Бүгінгі «Әлемге әйгілі» жер бетіндегі барша адамға, адамзатқа мәлім – су жайлы. Дәлірек айтқанда, суды жеке тіршілік ретінде, құндылық ретінде қарап, оған өмірінің жартысын арнаған жапон ғалымы, психолог Масару Эмотоның әлемге әйгілі тәжірибесі жайлы сөз қозғаймыз. Бұл жай  ғана тәжірибе емес, әлемді таңдандырған «жаңалық» болды. Өзіміз күнде көріп жүрген судан мән-мағына іздеу нағыз философтың ойына келетін болса керек. Былтыр Эмотоның «Су әлемінің таңғажайып сырлары» атты кітабын оқыған болатынмын. Бұл кітап санама төңкеріс жасады. Қазақ халқының ұлылығына тағы бір мәрте көзім жетті. Яғни, Масару Эмото жасаған тәжірибелерді халқымыз атам заманнан қолданып келеді. Тек біз оны бейсанада жасағандықтан сезінбеуіміз мүмкін. Мысалы, суды, дастарқандағы асты жақсы сөз айтып, жақсы тілек айтып ішу немесе асқа бата беру, ас қайыру. Яғни, судың жады болатынын халқымыз бұрыннан білген деген тұжырымға келдім. Эмото су арқылы сансыз тәжірибелер жасап, судың бізге мәлім де беймәлім қасиеттерін ғылыми түрде дәлелдеген психолог. Адам санасының қатпарларына үңілу арқылы адамда ғана емес, суда да ес болатынын айқындаған Масару Эмотоның аты көпке таныс. Жақында автордың «Су және махаббат» атты кітабын да оқып шықтым.

Өзін, ғаламды жақсы көретін адам тазалыққа ынтық болады. Ал тазалық дегенде су еске түседі. Махаббатпен ішкен бір жұтым су ағзаға ем, жанға тыныштық орнатады. Екінші кітаптың негізгі діңгегі осы. Масару Эмотоның кітаптарын оқу арқылы ғылыми тәжірибені ғана емес, өмірлік жағдаяттарды да жадыңызға түйесіз.

Ғалым жастық шағынан судың құпияларын ашпақ болып, оны жан-жақты зерттеуге кіріседі. 1987 жылы ғалым судың таңғажайып қасиетіне куә болыпты. Эмото бірде аяқ ауыруын дәрі емес, кәдімгі су емдегенін көріп таң қалады. Осы сәттен бастап ол судың адамзат білмейтін құпиясы бар екенін ұғыпты.

Батыл бастама

Эмото Масару алғашында суға классикалық музыка мен ауыр рокты қатар тыңдатып өзгеше тәжірибе жасайды. Содан кейін суды қатырып, кристалдарын суретке түсіру ойына келіпті. Бірдей мөлшерде бірнеше әйнек ыдысқа су құйып, белгілі температурада қатырады да әуелі ешқандай дыбыс берілмеген күйінде жеке-жеке суретке түсіріп алады. Кейін әрқайсысына әртүрлі сөз айтып, суретке қайта түсіреді. Осыдан соң екі суретті салыстырып қарағанда, дыбыс берілген суда ғажайып сызбалар пайда болады. Суға айтылған әсерлі сөздердің кристалдары да сондай әдемі бейне көрсеткен. Мысалы, әйнек ыдысқа құйылған суға ер-әйел махаббаты жайлы сөз жазып жабыстырып қойғанда, үлкен кристалл кіші кристалды қоршап тұрғандай бейнеде, отбасы махаббаты жайлы жазған сөзді жабыстырғанда бір қабат, тағы бір қабаттың үстіне түсіп тұрғандай көріністе болған. Ғалым осындай мыңдаған тәжірибе нәтижесіне қарап, «су сөзді түсінеді» деген қорытындыға келген.

Бұрын-соңды ешкім жасамаған тәжірибелерден сескенбеген ол ақыры мақсатына жетті. Нәтижесі ғалымды таңдандырғаны сондай, ол осындай тәжірибені өзі жасағанына сенбепті. Классикалық музыка «тыңдаған» судан алынған мұз тәрізді қатырмалар керемет симметриялы, қайталанбас ғажап құрылымдарға айналыпты. Ауыр роктан алынған мұз адам көргісіз «бұзық» формалар берді. Ресей медицина ғылымдарының докторы, профессор В. Звонников: «Осы уақытқа дейін классикалық музыка концертінен кейін бұзақылық фактілері тіркелмеген, ал керісінше, ауыр рок концертінің қырғын төбелессіз аяқталғанын көрмедім. Адамның жамандық жасауы еш кедергісіз жүреді. Бұл оның табиғи нәзіктігі мен жағымсыз әрекетке тез берілуінен деп ойлаймын», – дейді. Ғалымдар мұндай агрессия туғызатын бұзақылықтың атасы – рок пен мағынасыз, бос сөзден құралған әндер адамға зиян екенін дәлелдеп отыр. Дегенмен, талғамға талас жоқ.

Махаббат пен алғыс

Эмото алғашқы тәжірибесінде судың тамшыларын қатырып, фотокамерасы өте күшті микроскоппен қарап, зерттепті. Оның жұмысы қоршаған ортамен әсерлескенде, су құрылымының өзгеретінін көрсеткен. Бұл – адамның энергетикалық вибрациясы, ой, сөз және ән судың, ағзамыздың оның молекулалық құрылымына әсер ететінін дәлелдеді.  Ғалым әлемдегі айтылатын жағымды және жағымсыз сөздердің суға әсерін зерттеп, ең керемет сөздерді анықтаған болатын. Оның айтуынша, сиқырлы сөздер «МАХАББАТ пен АЛҒЫС» екен. Халқымыздың мұның да сырын ерте заманда-ақ түсінсе керек. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жаманның атын атама» деп бала тәрбиесінің негізін берік қалағаны сондықтан болар. Ғалым судың осындай қайталанбас қасиеттерін көргеннен кейін оны жансыз дей алмайтынын айтады.

Дәрігерлердің айтуынша, сумен емделудің қарапайым әдіс-тәсілдері көп. Мәселен, суды алдымен қатырып, кейін ерітіп ішуге болады. Тек үстіңгі қабатын төгіп тастау керек. Өйткені ауыр металдар судың бетіне көтеріледі. Осы суды адам күнде таңертең аш қарынға ішіп отырса, емдік қасиеті зор. Адам ағзасы бірден жұмысқа кіріседі. Ағзаға таза су енеді де, ол біздің қанымызға әсер етеді және тазалық ақпаратын жеткізеді. Сөйтіп біздің бойымыздағы сұйықтықтардың құрылымдануына ықпал жасайды. Адам денесінің 70 пайызы судан тұрады. Ендеше, ағзадағы судың құрамын өзгерте отырып, сауығуға әбден болады.

Эмото кітабына: «Су адамның психикалық энергиясын бойына сіңіре алады және оны ұзақ уақыт «есіне» сақтап, тіпті басқаларға жеткізе алады. Судың бойына жинақталған таза энергия небір ауруларға ем болады», – деген тұжырымын арқау еткен.

Бір түйін:

Сонымен, әлемге әйгілі Масару Эмото – оншақты жылын жалғыз ғана тәжірибеге сарп еткен ғалым. Ең қызығы, оның зерттеу нысаны сөз «тыңдайтын» су жайлы. Олай болса, біз де осы әдісті пайдаланып, алғыс пен махаббатқа, қуаныш пен шаттыққа толы су ішіп, ағзамызды емдейік. Ол үшін кез келген сұйықтық ішерде оған алдымен жақсы сөз «тыңдатамыз». Бұл жарты жыл көлемінде өз тәжірибемнен өткен әдіс. Нәтижесі жақсы. Су – барлық эмоциямызды, сезімімізді, сөзіміз бен дұғамызды, музыканы қабылдайтынына көзім жетті.

Бір сауал:

Ал сіз бұл тұжырымға қалай қарайсыз? Судың «жады» бар десек, сәйкесінше өзге заттардың да жады болуы мүмкін бе?..

Әлия ІҢКӘРБЕК

Ұлан газеті», №41
9 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз