Еңбек демалысымнан қайтарда көрші купедегі қыздың көз ауруы туралы айтқандары ұзақ уақыт есімнен кетпеді. Көзәйнегінің қалыңдығына қарамастан қолынан кітабы түспеді. Жол қысқарту мақсатында әңгімеге тарттым. Бір-бірімізді жатырқамай, тез танысып кеттік. Өзін Гүлбану деп таныстырған әңгімешіл қыз биыл тоғызыншы сыныпты аяқтапты. «Менің көзім «-16», әкемнің көзі «-20», әпкемнің көзі «-12», – деп әңгімесін өзі бастап кетті. «Әкемнің өзі көрмейтін болғасын жұмыс істемейді. Зейнетақы алады. Анам көзілдірік тақпайды, бірақ көздің қан қысымы жоғары деген диагнозы бар. Әпкем тұрмыста. Оның да көру қабілеті мәз емес. Кішкентай кезінде ауруханада көп жатты. Көзілдірік киіп жүрсе де, жанып жатқан от пен қайнап тұрған суға күйіп қалатын. Күн сайын тағып жүргесін мұрынға да салмақ түседі. Орынбордағы көз емдейтін емханаларға қаралдық. Тұқым қуалайтын ауру болғандықтан жазылуы екіталай деп ота жасамады. Жүрегім де әлсіз болғаннан кейін, ата-анам тәуекел етпеді. Білесіз бе, қазір кәріс киноларындағы қыздар киетін сәнді көзәйнектер сыныптас қыздардың барлығында бар. Көру қабілеттерінде мін жоқ, бірақ көзілдірікті сәндік үшін ғана тағады. Бір құрбымда бірнеше түрі бар. Міне, ұстап көресіз бе, әйнегінің өзі бірнеше грамм салмақ тартады.

Көру қабілеті жақсы бола тұра, сәндік үшін көзәйнек киетін құрбыларымды түсінбеймін», – дейді ол. Осы әңгіме есімнен кетпей қойды. Көшеде, қоғамдық көлікте сәнді көзілдірік киетін қыздарды көрсем, көздерін ойлап тұратын болыппын. Ауылдағы жиен сіңлімнің де қобдишасында бір-екі көзәйнекті көріп қалдым. Оған Гүлбанудың әңгімесін айтып беріп едім, ендігіде тақпауға уәдесін берді. Біз байыбына бармай, «көзге зиян, тағуға болмайды» деп шырылдаймыз. Ал Қазақ Көз аурулары ғылыми зерттеу институтының офтальмолог дәрігері Оразбеков Лұқпан мырзаның сәнді көзілдірік тағудың зияны мен көзге қатысты кеңестері аз болмай шықты.

«Сәнді көзілдірікті кию – терезенің әйнегінен қарап тұрғандай әсер береді. Терезенің әйнегі көзге зиян емес. Сол секілді сәнді көзәйнектің де зияны жоқ. Бірақ оған күтім қажет. Айғыздалып немесе сызық түскен әйнекті көзге жақындатуға болмайды. Ол көздің сыртқы жұқа қалқаншасы мен тамырына кері әсерін тигізеді. Арнайы қорабына салып жүру керек. Қол сөмкенің ішіндегі заттармен араластыруға болмайды. Маркетинг пен нарықтың заманы болғаннан кейін, сәнді көзілдіріктер өтімді тауарлардың көшін бастап тұр. Жасөспірім жеткіншектер үнемі киіп жүреді. Ілгеріде айтылған жанарыңыздың жасанды «көмекшілері» өз көзіңіздей болмайтыны анық», – дейді дәрігер.

Иә, қазір түрлі сәнді көзілдіріктер бар, бірақ оны әрдайым тағып жүру тиімді ме? Сәнді көзәйнектердің бағасы да әртүрлі. Есімі елге белгілі азаматтың көзәйнегінің құны екі миллион теңге екенін естігенде таңғалғанымыз рас. «Біздің елде көзәйнек шығарылмайды. Германия мен Ресейден алдырамыз. Олардың бағалары өте қымбат болатыны белгілі. Шынысының өзі біршама ақша тұрады. Қазіргі таңда сәнді көзәйнектерден гөрі, шетелден көрмейтін көздерге арналған көзілдіріктерге көп тапсырыс береді. Мысалы, көру қабілеті «-16» болса да, оның шынысы өте жұқа болып келеді. Қалыңдығы, көздің айналасына, мұрын сүйегіне әсер етпейді. Сондай көзәйнектердің бағасы өте қымбат тұрады», – дейді офтальмолог. Линзамен жүру де өте ыңғайлы сияқты көрінгенмен, оны күтіп-баптаудың өзі жұмыс. Тағу, салу, жуу секілді ұсақ тірліктері көп. Линзаның жас ерекшеліктеріне қарай, көру қабілетіне байланысты бірнеше түрі бар екен. Оны Лұқпан дәрігерден сұрап білдік.

«Көзәйнек пен линза – қол-арба мен балдақ секілді. Кейбір адамдар линза тағу қорқынышты емес пе, қаншалықты қауіпті деп те ойлайды. Оны көзге салу алғашында 2-3 күн қиындық туғызуы мүмкін, кейін үйренісіп алған соң, 1-2 минутта еш қиындықсыз тағып аласыз. Ал ұқыптап, күтіп кисеңіз, еш қауіп туғызбайды. Линзаны күні бойы шешпей, ұйықтап қалатын адамдар бар. Көзден ажыратпай, жиі қолданса, әртүрлі асқыну болуы мүмкін. Оның зияндығы линзаның түріне байланысты.

Кейбір линзаларды өндіретін елдер өте сапалы етіп жасайды. Бір аптаға дейін шешпей
жүрсе де зиян емес. Бірақ кепілдік бермейді. Линза бола тұра, көзге бактериялар түсіп кетсе, инфекцияға ұласып кетуі мүмкін. Бізге Астана қаласынан көздің бактериясы диагнозы бойынша жас жеткіншектер жиі тексеріледі. Линза киген кезден көздерінде қабыну басталып, дұрыс емделмей, ақыры көзсіз қалған науқастар да болды. Линзаны
қолданғанда нұсқаулықпен мұқият танысу керек. Салғырттық танытудың соңы мүгедектікке апарады. Ең қауіпсіз линза «контактілі» деп аталады. Бір күндік линзалардың қатарына кіреді. Таңертең киіп, кешке тастайды. Одан кейін жарамай қалады. Көздің көруін жақсартатын ең қауіпсіз коррекциялық құрал – көзілдірік», – дейді Лұқпан мырза.

Қылилық – қауіпті ауру

Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, мектеп
жасындағы балалардың көз ауруына соңғы кездегі білім беру ісіндегі өзгерістер қатты әсер етіп отыр екен. Яғни мектеп бағдарламасының қиындауы, гимназия және арнайы мамандандырылған мектеп-тердің көбеюі, оқу процесінің компьютерлендірілуі, балалардың видео және компьютерлік ойындарға құштарлығы көз ауруының асқынуына әкеп соқтыруда. Институт емханасында бір ай көлемінде 700-ден астам мектеп жасындағы бала емделіп шыққан. Қазір балалардың бес пайызы мектепке көзілдірікпен барады екен. Ал мектепті бітірген балалар арасында көру қабілеті нашарлар көп. Осылардың ішінде көру мүшесінің қабынуы, қылилық көбейген. Бұл туралы көз дәрігері өзі айтып берді:

– Қылилық деп көздің көру осінің бекіту нүктесінен үнемі немесе кейде ауытқуын айтамыз. Сәби кезінен қылилығы барын байқаса, ата-анасы бірден сақтық шараларын жасауы керек. Бізге ересектер де келеді. Оларға ота жасау кеш болады. Өйткені оның миы екі нәрсені бірдей қабылдайды. Әдетте қылилық 2-3 жаста дами бастайды, ол кезде екі көздің қосарланып қызмет етуі қалыптасады, алайда туа біткен қылилық та кездеседі.

Қылилық болған кезде бір немесе екі көз орталық осьтен ауытқиды, сондықтан көру осьтері қараған затқа қиылыспайды. Бұл жағдайда бассүйек миы қыртысындағы көру орталықтарында оң және сол көздің монокулярлық бейнелері бірікпейді, сол себептен зат екі бейне түрінде көрінеді. Қос көруден сақтану үшін орталық нерв жүйесін емдеу керек».

Әңгіме арасында Лұқпан мырза ата-аналар балаларының денсаулығына салғырт қарайтынын да айтып қалды. Қарапайым гигиенаны сақтамай келетіндердің де қарасы азаймай тұр екен.

Жазып алған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз