«Тәуелсіздік» деген ұғым бар екенін алғаш рет тарих сабағынан естідік. Оған дейін үлкендердің аузынан бұл сөзді естіген емен. Біздің ауылдың адамдары «Тәуелсіздік алдық, Кеңес өкіметі құлады» деген тіркестерді «е-е, сол кезде нан қымбаттап, қиыншылық кез басталған еді ғой» деумен еске алады. 90-жылдарды айта қалсаң еститінің «ала дорбаның» айналасы. Кейде елдегілерден: «Әй, осы Тәуелсіздік алдық дегенде үйден иіс шығардыңдар ма?» – деп сұрауға жүрегім дауаламайды. Ренжисің. Оқымағаннан, білімсіздіктен деп ойлаушы едім. Жоқ. Олай емес секілді.

Біздің ауылдың адамдары «тәуелсіздік» деген ұғымның өзінің не екенін түсінбеген-ау. Өйткені, олар ешкімге тәуелді болып көрмеген секілді. Кешегі кеңес өкіметі бар кәрін қалаға төгіп, ерте ме, кеш пе, барлық ауыл адамдары қалаға бір келерін білген болар. Яғни ауылдағылардың қолында күш жоқ екенін олар жақсы түсінді.

Жалпы алғанда, Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздікті көпті көрген қарияның «е-е» деп иек қағуындай ишарамен қабылдаған сыңайлы. Бірақ, қариядан әңгіме тыңдаған кісі біледі ғой, қысқа қайырылған «е-е» деген ишараның арғы жағында тамақтың бір қырналып барып, айтылатын қаншама  әңгіме жатқанын.

Ал біздің бір кездері территория бөлінісі тұсында және ашаршылық пен кәмпеске кезеңдерінде шекараасқан қандастарымыз бұл тәуелсіздікті қалай қабылдады? Атамекеніне оралуға асықты деуге болар. Бірақ сол территориялардың өзі біздің жеріміз, сол қазақтың атамекені екенін қайда қоярсың. Жә, өз ұлтыңмен аттас елде өмір сүргенге не жетсін. Осы арман жетегінде қаншама қандасымыз елімізге көшіп келді. Осы көшпен халық толысты, әдебиеті мен өнері толысты. Біздің өнерімізде жаңа есімдер пайда болды. Сөз еткелі отырған әннің авторлары да арғы беттен келген қандастарымыз. Сөзі – ақын Алмас Ахметбектікі. Ән авторы – Ермұрат Зейіпхан. Әннің аты – «Көк тудың желбірегені».

Бұл ән ерте шыққанымен, халыққа кештеу танылды. Өйткені, алғашында опералық мәнерде орындалған болатын. Орындаушысы – Майра Мұхаммедқызы. Ал әннің жалпыхалықтық сипат алуы Ибрагим Ескендірдің орындауынан кейін болды. Ақын Алмас Ахметбек көк туды алғаш Қорғаста көрген кезінде-ақ санасына «Көк тудың желбірегені» деген жол түсіпті. Ешбір тапсырыссыз, біреудің өтінішінсіз өлең жолдары жазылып шығады. Бұл өлеңге ең бірінші ән жазған Еркін Ергенұлы деген сазгер екен. Бірақ ән ақынның көңілінен шықпай, опера әншісі Ермұрат Зейіпханға өтініш жасаған. Ақын Құл-Керім Елемес ән тарихы жөнінде былай дейді: «Күздің күні Ермұрат жатақханаға кешігіп, кіре алмай саябақта түнеуіне тура келеді. Асылы, Жазушылар одағының алдындағы бір кездердегі Шәмші, Мұқағалилар түнеп жүретін саяжай болса керек. Күздің суығы өтіп, қалтырап жатса да мойымай: «Елімде жүрмін емес пе? Несін жаураймын?» – деп жолдың арғы бетіндегі сол кездегі үкімет үйінің маңдайындағы көк туға қарап жатып, осы әнді ыңылдап жатып шығарған көрінеді».

Әннің қысқаша тарихы осы. Ал төңірегінде екі түрлі пікір бар. Біріншісі, арғы беттен келген қандастарымыз арасында бұл әнді шекара асып келген азамат орындауы керек еді деген өкініш бар. Екіншісі, жалпы әнге емес, қайырмасында айтылатын: «Таласқа түссе жан мен ту, Жан емес маған керегі» деген жолға айтылады. Дәлірек айтсақ, осы жолдардан кешегі кеңестік саясаттың лебі еседі дейді. Әсіреқызыл, әсірепатриоттық дегенді желеу етеді.

Біздің ойымызша, бірінші пікірдің ғұмыры қысқа. Арғы беттен ауып келген ағайынның елге сіңісе алмай, үйренісе алмай жүрген ішкі бір жағдайынан туған сөз. Тіпті, әннің негізгі мақсатына, идеясына сай емес.

Ал, екінші пікірді демократиялық пікір деуге болады. Бірақ, дәл осы жан мен ту таласқа түскен жерде, жанның керек еместігінен идеологияның иісі шыға ма? Біздіңше, бұл пікір саясатпен уланған сананың қорытқан сөзі болса керек. Жалпы ән мен сөзінің тұла бойынан саяси кеңестік әндердегідей біреуді үлгі ету, идеал көтеру мүлде байқалмайды. Тек өз Отанын, елін сүйген азаматтың жеке пікірі. Соңымнан ер деп ешкімді жетелемейді. Қолдан жасалған Павлик Морозовтың да, Батыр бала Болатбектің де ерлігіне шақырмайды. Ол жәй ғана елге келіп, Қытай мен Қазақстан арасындағы Қорғаста тігулі тұрған көк туды көргендегі Алмас Ахметбектің көзіне іркіліп қалған жас пен көмейіне көміліп қалған өксіктің жеке қалғандағы сөзге айналып жарыққа шыққаны ғана. Ақын мемлекеттік рәмізді жалған патриоттықпен суреттеген жоқ. Ол желбіреген көк тудан тек қуанышты ғана емес, қасіретті көрді. Ән соңы:

«Көк тудың желбірегені –

Бақыттың елжірегені,

Қиырда қалған қазақтың

Көзінің мөлдірегені», – деген шумақпен аяқталады.

Осы уақытқа дейін көк туымызға қаншама теңеулер айтылды. Тәуелсіздік жылдары ғана емес, түркілік дәуірден бері көк тудың айналасында өрбіп келеміз. Түркінің туының түсі көк болғанын білерсіздер!  Иә, сонымен көк тудағы қыранды айттық, аспан секілді шексіздік пен ұлттық нақышты, ою-өрнекті айттық. Барлығын асқақ, көтеріңкі теңеулермен сөйледік.

Ал «Көк тудың желбірегені» әні біздің қолымызға көк туды ұстатып қойып, анықтап қаратты. Осы әннен кейін ғана біз асқақ теңеулермен көтермелеп, сипап сөйлеп жүрген көк туымызға шын үңіліп, одан қиырда қалған қазақтың мөлдіреген жанарын тапқан сыңайлымыз.

«Ақ желкен» журналының өткен бірінші санында Үсен Тортай Блок ақынның Отанын «әйеліне» теңегені туралы: «Отанын әйелінің образында, әйелін Отанының кейпінде көру эстетиканың жаңа бір сатысы», – деген тоқтамға келеді. Ал көк туды қиырдағы қандастардың көзінің мөлдірегеніне теңеу ше? Масштабы жағынан есе жіберсе де, мағынасы жағынан орнықты теңеу секілді.

Жоғарыда айтқанымыздай, ешбір тапсырыссыз жазылған «Көк тудың желбірегені» әнінен саяси астар іздеу, оның ішінде ту мен жан таласқа түскен жерінен саясилық іздеу – тарихын танымайтын, қазақтың өткенінен мүлде бейхабар адамның пікірі дегіміз келеді.

ХІХ ғасырда қазақ даласында болған орыс ғалымы А.Левшин: «Ту қазақтардың қару-жарақтарына жатады. Әрбір рудың өзінің туы мен белгісі болған. Олар бейбіт заманда мұқият сақталып, тек соғыс болған кезде ғана шығарылған», – деп жазады. Алғашқы сөйлеміне назар аударыңызшы. Ту – қазақтың қаруы. Негізінен, алғашқы тулар бүкіл әскерді басқару үшін пайдаланылған. Биік ту арқылы қолбасшылар соғыс алаңындағы жауынгерлерге тактиканы хабарлап, шабуыл бағытын белгілеп беріп отырды. Жауға ұстап шабар қарумен бірге, қару ұстағанды басқаратын нәрсе – ту. Осы қасиетінен кейін, шынында, оның қару болмағанда несі қалды? Ал тудың халықты біріктірер, бір жерге жинар ерекше күші осы қасиетінің негізінде қалыптасқан. Бұл жөнінде Серікбол Қондыбайдың «Жауынгерлік рух» кітабында: «Тудың тігілуі немесе бағанаға, ағашқа жалаудың байлануы – аса маңызды әрі фольклорлық мұрада көп тараған әрекеттердің бірі, оның астарында мифтік қоғамды, өркениетті орнату, структурасын белгілеу түсінігі жатыр» , –  делінген. Соғыс даласындағы ту – тек тактика мен бағыт хабарлаушы емес. Ол – әскердің рухы. Туы құлаған әскердің рухы бірге құлайды. Сондықтан жаудың алғашқы қарауылы ту ұстаушыны табады. Ал ту ұстау екінің бірінің маңдайына бұйырған бақ емес. Ердің ерінің ғана қолынан келеді. Ат үстінде туды үзеңгісіне тіреп алып, шірене отырған талай батырдың өзі өлгенімен, туды құлатпай ұстап қалғаны жөнінде қазақ арасында айтылар аңыз да баршылық. Осындай өзі өлсе де туды жықпай қалған батырлардың ерлігі жайында ойлап отырып, бүгінгі қоғамдағы «Таласқа түссе жан мен ту, Жан емес маған керегі» деген жолдарға көңілтолмастық білдіріп, саясиланған деген пікірлерді естігенде әрбір қазақтың айтқызбай түсінер, ымдаспай ұғынар бір дүниесінің саны кемігенін сезінесің.

Ат үстінде отырып ту ұстаған батырлардың бейнелері қазақ даласынан табылған жартастағы петроглифтерде де көптеп кездеседі. Бұл жөнінде белгілі ғалым З.Самашев «ту ұстаған ат үстіндегі жауынгер бейнесі – батырлық дәуірдің кең танылған эмблемасы және ертетүріктік мәдени кешеннің ерекше «мәдени коды» болып саналатынын» айтады. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің «Тарих» залында Байғозы Наймантайұлының өзі ұстаған туы ілініп тұр. Түсі – ақ. Бір деректерде боз деп те атап жүр. Бірақ, анықтап қарасаңыз боздан гөрі, түсі оңған аққа көп жақын. Байғозы батырдың өзі Абылай ханмен бір кезеңде өмір сүріп, ханның негізгі ту ұстаушыларының бірі екенін ескерсек, Абылайдың ақ туы – дәл осы ту болуы да ғажап емес. Қош! Тарихқа тереңдемей-ақ қоялық. ХVIII ғасырдан жеткен тудың бірнеше жерінде тесік бар. Жау жебелерінің орны. Бір сәт елестетіңізші. Кешегі ғұн бабаң ойлап тауып, қалың шүршіттің қысық көздерін тас төбесіне шығара ысқырған жебелер сен көтеріп тұрған туды тесіп өтіп жатыр. Үш-төрт құлаш төмен келсе иығыңда Алланың добы тұр… Ал біз марғау есінеп «Көк тудың желбірегені» әніне саясаттың, идеологияның еш қатысы жоқ дейміз. Тіпті, қатысы болса да несі бар екен? Байрақ үшін, ел үшін жан беру кешегі кеңестік сұрқия идеологияның қалдығы дегендер бірінші Сүйінбайға соқтықсын.

Одан кейінгісін көріп алармыз.

 

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2018

 

9 ПІКІРЛЕР

  1. Қайран қазағым-ай,жақсы нәрсе шығып жатса көре алмай көттен шұқығанды жақсы көресіңдер ғой мін іздеуге дайын тұрасыңдар,оданда өмірде болып қазақтың тіліне жеріне балта шашыбылып жерімізде келімсектер тайраңдап жүр жемқорларың анау халықты сорып ақшаларын жиып алып шетелге тайып тұрған қазақ өнері болса анау европаға еліктейміз заман талабы деп шіріген өнерлеріме сахананы ластап жатқан дін болса анау арабтарға еліктеп басқа жолға кетіп жатқан,құлдық санадан арыла алмай жүрген орысқұл қазақтар мәнгүрт қазақтар шала қазақтар қаптап жүр осы тұралы неге жазбайсыңдар тектемейсіңдер,қазақ үшін,жер үшін,ұлт үшін еңбек етіп жарық етіп көзге түссе көре алмай жағасына жармасасыңдар сондайда сын айтқыштар қаптап кетеді,қарапйым халықты тұншықтыпып отырғандарды ойына келгенін істеп жүргендерге келгенде жоқ болып қаласыңдар, Көк ту тақияңа тар келдіма астарынан кір іздейтіндей

    • Аға! Сіздің ашуыңыз бен ашынуыңызды түсінуге тырысамыз! Пікіріңіз үшін рақмет! Алдағы уақытта жазар дүниелеріме сіздің сөзіңіздің жарығы түсер!

  2. Керiм Елемес бауырым ойжота сойлептi. Ермурат силы-сымбатты болды, серI-сетер болды, оган кез келген сатте есiк ашатын конiлi жакын жан Алматынын кез келген тусынан табылар едi. Бул ауен 2000-жылы екI кунде жазылды(екi ауендi бiрден жазган. Бiз бугiнгi нусканы тандадык). Ол кезде Ермураттын енселi кезi болатын. «Ол далада тунеп жатып жазыпты» деген соз (сыпайылып айтканда) отipiк.

  3. АҢЫЗДЫ АЙТЫП НЕМ БАР ЕДІ?

    Ассалаумағаләйкум, Алмеке! Негізі сіз бұл әннің қай уақытта, қай жерде, қалай, қайтіп шыққанын ең жақсы білетініңізге Аллаһ атымен айтайын, еш шүбәм жоқ! Дау жоқ, сіздікі дұрыс! Сіз «өтірік» десеңіз, өтірік!

    Ал мен бұл ән туралы осындай, тіпті тамаша, естіген адамның көзіне Отанға болған махаббат жасын алдырмай қоймайтын жылы бір аңызды естідім де, сондай толқыдым. Тіпті жыладым да марқом Ерекеңді есіме алып!..

    Енді бұл аңызды сіз «өтірік» десеңіз, онда ол аңыздың сөзсіз өтірік болғаны! Иә, мен оны – әлгі шынға бергісіз аңыз әңгімені естіп, қисынына сондай риза болдым да, айтып қалдым. Жақсы мағынадан айттым. Ол өтіріктің қисыны сондай жағымды, жылы еді, Алмеке! Айтып отырмын ғой, майын тамызып айтқан айтушыдан естігенде «жыладым» деп! Расы жыладым! Өтірік болса да ол аңызды естігенде өзімнің де алғаш мұнда келген кезім, ол кездегі Отанға болған махаббатым, тіпті Алматыда жүріп Алматыны сағынатын махаббатым есіме түсіп жыладым, Алмеке, сенсеңіз!..

    Сіздеррдің осы әнді айтатын, кейде мен де қосылып айтатын кездерім есіме түсті… Сіз бар, Алмеке, Ерекең, Тілеубек, Рахым бар, мен бар, біз бірге, сона-ау тоқсаныншы жылдардың ортасында (қай жылы еді?), қазақ тіліндегі жалғыз заң – «Көші-қон заңының» авторы, ұлт тұлғасы, азаматымыз – Әкім Ысқақ бауырымызды депутаттыққа қайта сайлаудың үгітінде Шымкенттің үш ауданын бір ай аралап ән салғанымыз, осы «Көк тудың желбірегенін» мүмкін жүз қайталап тыңдаған кездеріміз есіме түсіп жыладым, Алмеке!..

    …Осыдан сәл бұрын, мен жұрттан естіген бұл аңызды бір ақын балаларыма айтсам керек, әрине аңыз деп. Содан олар: «Құл-Керім аға ән мен ән иелері жәйлі біледі» деген ғой тілші балаға. Сөйтіп, ол менен сұрайды. Мен тілші балаға телефоннан сіздер жәйлі жақсы сөздерімді айтып отырып, осы аңызды аңыз екенін ескерте отыра айттым. «Қорыққан мен қуанған бірдей» демей ме, әрине қуанып отырып, бір жағы аңғалдықпен болар.

    Тілші балаға: «бірақ, бұл аңыз. Анығын осы тамаша ел әнінің өлеңін жазған, сөз иесі, менің мықты ақын Алмас замандасым (ағам) біледі» делінген еді.
    Анығын Аллаһ Тағала біледі, мен іле сізге бірнеше рет телефон соғып едім, алмадыңыз. Мүмкін нөміріңіз өзгеріп кеткен болар. Ләзәттан сұрап еді, онда да болмады… Мақсатым, «осылай дедім, дұрыс па» деу еді… Әрі тілші бала да сұраған.

    Мұнда, мақалада, тілші баламыз: «Шәмші, Мұқағалилар түнеп жүретін саяжай болса керек» депті. Мақсаты жақсыларды, таланттарды бір-біріне жақындатқысы келгені белгілі…

    Бірақ, қалайда, бұл аңызды мүлде айтпауым керек еді. Байыбына бармай (жас баланың бетін қайтармайын деп болса да) айтқаным үшін, әуелі Аллаһ Тағаладан, сосын жақсы қаламдасым – Алмеке (аға), сізден кешірім сұраймын?

    Анығында еш бөтен ойым әсте болған жоқ. Сеніңіз! Тіпті қуанып отырып айтым-ау… Біздің журнал – «Көк тудың желбірегенін» – сіздерді, сірдер арқылы біздерді көтерейін деп жатса, мен неге қуанбаймын. Ол ән қазір сіздердің ғана емес, бәлкім халықтың, соның ішінде біздердің де әніміз болды ғой… Сондықтан менің де ептеп қуануға қақым бардай сезініп едім…

    Дегенмен, жұрт жоғарыдағы тамаша бір аңызды жақсы жағынан жыр етіп айтып, естігенді жылатып жүр екен, Алмеке! Әрине жағымды, сондай жағымды, жылы, тұлғалы, аңыз болса да нанымды бір аңыз екен…

    Менің естігенім, сондай әйбат, өтірікке қиғысыз аңыз. Отанға болған кірсіз, тұнық, таза махаббат аңызы еді, Алмеке!

    Жақсы нәрсеге жыл өткен сайын түрлі аңыздар шығып, ол туралы анық шынның жанында параллель жүретіні де бар ғой өмірде. Өзіңіз білесіз, шығармашылық адамы болғасын, Алмеке… Бұл сондай жұрт махаббатынан туған аңыз екен.

    Негізі онда сіз туралы, сіздің ақындығыңыз туралы, бұл текстің әуелі сізден өлең болып туғандығы туралы, текстегі «Егеске түссе жан мен ту, Жан емес маған керегі – Көк тудың желбірегені!» деген жолдарыңыз туралы, кейбір кісілердің олқы түсінігіне тойтарыс жасап, «өлеңнің, әннің ең өзекті, ең маңызды, ең керекті жері, міне, осы сөз. Бұл ақынның Мені! Біздің, Отан сүйгіш жүректің Мені! Әнді көтеріп тұрған сөз де, міне, осы сөз!» деген де менің жақсы пікірім болған. Бірақ мақала мақсаты сөз тексті емес, ән туралы болғасын, ол пікір қажет болмаған болар…

    Қалайда жас тілші Досхан балама зор рахмет айтамын. Не де болса, Ермұраттай өр сазгер, Алмастай өр ақын ағаларын биік біліп, сөз арнады. Оны балалар, жастар журналында көтерді. Оны жазуға тапсырма беріп, «Ақжелкен» журналында жарық көрсеткен, журналшы ұжымға, бас бақылаушы, белгілі қаламгер Ж. Қорғасбек мырзаға да алғыстан басқа айтарымыз жоқ! Елдің жақсы нәрсесін, жақсыларын елге қайыра дәріптеп, ізгі ниет танытқандары үшін!

    Жалпы «Көк тудың желбірегені» әні сөзі мен сазы үндескен, Отанға рас махаббаттан туған, халықтың діліндегі елдік сүйіспеншіліктің жарықтағы Мені…

    Мұнда сөз иесі Алмас та, ән иесі Ермұрат та бір биіктегі, елдің көрнекті, Құдай істерін оңдаған азаматтары! Екеуі егіз қозыдай бірге жүрді. Бірін-бірі әспеттеді. Жақсы көрді. Бағаласты. Тұлға тұтты! Оларынан осындай жұрт игілігіне жараған ән дүниеге келді.

    Жалпы, жазылған дүниелер туралы ел ішінде аңыздар туып жатса, ол сол дүниеге (шығармаға) және сол дүниені, Аллаһ Тағала нәсіп етіп, өмірге әкелуші тұлғаға (тұлғаларға) болған халықтың махаббаты деп білген жөн бе деймін. Халық өзі қалаған дүниесіне қалауынша аңыздар тудырып келген. Тудыра береді де… Ол оның өзін, өзінің Менін өрлеткен, көтерген игісіне (игілеріне) болған махаббаты ғана. Солай-ау…

    Жақсы дүние, жақсы дүниені Аллаһ қалап әкелген жақсылар, оны жарыққа шығарып әспеттеуші әркім, бәріміз аман болайық!

    Құл-Керім Елемес

  4. Мақала дәлелді жазылған. Ғашықтық жолында жан бергендер болған ғой, тәуелсіздік жолында сондай сәт-сағат кезіксе ол ғашықтықтан қйын ба, арлы, намысқор азамат үшін…ъ

  5. Кім не айтса да өзі білсін. Ал менің жанұям үшін көктудың желбірегені үйде күнге айтылатын гимн.

  6. Рахмет, Керiм!
    Мына пiкip озi алдына макала болыпты. Созакка бipге баратынымыз 1998 жылдын казан айы. Кос палаталы парламенттiн екiншi шакырылымына сайлау карсаны. Осы аннiн суйiншiciне мен сыйлаган куйсандык (лирика маркалы беларус фортепианосы) Ермураттын уйiнде алi тур.(ол 2000-ж. болатын). Достык лепесiне рахмет! Ермурат екеумiзге ортак едi. Баламнын суннет тойында ол-(жургiушi) екеумiздi жарыстырып олен окытканы есiме тусiп отыр.

    • Тартымды, керемет мақала! Осы әннің тариxын талай естідім (автордың өз аузынан). Қанша естісем де мақаланы қызыға оқыдым. Жас ұрпаққа берер тағлымы мол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз