан жүзуден Олимпиада, әлем чемпиондары шығатынына кәміл сенемін және оған өзімнің де үлесімді қосамын. Спорт және туризм академиясын тәмамдадым. Жас жеткіншектерді жаттықтыру жоспарда бар. Өйткені су спорты түрлерінде қазақ бапкерлер өте аз. Сол себепті орыс тілін жетік меңгермеген қаракөздеріміз жүзумен айналыспайды. Біз осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Дегенмен қазір су спортын серік еткен жеткіншектеріміздің саны артып келеді. Сондай-ақ әр қалаға, кем дегенде 1 бассейн салып, жас өрендерімізге тегін жаттығу жасауға мүмкіндік берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені қарапайым отбасы балаларын жүзу спортына бере алмайды.

Кенесары жақында ғана ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионатына қатысып, 5 және 10 шақырымға жүзуден чемпион атанды.

– Бұл чемпионатқа барынша тыңғылықты дайындалдым. Өйткені үлкен додаларда ел намысын қорғаймыз. Мені әр жарыста қолдап, демеп жүрген Әбіл Донбай, Асқар Омарқұлов сынды ағаларыма алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, спорт жанашыры Тимур Құлыбаев та жағдайымызды жасап, үлкен жетістіктерге жетуіміз үшін көмегін аяп жатқан жоқ. Осындай сенім артқан ағаларымыздың және Қазақ елінің үмітін ақтау үшін аянып қалмаймын. Қолым қалт етсе, ағылшын тілін оқып, жарыста жіберген қателіктеріме, әр спортшының жүзу мәнеріне сараптама жасаймын.

Айтпақшы, Кенесарының қарындасы Томирис те кәсіби жүзуші, су добынан Қазақстан құрамасының мүшесі. Екеуі де Жакартада өтетін Азия ойындарында өнер көрсететін болады.

– Осы жылдың басты додасы Жакартада өтетін Азия ойындары болмақ. Алла қаласа, 1500 метр қашықтыққа жүзуден сынға түсемін. Дайындығымды бастап та кеттім. Осындай байрақты бәсекеде Қазақстанның көк туын желбіретіп, әнұранымызды асқақтатсам деген арман-мақсатым бар. Бұл – Токио Олимпиадасының алдындағы үлкен сын. Жоғарыда атап өткенімдей, Токио Олимпиадасына бір немесе бір жарым жыл қалғанда Қытай спортшылары сияқты Австралияға кетіп, ешнәрсеге алаңдамай сол жақта жаттығу ойымда бар. Өйткені ол жақта жағдай мүлдем басқаша, дайындық та жоғары деңгейде болары сөзсіз. Дегенмен оған қомақты қаражат керек. Қол- ұшын беретін жандар табылып жатса, Токиоға дейін сол жақта шыңдалуды көздеймін. Ал Токио төрінде осы еңбектің зая кетпегенін дәлелдеп, чемпион атанатыныма сенімдімін. Менің басты мақсатымның бірі – Токио төрінде топ жарып, елімнің абыройын асқақтату. Сондай-ақ Франция мен Англияның арасын жалғайтын 33 шақырымдық көлді жүзіп өту жоспарымда бар.
Жүзу спортына кеш келсе де, әлемдік аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген Кенесарыға алдағы бәсекелерде сәттілік тілейміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз