Шетелде қазақ елінің абыройын асқақтатып, мәртебесін көтеріп жүрген жастарымыздың қатары күн санап көбеюде. Біздің мәдени өнерімізді дамытып, жырақта жүрсе де, туған жерін ұмытпаған білімді ұрпақтың өсіп келе жатқаны  қуантады. Сондай еңбекқор жастардың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті, Испанияның Аликанте университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында әлеуметтану мамандығы бойынша оқып жатқан Лейла Әсет. Ол жақында  Валенсиан қауымдастығының қолдауымен «Мың күй» атты сурет көрмесін өткізіп, шетелдіктер мен сонда  білім алып жатқан қазақ студенттерінің ыстық ықыласына бөленді. Оның шығармашылығы қоғамдағы көкейтесті мәселелерді арқау еткен. Ендеше, кейіпкеріміздің өзіне сөз берсек:  

– Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасымын. 9-сыныпқа дейін А.Илялетдинов атындағы №169 орыс мектебін үздік бітіріп, жоғары сыныптарда Қызылорда қаласындағы Ж.Қизатов атындағы №23 лицейде білім алдым. Оқушы кезімде білім конкурстары, спорт жарыстары, мəнерлеп оқу, театр, сурет байқауларының жүлдегері болдым. Өзімді жан-жақты дамытып, шығармашылықпен айналысқан қатты ұнайтын. 5-сыныптан бастап география пəніне қызығушылығым оянып, 11-сыныпта таңдау пəнім мен болашақ мамандығымды географиямен байланыстырдым. ҰБТ-дан 100 балл жинап, армандаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Əлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша грантқа оқуға түстім. «Кім боласың?» деген сұрақ маған да жиі қойылатын. «Адам болғым келеді», –  деп жалықпастан айта беретінмін. Бала кезімнен əлеуметпен, қоғаммен тығыз байланыста болатын жұмыс істегім келді. Бойымдағы шығармашылық қабілетімді осылайша мамандығыммен байланыстыруды жөн көрдім.

– Сурет салу өнеріне қалай келдің?

– Əжем төрт жасымнан бастап қолыма қалам ұстатып, əріп үйретіп, кітап оқытқызды. Қалам ұстауды үйренгенде-ақ, сурет салуға деген қызығушылығым оянды. Үйдегілерге арнап  өлең шығарып та тастайтынмын. Негізі ата-анамның бауырлары суретті, тіпті ең күрделі деп саналатын  портретті өте жақсы салады. Қан тартады дегендей, олардың сурет салғанын көріп, менің де қалысқым келмеген шығар. Таңдаған мамандығым бойынша оқыған пəндерім маған тың ойлар əкелді. Картиналарымның  ерекшелігі – қоғамда болып жатқан əртүрлі мəселелерді астыртын бейнелеу. Сабақ барысында сан түрлі əлеуметтік, отбасылық оқиғаларды  кейс-стади арқылы талдау жұмыстарын жасайтынбыз. Бүгінгі қоғамның көрінісін, əлеуметтік мəселені қылқалам туындысына неге айналдырмасқа деген ой келді. Басты мақсатым – əлеуметтану ғылымына басқаша қырынан, өзге көзқараспен келіп, өз үлесімді қосу. Осылайша, зерттеу жұмыстарымның жемісі ретінде алғашқы туындыларым өмірге келді. Алғашқы жиырма картинамды «Жас Отан» жастарсаясаты мүшелерінің қолдауыменЛ.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде таныстырдым. Оған қоса, əлеуметтік желілерде де суреттерімді жариялап жүрдім. Арада жарты жыл уақыт өткенде Назарбаев университетінен рұқсат сұрап, «Оратор» жəне «Номад» дебат клубтары мүшелерінің қолдауымен 50 картинадан тұратын көрме өткіздім. Сурет көрмесі барысында шетелдік профессорлар картинамды сатып алуға ұсыныс білдірді. Сөйтіп, алғашқы картиналарым сату нарығына да шықты. Одан басқа да кіші сурет көрмелерім болды.

– Испанияда өткізген көрмең жайлы айтсаң…

– Испанияға келгендегі басты мақсатымның бірі – сурет көрмесін өткізіп, шетелде Қазақстанды таныту. Тəуелсіздік күніне орай Испания төрінде картина-ларым таныстырылып, жұртшы-лықтан жылы лебіз естідім. Жазушы Жүсіпбек Аймауытов: «Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған адам қайдан білсін?» – деген екен. Жырақта жүріп, туған жердің қадірін қатты сезіне бастадым. Еліміздің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлес  қосу  перзенттік парызым. Шынымен де, Батыс елдері Қазақстанды жақсы білмейді. Сондықтан да əрбір картинамды ұлттық нақышпен салып, елімізді шетелдіктерге таныстырғым келді. Бұл – мен үшін үлкен бақыт. Көрме өте жоғары дəрежеде өтті. Шетелдіктер көп қызығушылық танытты. Профессорлар жаныма келіп, ризашылықтарын білдірді. Суреттерім оларды таңғалдырды. Əлемнің түкпір-түкпірінен жиналған студенттер картиналарымнан терең мағына тауып, өз пікірлерін əлеуметтік желілерге  жазып жатты. Кейбіреулерінің елімізге деген қызығушылығы оянып,  тарихы мен мəдениеті жайында ізденіспен сұрай бастады. Көрмеге келушілер əрбір картинама кем дегенде 5 минут уақытын арнап, сондағы эмоцияны жеке-жеке талқылап, өз ойларын айтты. Бұл мен қозғаған тақырыптың тың əрі қызықты екенін аңғартса керек.

– Көрменің «Мың күй» аталуының сыры неде?

– Картиналарымның мағынасын толық ашсам, «Ол қандай картина болмақ?», «Нендей ой қалдырады?» деген сұрақтарға жауап табу қажет. Көкейде жүрген дүниелерді баршаға лақ еткізіп ашып беретін болсам, сурет салмай, əңгіме немесе өлең жазар едім. Өз ойымды біреуге таңғым келмейді. Картиналарыма кім қандай көзқараспен қараса, сондай əсер қалдырады. Мың күй, орысша айтсам, «тысяча состояний». Көрермен менің картинамнан эмоция алып, көңіл түкпірінде  түрлі күйге бөленеді. Қанша адам болса, сонша көзқарас болады. Сондықтан, көрмемді «Мың күй» деп атадым. Ал суреттеріме келетін болсам, олар жаңа стильде салынған. Мұхит түбінен ғарышқа дейінгі табиғаттың түгелге жуық бөлшегі қамтылған. Суреттер арқылы адамдардың болмысын, мінез-құлқын, альтруизмді көрсеткім келді. Бір қарағанда суреттер абстракциялық сызбаларға ұқсайды. Бірақ мұның астарында терең ой, мазмұн-мағына бар. Суреттерімді əркім əрқалай қабылдайды. Бүгінгі жастар дайын дүниеге үйренген, барлығын ғаламтор желісі арқылы оқып, танып білуге болады дейді.

Алайда, менің мақсатым – жастарды ойландырып, бір сəтке болсын тоқтатып, толғандыру. Картиналарымның мəн-мағы-насын google іздеу жүйесі арқылы ешқашан таба алмайды. Сондықтан оны көріп,  ойлануы  қажет. Алдағы уақытта бұл бастамамен тоқтамай, одан да үлкен форматта сурет салуды жоспарлап отырмын. Келешекке көз жүгіртіп қарасам, өз көрмемді тек Еуразия құрлығында ғана емес, əлемнің түкпір-түкпіріндегі елдерден көремін. Алға ұмтылуды тоқтатпаймын. Бүгінге дейін жеткен жетістіктерімнің барлығы  отбасымның арқасында деп білемін.

– Сұқбатыңа рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз.

 

 

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.
ҚазҰУ-дың 1-курс студенті

«Ұлан» газеті, №2
9 қаңтар 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз