Қазақтың көрнекті жазушысы Баққожа МҰҚАИДЫҢ туғанына 70 жыл

Жазушы Баққожа Мұқаи – «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» романдарының, «Жаңбыр жауып тұр», ««мір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» атты кітаптардың авторы. Қаламгердің бірқатар драмалық шығармалары сахналанып, көрермендер ілтипатына ие болды. Ол Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Қырғызстан Республикасының Т.Әбдімомынов атындағы әдеби сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. «Парасат» орденінің иегері. Баққожа аталарың балаларды өте жақсы көретін, оларға арнап әңгімелер жазатын. Жазушының 70 жылдық мерейтойына байланысты  здеріңе арнап жазған әңгімесін жариялап отырмыз.

«Кәмпит»

Біздің аулада кішкентай балалар көп. Мен жұмыстан келе жатқанда олар шұрқырап алдымнан шығады. Біз қол алысып амандасамыз. Содан кейін олар қайтадан ойынға кіріседі.

Олар әртүрлі ұлттың балалары. Кирилл Бурунчук – молдаван, Алеша Курманов – орыс, Қаһарман – ұйғыр, Арман – қазақ.

Алғашқы кезде Кирилл менен қашатын. Бір күні дүкеннен кәмпит алып келе жатып шақырып едім, ол келмей қойды. Арман мен Алеша жүгіріп келді. Әрқайсысына кәмпит үлестірдім. Достарының кәмпит жеп жүргенін көріп, Кирилл де келді.

– Кел, екеуіміз дос болайық,– деп қолын ұсынды. Екеуіміз осылай достастық.

Осыдан кейін мені ол біржола меншіктеніп алды. Кешкілік достарын ертіп алдымнан шығады. Кейде қалтамда кәмпит болады, көп ретте кішкентай достарымның алдында қызаруға тура келеді.

Бір күні есік алдына шықсам, Кирилл тұр екен.

– Кирилл, сәлеметсің бе?– деп едім, ол аузын бұртитып, теріс айналды. – Саған не болды, достым?

– Мен сенімен дос болмаймын, – деді ол.

– Неге?

– Сен маған көптен бері кәмпит берген жоқсың.

– Тісің ауырады ғой, – дедім сасқанымнан.

– Ауыратын тісімді жұлғызып тастадым, – деді ол аузын ашып. – Міне, көр, ауру тісім жоқ.

Үйге кіруге тура келді.

Осыдан кейін Кирилл екеуіміз қайтадан достастық.

Арада көп уақыт өткен жоқ. Жексенбі күні таңертең есіктің қоңырауы шырылдады. Келіп тұрған – Кирилл екен.

Екі танауы желп-желп етеді.

– Біз қазір атам мен апама кетеміз, – дейді мақтанышпен. – Олар Кишиневте тұрады.

– Жолың болсын, Кирилл. Бізді ұмытпа, – дедім мен оны құшақтап.

– Ұмытпаймын. Үлкен жігіт болғанда, қайтып келемін.

Алматыда метро саламын, – деді ол сенімді үнмен.

– Рақмет саған, достым!

– Сен маған Алматының кәмпиттерін салып тұр. Мен Алматыны сағынамын ғой, – деді ол Кишиневтағы мекен-жайы жазылған тілдей қағазды қолыма ұстатып. – Кәмпит салмасаң, мен саған дос болмаймын.

Мен уәдемді бердім. Екеуіміз қол алысып қоштастық.

Түстен кейін оларды ауланың балалары шығарып салды. Барлығы үлкен адамдардай қол алысып, қоштасып жатыр.

– Сендер мені ойлап, сағынып жүріңдер, – дейді Кирилл, – Мен Алматы мен Кишиневтың арасына метро саламын.

Сол екі арада машина келді. Енді жүретін кезде, Кирилл жолға шығудан айнып қалды.

– Папа, осында қалайықшы.

Әкесі не дерін білмей абыржыды.

– Кишиневта да балалар көп.

– Ол жерде де Дәурен бар ма?

– Бар, – дейді әкесі.

– Сергей ше?

– Бар, – дейді әкесі. – Толып жатқан Сергей бар.

– Қаһарман ше?

– Бар. Қаһарман да, Әсел де, Сәуле де, Асқар да, Әнуар да бар.

– Анау аға да бар ма? – дейді мені көрсетіп. Әкесі мүдіріп қалды.

– Бар, – дедім мен. – Менен де жақсы ағалар бар Кишиневта. Өзің жақсы болып жүрсең, олар саған күн сайын кәмпит беріп тұрады.

– У-р-а-а! – деді Кирилл қуана дауыстап.

– Жолың болсын, Кирилл!

– Жолың болсын!– деп, қаптап тұрған балалар шу ете түсті.

Кирилл езу тартып, қол бұлғады.

Машина оны атасы мен апасы тұратын әсем қала Кишиневқа алып кетті.

 

 

«Балдырған» журналы, №1
Қаңтар, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз