Апам қаладағы үйлерді «сіріңкенің қорабы құсаған, ішіне кірсең жүрегің қысылып кетеді» дейтін. Ал сіз көпқабатты үлкен киіз үйді елестетіп көрдіңіз бе? Әрине, ол үйдің құрылысы киіз бен ағаштан тұрмайды. Кәдімгі қалада сіз бен біз тұрып жатқан көпқабатты үйден еш айырмасы жоқ. Бірақ электр энергиясы күнмен және желмен қамтамасыз етіледі. Көпқабатты үйдің сыртынан қарасаң, «Міне, қазақтың құрылысы! Міне, қазақтың қаласы!» дейсің. Шетелдік туристер келсе, «Астана – әлемдегі әдемі ғимараттардың көшірмесі екен» деп кетпейді. Ондай үйді көргендер «қазақша стильдегі архитектура болғанын қалаймын» деп жаңа құрылыс бастап кетер еді. Мұндай «ақылды үйдің» құрылыс-жоспарын жасаған – алматылық Ерік Дүйсембаев деген азамат. Өзінің жобасын QAZAQ Villa ASA SAPA QURYLYS жаңа эко-жобасы деп атапты.

Ерікті біздің оқырман жақсы біледі. Естеріңізде болса, «Ұлан» газетінің былтырғы №32 санында (8 тамыз, 2017) «Көпқабатты үйдің ауласындағы ғашықтар саябағы» деген мақала жазған болатынбыз. Міне, мына суреттегі саябақ естеріңізде ғой? Жас отбасының үйлесімді өмірі талай адамның жанына шуақ сыйлаған еді. Сол кезде Ерік өздерінің арманындағы үйдің макетін дайындап жатқанын айтқан болатын. «Арманымдағы үйдің толық жобасын дайындап қойдым, патентін де алдым» дегенде, «Ол қандай үй болды екен?» деп Еріктің үйіне асықтық. Бірден айтайын, Еріктің жобасын тыңдап отырып, «мен осындай үйде тұрғым келеді» деп армандап кеттім. Ерікті тыңдасаңыз, сіз де солай айтар едіңіз. «Осындай үйдің құрылысы туралы басқалар да, құрылыс компаниялары да білсе екен» деп Еріктің ойын қағазға түсіргенше және асықтым. Ерік қазақы нақыштағы үйдің жобасын макеттен көрсете отырып түсіндірді. Макетінде әр детальді қолымен қойғандай жасапты. Үйдің сыртқы құрылысы бірден назар аудартады. Өйткені қазақы үй бәрімізге ыстық көрінеді. Жайлауда он екі қанатты әппақ үйді тігіп отыратын баяғының бай қазағы бүгінде осындай үйде тұрар ма еді дедік.

Құрылысты жеке үй ретінде де, көпқабатты үй ретінде салуға болады. Көпқабатты еткенде үлкен қалашыққа бірнеше көпқабатты үйді шеңбермен айналдыра салып, ортасына пентхаустар жасауға болатындай сызба дайындаған. Балалар ойнайтын алаңқай, әлеуметтік қажеттілік құрылыс нысандары, тіпті бассейнге дейін бар. Бірінші қабатта автокөлік қоятын тұрақтың сызбасы жоспарланған. Үйдің сыртқы құрылысы, интерьерлік, ландшаф дизайны бірдей болады. Ал ішкі дизайнын әркім өз қалауы бойынша жасап алады. Еріктің макетіндегі ішкі дизайнның өзі көз тартады. Қабырғасы да, едені де ұлттық нақышта әрленген. Әдеттегі қазақ үйінің ортасындағы бос кеңістікте жоғарыға көтерілетін тепшектер жасалған. «Бұл үйді бала кезімнен қиялдайтынмын. Түрлі жоба-нұсқаларын сызып көрдім. Өзім суретші-декоратор болғандықтан макетін да жасап, таныстыруға ыңғайлы нұсқасын дайындадым», – дейді Ерік.

Ендеше, Еріктің таныстыруына назар салайық: «Жобам күн ізімен жүреді, яғни Күннен қуат алады. Шаңырақ тәріздес жоғары бөлігіне күннен қуат алатын құрылғыны ортанатамыз (Онда қысқы бақ жасауға да қолайлы). Сондай-ақ, қазіргі кезде әлемде желден қуат алатын түрлі нысандар бар. Желден қуат алатын құрылғыларды үйдің айналасына орнатуға болады. Үй өз шығынын өзі ақтайды. Мұндай үйлер баспанасыз жүрген жастарға ипотекалық несие алғанда тиімді болар еді. Күн сәулесі мен желден алынған электр қуаты арқылы үй өз шығынын жабады, яғни электрмен, жылумен қамтамасыз етеді. Сөйтіп ипотекалық несиенің пайызын коммуналдық шығын арқылы азайтуға болады. Мінсіз үй құрылысы десек те болады. Неге? Біздің ең алғашқы үйіміз дөңгелек, ананың құрсағында дөңгелек шарда жатамыз. Бұл үйде бұрыш жоқ. Мынаған назар аударыңызшы, ірі орман аңдарының індері жарты шар тәріздес. Жан-жануарлардың барлығының іні дөңгелек. Құстың ұясы да дөңгелек. Аранікі де … Бұл тізімді жалғай берсек өте көп. Тіпті тасбақаның өзімен бірге жүретін «үйі де» жарты шар. Бабаларымыз да ҚАЗАҚ ҮЙ деп аталған жарты шарда өмір сүрді. Ата-бабаларымыз дүниені «Дөңгеленген дүние» деп атаған.

QAZAQ Villa деп атаған жобамның артықшылығы неде?

* Құрылысына зиянсыз материал қолданғандықтан өте үнемді;
* Жел, қар, жауын, бұршақ, жер сілкінісі  сияқты табиғи құбылыстарға төзімді;
* Құрама материалдың көмегімен қажет бөлмелерді қосып алуға болады;
* Басқа жерге көшіруге өте ыңғайлы;
* Оған желдеткіш құралдар мен сантехниканы, жылыту жабдықтарын  орнату оңай. Ішкі коммуникациясының барлығы зауытта модульге бекітіледі. Дайын QAZAQ Villa-ны тек су құбыры мен кәріз құбырына жалғаса болды;

* Ол өзге үйлерге қарағанда арзан, оған кететін шығын да көп емес. Құрама материалға кетер шығын өзгелерден екі немесе үш есе аз;
* Құрама модуль өзінің технологиясына сай ешқашан ажырап, бөлініп кетпейді. Топырақтың маусымдық құбылысына төтеп бере алады. Жердің сейсмикалық қозғалысына да мығым;

*Оны жөндеу, бұзып қайта жасау өте оңай;
*Модулді QAZAQ Villa сенімді. Себебі арнайы фабрикалар мен зауыттарда дайындалады. Ол мамандардың өнім сапасын арттыруына мүмкіндік береді. Құрылысшылар жаз бойы жұмыс істеп, қыста қарап жатпайды. Жыл он екі ай үй құрылысын зауытта дайындай береді. Жаз шыққанда дайын бөлшектерді апарып құрап бере салады. Бұл адамдарды жұмыспен қамтуға таптырмас мүмкіндік. Өндіруші модульдің әр бөлшегін өзі жасаса, жасау барысында оны өзгертіп, жетілдіре алады. Әрі бөлшек бір-біріне мығым бекиді.
Мұндағы басты шарт – дұрыс құрастыру.
*Құрылыс барысында керек бөлшектер балалардың «LEGO» ойыншығы секілді бір орында жиналады.
*Модульді QAZAQ Villa-ның ең басты артықшылығы – онда қысы-жазы тұра беруге болады. Бір аптаға жетер-жетпес уақытта құралады, басқа жаққа көшіріледі.
*ЖАРТЫ ШАР сөзсіз QAZAQ Villa-ның негізгі ерекшелігі. Үй салатын жерге іргетасын (фундамент) құйып, керекті коммуникацияны жасаса болды.      *Болашақта модульді құрылысқа машықтанған соң клиентке типтік жобалар мен жеке жобаларды ұсынуға болады.
*Модульдерді (бөлшек) жақын қашықтыққа апару мен жинау үшін ауыр жүк көлігі қажет емес. Үйді толық қалап шығу үшін қарапайым құрылыс краны ғана қажет;

*Модульді құрылыстың бағасы қолданатын үлгіге, оның жеткізілуі мен жиналуына байланысты. Мұндайда типтік жобаларға қарағанда жеке архитектуралық жобаларды жасау қымбат екенін ескерген жөн. Жоба үлгілерін каталогтан оңай табуға болады;
*  QAZAQ Villa (жеке үйі) екі қабаттан және кең дәліздер мен террасадан тұрады. Ал ондағы түстердің сәтті үйлесімі мен қабырғалар қалыбы виллаға өзіне тән ерекше сән береді;
* Қарапайым әрі айқын сызбалар (линии) вилланың геометриялық мығымдығын арттырады. Жиһаз аз болса үй ішінің кеңдігі сақталады.   Еденге дейін жететін әйнек терезелерінен айналадағы ландшаф толық әрі анық көрінеді.

P.S. Міне, Ерік бізге үйін осылай таныстырды. «Адамда намыс болу керек. Қазақ елінің өзіндік архитектуралық ерекшелігі болғаны жөн. Мысалы, шетелден келетін туристер біздің елге келгенде бірнеше мәдениетті байқайды. Кеңестік дәуірде салынған архитектуралық нысандарымыз бар. Шетелдің озық үлгілеріндегі көшірме, ұқсас заманауи ғимараттар да бар. Шығыстық стильдегі ғимараттарды бізден көре алады. Ал сонда қазақтың өзінің төл архитектурасы, «мынау қазақтыкі» дейтін ғимараты бар ма? Егер осындай ақшаңқан әдемі үйлер қалашығы бой көтерсе, шетелдіктер де қазақтың еліне келгенін бірден сезінер еді. Сонда бір елден бірнеше мәдениетті көру үшін туристер атбасын бұрар еді», – дейді Ерік. Біз Еріктің сөзін құп көрдік. Қазаққа ұлттық нақыштағы үйлер керек-ақ. «Сіріңкенің қорабына» қанша жерден ою салсақ та ол қазақтың қолтаңбасы боп кетпейді… 

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан газеті», №35
4 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз