Сәлем, жас дос! Сендердің араларыңда спортқа қызығып, онда болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей, жанкүйерлік танытатын оқырмандарымыз жеткілікті деп ойлаймын. Теледидар алдына жайғасып, не болмаса спорттық шараларды спорт кешенінен көрген сәтте арқаларың қозып, аламанға түсіп жатқан дүлдүлдерге дем береді деген сенімдемін. Ендеше, жақын күндері еліміздің атынан сынға түскелі жатқан аға-әкпелеріңнің өнеріне сүйсініп, тақым қысатын күннің таяғанын жеткізгім келеді.

Балғын шақта әжеңнің айтып берген ертегі-жырларынан, қала берді, санаңа сіңірген жазбаларда батырлар туралы, олардың ерлігі жайлы көп баяндалғаны анық. Қиялыңды іске қосып, сол сәтті көз алдыңа елестетіп көрген де шығарсың. Ал, бүгінде арамызда осындай батырлар кездесе ме? Әрине, баршылық! Жат елде бақ сынап, Қазақстан атын дәріптеп жүрген спортшыларға «бейбіт кездің батырлары» деген теңеу берсек орынды секілді. Осындай бір топ батырларымыз Ашхабад төрінде жалауын желбіреткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатына аттанбақ. «Тау көтерген Толағайларымыз» бәсекеде жүлде алып, мерейімізді үстем етпек ниетте. Осыған орай ұлттық құрама тізімімен таныстырып, қызықты ақпараттарды назарларыңа ұсынбақпын.

Толағайлар тоғысқан турнир

Бұл спорт түрінен алғашқы чемпионат 1891 жылы Лондонда өткен. Тұсаукесер жарыста небәрі 7 ғана атлет тіркелген біріншілік аса реттілікпен жалғасып, бүгінде 84-рет өткізіліп отыр. Осы жылдар ішін қазақстандық спортшылар 13 алтын, 5 күміс, 6 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үздік ондыққа енген.

Жүзге жуық елде өтіп, талай қалада ізін қалдырған әлем чемпионатын Қазақстанда қабылдаған. 2014 жылы Алатау бөктерінде ұйымдастырылған жарысқа 76 мемлекеттен 683 үміткер қатысты. Ал 19 қатысушыдан тұрған Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдені мойынға тағып, командалық сында 2-орынға жайғасқан еді.

Ашхабадқа жеңіс үшін аттанғандар

Түркіменстанда ел абыройын қорғайтын спортшылармен таныса отырыңдар.

Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы: Арли Чонтей (55 кг), Фархад Харки (67 кг), Нижат Рахимов (73 кг), Айдар Казов (81 кг), Денис Уланов (89 кг), Рүстем Сыбай (96 кг), Илья Ильин (102 кг), Александр Зайчиков, Ибрагим Берсанов (екеуі де 109 кг), Елдос Сайлау (+109 кг).

Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасы: Зульфия Чиншанло (55 кг), Сәуле Сәдуақасова (59 кг), Әсем Садықова, Карина Горичева (екеуі де 64 кг), Надежда Лихачева, Екатерина Столяренко (екеуі де 71 кг), Екатерина Быков (76 кг), Раушан Мешитханова (87 кг), Айзада Муптилда, Александра Аборнева (+87 кг).

Тар жол, тайғақ кешу

Бұл әлем чемпионаты Қазақстан құрамасының «бір жыл көлемінде жарыстарға қатысу құқығы жоқ» деп айып тағылғаннан кейінгі алғашқы турнирі. 2017 жылдың күзінде IWF (Халықаралық ауыр атлетика федерациясы) шешімі допинг қолданды деген жалаумен Қазақстан және өзге де бірнеше елді жарыстарға қатысу құқығынан айырған болатын. Бұған себеп – допинг дауының ушығу. Осы жағдаяттың соңы Илья Ильиннің екі бірдей алтын жүлдесі кері қайтарылып, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедовалардың Лондон олимпиадасындағы алтын медалдары жарамсыз деп танылып, ұлттық құраманың жарыстардан шеттетілуімен аяқталды. Мұнымен қоса, әр спортшыға айыптар тағылып, жаза ретінде бірнеше жылға спорттық бан берілді. Тиісінше, құрама Анахаймде (АҚШ) өткен 2017 жылғы әлем біріншілігіне қатыса алмады. Ал 2018 жылдың қараша айында айып уақыты аяқталып, IWF Қазақстанды жарысқа қатысушылар тізіміне қосты және 2 жыл спорттан шеттетілген Илья Ильиннің де уақыты мәресіне жетті.

Ілияс СƏРСЕНБАЙ,
Тұран университетінің
1-курс студенті

«Ұлан газеті», №41
9 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз