ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты тақырып қозғалғанда, «Нұр əлем» павильоны туралы айтпай қалу мүмкін емес. Осы уақытқа дейін көптеген мемлекеттердің павильондары мен технологиялық жетістіктері туралы жаздық. Ал «Нұр əлемнің» ерекшелігі неде?

ЭКСПО көрме кешенін үш мəрте аралап шықсам да, əрбір саяхатымда өзгеше жаңалық пен тың ақпарат алғандай боламын. Тіпті, ауылдағы əжем де ЭКСПО көрмесіне билет алып, аралап шығуға ынтық. Теледидардан, газет-журналдардан оқып-білгенінің бəрін маған айтып береді. ЭКСПО көрмесін қай жерден бастайтынын, қай елдің павильонында не бар екенін менің жазғандарымнан оқып жүрсе де, «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген ойда. «Мені ерекше қызықтыратыны – «Нұр əлем» ұлттық павильонының жетінші қабаты. Себебі, ол жерде ғарыштық техниканың соңғы үлгілері қойылады екен. Немерем Қайырлы осы мамандықта оқиды ғой. Мен осы бөлімді дұрыстап түсініп алып, Қайырлыға айтып беруім керек», – дейді əжем.

Көрмені тамашалауға келетін қонақтардың көпшілігін осы «Нұр əлем» ұлттық павильоны қызықтырады екен. Теледидардан, суреттен, жаңалықтан да шар тəрізді алып ЭКСПО ғимаратын көріп жүрміз, солай емес пе? Сол шар тəріздес сегіз қабатты көрме кешені «Нұр Əлем» деп аталады.  Ұлттық павильонның ерекшелігі неде, мұнда нені көруге болады?

«Нұр əлем» ұлттық павильоны – диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метр əлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат. Бұл павильоннан Қазақстанның тарихы, мəдениеті, салт-дəстүрі, көрікті жерлері мен елдің жетістіктерімен таныса аласыз.

Шар тəріздес ғимараттың ішінде «Болашақ» мұражайы бар. Ғимарат үстіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, бүкіл ЭКСПО-ның əдемі көрінісін тамашалауға болады. Астананың символына айналған «Бəйтерек» монументі сияқты, «Нұр əлем» ұлттық павильоны да ЭКСПО көрме кешенінің ең танымал жері. Павильонның кіреберісінде көрме келушілері жиналатын басты алаң орналасқан.

Жел, су, от жəне жер. Бұлардың барлығы адамзаттың игілігі үшін жұмсалатын табиғаттың теңдессіз сыйы. ХІХ ғасырларда жасанды қозғалтқыштар ең басты жаңалық болған тұста көлеңкеде қалып қойған тегін табиғи ресурстар мен энергия көздері бүгінгі күні қайта өңделіп, жаңғыртылып, үлкен мəнге ие болып жатыр. «Нұр Əлем» ұлттық павильонына келушілер осындай дəстүрлі баламалы қуат көздері туралы толық ақпарат ала алады.

Алғашқы қабат пен ең жоғарғы сегізінші қабатта еліміздің кешегісі мен келешегі жайлы кең мағлұмат береді. Қалған алты қабатта жаңғыртылатын алты түрлі қуат туралы түсіндіріледі. Мəселен, 2-қабат су энергиясының əлеуетін паш етеді. 3-қабат кинетикалық энергияға арналған. 4-қабат – биомасса, бесіншісі – жел энергиясы, алтыншысы – күн, ал 7-қабат ғарыш энергиясына арналған.

БИОМАССАНЫҢ НЕ ЕКЕНІН БІЛЕСІҢ БЕ?

Биомасса да баламалы қуат көзі бола алатынын білесіңдер ме? «Нұр əлем» ұлттық павильонының төртінші қабатында осы туралы айтылады. Ағаштың қалдықтарын өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру, судағы түрлі жасыл балдырларды қолданып ауадағы көмірқышқыл газының мөлшерін азайту, биоцемент немесе энергиясы бар тастар арқылы адам қуатын қалпына келтіру сияқты адам айтса сенгісіз, тек ертегіде ғана кездесетін таңғажайып туындыларды көріп, аң-таң боласың. Ал мұның барлығын ғылым тілінде бактериалды биотехнология деп атайды екен. Технологияның бұл түрі – уран, көмір, мұнай мен газ жəне тақта-тастардан кейінгі ең қолжетімді энергия көзі.

Жыл сайын жер бетінде шамамен 170 миллиард тонна биомасса өндіріледі екен. Ал оның тұтынылу деңгейі мен климатқа байланысты жойылып кетуі осы көрсеткішпен теңеседі. Жер бетіндегі ең тез жаңартылатын жəне қалпына келетін ресурстардың қатарында биоотын мен сутегі бар. Демек, біздің еліміз үшін тиімді жоба саналатын биомассаның «Нұр əлем» павильонында орын тебуі өте орынды деген сөз.

СЕНСОРЛЫ ЕДЕН – БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕРЕКШЕ ОРЫН

Егер көрме кешенінде сұрақтарға жауап беріп, өз білімін сынаймын дейтіндер болса, «Нұр əлем» павильонындағы үлкен монитор арқылы сұрақтарға жауап беріп, қуат көздері туралы визуалды түрде ақпарат алуға болады.

«Нұр əлем» ұлттық павильонындағы балаларға арналған ең қызықты орын – сенсорлы еден. Егер залдың ортасындағы сенсорлы еденге барып тұрып, қол-аяқтарыңды қимылдатып түрлі əрекет жасасаңдар, түрлі жан-жануар, аңдар пайда болады. Бірақ, бұдан қорқудың еш қажеті жоқ. Анимациялық кейіпкерлер сөйлеу қабілетіне ие жəне адам баласына зиян келтірмейді. Себебі, олар визуалды бейнелер. Олар адамдармен тілдесіп, ақпарат бере алады. Осылайша, өзіңді тірі табиғаттың арасында жүргендей сезініп, жануарлар əлеміне біртабан жақындай түскендей сезіне аласың.

Жалпы, «Нұр əлем» ұлттық павильонындағы қызықтар туралы көп нəрсе айтуға болады. Бұл павильонның өте əдемі жерлерін, танымдық орталықтарын, аспандағы жұлдыздар əлемін, Күн жүйесін жақыннан тамашалайтын орталықтарын айтып тауысу мүмкін емес. «Жүз рет естігеннен – бір рет көрген артық». Мүмкіндік болып, ЭКСПО-2017 көрмесіне бара қалсаңдар, ең бірінші осы «Нұр əлем» павильонын аралаңдар. Себебі, бұл павильонға бір кірсең, қызықтарын тамашалап, 3-4 сағатсыз шығу мүмкін емес.

Дана МАРАТОВ
«Ұлан», №28
11 шілде 2017 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз