Өздігінен жүре алмайтын жандарды көргенде «шіркін-ай, аяқтарынан тұрып кетсе екен» дейсің. Оларға іштей жаны ашитындар көп. Ал мүмкіндігі шектеулі жанның өмірін жақсартуға қаражаты мен күш-жігерін арнайтындар санаулы. Ақмарал есімді 11 жасар қыздың «аяғымды тең бассам» деген арманын орындаған «Viptop ехо» компаниясы солардың бірі. 2016 жылы құрылған компанияда бар болғаны бес адам жұмыс істейді. Олардың жасап шығаратыны – экзоскелет. Экзоcкелет – мүмкіндігі шектеулі жандардың өздігінен жүріп-тұруына мүмкіндік беретін құрылғы. Ол үшін экзоскелетті киіп, батырманы басып отырса жеткілікті. Жақында компания екінші экзоскелетін жасап шығарды.

Компанияның негізін қалаушы Əбдіразақ Жанбосынов – жеке кəсіпкер. Өзінің құрылыс компаниясы бар. Бірнеше жыл бұрын екі балдағы бар қыздың автобустан қиналып түскенін көреді. Содан бастап өздігінен жүріп-тұруы қиын жандардың өмірін жеңілдету үшін жоба бастауға бекінген. Экзоскелет құрастыру үшін Қазақстанның түрлі аймақтарынан дарынды жастарды жинаған. Алғашқы экзоскелет ауыр зат көтеруге арналып жасалып жатқан екен. Алайда белгілі себептерге байланысты ол аяқталмай қалыпты.

– Экзоскелет құрастыруға қажет материалдарды өзімізден сатып аламыз. Тек қозғалтатын редукторды Жапониядан əкелеміз. Оның барлығын компания қызметкері Нұрлан Үркімбаев екеуміз өз қаражатымызға сатып алып жүрміз. Жақында Қазақстанда жаңа жобаларға қолдау көрсететін Tech Garden орталығы ашылды. Ол Ресейдің бір компаниясымен келісімшартқа отырып, қазақстандық стартаптарға тренинг жүргізбекші. Орталыққа біздің жобамыз ұнап, бізді де тренингке қатыстыратын болды. Бізге арнайы бір маманды бөледі. Ол адам жұмысымызбен танысып, ары қарай қалай дамытып, қалай жүргізу керектігін үйретеді. Tech Garden орталығы бізге 20 мың доллар көлемінде сыйақы беретін болды. Біздің командада 22 жастағы Еламан Мертай есімді жігіт экзоскелетті құрастырып шығады. Ал Сержан Көлтаев есімді қызметкеріміз экзоскелеттердің бағдарламасын жасайды, бір жағы өзі де құрастыра алады. Берілген сыйақыға осы мамандарымызды біліктілігін арттыру курсына жіберсек деп отырмыз. Оның үстіне компаниямыздың қаржы моделін реттеу керек. Оның барлығын жазғызу үшін арнайы мамандар жалдаймыз. Ол ақша бір экзоскелетті шығаруға жетпеуі де мүмкін. Сондықтан алдымен командамыз бен компаниямызды жақсартып алайық деп шештік, – дейді Əбдіразақ Жанбосынов.

Екінші экзоскелетті алматылық Ақмарал Түсіпбаева есімді қызға сыйға тартыпты. Оны Еламан мен Сержан құрастырған. Ақмарал 2009 жылы миынан зақым алған. Денесінің сол жақ бөлігін қозғалта алмай қалған. Тіпті естіп-көре алмайтын жағдайға жеткен кезі де болыпты. Содан бері əртүрлі сауықтыру орталықтарынан шықпайды. Қазір Ақмарал еңбектейді жəне оң жақ қолы мен аяғын аздап қимылдата алады. Арбада отырудан əбден қажыған қыз кеудесін тік көтеріп тұра алғанына қатты қуанды. Оның экзоскелеті жанында біреу ұстап жүре алатындай етіп жасалған.

Анасы Маржан апай да қуанғаннан жылап алғанын айтады:

– Хирургияда қызымның аяғының іштей маймақ екенін айтты. Экзоскелет оның аяқтарын толықтай созуына мүмкіндік береді. Содан аяғын көтеріп, қадам жасай алады. Сондай-ақ құрылғы арқасын сүйеп тұрады, кеудесін тік ұстатқызады. Бұл экзоскелет Ақмаралдың физикалық мүмкіндіктеріне арналып жасалған. Аяқты көтеретін мотор ауырлау болғандықтан, экзоскелет те салмақты екен. Дəрігерлер тарапынан ешқандай қарсылық та, ескерту де болған жоқ. Қайта олар экзоскелеттің қызымның денсаулығына оң əсер ететінін айтты, – деді Маржан апай.

Ақмарал – үйдің үлкені. Өзінен кейінгі алты жасар інісі бар. Экзоскелетінің салмағы – 9 келі. 2017 жылдың тамыз айында құрастырылған екен. Оны бір рет қуаттандырған соң үш сағат киіп жүруге болады. Ақмаралдың дене салмағының орталығы жоқ болғандықтан экзоскелетті кигізсе де анасы алаңдап, өзі икемдеп жүреді екен. Құрылғыға екі бағдарлама енгізілген. Егер баланың қолы қозғала алатын болса, оны батырмамен басқаруға болады. Дауыспен басқаратын бағдарлама да енгізіліпті. Сонымен қатар құрылғыны баланы жетектеп жүрген адам да басқара алады. Анасының айтуынша, қуаттандырғышсыз да экзоскелетпен жүруге болады. Қазір ол экзоскелетті барынша тиімді ету үшін «Viptop ехо» компаниясы қайтадан толықтырып жатыр. Ертең бала өскенде экзоскелеттің Ақмаралдың бойына сəйкес ұзара алу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Ол кезде экзоскелет екі жылға жарап қалады. Маржан апай Қазақстанда робототехниканың адамдарға жеке экзоскелет жасайтындай деңгейге жеткені үлкен жетістік деп есептейді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өздігінен бір қимыл жасай алудың өзі бақыт!

Компанияға үлкен адамдарға арналған экзоскелет жасауға ұсыныс көп түсіп жатқан көрінеді. Қазір үшінші экзоскелет дайын болып қалған. Оны құрылыста жүргенінде жарақат алып, жүре алмай қалған азаматқа арнап жасапты. Экзоскелет жасауға əжептəуір қаржы керек. Құрылғыны жамау үшін кей материалдарды сынақтан өткізесің, ол болмай қалады. Бірақ кеткен ақшаны қайтара алмайсың. Келесі материал үшін тағы да қаржы іздеу керек. Əбдіразақ Жанбосынов экзоскелет жасау бүгін-ертеңмен өлшенген идея еместігін айтады. Оны сериялық өндіріске айналдырмақ ниеті бар. Ол үшін станоктары бар арнайы цех қажет. Дəл қазір ол компанияда жоқ. Бір жерден экзоскелеттің бір бөлігін, келесісінен екінші бөлігін жасауға көп қаржы жұмсалады. Ақшаға байланысты құрылғыны жасап бітіру де созылып кетеді. Ақмаралдың экзоскелеті бір айда жасалып бітіпті. Егер бір жерде отырып жұмыс істей алатын болса, бір айда 20 экзоскелет жасап шығара алады екен. Ол жағдайда экзоскелет стандартты түрде жасалып шығады.

– Мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттен жəрдемақы алып отыр. Бірақ онысы тамағы мен дəрі-дəрмегінен артылмайды. Пəленбай миллионға экзоскелет сатып алатын жағдайы жоқ. Сол себепті ісіміздің басын қайырымдылық шарасымен бастап жатырмыз. Əртүрлі қорларға хабарласып, олардың демеушілігімен экзо-скелетті сатып алуға да болады. Бүгінде АҚШ-та, Ресейде əскери экзоскелеттер жасалып жатыр. Егер үлгеріп осы саланы дамытып кетпесек, он-шақты жылдан соң солардың жасағанын миллион долларлап сатып алатын боламыз. Одан гөрі өзіміз неге сатпаймыз? Болашақта техника кіре алмайтын құрылыс алаңдары мен апатты аймақтардағы жұмысты экзо-скелеттер істейтін деңгейге жеткіміз келеді,  – деп Əбдіразақ Жанбосынов жоспарымен бөлісті.

Қазіргі нарықта ең арзан экзоскелетті Ресей елі шығарып жатыр. Бағасы – 12 миллионнан жоғары. Алдағы уақытта компания экзоскелеттерді сатқанда да оның Ресейдікінен төмен болатынын айтады. Жақсы істі қолға алған компания бастамасына сəттілік тілейміз!

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН,

«Ұлан» газеті, №7
13.02.2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз