«Ұланның» былтырғы қараша айындағы сандарының бірінде Исаак Мустопуло туралы жазған едік. Исаак сол сұхбатында атақты ғалым, астрофизик Стивен Хокингті үлгі тұтатынын айтқан. «Ол – менің кумирім. Ғалымның «Менің қысқа тарихым», «Уақытың қысқаша тарихы» атты еңбектерін оқи отырып, астрофизиканы таныдым. Осы ғылымнан өзіме жеке əлем аштым. Стивен дауыстап сөйлей алмайды, денесі жансыз. Бүкіл өмірі орындықта отырумен өтіп жатыр. Астрофизиканың жұмбақтарын шешкен жалғыз адам – осы Стивен. Ғалыммен кездесуді армандауымның себебі де осы», – деген болатын жас ғалым.

Бір ғажабы, Стивен Хокинг Исаактың достық ұсынысын қабыл алып, кездесуге шақырған. Ал одан да кереметі – жас ғалымның арманы орындалды!

Жасынан сал ауруына шалдыққан Исаак Мустопуло мен физик ғалым, профессор Стивен Хокингтің Лондондағы кездесуін Қазақстандағы Британ Кеңесі ұйымдастырды. Сондай-ақ, ерекше сапарға «Эйр Астана» əуе компаниясы мен Астана қаласының əкімі Əсет Исекешев қолдау көрсетті.

Британ Кеңесі мен Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік ұйымдастырған инновация конкурсында мүмкіндігі шектеулі жандар бақ сынаған. Ғарыш аппараттары үшін электр энергиясын өндіру бойынша жоба жазған Исаак осы сайыста лауреат атанған. Исаак өзінің арманын сол кезде де айтқан екен. Астана əкімі мен ұлттық əуе компаниясының президенті жас ғалымға қолдау көрсету керек деп шешіпті.

«Стивен Хокинг мырзаның баламен кездесуге уақыт тапқанына алғысымыз шексіз. Ұлыбританияға барып қайтқан Исаактың ғылыммен айналысуға деген ынтасы бұрынғыдан да арты түсеріне сенеміз. Сондайақ, бұл басқа балаларға да үлгі болар еді», – дейді компанияның президенті Питер Фостер.

Қазақстандағы Британ Кеңесінің директоры Джим Буттери де ғылыми конкурстың талантты балалардың бағын ашқанына қуанады. «Стивен Хокингтің ғылыми зерттеулері мен оның ғылымға қосқан үлесі мені таңғалдырды. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, кез келген адам кереметтей нəтижеге қол жеткізе алатынына сенімім артты», – дейді Исаактың өзі. Ол Хокингпен кездесіп қана қоймай, Лондондағы ғылым музейін аралап, Кембридж университетіне жəне Британ Кеңесінің штаб-пəтеріне де барған. Ғылыми конкурстан кейін Исаак OYLA ғылыми-танымдық журналымен де əріп-тестік байланыс орнатыпты.

«Ұлан» газеті, №41
10.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз