17 мамыр күні он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы басталды. Ораза 14 маусымға дейін жалғасады.

«Мұсылман қауымының бес парызының бірі саналатын бұл айда рақымшылық танытқандар мен жақсы амал жасағандарға сауап еселеніп жазылады», – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз.

Осы ретте біз ислам дінін қабылдаған әлемге танымал спортшылардың бірін ұсынбақпыз. Бірақ бұған дейін баспасөз беттерінде жиі жазылған Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Зинедин Зидан, Кәрім Бензема, Франк Рибери, Месут Озил, Тьерри Анри, Никола Анелька секілді спортшыларды қайталығымыз келмеді. Аталған спортшылардың ислам дінін қабылдағанын жалпы жұрт жақсы біліп қалды.

Бүгін әлемнің атақты баскетболшысы Кәрім Абдул-Жаббар туралы жазғанды жөн көрдік.

Біздің кейіпкер алты мәрте  Ұлттық баскетбол ассоциациясының ең бағалы ойыншысы болып танылған. NBA тарихында ең көп ұпай жинаған да (38 387) осы баскетболшы. Жұлдыздар өнер көрсететін матчқа ең көп қатысқан да Кәрім Абдул-Жаббар екен (19 рет).

Ол сонымен қатар Американың саяси алаңындағы танымал мұсылмандардың бірі. Спортшының азан шақырып қойған есімі – Фердинанд Льюис Алсиндор. Бойы – 218 см. Өзі АҚШ-тың Манхэттен қаласының афроамерикалықтар тұратын солтүстігіндегі Гарлем ауданында дүниеге келген.

Спорттық карьерасында екі команда сапында ғана өнер көрсеткен. Алдымен «Милуоки Бакс» сапында алты жыл тер төксе, кейіннен «Лос-Анджелестің» намысын қорғады. Ол доп лақтырудағы жылдамдығы мен допты дәл тигізетін қырағылығының арқасында ойын алаңында бірден танылды. Көп ұзамай оның спорттағы жетістіктері әлемге танылып, жанкүйерлері көбейді. Абдул-Жаббардың баскетболдағы өзіне ғана тән әдіс-тәсілдері спорт саласында үлкен жаңалық болды.

1970-71 жылдары Милуоки командасы ҰБА-ның чемпионы атанғанда,  Льюис Алсиндор баскетболдың королі ретінде есімін Кәрім Абдул-Жаббар деп өзгертті.

Спортшы ислам туралы ең алғаш бұрын барабаншы болған, Вашинтгондағы ханафит мәзхабын насихаттаушы Хаммас Абдул Халистен естіп білген.

Оған Абдул Кәрім деген есімді алғашқы ұстазы берген. Кейіннен өзі Кәрім Абдул-Жаббар деп өзгерткен («Алланың ең қасиетті қызметшісі» дегенді білдіреді).

Кәрім Абдул-Жаббар ислам дінін қабылдағаны туралы әлемге жар салып айтқан жоқ. Алайда жасырып та қалған жоқ. Көзқарасын ашық ұстанды. Білімін арттыру мақсатында араб тілін меңгерді. 1973 жылы Сауд Арабиясы мен Ливияға барып, араб тілін үйреніп әрі ислам діні туралы білімін жетілдіре бастайды. Бірақ Абдул-Жаббар Мұхаммед Әли секілді Вьетнамдағы соғысқа қарсы екенін білдіріп, көпшілік алдына шыға қоймады. Ол өзінің мұсылмандық парызын үндемей-ақ атқарып жүрді. Спортшы бір Аллаға сенеді, Мұхаммед пайғамбар жаратқанның соңғы елшісі екенін, ал құран Алланың сөзі екенін мойындайды.

Осы ретте спортшының бұрынғы жылдары Talk Asia арнасына берген сұқбатынан үзінді ұсынамыз.

Кәрім Абдул-Жаббар деген есімді алғанша Лью Алсиндор болғаныңызды білемін. Көпшілік сізді бұл есімді алуыңыз терең рухани шешім болғанын айтады. Осы ретте Лью Алсиндордан Кәрім Абдул-Жаббарға дейінгі аралықты айтып берсеңіз… Бүгінгі таңда Лью Алсиндордан бірдеңе қалды ма?

– Мен өмірімді Лью болып бастадым. Әлі күнге ата-анам үшін бала Лью болып қала бермекпін. Туған-туыстарыма да дәл солаймын. Бірақ мен өз таңдауымды жасадым.

– Басқа есімді алғанда өзіңізді өзге адам сезінген шығарсыз?

–Олай ойламаймын… Бұл эволюциялық өзгеріс. Мен Кәрім Абдул-Жаббар болдым. Ешқандай өкініш жоқ. Енді осындай адаммын.

– Рухани жаңғыру қаншалықты маңызды?

– Рухани жаңғыру мен секілді спортшы үшін ислам болмағанда дәл осылай сәтті болмас еді. Ислам жүрегі кең азамат болуды үйретті, жеке басымның қамын ғана ойлайтын эгоист болмауға жетеледі. Әлемдегі ең ұлы құндылықтарды көрсетті. Жаттықтырушым Джон Вудсен, ата-анам сол құндылықтарды нығайта түсті.  Бұл мені белгілі бір жолмен өмір сүруге және теріс жолдан аулақ жүруге мүмкіндік берді.

– Исламды қабылдаған кезде басқа адамдармен қарым-қатынасыңыз қиындап кеткен жоқ па? Аллаға құлшылық етуіңіз өзгелерді алшақтатты ма?

– Негізінен солай. Бірақ мен ешкімге кек сақтаған емеспін. Тек мұсылман болғанымды өзгелердің түсінгенін қаладым. Егер ол адам мені қабылдай алса, мен де оны қабылдауға дайынмын. Алайда бұл менің досым болуың үшін ислам дінін қабылдап, міндетті түрде мұсылман болуың керек деген сөз емес.  Өзге адамдардың таңдауын құрметтеймін. Олар да дәл солай менің шешімімді құрметтесе жеткілікті.

– Қара нәсілді азаматтардың көбінің ислам дінін қабылдауы саяси шешім болған дейтін пікір бар.  Бұған не айтасыз?

– Менің ислам дінін қабылдауым саяси жағдайларға түк қатысы жоқ. Бұл ішкі жан дүниемнің қалауы болды. Құранды оқыған соң, қызығушылығым арта бастады.

Айта кетейік, 1995 жылы баскетболшылардың Даңқ залына Кәрім Абдул-Жаббардың есімі жазылды.  Ал 1996 жылы Ұлттық баскетбол ассоциациясының тарихындағы үздік 50 спортшының тізіміне енді. Спортшы ретінде карьерасын 42 жасында аяқтаған. Бірнеше фильмдерге түскен. Оның арасында ең танымалы – «Аэроплан».

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №21
22 мамыр 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз