«Білікті бапкер – спортшыға берілген бақ» деген сөз спортшы қауымның арасында жиі айтылады. Қатардағы спортшыдан чемпион тәрбиелеп шығару қандай қажырлы еңбекті қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Грек-рим күресінен еліміздегі ең үздік бапкер Боранбек Қоңыратовпен әңгіме осы тақырыпта өрбіді.

– Мен 1966 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келдім. Бала күнімнен күресті ерекше жақсы көрдім. 1979 жылы ауылымызға Алматыдағы республикалық спорт интернатының жаттықтырушысы Таңат Сағындықов келді. 800 баланың ішінен тек 8 жет-
кіншекті таңдады. Соның ішінде мен де болдым. Алматыға спорт интернатына келгеннен кейін, бір айдан соң ішкі біріншілікке қатысып, жеңіліп қалдым. Бапкерімнің артқан сенімін ақтамағаныма ұялып, қатты намыстан-дым. Бірақ келесі жарыстарда тасым өрге домалап, әрқашан үздіктер қатарында болдым. Спорттағы ең үлкен жетістігім – КСРО кубогының қола жүлдесі. 16 мемлекеттің спортшылары сайысқа түскен додада үздік үштіктен көрінудің өзі Еуропа чемпионатын ұтқанмен пара-пар еді. Сондай-ақ «Локомотив», «Спартак» қоға-мының турнирінде топ жарып, әскерилер арасын-дағы КСРО біріншілігінде екінші орынды иелендім.

Бір өкініштісі – Боранбек Темірғалиұлы нағыз бабына келген шақта спорттан кетті. 23 жасында екі балалы болған соң үлкен спортпен біржолата қош айтысуға тура келді.

– Дене шынықтыру институтында жаттықтырушы мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ әртүрлі салада жұмыс істеп, спорттан алшақ болдым. Бір күні досым хабарласып: «Боранбек, теледидарды қарашы, сен туралы айтып жатыр», – деді. Теледидарды қоссам, мемлекеттік жаттықтырушы Жанабай Сейсенұлы сұқбат беріп жатыр екен. Бір көрермен хабарласып: «Боранбек Қоңыратов деген талантты балуан бар еді. Сол жігіт күресті қойып кеткен бе? Көрінбей кетті», – деп сұрады. Осы жайттан кейін біраз ойланып, бапкерлікке қайта бет бұра бастадым. Ал үлкен спортқа 2005 жылы қайта оралдым. Осы уақытта немере інім Ербол күресте әжептеуір көрініп жүрді. Інімнің жаттығуын көргеннен кейін көптеген жайттар көңілімнен шықпады. Техникалық, тактикалық тұрғыдан өзгерістер керек екенін түсініп, ініме көмектесе бастадым. Спортшы кезімде көптеген әдіс-тәсіл мен жаттығуды жадыма түйіп қалғанмын. Бапкерлік қызметте мұның бәрі септігін тигізді.

Бапкер Боранбектің шәкірттері көп болмаса да, барлығы дерлік әлемдік аренада атой салған балуандар. Ербол Қоңыратов 2012 жылғы Азия чемпионатында алтыннан алқа тақса, Дархан Баяхметов те Азия чемпионатында топ жарып, Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған. Дархан Бейжің Олимпиадасында жүлдеге сынық сүйем қалғанда тоқтап, бесінші орынға жайғасқан еді. Алмат Кебіспаев пен Демеу Жадыраевтың да жетістіктері күрес жанкүйерлерінің жадында.

– Күрес тек білектің ғана күші емес, бұл дара ғылым, тұнып тұрған философия деп айтсам, артық болмас. Сондықтан балуан алдымен білімді болуы керек. Қазақ «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп бекер айтпаған. Білімді бала сезімтал, көреген, ой-өрісі кең болады. Ал ой-өрісі кең адамның рухы биік. Ондай балуанды техникалық, тактикалық және физикалық тұрғыдан дамыту, жетілдіру оңайырақ. Тиісінше, ой-өрісі тар спортшының көкірек көзін ашуға ұзақ уақыт керек. Білімді балуан бозкілемде биік белестерді бағындырып, тіпті кейін білікті бапкер бола алады.

– Күрестен Олимпиада чемпиондары саусақпен санарлық. Әлем чемпионатында алтыннан алқа тақпағанымызға да 20 жыл болыпты…

– Не айтқыңыз келгенін түсіндім. Жеңіл атлетика, жүзу және коньки спортында әртүрлі бағдарлама бойынша сынға түссе, күресте тек бір ғана салмақта сайысқа түсесің. Мысалы, 2007 жылғы әлем чемпионатында 215 балуан 7 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Яғни бір салмақта кем дегенде 32 мемлекеттің спортшысы белдеседі. Сіз сол 32 мемлекеттің қаншалықты дамып кеткенін білесіз бе? Біз дамушы ел болсақ та, балуанда-рымыз сол елдің спортшыларымен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Ермек Көкетов, Нұрбақыт Теңізбаев сынды балуандар әлем чемпионатында үздіктер қатарында болды. Алмат Кебіспаев пен Нұрмахан Тінәлиев үш дүркін әлем чемпионатының жүлдегері атанды. 2017 жылғы әлем чемпионатында қос балуанымыз Мейрамбек Айнағұлов пен Демеу Жадыраев алтынға біртабан жақын болды. Болашақта талай әлем чемпиондарының шығатынына сенімдімін.

Боранбек Темірғалиұлы 2 жыл (2014-2016) Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері болды. Осы уақытта бапкердің шәкірттерінің бірі әлем чемпионатында топ жарып, екіншісі күміс жүлде иеленген. Азия чемпионатында да командалық есепте бас жүлдені еншілеген болатын. Қазір 5-6 ғана жас балуанмен жұмыс істеп, соларды машықтандырып жүр. Олардың бір-екеуі әлемдік аренаға шығып, үлкен турнирлерде көзге түсіп үлгерді. Мысалы, ересектер сапына жаңадан ауысқан ағайынды Фидахметовтер Қазақстан чемпионатында қарсыластарын қоғадай жапырып, Джакартада өтетін Азия ойындарына жолдаманы жеңіп алды. Бірақ кез келген балуан Боранбектің шәкірті бола алмайды. Оның да өз сыры бар.

– Сізде жаттыққысы келетін балуандар өте көп. Шәкірттеріңізге қандай талап қоясыз?

– Иә, кез келген балуанды тәрбиелей бермеймін. Өйткені әр шәкіртіме үлкен жауапкершілікпен қарап, оның барлық жағдайын жасауға тырысамын. Ол соған лайықты болуы керек. Әлбетте, уақытша өз ойын іске асырғанша жаттығатындар да болады. Тамыр-таныстар арқылы келетіндер де бар. Олардың көпшілігі менің талаптарыма шыдай алмай, жарты жолда қалады. Жаңа айтқанымдай ең алдымен балуан білімді болуы керек. Содан соң психологиялық тұрғыдан мықты, алға қойған мақсатына жетпейінше өзінің ұстанымына берік болуы қажет. Еңбекқорлық, шыдамдылық, қайтпас қайсарлық сынды қасиеттер бойында бар балуан мақсатына жетпей қоймайды. Шәкірттерімнің кілемдегі ғұмыры аяқталғаннан кейінгі тағдыры да алаңдатады. Сондықтан балаларды тек спортшы ретінде ғана емес, адам ретінде де тәрбиелеуге тырысамын.

– Жас шәкірттерден кімнен үміт күтесіз?

– Шәкірттерімнің ешқайсысын бөліп жармаймын. Барлығының болашағынан үлкен үміт күтемін. Алла қаласа, 2024 және 2028 жылғы Олимпиада ойындарында өнер көрсетеді деген ойдамын. Ернұр мен Ернар Фидахметовтер жас болса да көк туды желбіретіп жүр. Екеуі де Қазақстан чемпионатында тамаша өнер көрсетіп, ересектер арасындағы алғашқы додада топ жарды. Болашақта да осы қарқынымыздан таймай, биік белес-терді бағындыратынымызға сенемін.

– Рақмет!

Әңгімелескен
Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз