Махаббат деген не? Бақыт деген ше? Осы сұрақтарға жауап іздемейтін адам жоқ. Жауап іздеп тұрғанда, жоғары қабаттан біреудің түкіріп немесе темекінің қалдығын лақтырып жібергенін көріп, көңілің күрт бұзылады. Сосын «бізге романтика жетіспейді» деп ойымызды шолт кесе саламыз.

Жақында бір жас отбасымен таныстым. Үйлері Алматы қаласындағы Радостовец пен Жандосов көшелерінің қиылысында екен. Кеңестік кезеңде салынған үйлердің ауласынан ерекше саябақ көресіз. Гүлі жайқалып, суы сылдырап жатады. Декорациялық тастар мен гүлдер, ағаштар, құмыра мен түрлі статуэткалар, қолдан жасалған зəулім үйлердің макеті, табан астындағы шахмат тəріздес алаңқай көздің жауын алады. «Шіркін-ай, сенің де аулаң өстіп жайнап тұрса ғой» дейсің еріксіз. Терезенің алдына құстарға жем салатын ұяшық та орнатылған. Бірі келіп жемін жеп, енді бірі алғыс ретінде əнін айтып кетіп жатыр…

Осындай ғажайып бақшаның иелері Ерік жəне Салтанат Дүйсембаевтар. Шаңырақ көтергендеріне 3 жыл болыпты. Ерік Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының қоюшы-суретшісі.

«Өзім Алматыда туып-өскем. Ата-анаммен «Мамыр» ықшамауданында тұрдық. Отбасын құрғасын бізге енші беріп, осы үйді сыйлады. Алла алғашқы баспанамызды 1-қабаттан бұйыртыпты. Алғаш көшіп келгенде терезеге дейін шырмауық өрлеп өсіп тұратын. Есік алдында қураған, сынған ағаштардан аяқ ала алмайсың. Көп ойланбай соның бəрін тазалауға кірістік. Терезеден сыртқа қарап тұрып, «гүл отырғызсақ қайтеді, үйден сыртқа қарағанда əдемілікті көрейік» деген ой келді. Келіншегім де шабыт беріп, ойымды құптай кетті. Ең басында 20 тал раушан гүлін отырғыздық. Жайқалып шықты. Сосын есік алдына көк майса шөп төсегіміз келді. Өнер адамы болғасын қарапайым емес, ерекше болғанын қалап тұрады екенсің. Шеге қағып, жіп тартып, шахмат тақтасын сызып шықтық. Гүлдердің айналасын тастармен əрлеп, арық та жасадық. Бірақ көпқабатты үй болғасын əртүрлі адамдар тұрады. Аулада отырып, ішімдік ішіп, темекі тартып, гүлдерімізді сындырып кететіндер болды. Сосын қоршау жасадық. Материалын алып ем, көршім қоршап беруге көмектесті. Қазір қоршау болғасын қорықпаймыз, əртүрлі идеялар келіп жатыр. Гүл, жидек отырғызатын сəнді құмыралар алып қойдық. Оған құлпынай, салатқа арналған көк-сөктер өсірсек дейміз. Тапшан да жасап жатырмыз. Онда отырып пьесаларды оқып, декорация сызып, қиялымыздағы дүниелерді шығарамыз. Ауламыздағы саябағымызды асықпай жасап жатқанымызға екінші жыл. Көп ақша да кетпейді. Бұрын бағбандықпен айналыспағанбыз. Интернет жақсы болды ғой, содан оқып, көргенімізді істейміз. Бізге қызыққан көршілеріміз де аулаларына гүл егіп, сəндей бастады. Есіктің алдына елуге жуық декорациялық терек отырғыздым. Оны өзің қалағандай иіп, қырқып түрлі формаға келтіруге болады. Егер тимесең, бойы 4-5 метрге дейін өсіп кете беретін ағаш.  Аулаң əдемі болса, өмір сүруге де жайлы. Көршілер мен туыстар келгенде, оларға да əсер етеді. Суретке түсіп, əлеуметтік желілеріне салып жатады. Əлі талай дүниелер жасаймыз»,  – дейді Ерік.

МАХАББАТ ДЕГЕН НЕ ДЕСЕК…

Бұл саябақ екі ғашықтың сезімінің туындысы сияқты көрінді. Əдетте көп отбасылар кешке жұмыстан келген соң бір тамағын істеп, соны ішіп-жейді де жата қалады. Басқа шаруамен айналысуға уақыт жеткізе алмайды. Ал бұл отбасында уақытты тиімді пайдалану дұрыс жолға қойылған екен. Өйткені, олар үнемі бір-біріне көмектесіп жүреді. Ең бастысы, түсіністік бар. Салауатты өмір салтына да ерекше мəн береді. Көліктері бола тұра жұмысқа жаяу барып келеді екен. Жаңбыр құйып, қар борап тұрса да қолдарына қолшатырын ұстап жұмысқа жаяу шығады. «Жаяу жүру денсаулыққа пайдалы. Екі жыл жаяу жүрудің нəтижесінде 23 келіге арықтадым», – дейді Ерік. Аптаның соңғы күндері тауға шығуды əдетке айналдырған. Күнделікті суды таудан тасып ішеді екен. Демалыс сайын екі жақтың ата-анасының үйіне міндетті түрде барып тұрады. Екеуінің сөздік қорында «ата-ене» деген сөз жоқ. «Мамам, папам» деп отыр. «Туысқандарымыз: «қай мамаңды айтып отырсың?» деп атын сұрап алады. Əйтпесе, біз бөлмейміз. Қазақта «екі жарты бір бүтін» деген сөз бар. Екі жарты қосылған соң ата-аналарына бөле қарамау керек», – дейді өздері.

Ерік пен Салтанаттың жас айырмасы – 9 жас. Ерік Салтанатқа ұстаз болып, сабақ берген. «Салтанатты алғаш көргенім əлі есімде. Бірақ, мен ұзақ уақыт арамызда махаббат бар деп ойламадым. Өйткені, сабақ бергенде өзімді ағай сезіндім. Жасы үлкен ағай-апайларымыз: «Мұғалім кейпіндегі маскаңды шеш те, өзің сабақ беріп жүрген қыздарға дұрыстап қара» дейтін (күліп). Бірде Жаңа жыл қарсаңында SMS келді. Ол кезде Салтанаттарға сабақ бермеймін. Жаңа жылмен құттықтау екен. Соңына «ізгі ниетпен, Салтанат Қанат» деп жазыпты. «Қанат деген Салтанаттың жолдасы екен ғой. Бұл қыз тұрмысқа шыққан екен», – деген оймен жүрегім шым ете қалды. Сонда ғана Салтанатқа деген сезімімнің бар екенін байқадым. Тағы бірде Салтанат: «Ағай, дипломдық жұмысыма қажетті материалдарды қайдан алсам болады? Соған жөн сілтейсіз бе?» – деп хабарласты. Сол кезде «Салтанат, осы сен тұрмыс құрған жоқ па едің? Қанат деген жолдасың ба?» деген сұрақты қойып үлгердім. «Ағай, Қанат деген менің фамилиям ғой», – деп күлді. Жауабына қуанып кеттім. «Сіздің тойыңызға барғым келеді. Сіздің əйеліңізді көрсем екен» дейтін. Сол тілегі қабыл болды ғой деймін, бəрін көрді өзі (күліп). Бастапқыда «ағай» деп қарамады. Бірақ, ақыры келісімін берді. Қыз бен жігіт болып кездескен соң екі айдан кейін сырға салып қойдым. Əр мерекеде, туған күнінде сағат түнгі 12-де құттықтайтынмын. Үйі қаланың шетіндегі ауылда болатын. Мен оған күндізгі 5-6-да барып аламын. Терезеден көрген үйдегілер «үйге кіріп отырсын, шақырайық» дейді екен. Мен 12 болмай кірмейтінмін. Папам: «Сыртта тығылып кездеспеңдер, үйге кіріп, көз алдымда жүріңдер. Ақыры қызымды алады екенсің, үйге кіріп жүре бер. Біз жоқ болсақ, үйге бас-көз бол», – деді. Сенім артқанына əліге дейін ризамын. Қазір Салтанат мамасымен (енесімен) бір жерде жұмыс істейді. Таңертең жұмысқа бара жатқанда, «Салтанат, біз жақындап қалдық, шығып тұра ғой», – деп бірге ала кетеді», – дейді Ерік.

Салтанаттың мінезі өте ұяң екен. Қолы қалт еткенде қолдан түрлі əшекей, сырғалар жасайды. «Жасаған сырғаларыңызды Инстаграм арқылы сатасыз ба?» десем, əлеуметтік желіде отыруды ұнатпайды екен. Тіпті, жолдасына «үйдегі теледидарды интернеттен ажыратып тастайықшы, сөйлесуімізге көбірек уақыт қалсын» дейді екен.

Жазушы Дидахмет Əшімханұлы шаңырақ көтергенде Оралхан Бөкей: «Дикон, махаббат деген «сүйдім, күйдім» деген сөз емес. Махаббат деген – екі адамның бір мақсатқа бірге қарауы», – деп сөз сөйлепті. «Сол сөз бізге өмірлік бағыт-бағдар болды», – дейтін Дидахмет аға. Бір мақсатқа бірдей қарайтын  Ерік пен Салтанаттай жұппен танысқанымызға қуандық. Оларға қарап махаббат, бақыт деген екеуара түсіністік, бірін-бірі бағалау шығар деп топшыладық. Демек, жайлы өмір сүруге көп нəрсе керек емес екен. Ал, сізге жақсы өмір сүруге не кедергі? Ойланып көріңізші…

Жадыра НАРМАХАНОВА
«Ұлан» газеті, №32
08.08.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз