Мал бақпақ түгілі, адам өмір сүруге жер жеткізе алмай, теңізден жасанды аралдар салып жатқан жапон мемлекеті жерінің біраз бөлігіне күріш егеді. Бірақ, ол жердің өнімі өз шығынын ақтай алмайды. Шетелден сатып ала салған тиімдірек. Бірақ, олар егеді. Неге? Өйткені лингвистердің зерттеуі бойынша, күріш егу шаруашылығы тоқтағалы бері, сол шаруашылыққа байланысты сөздер жоғала бастаған. Жас ұрпақ мүлде білмейді. Міне, шығынды шаруашылық жұмбағының жауабы осында жатыр.

Тағы да байбалам салудан аулақпыз. Біреуге қаратып айтылған сөз де емес. Дегенмен соңғы уақыт көңіл қуантарлық бір жағдай болды. Ол – «Ұлттық домбыра күні».
Бұл аспап жайында аңыз да көп, сөз де көп. Аңызды қайдам, бірақ, осы аспап жайында айтыла қалса, Қадыр ақыннан ұялып кетем. Жә, «Ұлттық Домбыра күні» Астананың төрінде дүркіреп өтті. Әр облыстан оркестрлер шақырылып, Тәуелсіздік алаңында мыңдаған адам қолына домбыра ұстап күй шертті. Сол мыңдаған адам ортасында «шашы мен қабағынан танылып» Секен ағамыз отырды. Астанада жолымыз қиылыспай, Алматыда жолыққан болатынбыз. Есентай өзенінің жағасындағы таңғы жаттығуының үстінен түстім. Ағаның жанында біз құралпы тағы бір жігіт бар екен.

Күйдің әлқиссасы

– Ассалаумағалейкум, аға!
– Уағалейкумассалам! «Ақ желкеннен» бе?
– Иә!
– Не шаруа?
– «Ұлттық Домбыра күнінің» ауанында ғой.
– Жүр, жоғары көтеріліп, тыныштау жерге барайық. «Ұлттық домбыра күні»… Жәй ғана «Домбыра күні» болып аталса да жарар еді. Ұлттық екені онсыз да белгілі. Бұл күнді атап өту туралы бұрыннан-ақ айтылып жүрген. Өйткені көптеген халықтың ұлттық аспаптарының тойланатын күндері бар. Қазаққа енді жетті. Ерте ме, кеш пе, маңызы шамалы! Маңыздысы, бұл күн жәй ғана орталық алаңға жиналып алып, домбыра тартатын
күн болып қала ма, әлде қазақтың қара домбырасына шындап көңіл бөліне ме, мәселе сонда?

Күйден құлақ шықты

– Көңіл бөлінгені қалай?
– Мысалы, бүгінгі күні бала-ларға арналып жасалатын домбыра аз. Арнайы тапсырыспен жасалмаса, жаппай сатылымда өте сапасыздары ғана бар. Үлкен домбыраның пернелерін басып ойнауға баланың саусағы жетпейді. Бұл – бір. Екінші, қазақ даласындағы Батыс және Арқа күй мектебі домбыраларының айырмашылығы бар. Мысалы, Арқаның күйлері дәстүрлі қалақ домбырада тартылуы тиіс. Қарапайым тыңдарманға білінбеуі мүмкін. Бірақ, арқа күйлерінің табиғатын қалақ домбыра өз деңгейінде аша алатыны есті құлаққа сезіледі. Ал Батыс күйлері қауақ домбырада тартылуы керек. Біз осы домбыраларды дұрыс таңдау арқылы күйлердің шын бояуын сақтай аламыз.

Күйдің кеудесі

– Қазір көбіне Арқаның күйлерінде ғана терең мағына, мазмұн қалған секілді. Ал Батыстың төкпе күйлерінен тереңдік байқау қиынға соғады.
– Оның себебі күйші Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияровтардың кезеңінен бастап күйге темп қосылды. Күйлердің жылдам ойналуы осы кезеңдерден басталған. Оның алдындағы күйлер балқаймақ болатын. Мысалы, қазіргі «Құрманғазы» оркестрі орындап жүрген «Адай» күйін тыңдап көрші. Мен не істерімді білмей үнсіз қалдым. Дәл қазір оны тыңдай қоятын уақыт емес шығар. Іштей дал болып тұрғанымда Секен аға күйді аузымен
тартып бастады. Бірінші болып тартқаны біздің тыңдап жүрген «Адай» күйіне барынша ұқсас. Асығыстық, аптығу бар секілді. Соңыра, мен, тіпті сіз мүлде естімеген «Адайды» тартты. Домбырада қалай екенін білмеймін, бірақ Секен ағаның аузымен тартқанының өзі ішке қозғау саларлық еді. Домбырасыз күйші «Адайды» осылай екі түрлі орындау- да бір қайырып алды да:
– Қарашы-ей! Бұл күйде мұң бар ғой. Өкініш еседі. Біз осынша тереңдікті жылдамдыққа салып мәнін кетіреміз. Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» айтсаңшы. Оны да жылдамдатып
құрттық. Тәттімбет 44-46 жасында науқастанып, Омбыға барғанда жүзіне қарап, көзілдірікті сары шал басын шайқап күрсініпті. Бұл ғұмырың қысқа дегені. Сол сапардан қайтып келіп, өмірінің соңғы сәттерін осы «Сарыжайлауға» сыйғызған. Енді осындай өкінішті күйді даңғазаға айналдыруға бола ма? Секен аға тағы да өзді-өзі аузымен «Сарыжайлауды» тартып кетті.

Күйдің киесі

– Қазақ күйінің трагедиясы осында жатыр. Көптеген байқауларға, іріктеулерге қазы етіп шақырады. Сонда қатысушылардың басым көпшілігі күйді асығыс тартады және неғұрлым жылдам тартып бітірсем, соғұрлым жақсы шықты деген ой тұрады көздерінде. Тағы бір айта кететіні, домбырашы сахнаға күй тартам деп шыққаннан кейін, ол күйдің тарихы жөнінде бір-екі ауыз айтып өтуі керек. Өйткені, әнде сөз бар. Кем дегенде не туралы болып жатқанын ұғып отырасың. Ал күйде тек әуен ғой. Сахнаға шығып алып, домбырасын сабалайды да кетеді. Асқар Сүлейменов: «Мұндайларды күйдің киесі ұрады», – деуші еді. Меніңше, бұл ұстаздардың қателігі. Қолға алынып жатқан «Домбыра күні» мерекесінің осындай күй өнеріндегі мәселелерді шешуге де ықпалы тиюі керек.

– «Бір жылдары Секеннің домбырасы жоғалып, бүкіл Алматы болып іздегенбіз», – деген секілді сөздер естідім.
– 1992 жылы болса керек, айтыс ортасында күй тартатын болып, сахна сыртындағы үстелге домбырамды қабымен қойып кеткем. 5-10 минуттың ішінде айналып келсем, қабы тұр, домбыра жоқ. Милиция, КНБ жабылып іздестіріп, ақыры таба алмадық. Асекеңнің қолы тиген домбыра еді.

Күйдің құсар жері

– Қазір қандай домбыра ұстап жүрсіз?
– Домбырамды жоғалтқан жылы Семейге барып, ескі таныстың үйіне қонақ болып түскен едік. Үй иесі аса домбырашы болмаса да, анда-санда қол соғып қоятыны бар-тын. Бірақ баласы бір сары домбыраны екі бұтының арасына қысып алып, ат қып мініп ойнап жүр. Қарасам, Романенконың домбырасына ұқсайды. Алдырып қарасам, шынында да Романенконың қолынан шыққан. Содан үй иесіне: «Әй, мына домбыра ат боп жүр. Ертең отқа кетеді. Обалына қалмай маған бер, тірілтіп алайын», – деп алып кеттім. Содан оны шеберлерге әкеліп жөндетіп алдым. Қызығы, сол домбырамен күй шертіп отырғанымды теледидардан көрген баяғы иесі хабарласып қайта сұратты. «Бере алмаймын», – деп арнайы оюлатып домбыра жасатып, шапанымен қоса беріп жібердім. Қазіргі домбырам – сол. Менде Романенконың 4 домбырасы болушы еді. Біреуін ұрлаттым, екіншісін Президентке сыйладым. Ол кісі де өз домбыралары арасынан біреуін ал деп еді. Сәті түспеді ме, түсірмеді ме, реті келмеді, әйтеуір.
– Тек Романенконың домбыраларын жинайтын сияқтысыз…
– Иә. Романенко деген мықты ұста. «Құрманғазы» оркестрі құрылып жатқан кезде Ахмет Жұбанов Брусиловский мен Романенконы бірге алып келген. Бірі композитор, бірі ұста. Романенко негізінен скрипка ұстасы болған. Бірақ домбыраны ғажап жасады. Ол жасаған аспаптың үнінің ішінде тағы бір үн бар. Біздің қазіргі шеберлер ондай домбыра жасау шеберлігіне жете алған жоқ. Романенконың домбыраларын ашып көрді, бұрап көрді. Сырын таппады.

– Аға, сіз туралы тоқсаныншы жылдары түсірілген «Толғау» атты деректі фильм бар, қалай түсірілді?
– Комсомол сыйлығын алғаннан кейін түсірілген фильм еді ғой. Ол жерде Нұрғиса Тілендиев екеуміздің бірге отырғанымыздан өзге дұрыс кадр жоқ. Жағдай қиын кез. Үй жалдауға шығын шығармайын деп, №12 мектептің бұрышындағы бөлмеде тұрдым. Әрі сол жерде күзетші болып жұмыс істедім. Нұрғиса аға екеуміз көрші болатынбыз. Сол фильм шығарда айтқан едім, аты «Күзетші күйші-композитор» болсын деп. Фильмге жауаптылар: «Аға, күзетші деген сөзді алып тастайықшы», – дейді. Онда мүлдем басқа атауға келісейік дегенмін.
– Әңгімеңізге рақмет аға!
– Келіп тұр! Күнде таңертең осында жаттығу жасаймын!
– Жақсы!
Шын мәнісінде әңгіме бұлай үзілген жоқ. Мұнан ары да біраз тараптан әңгіме қозғалған. Біздің күй туралы түсінігіміздің бүгінгі төмендігіне қарап, тағы да жапондарды
ойладым. Жақында жапон мектептерінде табиғатты тамашалау-
ды үйрететін пән ашылыпты.
Жә, осы қолымызда бар пәнді біріктіріп, дұрыс жүйе жасай алмай жатқандардың тағы бір бәле шығарып, миын ашытып қайтем.
…Жалпы мақаланың атауын табу қиынға соғады. Бірақ, ағаның өзі фильміне қойғысы келген атауы ұнап кетті. КҮЗЕТШІ. КҮЙШІ. КОМПОЗИТОР.
Соңғы екеуі түсінікті ғой. Алғашқы сөзіне келер болсақ, Секен аға №12 мектептің күзетшілігінен кеткені қашан. Бірақ, Мұхаң айтқандай, «қазақтың ары мен ұяты, кісілігі сақталған» күйді де шала бүлінгендерден қорғайтын бір күзетші керек қой.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз