Көктемде үлкен адамдармен қатар, балалардың да ағзасы əлсірейді. Əсіресе тұмау мен жөтел баланы «шаршатып» жібереді. Жұқпалы аурулардың алдын алуға бола ма? Көктемгі əлсіздікті қалай жеңеміз? Осы жəне басқа да сұрақтардың жауабын «Рахат» клиникасының балалар дəрігері Нəзипа Айтбайқызынан сұраған едік.

– Жұқпалы аурулар деген – ауа арқылы таралатын вирусты инфекция. Егер отбасында біреу ауырса, маска киіп, балаларға жақын жүрмегені жөн. Өйткені бала ауруды тез қабылдайды. Қыс өтіп, көктем жеткенде балалар жиі ауырады. Уақытында тамақтанбаса, дəрумендер жетіспесе, ауруға қарсы тұра алмайды. Ата-аналар дəрігерге қаралмай, өздері ем жасайды. Дəрі-дəрмекті дұрыс ішпей немесе орта жолдан тастап кетсе, баланың қорғаныш рефлексі төмендейді. Ең көп кездесетіні сырқаттар – тұмау мен жөтел, – деді дəрігер.

– Тұмау мен жөтелдің алдын алу жолдары қандай?

– Тұмаудың алғашқы белгілері: баланың көзі жасаурап, мұрнынан су ағады. Уақытында емдесе, асқынусыз жазылады. Балаға дəрумені мол тамақ беру керек. Жазда күннің астына жіберіп, шынықтырған дұрыс. Жеміс-жидекті жуып, жиі жеген абзал. Спортпен айналысқан бала сирек ауырады. Қыста жеген мандариннің (егер аллергия жоқ болса) құрамында аскорбин қышқылы мол болады. Құрғақ жөтелде жылы су мен минералды суды көп ішу керек. Сүтке май салып ішсе де жақсы. Егер баланың ыстығы болмаса, табанына қойдың майын немесе «Доктор Мом» жақпамайын жаққан дұрыс. Антибиотик ішуге асықпаған дұрыс.

– «Гепатитке қарсы вакцина жоқ» деп шулап жүрген ата-ана көп. Бұлай болуы мүмкін бе?

– А гепатитіне қарсы вакцина жоқ деп жатыр. Негізі болуы керек. Өйткені ауру көтеріліп кетуі мүмкін. В гепатитіне қарсы вакцина бар. Оны перзентханада салдырады. Кейбір ата-ана балаға екпе салдыруға қарсы. Олар гепатиттің қауіпті екенін білмейді. Егер бала ауыратын болса, соңы қатерлі дертке алып келуі мүмкін. Вирусты гепатит дегеніміз – жұқпалы ауру. А, Е, В, С жəне Д түрлері жиі кездеседі. А жəне Е гепатиті жеңіл өтеді. Лас су, бұзылған тамақ, жуылмаған жеміс арқылы жұғады. В, С жəне Д гепатиті ауыр болады. Науқас дертінен айықса да, осы гепатитпен күрескенін ұмытпауы керек. Бұлар қан арқылы жұғады. Осы аурумен ауырған адамның қаны тексерілмей басқа адамға құйылса, медициналық құралдар дұрыс өңделмесе, салонда қолданылатын ұстаралар таза болмаса, ауру пайда болады.

– Жазда балалар шашын тықырлап алып тастайды. Шаштаразға өзімен бірге ұстара алып барғаны дұрыс па?

– Сақтық үшін олай жасауға да болады. Шаш қысқартқанда аса қауіп жоқ. Бірақ тықырлап алатын болса, ұстараның тазалығына мəн берген жөн.

– Қазір баланың иммунитетін күшейтетін дəрумендер көбейіп кетті. Осы дəруменді дəрігердің кеңесінсіз балаға беруге бола ма?

– Абзалы – балаға дұрыс тамақ беру. Көктем мен қыста дəріханадан арнайы дəрумен алған дұрыс. Мысалы, Санасол, Сановит, Пиковит, Адивит, Витрумкидс. «Омега 3» дəруменін балаға беруге болады. Өйткені мидың дамуына, есте сақтау қабілетінің артуына, ойлануына көмектеседі. Құрамында А жəне В дəрумені бар. Бұл дəрумендер теріні ылғалдандырып, шаш пен тырнақтың өсуіне көмектеседі. Егер дəрумендер жетіспесе, баланың шашы түсіп, мазасы болмайды. Жүректің жұмыс істеуіне де көмектеседі. Балық майы мешел ауруының алдын алады. Жұқпалы аурулардан қорғайды. Терінің тозуына жол бермейтін антиоксидант. Балықтың майы барлық нəрсеге пайдалы. Қарсы көрсетілімдері мен еш зияны жоқ. Дəруменді дəріханадан алған дұрыс. Себебі фирмалық өнімдер химиялық қоспаны көп қосуы мүмкін.

– Баланың бойы тез өскенде, ішкі ағзалары жетіліп үлгермейді екен. Əсіресе жүрек қанды айналдырып үлгере алмайды дейді. Бұл баланың денсаулығына қауіпті ме?

– Мұндай жағдай сирек кездеседі. Егер баланың бойы тез өссе немесе тым баяу жетілсе, эндокринолог маманға көрсеткен дұрыс.

 – Шетелге демалысқа шыққан балалардың вирус жұқтыруы жиі кездеседі екен. Былтыр Алматыда коксаки вирусы тарапты. Демалысқа баратын балалардың қалай сақтанғаны жөн?

– Коксаки энтеровирусқа жатады. Яғни ауа, су арқылы тарайды. Су арқылы жұқса, баланың іші өтіп, ыстығы көтеріледі. Тіпті менингитке дейін апаратын түрі бар. Көбіне Түркиядан жұқтырып келеді. Бала суға түскенде суды жұтып қояды. Вирус асқазан арқылы қанға сіңеді. Өкініштісі, қарсы вакцина жоқ. Иммунитеті төмен болса, тез ауырып қалуы мүмкін. Қарапайым сақтық шарасы: су жұтудан сақтанып, ас ішерде қолын жақсылап жуу керек.

– Қазір ішкі құрылысы ауыратын балалар көп. Аурудың себебі неде?

– Ата-аналар баласына фаст-фуд өнімдерін алып береді. Бургердің еті қалай дайындалғанын білмейміз. Ағза бұзылған ет арқылы да ауырады. Газдалған тəтті сусындар асқазанға кері əсер етеді. Балалар арасында дискинезия жиі кездеседі. Ауру өт жолдарының немесе өт қалтасының жұмысы бұзылғанда пайда болады. Мектеп жасындағы балалар жиі ауырады. Бұл патологияның екі түрі бар. Гипертониялық типі – өт қабының жəне жолдарының тонусы жоғары келеді. Гипотоникалық типі – өт жолдарының тонусы төмен. Себептері өте көп. Мектептегі, отбасындағы күйзелісті жағдайлар, созылмалы инфекция ошақтары, асқазан-ішек жолдарының аурулары əсерінен бауырда өндірілетін өттің өт қабына дұрыс түспеуі немесе тікішекке қалыпты жағдайда түспеуінен болады. Анасы да, баласы да жылына екі рет бауыр мен өтті тазалап тұрғаны дұрыс. Ащы, майлы тамақтарды азайту керек.

– Балаға лямблий, паразит қайдан жұғады? Үй ішінде күшік пен мысық асыраудың қатысы бар ма?

– Лямблий мен паразит – инфекциялық аурулар. Бала құсып, іші өтіп, аллергия береді. Тамақ ішетін кезде қолды жақсылап жуу керек. Бала түгіл үлкендердің өзі бананның сыртын жумай жей береді. Үй ішінде күшік пен мысық асыруға болады. Оларға уақытында екпе салдыру керек. Егер мысық ауырса, дер кезінде емдемесе, балаға токсоплазмоз, туберкулез ауруы жұғуы мүмкін. Кеудесі алдыға шығыңқы немесе ішкі азғасына кіріп тұратын балалар бар. Ол туа жəне жүре пайда болады. Жеңіл түрі болса, емнің арқасында 3 жасқа қарай кетіп қалады. Ауыр түрі болса, ота жасалады. Бұл баланың тыныс алуын қиындатып, өкпедегі газ алмасуды бұзады. Баламен ашық жиі сөйлесу керек. Ата-аналар бала тəрбиесін мұғалімге артып қойған. Телефон, планшетті жиі көрсе, көзі нашарлап, невроз (жүйкесі тозу) пайда болады. Қолындағысын тартып алсаңыз, жылап, шу шығарады. Ұйқы алдында телефон көрсе, ұйқысы бұзылып, түс көреді, қорқады. Ұйықтар алдында 1.5-2 сағат бұрын кино көргені жақсы емес. Бала бірқалыпты ойнағаны дұрыс. Мақтадан тігілген киім дұрыс. Киім аларда қағазына қарау керек. Егер синтетика қосылса, алмаған жөн. Өйткені балақайдың буындары ауыруы мүмкін. Мүмкін болса арнайы дүкендерден алған дұрыс.

Гүлфарида Зейнуллина

“Ұлан” (№16, 17 cәуір 2018).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз