Күлия Қожахметова Тарлаулы ауылында туып, Бақанас, Көксаланың ауасын жұтып, үш жасқа дейін Аягөзде өсті. Ел ішіне бригада-бригада болып келіп, Алматыдан, Семейден концерт қойып кететін. Адамдар клубқа сыймайтын болған соң далаға сахна құрып тастайтын. Халықта өнер адамына деген ерекше сүйіспеншілік, мәдениетті биік қабылдау болды. Семейде Қозыны ойнаған актер Сапар Оразалин қаһарман болатын. Қолы жеткен қазақтың бәрі Алматыға ұмтылатын уақыт. Күлияны тоғыз жасында нағашы жұрты Алматыға алып кетті. Ол №9 мектепте оқыды, театр бұл мектепті қамқорлыққа алып, Нұрқанат Жақыпбаев пен Досхан Жолжақсынов драма үйірмесін ашты. Күлия тақпақты тез жаттап алып, әдемі оқитын. Талантты балаларға қозғау салу үшін жасалған драма үйірмесінде балапан құсты ұяда баулығандай, өнерге талпындырып, іріктеу жүреді. Ол мезгілде съездер көп болды, делегаттар алдында Отан туралы өлеңдер оқуға арнайы балалар таңдап алушы еді.

Мәскеудің Горький атындағы балалар мен жасөспірімдер кино-студиясында Юрий Победеносцев түсірген «Ох уж эта Настя!» атты қызықты фильмге (1972) «Қазақфильмде» дубляж жасалады. Кейіпкер қыз Настяны қазақша сөйлетуге дыбыс режиссері Наидия Шомбалова кішкентай Күлияны таңдап алды. Ересектермен қатар ұқыпты жұмыс істеуді ол сонда үйренді.

Әке-шешесі Семейден Алматының шетіне көшіп келген. Алтыншы сынып оқушысына киностудияғылар ертең ересек біреуді ертіп кел деп тапсырған соң, жалғыз ағасы Қуатбек ілесе келді, оның 7-8 жас үлкендігі бар. Дубляж үшін қыз балаға 63 сом төледі! Әкесі Иманғазы 1969 жыл-дан Медеу бөгесінінде жұмыс істейді, бір буда ақшаны үстел үстіне қойды. «Әкем-ау, мынау не?» – деп сұрады әкесі қайран қалып. «Менің алғашқы табысым!» – деді. «Табысым деген не?», – деген әкесі, мектеп жасындағы қарғадай қыз қайдан табыскер бола қалғанын әлі ұқпай отыр. Күлия өзінше дубляждың не екенін, көркем фильмді бір тілден екінші тілге аудару туралы түсіндірді. Бұл – дубляжда бір жарым ай жүрген ақ-адал еңбегі. «Е, құлыным-ай, бұл сенің маңдай теріңмен тапқан ақшаң ғой, өзің ұста!» – деді әкесі, ал ағасы Қуатбек болса мол ақшадан дәметіп, қутыңдап қастарында тұр. Оған 10 сомын берді, қалған ақша ата-анасына тиді. Әке-шешесі киноға барасың деп қолына біраз ақша берді. Кейінірек ол Ш.Бейсембаевтың «Біз төртеуміз» атты фильмінде дубляжға қатысты.

1976 жылы мектеп бітірді, қызық болғанда актерлік оқудың қабылдау мерзімін өткізіп алып, кешігіп қалды. Асқар Тоқпанов курс алған жылы қапыда қалыс қалып, «әттеген-ай» деген. Содан бір жыл жұмыс істеп, 1977-1981 жылдары Алматы Мемлекеттік театр және сурет өнері институтының драма театры және кино мамандығы бойынша КСРО Халық әртісі, профессор Хадиша Бөкееваның класында оқып бітірді.  Күлия Қожахметова курста староста болды. Нұрлан Жұбаниязов, Ләйлә Бекназар бірге бітірді. Курстың кураторы – аға оқытушы Дәмеш Арынғазықызы Рахманқұлова. Ол кісі Жүргенов атындағы Өнер институтында екі курсты дайындап шығарды. Ұстазы қазір ВГИК-те. Нұрмұхан Жантөрин үшінші курстан дәріс берді.

Студенттік  этюдтарды Асқар Тоқпанов пен Татьяна Қасымова қабылдайтын. Студент кезінде Күлия балаларға қатысты этюдтарды көп жасайтын. Этюдте сөз болмауы керек. Қанат Есенаманов екеуі әке-шешесі үйге қамап кеткен ағайынды екі бала, ағасы мен қарындасының рөлін шығарғанда Татьяна Қасымова күлкіден орындықтан құлап қалған. Дипломдық жұмысты Хадиша апай қойды, Бикен Римованың «Абай-Әйгерім» спектаклінде Күлия Салтанатты ойнады. Нұрмұқан Жантөрин Рүстем Ибрагимбековтың «Арыстан тектес» атты үш көріністен тұратын мелодрамасын қойғанда, Солмазды ойнады. Вампиловтың «Метранпаж» пьесасындағы рөлі бар, сонымен жас қыз үшін жалғасын тапқан өнер өрісі кеңи берген.

1981-1983 жылдары ол Алматы Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет атқарды. Бұл театрда жастар көбінесе көпшілік сахнасына шығып жүрді. Гастрольге шығу жиі болатын. М.Қасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!» атты комедиясында Күлия Ләззатты ойнады. Осы спектакльмен бір айлық гастрольдік сапарға бұрынғы Гурьев облысына шықты. Шаң-тозаң, жүздеген шақырымдар, соқпа жолдар, ми қайнатар аптапта жол соғып, қиыр-қиырдағы ауылдар мен аудандарды тегіс аралап, труппа бір-бірін көрместей болып оралатын.

Күлия Иманғазықызының жұбайы – белгілі музыкант Бекболат Байсағатов. Флейташы, Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері. Құрманғазы атындағы консерваториядан соң Мәскеудің П.Чайковский атындағы консерваториясының аспирантурасын оқып бітірген. Үрмелі аспаптың ішіндегі ең нәзігі – флейта. Сыбызғының атасы қурай болса, флейта металдан жасалады, екеуінің дыбысы екі бөлек. Бекболат Байсағатов Қарағанды облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі болып тағайындалған. Күйеуінің қызмет бабымен отбасы Қарағандыға ауысты.

Республикамызда Алматыдан кейінгі ірі қала Қарағандыда Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі ашылды. Қуаныш Сұлтанов идеология бойынша үшінші хатшы болып тұрды. Жоғары жақта осы кісінің қолдауымен Құрманғазы оркестрінен кейінгі екінші оркестр ашу жүзеге асты. Қарағандыда үкіметтік, мәдени шаралар мен концерттер көп болатын. Күлия сонда филармонияның концерттерін конференсье болып екі тілде жүргізді. Өнерде шекара жоқ, филармониямен көп жерді аралады. Оркестрмен бірге түрікпен жеріне барды, Маңғыстауда айлап жүрді. 1980 жылдардың аяғында Мәскеуге барып, Чайковский залында Наурыз мерекесіне арналған концерт берді. Үш жылдай театрдан тыс қалды. Ол театрсыз бола алмайды екенмін деп қайта оралған. Екі қызметін қатар алып жүрді. 1983 жылы Қарағанды драма театрына Әлімбек Оразбек бас режиссер болып келді. Келе сала Оралхан Бөкеевтің «Құлыным менің» атты туындысын қойды, Анар рөлі Күлияға тиді. Режиссер Мұрат Бекқожин Әділбек Тауасаровтың «Махаббат аралы» атты драмасын қойды, Күлия – Айна. Әлімбек Оразбек қойған «Қаз дауысты Қазыбекте» актриса Ханша рөлін еншіледі. Ұрпақтар арасындағы байланыс, туыс адамдардың тіл табыса алмауының қасіреті бейнеленген Әлімбек Оразбектің «Бір түп алма ағашы» аншлагпен жүрген спектакль болды, мұнда да Әлия шет қалған жоқ.

«Ақ кеме» атанған келіншек

Қазақстанның халық артисі, көрнекті режиссер Есмұқан Обаев Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры туралы былай депті: «Әзірбайжан Мәмбетов бұл театрда 35 жыл еңбек етті. Сондықтан қарашаңырақты Әзірбайжан Мәмбетовтың театры деп атауға әбден болады». Бұл игі жақсыны дәріптеу үшін айтылған сөз ғана емес, рухани құндылықтарды халыққа жеткізетін кәсіби кемеңгерлікті, қайраткерлікті бағалаған оң  ниет. Шын сөздің бағалы, салмағы болмағы күмәнсіз. Отбасы Қарағандыға қоныс тепкен соң Күлия Иманғазықызына Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында 1985-1999 жылдар аралығында аттай  14 жыл қызмет ету бұйырып тұрған болатын. 1985 жылы Қарағанды театрының шақыртуымен Әзірбайжан Мәдиұлы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» драмасын қоюға келді. Баланың рөлін ойнауға әйел адам керек. Әзекеңнің туған апайы Аққағаз Мәмбетова «Әке тағдыры» атты спектакльде ұл баланы ойнайтын. Күлия ТЮЗ-да бұл спектакльді алты рет көрді, әр көрген сайын жылап-жылап кететін. Аққағаз Мәдиқызы – үнемі балалар мен жасөспірімдердің рөлін ойнап, шебер шығарып келген талант иесі.

Бұл уақытта Күлия екі кішкентайы бар, жасқа толмаған кішісі омырауда. Үйінде қаннен-қаперсіз нәрестесімен отырғанда, Әзекең баланың рөліне актриса іздеп таппай қояды. Театрдағы әріптестері Сламбек Жұмағалиев пен Әуезхан Бахадуров «біздің Күлия осы рөлге әбден келіп тұр, жас келіншек, декретте отыр» деп мәлімдейді. Дереу Күлияны театрға шақыртып алған Әзекең «шалбар киіп шық, сен жағада қалдың, жотаға шығып, жан дауысыңмен айқай сал, кетіп бара жатқан кемені тоқтату міндетің» деп тапсырды. Сынақ этюд жарап кетті, Әзірбайжан Мәмбетов: «Мен сені бұл рөлге бекітемін», – деді. Жас актриса атағы жер жарған үлкен режиссерге бір ауыз сөз айта алмай жым болды, бала жайына қалды, емшектегі қызымды қайда тастаймын деуге тіл жоқ. Шашын ұл бала құсатып қиып тастады. Ері Бекболат бір айдай бала бағуға көмектесті. Репетицияға қызын бауырына басып, құндақтап ала келеді. Қарағанды театрында 45 жыл костюмер болып істеген Зинаида Ефимовна Аверкина, тетя Зинаның костюмерлік цехы өте үлкен. Үстелі жайпақ. Соған балақайларды жатқызып қояды. Зина тәте: «Давай, иди отсюда дура, все, без конца не прибегай», – дейді.

Театр артистерінің талай жас баласын мейірбан, ақпейіл Зина тәте солайша бағып берді. Сол кездің адамдары асыл демеске әддің жоқ. Күлия Иманғазықызы ризашылықпен: «Ақ кеме» мені биікке көтерді. Әзекеме рахмет!» – деді. Жәмила Шашкина, Қарғаш Сатаев, Рамазан Баймағамбетов ойнаған бұл қойылым сахнада ерекше табыспен жүрді. Төрт күн қатарынан премьера өтті. Баланың аты жоқ, атасы Момын шал. Көркемдік кеңесте жазушы Жайық Бектұров сөз сөйледі: «Әзеке, қаншама қойылымыңды көріп жүрмін. Бәрінің ғұмыры ұзақ. Әсіресе, мынау баланы оңды тапқан екенсің. Қасыңда тұрған №2 мектеп-интернаттан алдың ба?» – деп анықтап сұрады. Әзекең ғадетінше орысша сөйлейді, «Да вы что, у этого бала двое детей!» – деп жауап берді.

Момын шалдың немересінің рөлі көрермен жұрттың көңілінен шыққаны сондай, өзінің азан шақырып қойылған Күлия есімі жоғалып кете жаздады. Халық артисі, жазушы Зейін Шашкиннің жары Жәмила Шашкина Әзекең сияқты Күлияны «Ақ кеме» деп атайтын.

Қарағанды театрында жүргенде Маман Байсеркенов Оралхан Бөкеевтің «Жетім бота» атты пьесасын қойды. Күлия қағілез, жұқа болған соң Ботаның рөлін ойнады. Жазушы шығармасында адамның табиғаттан ажырап қалуы бар: «Неге тас үйлерді көбейтіп жатыр?!». Тасжан есімді архитектор жігітті дарынды актер Қайрат Кемалов ойнады.

Бекболат Байсағатов 2006 жылы Астана қаласы мемлекеттік филармониясының бас директоры болып қызметі ауысты. Елордадағы филармонияның ұйымдастырушы басшыларының бірі.

1999 жылы Астана қаласының Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында Әзірбайжан Мәмбетов көркемдік жетекші болатын. Жаздыкүні Бекболат пен Күлия екеуі Әзекеңнің кабинетінің есігін қағып, ішке кіріп келгенде оң қабақ, жылы жүзбен қабылдады. Күлияны көргенде «О, Ақ кеме!», – деп қарсы алған бас режиссер бір сөзге келмей, жұмысқа қабылдап: «Давай, будем вместе работать», – деді. Қарағанды театрында да, Астана театрында да Күлия Қожахметованың тұсауын Әзірбайжан Мәмбетов кесті. Әзекеңнің алғашқы қойылымы музыкалық драма «Қыз Жібек» болса, Күлия сахнаға Дүрия бейнесін алып шықты. Дүрия Бекежанға қалжың айтып жүретін қыз, Бекежан рөлінде Асылболат Смағұлов. Әзекең артынша «Түлкі бикеш» пьесасын қойды, Күлияға әкім әйел рөлі тиді. Рахилям Машурова келіп, татар композиторы, фольклоршы Джау дат Файзидің  «Башмағым» атты музыкалық комедиясын қойып кетті. Бұл комедияда даусы альт тенор Күлия Жиһан шешейдің партиясын айтты. Ол Болат Ұзақовтың бірнеше пьесасында ойнады. Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясына (мұндағы рөлі Биғайша) ел қырғын келетін. Мар Байджиев, «Тіл табысқандар» – Бол-духан рөлі, комедиялық актер Сағидолла Үсібәлиевпен бір құрамда өнер көрсететін, ел қыран-топан күліп көретін. «Келіндер көтерілісі» – сахнаға Башорат рөлін алып шықты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Күлия Қожахметованың актерлік болмысы комедиялық рөлдерге жақын. Балаларға арналған Евгений Шварцтың «Күлше қыз» атты ертегісін жас режиссер Жұлдызбек Жұманбай тамаша қойды, Күлия Қожахметова мен Майра Омар ойнаған Өгей шешенің рөлі комедиялық, күлкіге сұранып тұратын зілсіз көрінеді.

Қаллеки театрында актриса жан дүниесін салып ойнайтын кесек драмалық рөлдің бірі – Ганна. Беларусь драматургі Алексей Дударевтің «Кеш» атты психологиялық драмасын Болат Ұзақов шебер сахналады, мұндағы актерлер ансамблі оң таңдалған. Автордың мықтылығы, үш кейіпкердің арасында өрбитін өмір бейнетін залдағы көрермен қоса арқалап, жаны қиналып отырады. Урбанизация меңдеп, туған балалары қартайған ата-анасын ел көшіп, қаңырап қалған деревняда жетім баладай жаутаңдатып, жалғыз тастап кететін трагедияны қоса сезініп, күйзелтетін спектакльде қарапайым кейіпкерлер арқылы қазіргі жансыз қоғамның адасуын, кісілік қасиеттерді шетке лақтырып тастағандай рух қиналысын қос құрамдағы Рымкеш Омарханова мен Күлия Қожахметованың дуэті айнытпай көрсете алған.

Ең кереметі, сахнада ұзағырақ жүретін екінші актіде театр залынан ешкім кетіп қалмайды. Көрермен жүрегіне батпан құса жеткені білініп тұрады.

Орта жас актриса қауымы үшін тоқырау кезеңі, лайықты рөл болмайды, аңсарлы рөл берілмей қалады. Жастық шақта рөлдер ағылып келіп жатса, егделену басталғанда олар жас сұлулардың рөліне жарамай, қалыс қалады. Актрисалар үшін ішкі қыстығу, театрдағы өз орнына көңілі толмау басталады. Бұл-дағы адам өміріне тән ақыл тоқтату, толысу, жаңа белеске өту, ұласу мезгілі екені тағы рас. Мұндай сәтте өнер адамдарын өз ұясының жылуы, жарыққа толы шаңырағы мен өсіп-жеткен балалары қуантып, немерелерін қызықтау, құдайға шүкіршілік, өмірге риза пейіл құтқарады. «Өмірде әр кезең көрікті» дейді Күлия Иманғазықызы. Десе де оның жұлдызды сағаты кейінде қалмаған сияқты. Әлі талай рөлдер күтіп тұрғанына сенеді. Ұл мен қызы үйлі-баранды, немерелері өсіп келеді. Астананың бір тұрғынының өмір жолы, міне, осындай!

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз