Қазір мектеп жасындағы балалардың көпшілігінің көру қабілеті төмен. Бір сыныптың өзінде бірнеше бала көзəйнек немесе линза тағады. Өзім 8-сыныпқа көшкенде, авто ісі пəнін оқу үшін көз дəрігеріне тексеріске бардым. Көру қабілетімнің нашар екенін сол кезде білдім. Бірақ ол кезде сыныпта көзəйнектілердің қатары аз еді. Көзілдірік тағатындарды «ботаник» атайтын дəстүрдің шарықтап тұрған шағы. Сондықтан көзəйнек тағудан бас тарттым. Бірақ апта сайын көлік жүргізу сынағын тапсыру кезінде көз алдымдағы жол белгілерін, көрші жолақтағы сызықтарды анық көрмегендіктен оптикаға баруыма тура келді. Сол кезде ауылдағы жалғыз оптик маман Қанат аға бір жыл бойы көзəйнек тақпағандықтан көзіме зиян келгенін, көзəйнек тек қана жақсы көрудің емес, көру қабілетін түзетудің де кепілі екенін айтқан еді.

Жақында Астана қаласына жолым түсті. Ауылдағы жалғыз оптиканы ашқан Қанат ағаның ұлы Мадияр үш бірдей оптикалық орталық ашып, əкесінің жолын қуыпты. Үржар ауданында, Аягөз жəне Астана қалаларында оптикалық орталық ашқан жас маман небəрі 22 жаста. Астанадағы «DOS» оптикалық орталығының тұрақты клиенттерінің  көпшілігі жастар екен. Мадияр Қанатұлынан мектеп жасындағы балалардың көру қабілетін сақтау жəне қалпына келтіру, көз гигиенасы туралы сұрап білген едік.

Ұлан: Бүгінде мектеп оқушыларының көпшілігінің көру қабілеті нашар. Көру қабілетін сақтау үшін не істеген жөн?

Мадияр: Жаһандану ғасырында жаңа технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Жасөспірімдердің көру қабілетінің нашарлауына заманауи гаджеттердің өміріміздің айнымас бөлігіне айналғаны себеп. Жиырма жастан енді ғана ассақ та, «менің бала күнімде…» деп əңгіме айтатын болдық. Біз бұрын далада ойнайтынбыз. Ал қазіргі балалардың серігі смартфон мен теледидар. Жақын қашықтықта көз бұлшықеттерінің ұзақ уақыт қозғалыста болмауы көзді талдырады. Мұны ересектер де, балалар да ескермейді. Көз шаршаған кезде алғашқы екі-үш айда көздің алды бұлдырап, заттарды анық көрмеу пайда болады. Осы кезде дəрігерге көрініп, арнайы нұсқаулық алмаған жағдайда миопия, яғни алыстан көрмеу пайда болады. Көру қабілетін сақтаудың ең тиімді жолы – дəрумен. Дəрумендердің ең бай қоры – бақшада өсетін жеміс-жидектер мен көкөністерде. Компьютердің алдында ұзақ отырғанда көздің беткі қабаты қабынып, шаршап, қызара бастайды. Сондықтан көзге гимнастика жасап отыру қажет.

Ұлан: Сонда көру қабілетін сақтау үшін гаджеттерді пайдалану нормасы қандай болуы керек? Олардан қалай қорғануға болады?

Мадияр: Əрбір жарты сағат сайын көзді демалдырып, жаттығу жасап отыруды ұмытпау керек. Қазір көзді гаджеттердің сəулесінен сақтайтын арнайы қорғаныш қызметіндегі көзілдіріктер бар. Қарапайым телефонды пайдаланғанның өзінде осы көзілдірікті пайдалануға кеңес беремін.

Ұлан: Көзілдірік тағу көру қабілетін қалпына келтіруге септігін тигізе ме? Уақыт өте келе көзəйнекке тəуелділік пайда болмай ма?

Мадияр: Адам аяғы сынғанда көмек ретінде балдақпен жүреді ғой. Көзілдірік те сол сияқты, көру қабілеті нашарлағанда жақсы көру үшін көмектеседі. Көру қабілеті төмен адам айналасындағы заттарды дұрыс көре алмай, көзін сығырайтқан сайын көру қабілеті нашарлай түседі. Жастардың арасында миопия, яғни алыстан көрмеу жиі ұшырасады. Миопияның тұқым қуалайтын түрлерінде немесе операциядан кейін көзілдірік тағатындар көру қабілетінің төмендеп кеткенін айтып шағымданады. Бұл жерде көзілдіріктің еш əсері жоқ. Адамның организмі өскен сайын көру қабілеті де өзгереді. Алыстан көрмеуді оптика тілінде «минус», жақын қашықтықтан көрмеуді «плюс» деп атайды. Миопияның деңгейі 25 жасқа дейін өзгеріп отырады да,25 жастан 40 жасқа дейін «минустары» азайып, жасына байланысты «плюстары» көбейеді. Осы уақытта миоптардың көру қабілеті біршама жақсарып, қалпына келуі мүмкін. Бірақ бұл барлық миоп-та бірдей деңгейде бола бермейді. Əр адамның организмі əртүрлі.

Линза тағу зиян ба?

Ұлан: Мектеп оқушылары көру қабілеті нашар болса да көзəйнек тағудан қысылады. Ал контактілі линза көзге зиян деген миф бар. Осы рас па?

Мадияр: Жасөспірімдер арасында көру қабілетін жаттығу арқылы, түрлі дəрумендер мен дəрі-дəрмектердің көмегімен сақтауға немесе қалпына келтіруге болады. Алайда көз ауруларының тұқым қуалайтын түрлері бар екенін естен шығармаған жөн.  Мектеп жасындағы оқушылар көзəйнек тағудан ұялатын болса, мұның да оң шешімі бар. Қазір көзге арналған контактілі линзалар бар. Иə, көп адам линза тағу көзге зиян, қауіпті деп жатады. Маман ретінде линзаның ешқандай зияны жоқ екенін ашып айтқым келеді. Тек нұсқаулық пен жеке гигиенаны, линзаның жарамдылық уақытын ескеріп, дұрыс ұстанса болғаны. Маман ретінде, керісінше, көз бұлшықетіне линзаның пайдасы көп деп айтар едім. Мысалы, көзəйнек киген кезде адамның көз бұлшықеті емес, мойны қозғалады. Ал линза таққан кезде көз бұлшықеті қозғалысқа келеді.

Ұлан: Жастар арасында сəндік үшін түрлі-түсті линза тағу белең алып отыр. Қандай қағидаларға  сүйеніп линза тағуға кеңес беріледі?

Мадияр: Линза тағу үшін алдымен көз дəрігерінен кеңес алу керек. Себебі, кейбір организмдер полимерлерді қабылдамауы мүмкін. Организм аллергия берсе немесе көзге микроб түссе, көз қабынуы туындайды. Бұл қауіпті жағдай. Контактілі линза қолданушылар аса сақтықпен, тазалықпен қарағаны дұрыс. Линзамен ұйықтап қалуға, суға түсуге болмайды. Уақытында шешіп, көзді демалдырып тұру керек. Себебі, линза көздің беткі қабатын жауып тұратындықтан, көзге оттегі бармайды. Мерзіміне қарай контактілі линза бір күндік, бір айлық немесе бірнеше апталық болып бөлінеді. Линзаның «тыныс алатыны» да бар. Олар көзге оттегін өткізетін материалдан жасалатындықтан жиі ауыстыруды қажет етпейді. «Жалқауларға» арналған линзалармен ұйықтай беруге де болады. Контактілі линзаның сапасыз түрлері көру қабілетін нашарлатуы мүмкін. Сондықтан линза аларда міндетті түрде маманның  кеңесіне жүгінген жөн.

Ұлан: Линзаның жарамдылық мерзімі анық көрсетіледі. Ал көзəйнекті ауыстыру жиілігі қандай болуы керек?

Мадияр Қанатұлы: Дамыған елдердің тұрғындары əр алты ай сайын дəрігерге қаралып, көзілдіріктерін жаңартып отырады. Себебі, адамның көру қабілеті бір деңгейде тұра бермейді. Уақыт өте келе көру қабілетің жақсаруы немесе керісінше нашарлап кетуі мүмкін. Сондықтан, соған сəйкес көзəйнек тағу керек. Кейбір тұтынушылар бір көзəйнек сатып алған соң бір жылдан кейін келіп, «мына көзəйнектерің дұрыс көрсетпейді» деп шағымданып жатады. Қазақстанда бір көзілдірікті 5-10 жыл бойы тастамай тағатын адамдар да кездеседі. Негізі жылына бір рет тексеріліп, қажет болған жағдайда көзəйнекті ауыстырып отыру керек.

Ұлан: Линза мен көзілдіріктің қандай айырмашылығы бар?

Мадияр: Контактілі линза көзілдірікке қарағанда көп қаражат жұмсауды, көп күтімді қажет етеді. Бір алған көзілдірікті ұқыпты кисең кемінде 1 жыл пайдалананасың, ал линзаны мерзіміне байланысты үнемі жаңадан сатып алып отыру керек, оған қоса линзаға арналған ерітінділер де қолданушыны біраз шығынға батырады. Көзілдірік кию көп уақытыңды алмайды əрі көзіңді тынықтырғың келсе шешіп қоя саласың. Ал линзаны тағу қолданушыларға біраз машақат тудырады. Көзге тікелей жанасатындықтан мұқият тазалықты талап етеді. Артықшылығы – линза дұрыс таңдалған əрі тазалықпен киілгенболса, оның көзіңде бар-жоғы білінбейді. Күн салқында көзілдірік буланып əбден мазаңды алады, шақырайған күн сəулесі болса көз жанарын «сорып» тастайды, ал линза тақсаң, күннен қорғайтын көзілдірікті киіп ал да жүре бер. Спортпен айналысқанда линза өте ыңғайлы, ал көзілдірікті шешіп қоюға тура келеді.

Ұлан: Қыс мезгілінде көзге жəне көзəйнекке қандай күтім керек?

Мадияр: Қыста адамдар көзəйнектің булануына байланысты ыңғайсыздыққа тап болып жатады. Қазіргі таңда нарықта буланбайтын көзілдіріктер бар. Олар арнайы гидрофобиялық жабын қабатының арқасында əйнектерді буландырмайды. Қыс мезгілінде осындай көзəйнектерді пайдалануға болады. Ал қарапайым көзілдіріктер буланып кеткенде оны қолмен немесе киіммен сүртпеу керек. Оптикалық дүкендерде арнайы салфеткалар бар, бағасы да қымбат емес. Əйнектің сапасын сақтау үшін осы салфеткаларды пайдаланған жөн. Сосын қыста көз аурулары қабынып кетеді. Сыртқа шыққанда көзге түрлі микробтар мен сəулелер кері əсерін тигізуі мүмкін. Қазір қалада ауа да таза емес. Ультракүлгін сəулелерден қорғану үшін арнайы көзілдіріктер бар. Соларды пайдалануға болады.

Ұлан: Қазіргі заманда жаңа технологиялардың көмегімен кез келген нəрсені қалпына келтіруге болады ғой. Көздің көру қабілетін қалпына келтірудің қандай жолдары бар?

Мадияр: Көру қабілетін қалпына келтірудің үш жолы бар. Ең қауіпсіз əрі қарапайым жолы – көзəйнек. Көзəйнекті тек жақсы көру үшін ғана емес, бірте-бірте көру қабілетін жақсарту үшін де пайдаланады. Бірақ, мұны көп адамдар біле бермейді. Көзəйнекті дұрыс таңдаған жағдайда көздің көру қабілеті жақсарады. Ал дұрыс таңдамаған жағдайда, керісінше, көру қабілеті нашарлап, көзілдірікке тəуелділік пайда болады. Екінші тəсілі – контактілі линза. Үшіншісі – лазерлік коррекция, қарапайым тілмен айтсақ көзге операция жасау.

Ұлан: Пайдалы ақыл-кеңестеріңізге рақмет.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №3
16 қаңтар 2018 жыл

 

1 ПІКІР

  1. Сəлеметсізбе. Мен очкиге тəуелдімін. Себебі дұмыс жасаймын жұмыста бір нəрсені байқамай қаламынба деп қорқамын. Көзімнің көру өсе келе пайда болған негізі. Айта кетсем кітапты көп оқитыгмын одан кейін жұмысым компьютермен байланысты болған еді. Тоқтатуға немесе сəл кішірейтуге боладыма

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз