Статистика бойынша адамзаттың бес пайызы атеистер десек, тоқсан бес пайызы жаратушының бар екеніне сенеді. Ал Тәңірге сенушілердің белгілі бір дін өкілдері екені түсінікті. Әрбір дінде заманның ақыры турасындағы аңыз-әфсаналар бар. Мысалы, будда дінінде жер бетінде жеті түрлі заманақыр болатыны туралы, ол заманақырдан Ману деп аталатын жалғыз адамның тірі қалатыны туралы аңыздар кездеседі. Будда мифологиясы бойынша адамзаттың ақыры су, от, жел секілді жеті түрлі табиғат апатынан келеді. Қазақтың Қорқыт жайындағы мифологиясында да Қорқыттың дүниеге жеті рет келетіні туралы айтылады.

Ол да әртүрлі сипатта келеді. Бір сипаты – музыка. Ал қазақ халқының он бес ғасырдан бері ұстанып келе жатқан ислам дінінде ақырзаманның үлкен сипаттарының бірі ретінде күннің батыстан шығуы сөз етіледі. Күннің батыстан шығуы жердің өз осінен кері айналуы деген сөз. Басқа анықтама табу мүмкін емес. Сонымен, күн батыстан шықса…

Біз журналымыздың №7 санындағы «Егерде…» айдарында жер планетасы-ның өз осінен айналуының тоқтауын екі түрлі жағдайда сипаттаған болатынбыз. Бірі жердің кілт тоқтауы, екіншісі – біртіндеп тоқтауы. Жердің кілт тоқтауын өткен саннан оқып аларсыз. Біз тек қана ол жағдайда жердің сынған жұмыртқаның күйін кешетінін айтып өтелік және жер кілт тоқтаған соң жердің кері айналып, күннің батыстан шығуы секілді таңғажайып оқиғаны тамашалайтын тірі жанның қалуы неғайбыл екенін де қосып айт-қымыз келеді. Мүмкін ақырзаман, қиямет-қайым деген осы болар. Бірақ, осы күннен кейін де жер бетінде өмір болатыны туралы әңгімені қайда қоярмыз? Яғни біз жердің баяулап тоқтап, содан кейін ғана кері айналуын сипаттағанымыз жөн.

Журналымыздың алдыңғы санында жазғанымыздай, жердің айналуының біртіндеп тоқтауы адамзат өміріне бірден зауал әкелмегенімен, біртіндеп әсер ете бастайды. Қазіргі таңда мұхит суының көбі экватор маңайында шоғырланған. Жер планетасының баяу қозғалысынан мұхиттар экватордан алыстап, полюстерге қарай жылжиды. Салдарынан қазіргі солтүстік және оңтүстік полюстерге жақын бірнеше мемлекет су астында қалады. Жердің айналуы, ішкі ядросының да айналуы.
Ал ядроның үнемі қозғалысының негізінде жерді күннің радиациясынан
қорғайтын магнитті өріс түзілген. Осы өрістің жойылуынан адамзат арасында ауру көбейеді. Бұл нәубеттің қанша жылға созылатыны белгісіз. Бірақ, әлемде бір ғасырға жуық хаос орнары сөзсіз. Жердің кері айналуынан планетағы бүгінгі жағдайлардың барлығы қайта қалпына келеді. Тек бұл кезге адамзаттың аз ғана бөлігі жете алады. Жердің кері айналуы салдарынан жер бетіндегі уақыт өзгеріп, полюстердің орындары алмасады. Бұл оқиғалар да жердің климаттық және құрлықтық жағдайына үлкен өзгерістер алып келеді.

Ислам дініндегі кез келген мұғжиза-ның ғылыми түсініктемесі бар дейді ғалымдар. Біз күннің батыстан шығуын бүгінгі ғылым жетістіктері арқылы осылай елестетеміз. Ал анығы Тәңірге ғана аян.

Құрметті оқырман! «Ақ желкен» журналының «Егерде…» айдары сіз-дерге болуы мен болмауы белгісіз оқиғалар арқылы ғылымдағы қызықты деректерді ұсынады. Жер планетасының күн жүйесімен, қала берді бүкіл ғарышпен үндестігін дәлелдеп, оқырманын сол табиғатпен гармонияда өмір сүруге шақырады. Ал, сол ұлы үндестік негізінде «уақыт» деген құдіретті күш жатыр.

Кейбір ғалымдар уақытты шартты ұғым ретінде ғана қарастырады. Тіпті оны мүлде жоққа шығаратындар да бар. Орыстың бард ақыны В.Высоцкий «Ғарышкерлер маршы» әнінде:
Сөзіне сенсек әпенді ғалымның,
егерде.
Біз мұнда аспанды көрмейміз
жердегі.
Есебі бойынша, қайтқанда
біз жерге,
Бетінде жердің жеті жүз ғасыр өтеді, – деген жолдар кездеседі. Шы-
нында да, ғарышта уақыт баяу өте ме?
Міне, осы сұрақтардың жауабының барлығын «Ақ желкен» журналының келесі санындағы «Егерде…» айдарынан оқи аласыз. Сонымен, егерде уақыт деген шартты ұғым болса…

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз