Жасыл энергетика әлемнің қазіргі бет алған бағыттарының бірі. Электрокөліктер, ақылды үйлер, ақылды қалалар адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеп, жаңа, тың дүниелерді ашуға құлшынысты оятуда. Инженер-механик Азат Сүлейменмен сұхбаттастық. Ол 2010 жылы алғашқы түлектердің бірі болып Назарбаев зияткерлік мектебін оқып бітірді. Назарбаев Университетінің студенті атанды. 2015-18 жыл аралығында Америкадағы Бостон университетінде инженер-механик мамандығы бойынша магистратурада білім алды. Қазіргі таңда, Калифорниядағы «Lucid Motors» атты электрокөлік шығаратын стартап компанияның қызметкері. Азаттан электр көліктер туралы сұрадық.

Электрокөліктерге сұраныс көп

Көліктің бұл түріне сұраныс өте жоғары. Біріншіден, жанармайды мүлдем талап етпейді. Жасыл энергетикаға негізделгендіктен, көлік ешқандай зиянды қалдық бөлмейді. Екіншіден, кәдімгі көлік қозғалтқышты жылытудың өзіне көп мөлшерде жанар-жағармай құртады. Бір сөзбен айтқанда, жанармайдың көп бөлігі пайдасыз жұмысқа кетеді. Бұл тиімсіз. Әрі көптеген инженерлік проблемалар тудырады. Ал электромобильдерде электромотор қолданылады. Энергия машинада орнатылған батареядан алынады. Батареядан электр тогы өтіп, механикалық жұмысқа, яғни дөңгелек айналдыру процесіне қолданылады. Бұл жанармай құртудан әлдеқайда тиімді.Үшіншіден, конструкциясында көптеген өзгешелік бар. Электрокөліктердің құрылымы әлдеқайда жеңіл. Бәрі электромотор арқылы жүзеге асады.

Көлікті қуаттау қиын емес

Электрокөліктерді қуаттау үшін көлікті қарапайым токқа жалғайсың. Осы кезде ток батареяға келіп түседі. Яғни батареялар жанармай багының қызметін атқарады. Батареяны қуаттау үшін бірнеше жағдай қарастырылған. Ол электр станциясына байланысты. Яғни электр толықтырғыш станция қанша қуат бере алатынымен байланысты.
Уақыт әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір көліктерді жарты сағатта, ал кейбірін бір тәулікте қуаттандыруға болады.

Өсімдік майынан жасалған жанармай

Қазіргі таңда биожанармай деген ұғым бар. Ол өсімдік майынан дайындалады. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері осы тәсілді қолданады. Жанармайдың құрамында болатын элементтер майдың да құрамында кездеседі. Десек те, бұл технологияны қолдану үшін де арнайы қозғалтқыш керек болғандықтан, дайын өнімді қолдану қиынға түсуде.

Кептеліссіз қала – ақылды қала

Электрокөліктердің кептеліске әсері бар деп жатады. Шынтуайтына келгенде мұның кептеліске қатысы жоқ. Бұл автобасқаруға байланысты. Яғни ақылды көліктер жасалып, көліктер бір-бірімен, бағдаршамдармен «сөйлесе» алатын деңгейге жеткенде ғана кептеліс болмайды. Көліктер қай жерде машина көп, қай жерде аз екенін технология арқылы біліп отырады. Бұндай технологиялар жасалу үстінде, алайда бұған да уақыт қажет.

Көліктерді біздің елде шығару

Көліктерді біздің елде шығару туралы да ойлағанмын. Алайда Қазақстан – дамушы мемлекеттердің бірі. Жасалатын дүние көп. Жаңа технологияларды енгізу үшін көп күш жұмсау қажет. Инвесторлар тарту, мамандарды оқыту, тәжірибе жасау керек. Әзірге ешқандай мүмкіндік жоқ. Болашаққа жоспарлар енді жасалып жатыр. Әзірге елімізге бұл технологияны енгізу ертерек. Менің өзім процеске енді еніп, білмейтінімді үйреніп жүрмін. Әлі де үйренетінім көп. Ал қазір елге келіп, электрокөлік өндіремін деу ақымақтық. Шетелден тәжірибе жинау керек. Бұл өзім үшін де, елім үшін де пайдалы деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, бәрі уақыттың еншісінде.

Көштен қалмау керек

Меніңше, электрокөліктердің болашағы зор. Себебі әлем осы бағытқа қарай жылжып келеді. Жыл сайын электрокөліктер дамып жатыр. Біздің елге де осы қарқынға ілесіп үлгеру қажет. Ол үшін жастарға білім беріп, олардың қызығушылығын арттыруды қолға алған дұрыс. Шетелдіктердің ерекшелігі де осында. Бізде маман тапшы. Электрокөліктердің болашағы зор болғандықтан, оны өндіру, қолдану, дамыту біз секілді енді дамып келе жатқан елге үлкен көмек болады деп ойлаймын.

Жазып алған Дана РУСЛАНҚЫЗЫ,
«Ақ желкеннің» жас тілшісі.

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз