Айналамызда нағыз ер азаматтар да, ибалы сұлулар да көп. Ал осындай қыз-жігіттерге аса жараспайтын бір нəрсе бар. Ол – эфирден жар іздеу. «Еуразия» арнасы «Қалаулымнан» бастап еді, қазір одан да сорақылары көбейіп барады. «Келіндер бəйгесі», «Кел, келінім» секілді шетінен рейтинг қуған бұл бағдарламалардың көк тиын пайдасы жоқ.

Қазақ қашан келіндерін бір-бірімен жарыстырып еді?!. Төрт келін «кімді қалай жеңсем екен?!» деп шыр-пыр болып жүр. Одан қалса той көйлегін, асылған етін, күтілген бетін де сынап отырады. Көруге тұрарлық бағдарлама болса мейлі, дəл бұлай ысырапшылық танытып, бірін-бірі сынау қазақ келіндеріне тəн емес екенін ескерсе ғой. Ал «Кел, келінім» жобасы қазақтығымызды мазақ еткісі келетін секілді. Төрт жігіт аналарымен бірге келіп болашақ жарын, анасына келін таңдайды. Əрине, анасының көңілінен шығатын кызды жар ету барлық азаматтың арманы. Бірақ тым шектен шығудың керегі бар ма?!. Бағдарламаға келіп отырған жігіттердің аналары да жас қызға ақыл айтудың орнына, сынап тастайды. Алдыңғы бағдарламадан көзім шалғанда бір қыз жігітке жұмыртқа лақтырып, дөрекі сөздер айтып, бір-бірімен төбелесуге дейін барды. Жігіттікке жатпайтын қылықтар да оғаш көрінеді. Қыздардың көзін ала бере жігіттер жағы жиналып, жамандап алады. Қыздармен солай бой көрсетіп жүргеніне қалай намыстары жібере салды екен?!.

Нұрлыхан
ЖҰМАХАН,
«Ұланның» жас тілшісі.
Сарыбұлақ ауылы,
Бəйдібек ауданы,
Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №27
10 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз