Адам баласын жолдан тайдырып, күллі өмірінің күл талқанын шығаратын нашақорлық дерті қоғамдық мәселеге айналғалы қашан?! Одан зардап шеккен тағдырлар қаншама?! Өткенде ауыл жаққа жол түсіп, дәрігер ағамның үйіне бардым. Әңгімеден әңгіме шығып, нашақорлық туралы да біраз жайт талқыланды. Қазір 2000-2001 жылғы балалардың арасында өте көп дегенді айтып қалды. Енді олар өздерінің мәз-мейрам өмірлерімен қауыша ала ма? Балалықпен жасаған қателіктің қалпына келуі мүмкін бе? Ағаммен болған әңгіме осы сұрақтардың шетін шығарды. Алматыға келгесін бірден нарколог дәрігерлерді іздей бастадым. Жасөспірімдер арасында нашақорлықтың таралу деңгейі туралы дәрігер-нарколог Бақытжан Мырзабайұлы айтып берді.

– Мен ересек адамдармен жұмыс істеймін. Өткен аптада ғана он жеті жастағы жігіт емделіп шықты. Ең алғашында психолог болып, кейіннен наркология сала-сына толық алмастым. Он төрт жыл нашақорлықпен күресіп келемін. Біздің емханада он сегіз жастан асқандар ем қабылдайды. Өзіңіз көргендей, ем қабылдап жатқандар ересектер.

Әңгімеміз дәл науқастардың арасында өрбіп отыр. Түрлеріне қарасаң, отбасылы, үйлі-баранды азаматтар. Күн түспейтін көлеңке бөлмеде ем қабылдап жатыр. Бірінің бетінде ісік, екіншісінің арықтығынан қабырғасы көрінеді. «Науқастардың барлығы есірткі қабылдап, жағдайлары қиын болғандықтан жатыр ма, әлде отбасы тастап кетіп, барар жер басар тауы болмағасын жан бағып жатыр ма?» – дедім әңгіменің шоғын үрлеп.

– Кейбіреуін отбасылары тастап кеткен болса, енді біреулері отбасын құрмағандар. Ішімдіктің соңына түсіп, отбасын тастағандарға да біз жәрдем беруге міндеттіміз. Толық емделу үшін дәрігерлердің бақылауында болуы керек. Үйден ем қабылдағысы келетіндер де кездеседі. Нашақорлық пен ішімдіктен айығу – үздіксіз ем қабылдайтын ұзақ процесс. Емханаға жатып шығып, «жазылдым, енді жоламаймын!» дейтін емделушілеріміз де бар. Бірақ, оның ағзасындағы дәріден қалған тұқылы бүгін қозбаса да, ертең қозады. Кейбіреулер дәрігерлермен танысып алған, толық айығып шығамын деп жатады. Тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген емханаларға барып та ем қабылдап жататындар кездеседі. Алкоголизм мен наркомания дертінен айығу дәрігердің емімен ғана шектелмейді. Науқастың психологиясына да байланысты. Кемінде жарты жыл ем қабылдау керек. Асқынып кеткен жағдайда өмір бойы дәрігердің бақылауында болады. Адамның ағзасы және иммунитетімен де тығыз байланысты. Бізге келетін науқастардың дені созылмалы түрімен ауырады. Ол дегеніміз, бір-екі ай ғана емес, кем дегенде он бес жыл үзбей қолданып, асқынғаннан кейін ем қабылдап жатқандар. Сондықтан олардың емі бір-екі аптада біте қоймайды.

«Есірткі пайдаланғаннан кейін қанша күн ағзада сақталады?» деген сұрағымыздың да шетін Бақытжан ағаның өзі шығарды:

– Қолдануына қарай әртүрлі болады. Инемен қабылдайтындар өте қауіпті келеді. Алғаш рет қабылдағандардың арасында иіскеп қабылдайтындардың ағзасында мүлдем анашаның қалдығы қалмайды.

Бірнеше рет қолданып, инемен қабылдайтындардың ағзасында бірден байқалады. Ол кезде дәрі қанға сіңіп кетеді. Көп уақыт шегіп жүріп, бір апта шекпей талдау жасатсаңыз, бәрібір көрсетіп тұрады. Адамдардың жасына да байланысты. Жасөспірімдердің ағзасы тәуелділікке бейім келеді. Героинді екі-үш қолданғаннан-ақ психикалық тұрғыда тәуелді болып қалуы мүмкін.

Әңгіме барысында дәрігер жастар арасындағы көп қолданылатын препараттарды да айтып өтті.

– Елімізде қандай препараттар танымал екенін дөп басып айту өте қиын. Нақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Ашық түрде жариялау біздің қоғамға жақпайды. Маман ретінде айтатын болсам, анаша кең таралған. Жастар да, ересектер де жиі пайдаланады. Географиялық жағынан қарасақ, анаша бізде де өседі. Басқа елдерден тасымай-ақ, елімізде қаулап тұрған шөп. Есірткі ауыр және жеңіл деген екі түрге бөлінеді. Анаша жеңіл түріне жатады. Ауыр түріне жататын героин, спайс деген түрлері бар. Соңғы жылдары «синтетикалық есірткі» деген термин шықты. Химиялық қоспаларды араластырып, қолдан өндіреді. Сосын оны экспорттайды. Синтетикалық спайстан зардап шеккендердің қатары қатты көбейіп кетті. Мектеп оқушылары түсіп жатыр. Қытайлар құрамы күрделі небір түрін шығарып жатыр. Одан емделу қиын. Ұзақ уақыт керек. Бұл спайстың әсері есірткіден бес есе күшті. Оны қолданған адам ақыл-есінен адасып, іс-әрекетіне жауап бере алмай, жындыханадан бір-ақ шығады.

Ғаламтордың дүркіреп тұрған заманында ашық сауда жасайды. Көшедегі үйлердің қабырғаларындағы кейбір жазулар – әлеуметтік желідегі хэштег немесе сайттарының аты. Тұтынушылар онлайн тапсырыс береді. Ақшаны аударғаннан кейін, айтқан жерінен алып кетеді. Саудагер де, тұтынушы да бір-бірін танымайды. Әлеуметтік желідегі маркетингтің дәуірі жүріп тұр. Ал мұндай жағдайды болдырмау үшін ашық жарнамаға жол бермеу керек деген белсенділер есірген есірткі сатушылармен өздігінше күресті бастап кеткеніне қуандық.

Адамның теріс жолға түсуіне түрлі факторлар әсер етеді. Жасөспірімдердің теріс жолға түсуіне отбасындағы түсініспеушілік себеп болады. Балалары ержетіп келе жатқанда ата-аналары оның тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Содан бала басқа жақтан жылу іздейді. Ата-аналар балаларының қандай ортамен араласып жүргенінен хабардар болғаны жөн. «Сенің соңғы кездері жүрісің, өзіңді ұстауың ұнамай жүр. Менен бір нәрсе жасырып жүрген жоқсың ба?» – деп сұрайтын аналар сирек қазір. Балаңыздың бойынан оғаш қылық көрсеңіз, міндетті түрде сөйлесуіңіз қажет. Қазіргі кезде есірткі қолданатын баланы байқау оңай. Бұл жағдайда ата-аналар баласымен кеңінен отырып сырласуы керек. Дәріханаларда тест талдамасы сатылады. Бала ұйқыдан тұрғаннан кейін, таңғы дәретіне талдаманы салып, бес-алты минут өткеннен кейін қарасаңыз айқын көрінеді. Қазір ата-аналар осы құралдың арқасында балаларын нашақорлықтан арашалап алып қалып жатыр. Бұл дерт тұқым қуалайды. Қан арқылы ұрпаққа беріліп отырады.

«Нашақорлықтан толық жазылып кету мүмкін бе?» деген сұрақты көлденең тарттық.

– Бұл адамның өзіне, ерік-жігеріне байланысты. Мыңнан бірі жазылып шықса да, оның миында есірткіге деген тәуелділік қалады. Ол физикалық түрде әрекет жасамаса да, үнемі ойында жүреді. Бірге шеккен достары көз алдына келеді. Егер ондай ойдан арылмаса, төрт-бес жылдан кейін қозып кетуі мүмкін. Сол уақытта адамның ағзасы өліп, қайта тірілгендей күй кешеді.

Дәрігердің айтуынша, есірткінің көп жүретін жері ойын-сауық, көңіл көтеретін орындар екен. Журналымыз жастар басылымы болғандықтан, нашақорлықтың салдарынан жыныстық қатынасқа түскен кезде пайда болатын аурулар төңірегінде де сұрақ қойдық.

– Ер азаматтар арасындағы белсіздік белең алып бара жатыр. Есірткіні қабылдаған уақытта жыныстық қатынасқа барған өте зиян. Ол белсенділікті лезде жоғарылатады. Адам барлық жағынан да белсенді болады. Миының жұмыс істеуі, қатты физикалық қозғалыс болады. Бірақ процесс бір айға ғана созылады. Одан кейін күрт нашарлап кетеді. Дүниеге келетін ұрпақ та аурушаң болады. Қанмен берілгендіктен, болашақ баланың да нашақорлыққа бейімдігі білінеді.

Сөздің реті келгенде, маманнан ішімдік пен сыраға тәуелділік туралы да сұрадық.

– Сыра – ең қауіпті ішімдіктің бірі. Оның құрамында альдегит, метанол, эфир сияқты улы заттар араққа қарағанда 10-100 есе көп. Сыраға тәуелділік – жүйке дертімен тең. Сыраның дәмін алған адам қайта ішкісі келіп тұрады. Өйткені, сыра ішу үшін арнайы дастарқан жаюдың керегі жоқ. Тіпті, оған ешқандай себеп те керек емес. Жалғыз өзі тұрып та, отырып та, жүріп те кез келген жерде іше береді. Сыраны сусын ретінде қабылдайтын болдық. Егер біреу сыра ішіп, темекі шеккенін көрсек, өрескелдік деп есептемейміз. Сондықтан сыраға салыну өте оңай, бірақ емдеу оңай емес. Ал таңертеңнен кешке дейін сыраны насихаттайтын жарнамалардың айтуы бойынша, сыра ішпей өмір сүруге болмайды екен. Қандай жағдайда, қандай жерде болмасын, сыра ішу керек. Енді оған дүкен сөрелеріндегі көз арбайтын жарнамаларды қосыңыз. Осыдан кейін ішімдікке салынбау мүмкін бе? Таңғаларлығы сол,  «сыра дәруменге бай» деп есептейтіндер де бар. Сыра сұлы, арпа, «В» дәрумендерінен жасалатыны рас. Алайда, ол дәрумендер сыра жасалып біткенше құнарын жоғалтып алады. Мәселен, «В» дәруменін алу үшін 10 литр сыра ішу керек» дейді мамандар. Сонда, пайдалы дәрумендерді тұтыну үшін маскүнем болу керек пе? Сыра ер адамның ағзасында зат алмасу процесін өзгертеді. Сондықтан, сыраны көп тұтынатын еркектерде әйелдерге тән сипат пайда болады. Ал сыра ішкен әйелдің қатерлі ісікке душар болуы жиілейді. Сонымен бірге, денесінде еркектерге тән қылқаншалар пайда болады. Ішімдікке тәуелді әйелдердің 80 пайызы ащы суға құмарлықты сыра ішуден бастағаны дәлелденген. Дәрігерлер анасы ішімдік қабылдаса, баланың бойында 800-ден астам аурудың пайда болатынын анықтаған екен. Сондай-ақ, сыра бүйрек пен қуыққа да әсер етеді. Аталған сусынды көп ішкен адамның зәр айдау жүйесі шамадан тыс күшейіп кетеді. Егер денедегі калий, магний дәрумендері азайса, адамның жүрек соғысының ырғағы бұзылып, тез шаршайды. Жалпы, үздіксіз сыра ішу бауыр мен бүйректі толық істен шығарып, бүйрекке қан құйылу, адамды естен адастыру қаупін туғызады.

Ақтөбе облыстық наркологиялық диспансерiнің, палата қызметкері Тәжібаев Аслан мырзадан есірткі қолданатындардың психологиясында болатын өзгерістер туралы сұрадық.

– Қазіргі кезде шығу тегі беймәлім есірткінің бірнеше түрі бар. Ресей арқылы елу түрлі есірткінің түрі таралып жатыр. Нашақорлықтан қалыпты өмірге келуге болады, егер науқас шыдамдылық танытса. Мыңнан бірі ғана бұл дерттен айыға алады. Отбасының жылуы өте маңызды. Баласы жаман жолға түсіп кеткен жағдайда ата-анасы баласынан теріс айналмауы керек. Отбасында болып жатқан мәселелерді бірге талқылап, назардан тыс қалдырмаған жөн. Кейбір ата-аналар балалары тағы да бұзылып кетеді деп, үй қамағында ұстайды немесе жатқан бөлмесін «күзетіп» жүреді. Ол науқасқа үлкен соққы болады. Бірге қыдырып, серуендеуге алып шығулары керек. Осылай жалғасса, дертке шипа болары анық. Есірткі қабылдайтын адамның денесінде де белгілер болады. Бет әлпеті, көзінің айналасы, қолдары көгеріп тұрады. Білек тұсында қан ұйықтары мен іріңдер пайда болады. Көз қарашығы үлкейіп, мұрын жағы суланады. Сонымен бірге қарапайым адам түсіне бермейтін жаргон сөздерді көп қолданады. Есірткі қабылдар кезде ашуланып, мойны мен желкесін тырнай береді.

Осы салада жүрген оншақты жылда алдына неше түрлі науқастардың келгенін айтып, тұрақты қаралып жүрген кісімен де таныстырды. Өзін Ербол деп таныстырған жігіт ағасы есірткіге қалай елтіп кеткенін күрсініспен баяндады:

– Әр адам өзі үшін өмір сүреді. Өзінің өміріне өзі ғана жауапты. Ешкім сенің өміріңе келіп, килікпейтіні анық. Мен өмірде дос таңдай білмедім. Араласатын адамдарымның жаман жолда жүргендерін кеш білдім. 2009 жылы өмірім күрт өзгерді. Отбасымдағы қиыншылықтар себеп болды. Үйімізде ақша болмайтын. Өзімнің де жұмысым болмады. Достарыммен көңіл көтеріп отырғанда олар түсініксіз бір нәрсені иіскеп, екпе салатын. Жас болғандықтан, маған да қызық көрінеді. Ол кезде менің ойымда «бір рет қана қолданып көремін» деген ой болды. Маған ешкім «жолама, өміріңді құртасың!» деп айтпады. Бір-екі рет қолданғаннан кейін, тәуелді болып қалғанымды білдім. Ол кезде бәрі кеш еді. Ата-анамның менімен ісі жоқ. Күндіз-түні жұмыста жүреді. Қабылдаған кезде менен бақытты адам жоқтай елестеді. Бала кезден өте тұйық болдым. Есірткі қолданғанда адамдармен қарым-қатынасым жақсарған сияқтанды. Өзіме сенім пайда болды. Басыма сан түрлі идеялар келіп, көп нәрсені миым автоматты түрде қабылдай бастады. Бір күні қатты ауырып, ауруханаға түстім. Менің нашақор екенімді барлық туыстарым білді. Одан нашақорларды емдейтін орталыққа жаттым. Сол кезде қатты өкініп, еркек болсам да көзімнің жасы тоқтамады. Отбасымнан басқа ешкім болмады қасымда. Достарымнан да біржола қол үздім. Ата-анам, әйелім мен ұлым ғана болды. Әйелім бұл қиындыққа шыдамай, кетіп қалды.

Ұлымды бірге ала кеткесін, маған өте ауыр соққы болды. Айлап-жылдап емделдім. Өткен өміріме өкініп, таңды таңға кірпік ілмей атыратынмын. Тіркеуде тұрғандықтан, мені еш жер жұмысқа алмады. Өзімнен өзім жиіркене бастадым. Дәрігерлердің айтуымен жүрдім. «Қалайда осы дертті жеңемін!» деп мақсат қойдым. Есірткіге қарсы дәрілердің көмегімен біртіндеп қоя бастадым. Ол туралы ойламайтын жағдайға жеттім. Күндердің күнінде жағдайымның оңалып келе жатқаны сезіле бастады. Әйелімді іздеп, ұлымды көруге бардым. «Бірге өмір сүрейікші…» деп айтқым келді, бетімді қайтарып тастайтынын біліп тұрсам да… Бірақ… мен ойлағаннан басқаша болды. Жолдасым мені түсініп, ата-анам тұрған үйге келдік. Олар бізді көріп қуанды. Сол кезде-ақ мен есірткіні біржола тастадым. Қазір мүлдем жоламаймын. Қазіргі өміріме ризамын. Бір кездері өзім жатқан нашақорларды сауықтыратын орталықтарға барып, науқастарға үгіт-насихат жүргіземін. Өзімді өлімнен арашалап қалған дәрігерлердің жұмыстарына көмектесемін. Мен ақша үшін жұмыс істегім келмейді. Бақытты жанұяң болса, ақша өзі-ақ келеді екен. Болашақта нашақорлықтан құтқаратын еріктілер тобын құрғым келеді. Бір қызығы, мені осы жолға итермелеген достарымның біразымен араласып тұрамын. Өзіміздің ортамыз бар. Оларға бірақ шегу үшін емес, сол жолдан арашалап алу үшін ақыл айтуға барамын. Өзіммен тағдырлас адамдардың болашағының жарқын болуын тілеймін. Мен жүз пайыз дертімнен айықпадым. Бауырым қатып, тыныс жолдарымның қызметі бұзылған. Миымның кебіңкіреп кеткенінен басым ауырып, түнімен ұйықтай да алмаймын. Сондықтан да, жастарға жаман әдетке бой алдырмаңдар, есірткіге жоламаңдар дегім келеді. Жыл сайын тексеруден өтіп тұрамын, – дейді қырық екі жастағы кейіпкеріміз.

Тобықтай түйін: Иә, «біреудің қателігі – біреуге сабақ». Біз тілдескен жандардың айтары да бір-ақ нәрсе: «Жаман әдеттен аулақ бол!».

Жазып алған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз