Шабыт қайдан келеді? Біреулер шабытты өмірде болған оқиғадан, кейбіреулер табиғаттан алады. Ал маған «Ана сыйлаған қанат» фильмі шабыт сыйлады. Адамның жан жүрегін елжіретер фильмді тамашалаған соң, басты қаһарманмен кездескім келді. Оның бұл рөлі бала Қамбардан, Алдар Көседен бөлек. Біз білетін «қара бала» ержеткен, қалыптасқан актер болған.

Ол өнерге 3 жасында келген. Алғаш рет «Аңшы бала» фильмінде Қамбардың рөлін сомдады. Біз оны «Айналайыннан» таныдық. Ал «Районы» фильмінде психологиясы ең қиын кейіпкерді сомдады. Оның өнер саласында жүргеніне 16 жыл болды. Біз бүгін жас актер Санұржан Сүлейменовпен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Ұлан: Ерте жасыңыздан өнерге араласқаныңыз туралы білеміз. Өнер жолына қалай келдіңіз?

Санұржан Сүлейменов: Алматы қаласында дүниеге келдім. Ата-анамның да, жақындарымның да өнерге қатысы жоқ. Анам мен əкем жеке кəсіппен айналысады. Алғашында əкемнің өнерге деген көзқарасы түзу болмады. Мені өнерге əкелген – анам Сара Назарқызы. Өнерге жақын екенімді бала күнімнен байқаса керек, 3 жасымнан бастап түрлі кастингтер мен түсірілімдерге апарды. Əкем кейіннен барып келісімін берді. Алғашқы жұмысымды 3 жасымда модель болып бастадым. Содан бері өнер жолында жүргеніме 16 жыл болды.

Кинодағы дебютім – «Аңшы бала»

Ұлан: Ең алғаш қандай рөлді сомдадыңыз?

Санұржан Сүлейменов: «Аңшы бала» фильмі – менің кино əлеміндегі дебютім. Маған фильмнің басты кейіпкері Қамбардың рөлін сомдау бұйырды. Бəрі аяқ астынан болды. Мектепте оқып жүргенімде ұстаздарыммен бірге мектеп театрын ашқанмын. Бірде психология пəнінің мұғалімі: «Санұржан, түйіндемеңді дайында, суреттеріңді жібер, сені кастингке жібереміз», – деді. Ол кезде мектепте информатика мұғалімінің қолында ғана ғаламтор бар ғой. Сөйтіп, суретке түсіп, түйіндеме дайындап, «Аңшы баланың» кастингіне электронды пошта арқылы жолдадық. Бұл 2009 жылдар болатын. Осылайша кино əлеміне қадам бастым. «Аңшы баладан» кейін «Құрдастар» комедиялық сериалына, «Болашақ» фильміне, «Айналайын» телехикаясына түстім. Сөйтіп, кино əлеміне бала күнімнен сіңісіп кеттім.

Ұлан: Соңғы уақытта фильмдегі рөліңіз де, стиліңіз де басқаша бағыт алып жатыр. «Районы» мен «Ана сыйлаған қанаттың» өзі осыған дəлел. Бұған не себеп? Бала Санұржан ержетті ме, əлде қазақ киносы өзгерді ме?

Санұржан Сүлейменов: Қазақ киносымен қатар өсіп келеміз. Алдыңғы толқын ағаларымыздың тұсында қазіргі қазақ киносындағыдай көп мүмкіндік болмады. Бүгінде сапалы туынды жасау үшін жақсы жағдай бар. Актер рөл талғамау керек деп ойлаймын. Үнемі жағымды, біртекті, қарапайым бейнеде көріне берсең, көрермен жалығып кетеді. Кинодағы əрбір рөл – мен үшін жаңа мүмкіндік, жаңа əлем.

Аз ақшамен де керемет туынды түсіруге болады

Ұлан: Қазақ балалар киносы қай деңгейде деп ойлайсыз? Көңіл толмайтын тұстары бар ма?

Санұржан Сүлейменов: Əрине, біз дамушы ел болғандықтан, кино саласында да нюанстар аз емес. Əсіресе, техникалық жағынан кемшіліктер көп. Менің ойымша, Қазақстанда сценарий авторлары аздық ететін секілді. Қалыптасып қалған көзқарас жаңа дүние жасауға кедергі болып жатады. Бірақ, Аллаға шүкір, қазақ балалар киносы алға қарай дамып келеді. Өнер жолында Еркебұлан Дайыров ағамды құрмет тұтамын. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, өз ойымен бөлісіп отырады. Еркебұлан аға алғаш өнер жолына келгенде қазіргідей мүмкіндіктер болмаған. Мəдениет саласына бөлінетін қаражат та көп болмаған. Бірақ, олар керемет туындыларды дүниеге əкелді. Біздің алдымызда да осындай миссия тұр. «Мен Қазақстанның киносын көрмеймін. Сапалы, шетелдік фильмдерді ғана тамашалаймын» дейтін отандастарымызды да кездестіріп жатамын. Оларды кінəлаудан аулақпын. Бірақ, қазақ киносы қолдауға зəру. Қазақ киносының аудиториясы өзі де шағын. 16 миллион халық, алыс-жақын шетел… Жалпы, режиссерлер қауымы фильм өз-өзін ақтамай қала ма деп қорқады. Сондықтан, дəл қазіргідей нарықта біздің туындыларымыз барлық мақтау-мадаққа лайық деп ойлаймын.

Ұлан: 10 жыл бұрын Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильміне 800 мың доллар, 1 жыл бұрын «Анамды іздеймін» қазақ-қырғыз фильміне 400 мың доллар қаражат жұмсалған. Ал сіз басты рөлді сомдаған «Ана сыйлаған қанат» фильмінің бюджеті шағын, 50 мың доллар. Аз қаражатқа сапалы толықметражды фильм түсірудің сыры неде?

Санұржан Сүлейменов: Бастысы – эмоция беру. Ал ол тегін. Адамның жандүниесіне бойлау үшін миллиондаған қаражаттың қажеті жоқ. Түсірілім тобында көбінесе жастар жұмыс істеді. Бастысы – ниет пен сенім. Командада əр адам өзінің ісіне деген жауапкершілікті сезініп, жан-тəнімен іске кіріссе, алмайтын асу жоқ.

Актер үшін ең үлкен мектеп – театр

Ұлан: Болашағыңызды немен байланыстырасыз? Актерлық өнер бойынша кəсіби білім алып жүрсіз бе?

Санұржан Сүлейменов: Актер болу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Ол екі элементтен тұрады: біріншісі – талант, екіншісі – тəжірибе. Қазір еш жерде оқып жатқан жоқпын. «Жас сахна» театрынан, кино əлемінен үйренерім көп. Актер үшін ең үлкен оқу ордасы театр деп білемін. Болашағымды өнермен байланыстырамын.

Ұлан: Сіз үшін жетістіктің формуласы қандай?

Санұржан Сүлейменов: СЕНІМ+НАҚТЫЛЫҚ=ЖЕТІСТІК. Жетістікке жету үшін алдымен мəреге баратын жолды көре білу керек. Мектепте А нүктесінен Б нүктесіне дейінгі траекторияны жүріп өту үшін… дейтін тапсырмалар бар еді ғой. Соның не керегі бар деп ойлайтынмын. Кейін осыны өмірлік ұстанымға айналдырдым. Адам А нүктесінен шыққан кезде Б нүктесінде не бар екенін, оған жететін жолдың қандай қиын екенін алдын ала бағдарлап, дайындалуы керек. Мақсатқа жету, жетістікке жетуді де осылай қарастырып, өз дегеніңе жеткенше талмау керек.

Санұржан Негебектің сауалдарына қалай жауап берді?

Негебек: Ай жақын ба, Америка жақын ба?

Санұржан Сүлейменов: Америка жақын. Ай алыс. Алайда, Ай бізге сенім беріп тұратын болғандықтан, біз оны көре аламыз.

Негебек: Жұлдыздарға неге қолымыз жетпейді?

Санұржан Сүлейменов: Жұлдызға жету үшін сəбізді көп жеу керек. Əзіл (күлді). Жұлдызға қол жеткізуге болады. Ол үшін үлкеен болуың керек. Бой жағынан ғана емес, ой жағынан да.

Негебек: Құста неге сүт болмайды?

Санұржан Сүлейменов: Неге болмайды? Құста сүт болады. Егер құста сүт болмаса, «Құс сүті» («Птичье молоко») деген кəмпит қайдан пайда болды деп ойлайсыңдар?

Негебек: Найзағай неден пайда болады?

Санұржан Сүлейменов: Зевс Құдайды білесіңдер ме? Сол ашуланған кезде от ойнап, аспанда найзағай пайда болады. Сондықтан, оны ашуландырмауға тырысу керек.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №42
17.10.2017

 

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз