Бүгін біз кітаптарымен, психологиялық тренингтерімен әлемге әйгілі, «феррариын сатқан монах», яғни Робин Шарма туралы сөз қозғаймыз. Оның танымал болуының құпиясы неде? Еңбек пен білімді тең ұстаған кез келген адам неге Робин секілді сұранысқа ие емес? Робин Шарма «гуру» ма? Осы тектес сауалдардың жауабымен танысайық…

Робин Шарма – психологияға қызығушылық танытатын жандарға үлгі болған әлемдік бестікке енген үздік тренер. Оның сыры ізгілікке ұмтылып, адамдардың тек жақсы жағын ғана көріп, өзін көшбасшылыққа бағыттауында болса керек. 1965 жылы дүниеге келген Робин мектепті үлгілі тәртібімен тәмамдап, заң әлеміне енеді. Болашақ білікті заңгердің адвокаттық мәнсабы ұзаққа созылмайды. Себебі ол өз еркімен жұмысын тастап, қазіргі қоғамдағы түрлі көзқарасты терең зерттеп, бойындағы қабілеттерді жетілдіруді қолға алады. Сол ізденіс пен табандылықтың нәтижесі болар, бүгінде Робин Шарманы әлем таниды. Әйгілі тренер жер шарының әр түкпірін ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас дәрістерімен, психологиялық тренингтерімен шарлап жүр. «Феррариын сатқан монах» жайлы кітабы Батыс пен Шығыстың құндылықтарын сіңірген бірден-бір заманауи жолжазбаға айналды. Бір сөзбен айтқанда, Робин әр елдің мәдениеті пен көзқарастарын бір қазанда қайнатудың жолын тапты.

«МЕН ГУРУ ЕМЕСПІН»…

 Робин Шарма: «Журналистер мені көп жағдайда көшбасшылық пен «Өзіңе-өзің көмектес» ұйымының гуруы деп таныстырады. Мен бұл сипаттамамен келіспес едім. Мен қалай өмір сүру керегін, қандай оймен алға жылжу керегін түсінген қарапайым адаммын. Бар болғаны – осы. Əдістерім мен идеяларымның арқасында қаншама адам өмірлерін жақсы арнаға бұрды, компаниямның жұмысы əлемдік деңгейде жақсы нəтиже көрсетті», – дейді.

Маған Робин Шарманың шынайылығы ұнайды. Расында əлемді сұлулық емес, шынайылық құтқаратын секілді. Оның əрбір кеңесін, қиындықтан шығу əдістерін оқыған кез келген адам бірден ізгілікке құмартады. Себебі автордың болмысында жасандылық пен жалғандық жоқ. Осыны сезінген оқырман да өзін жетілдіре бастайды. Бір қызығы, Робинның кітаптарында күнделікті өмір сипатталады жəне өзінің адами проблемалары, алға қойған мақсаттары мен армандары да қол бұлғап тұрады. Тіпті автордың ең оңай сұраққа жауап іздеген сəтіне де кез боласыз. Өзін мінсіз санамайтын Робин мінсіздіктің биігіне ұмтылатын адамдар өмірін босқа өткізетінін де сан мəрте айтады. Егер шешімі табылмас мəселені көп қазбалай беретін болсаңыз, ерте ме, кеш пе, оның шешімі табылады. Бірақ ол үшін көп «жолдан» өтуің керек. Робин Шарма өзін «гуру» деп атайтындардың бар екеніне бір жағынан қуанады. Себебі, санскрит тілінде  гу – «түнек», ал ру – «жою, сейілту» деген мағынаны білдіреді. Демек, гуру – адам санасындағы түнекті жойып, қараңғылықты сейілтіп, ілімнің сəулесін себуші.

АЛМАТЫ – АЛМАЛЫ ҚАЛА

Шынында да, Робин мыңдаған жүрекке үміт отын жаққан жан. Ол оқырмандары мен тренингке қатысушыларды жақсылыққа, болашаққа сенуге үндеп, санасындағы түрлі қорқыныштарын жеңуге көмектеседі. Ол «101 кеңес» кітабында жақында ғана Қазақстаннан оралғанын жазады. «Алматы – айналасын тау қоршаған, алмалы қала екен», – дейді. Қазақ еліндегі ежелден келе жатқан мəдениет пен əдет-ғұрыптардың да ұнағанын жасырмайды.

Тренингтен соң қатысушылар армандауға ешкімнің тыйым салмайтынын сезініп, ұлы істі бастар алдында ешкімнен, ештеңеден сескенбеуге бел буады. Қорқыныш – жақсы көруден де мықты сезім. Өйткені ол алға қадам басуға мүлде мүмкіндік бермейді. Қорыққан сайын тартыншақтап, кең пейіл тағдырдың бізге əзірлеген тосынсыйларынан құр қаламыз. Көп тəуекел ету керек. Өмір тым қысқа. Робиннің əр сөзі оқырманын осылайша қанаттандырады. Жабылып қалған терезені қайта ашу қиын екені белгілі. Сол секілді бала кезде көңілі қалған ересектер болашағының терезесін біржола жауып тастайды екен. Шындығында, біз əрқайсымыз  бұл өмірге қандай да бір себеппен келдік. Сондықтан, миссиямызды мінсіз орындап, өткен шақтың құлы болмай, болашағымыздың суретшісі болуымыз керек.

Робин Шарманы жете тану үшін оның төл туындыларын оқу керек. Əр кітабында əртүрлі тағдыр, көзқарас, өмір бар. Ішінде өмірі бар кітап қана оқырманын алға сүйрейді. Робиннің кітаптары, менің бағалауымша, ішінде өмірі бар кітаптар. Оны оқу керек, одан үйрену керек. Робин Шарма – ұшы-қиыры жоқ теңіз. Сондай тұлғамен замандас болғаныма қуанамын! Қырықтан енді асқан білікті психологтан күтеріміз көп…

РОБИН ШАРМАДАН ҮШ КЕҢЕС:

  1. Ешқашан өміріңіз жайлы өзгелерге арыз айтпаңыз. Сізді айналаңыздағылар күшті, көңілді, мойымайтын тұлға ретінде танысын. Ал əрдайым көңілі түсіп жүретін адам жетістікке жете алмауы мүмкін. Өзіңізді əлденеге қол жеткізген тұлға деп елестетіп, соған сеніңіз. Бұл міндетті түрде іске асады.
  2. Бес жылдан соң кім болатыныңызды қазір араласатын адамдарыңыздан жəне оқитын кітаптарыңыздан-ақ аңғаруға болады. Бұл негізгі екі фактор тұлғалық қалыптасуға əсер етеді.
  3. Үшіншісін өз таңдауыңызға қалдырдым…

Әлия ІҢКӘРБЕК

«Ұлан» газеті, №9
27 ақпан 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз