Жиырма жасында заң саласы бойынша əлемдегі үздік жүз спикердің қатарына кірген Мадина Артуровамен таныстырмақпыз. Таяуда құқық саласы бойынша халықаралық деңгейдегі Ф.Джессоп кубогында қазақстандық студенттер бақ сынады. Сайысқа əлемнің 95 елінен 645 команда қатысқан. Нəтижесінде Қазақ гуманитарлық заң университетінің студенттері 3050 ұпаймен 49-орыннан көрінсе, командалық жұмыспен жазған меморандум 26-орынға көтерді. Жүзден жүйрік шыққан Зарина Темірболатова мен Мадина Артурова заң саласы бойынша əлемнің үздік 100 спикерінің қатарынан көрінді. Кейіпкеріміз бұл доданың ерекшелігі мен маңызын айтып берген еді.

– Мектепте оқып жүргеннен бастап, тарих пен құқық пәндерін сүйіп оқыдым. «Халықаралық құқық» мамандығының 4-курс студентімін. Болашақта өзімді бірнеше бағытта дамытып, мүмкіндіктер көкжиегін кеңейткім келеді», – деп бастады әңгімесін Мадина.

 – Университетке түскеннен бастап, түрлі білім бәсекелеріне қатыстық. Бақ сынаған байқауларымыз  Ф.Джессоп Кубогында жеңіске жетуге мол тәжірибе берді. Алдымен командалық топта өнер көрсету үшін іріктеу жариялады. Бір жыл үзбей іріктеу сынағына дайындалып, екінші жылы ұлттық құрамаға қосылдым. Ол кезде 2-курста оқитын едім. Сайыс ережесі үш кезеңнен тұрады. Алғашқысы ағылшын тілінде эссе жазу. Екінші айналымда осы уақытқа дейін жинаған практикалық іс-тәжірибеңнің деңгейін таразылайды. Үшіншісі – қолыңа түрлі оқиғаларға негізделген жағдаяттар  береді, халықаралық құқық саласындағы мәселелерге лайықтап, көзқарасыңды білдіресің. Осыған дейін біз командалық есеп бойынша 100 үздіктің қатарында болған едік. Ал биыл жазбаша меморандум қорытындысында 26-орынды иемдендік. Қазір халықаралық деңгейдегі меморандум жазуды үйреніп жатырмыз. Сондай-ақ сот алдында сөйлеу шеберлігін меңгеруге баса назар аудардық», –дейді сынақтан сүрінбеген бойжеткен.

МЫҚТЫ ҚАРСЫЛАС АҚШ ПЕН КАНАДА

Әр саланың өзіне тән халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын байқауы болады. Құқық саласы бойынша бойжеткендердің жеңісі елең еткізгені рас. Кейіпкеріміз білім сынағының шығу тарихын да қызықты етіп баяндады.

– Халықаралық құқық бәсекелесі Филип Джессоптың атымен аталады. Жоғары оқу орындарының заң факультетінің студенттерінен құралған командалар қатыса алады. Үздік меморандум жасағандардың жұмыстары БҰҰ-ның Халықаралық Әділет сотына жіберіледі. Ол халықаралық Заң Студенттер Қауымдастығының жанынан құрылған . Қазіргі таңда 90-нан астам елдің 700-ге жуық командасы өнер көрсетеді екен. Спикер ретінде турнирге екінші жыл қатарынан қатыстық. Берілген 21 минутты тиімді пайдалануға тырыстық. Бізге ядролық қаруды қолдану мен төрелік шешімнің жарамсыздығы туралы оқиға берілді. Соның ішінде кейіпкеріміздің қаруланған күштермен жеке кемедегі 7 азаматтық тұлғаны өлтіру ісі заңды екенін және оның ақталып шығатынын дәлелдеу керек болды. Бізге баға беріп отырған БҰҰ-ның халықаралық заңгерлерінің көңілінен шығуға тырысып бақтық. Басты қарсыласымыз АҚШ пен Албания және Канаданың заң университеттерінің білімгерлері болды. Олардың ұйымшылдық әрекеттері мен уақытты тиімді пайдаланғандары, ойларының шапшаңдығы бізді біраз сескендіргені рас», – дейді намысты қолдан бермеген Мадина.

Команда капитаны Зарина Темірболатова баспасөзге берген сұқбатында әйгілі дода жөнінде былай дейді: «Бұл шара білікті маман ретінде қалыптасуға айтарлықтай үлес қосады. Гарвард сынды әйгілі оқу орындарының студенттерімен бәсекеге түсудің өзі қуантарлық жайт. Еліміздің жастары кез келген ортада жоғары білім деңгейін көрсетіп, заман талабына сай жан-жақты әрі ұшқыр ойлы болуы тиіс. Қазақстан командасы алдымен ұлттық байқауда топ жарып, нәтижесінде халықаралық турға жолдама алды. Студенттер БҰҰ-ның халықарлық сотында мемлекеттер арасындағы дауларды шешу негізінде жазбаша және ауызша баяндама жасап, сот қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді».

Заңды кез келген адамның игеруге жүрексінетіні жасырын емес. Әділ үкім шығару да оңай іс емес екені белгілі. Жиырма жастағы Мадинаның сөзінен мамандыққа деген махаббатты байқадық. Әңгіме арасында Мадинадан алдағы жоспарлары жөнінде сұрадық.
– Джессоп Кубогы тәжірибе алмасып, өзге ел азаматтарымен бәсекеге түсуге зор мүмкіндік береді. Болашақта халықаралық құқық саласын ағылшын тілінде жетік үйреніп, әлемдік додаларда ел намысын қорғауға ниеттініп отырмыз. Инвестициялық заңды дамытқым келеді», дейді ол.

P.S. Қай жарыстың болсын жеңімпаздарына жауапкершілік жүктелетіні белгілі. Мадина бұл жеңіске оңайлықпен жетпеді. Жеңіске жету үшін тек білім ғана мықты болу керек деген түсініктің қате екенін айтады. «Жарыс кезінде біліміңнің айналасын сенімділік пен табандылық қасиеттері қоршап тұрғанда ғана жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндік аласың», деп кеңесімен бөлісті.

 

  Әңгімелескен  Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №21
22 мамыр 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз