Өткен қыста республикалық байқауға қатысып, Сарыарқа төсінде өткен шешуші кезеңге жолдама алдым. Алып-ұшып Астанаға жеткенім сол еді, Қазақстанның әр өңірінен жиналған жастармен бірге аламанға түстім де кеттім. Бір жұмаға созылған байқау нәтижесінде жеңімпаз атанып, мерейім үстем болды. Осы аралықта кіл мықтылармен танысып, достық қарым-қатынас орнатып үлгердім. Солардың арасынан Кереку өңірінен келген Ислам Сүлейменді едәуір жақын тарттым. Үміткерлердің ішінде ең кенжесі болғанымен сөзі нық, іске жауапты екені бірден байқалды. Бәсеке аяқталып, пойызға мінер тұста біраз әңгімелесіп, достық ілтипатпен қоштасқан едік.

Күнделікті әдетпен «Азаттықтың»  жаңалықтарын көріп отырғанымда таныс бейне көзіме оттай басылды. Батырманы басып қалып едім, елордада жолдас болған Ислам жайлы бейнероликке тап болдым. Осылай досымды жаңа қырынан танып, Британия королдігінің басшысымен хат алмасқанына таңғалып, шын қуандым. Іштей осындай қатарласыммен дос болғаныма ризашылық білдіріп, жымиып қойдым. Қуанышына ортақтасып, ізгі тілегімді білдіргеннен кейін азды-көпті сұрақ қойып, әңгімеге тарттым. Орта ғасырлық фильмдерде керемет суреттелетін елді басқарып отырған тұлғамен қалай хат алмасқаны саған да қызықты деп ойлаймын, жас дос!

Ұлан: Ислам, Ұлыбритания ханшайымына хат жазу ойыңа қайдан келді?

Ислам: Бала кезімнен бері өзімді ерекше қызықтырып келе жатқан елдердің бірі – Ұлыбритания. Мемлекеттің ғасырларға созылған тарихы мен ділі  әрқашан ерекше баурап алатын. Әсіресе, газет-журнал беттерінен мақала көріп қалсам, тез арада қызыға оқуға кірісетінмін. Осындай ішкі қызығушылықтан соң хат жазып көруді жөн санадым. Өсе келе, жалпы, британдықтардың өз мәдениетін, былайша айтқанда ұлттық даралығын ерекше ардақ тұтып, тарихын қастерлейтінін байқадым. Заманауи ғасырда монархиялық билікті әлі де сақтап, ата-дәстүрлерін жалғастыруларын ерекше бағаладым. Осы орайда, Біріккен корольдік ханшайымы ІІ Елизаветаға хат жазуды жөн көрген едім. Негізі әйгілі монархқа әрбір адам хат жаза алады дегенді оқыған болатынмын.

Ұлан: Хатты форматы қалай болды, жазу барысында нені ескердің?

Ислам: Ең алдымен, ойымды жинақтап, содан мазмұнын қағаз бетіне түсірдім. Жазбамда ханшайымның әлем тарихындағы алар орнын бағалап, халықаралық ынтымақтастық пен жасампаздық үшін зор еңбек сіңіргенін атап өткен едім. Сөз соңында, 2018 жылдың айтулы оқиғаларының бірі болып саналатын Гарри ханзада мен Меган Марклдың шаңырақ көтеруі және ханшайым шөбересі Луидің дүниеге келуімен құттықтап, монарх отбасына ізгі тілегімді жеткіздім.

Ұлан: Ал жауап ретінде келген хат қашан қолыңа тиді? Жалпы, ол хатта не баяндалған?

Ислам: Жауап хат шамамен қазан айының басында қолыма түсті. Шыны керек, шалғайдағы Еуропа королдігі монархынан ресми жауап хаттың жазылатынын мүлдем күтпеген едім. Қуанышымда шек болмады. Шынымен де таңғалдым. Хатты бірден тағатсыздана оқып шықтым. Онда Британия монархының «Lady-in-waiting» атты көмекшісі атынан қол қойылған. Монарх елтаңбасы бейнеленген ақ қағазда «Ханшайым Сіздің Ұлыбритания мәдениеті мен тіліне қызығатыныңызды жоғары бағалап, ізгі ниетіңіз үшін ризашылығын жеткізді» және «хатыңыз үшін тағы бір мәрте алғысымызды білдіреміз» деп жазылған.

Деректерге сүйенсек, Букингем сарайына әлемнің әр жерінен күніне 300-ден астам xат келеді екен. Соның ішінде менің жазбамның қараусыз қалмағаны өзімді ерекше қуантты. Лондоннан ресми жауапты мүлдем күтпеген едім.

Ұлан: Ислам, сенің қуанышыңа біз де қуаныштымыз! Енді өзіңе тікелей қатысы бар сұрақ қойсам. Биыл мектеп бітіресің. Дайындық қалай жүріп жатыр. Алдағы жоспар қандай?

Ислам: Қазір Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысымын. Әрине, мамандық таңдау және жоғары оқу орнына түсу бойынша қойылатын сұрақтар әрбір болашақ мектеп түлегін толғандырары анық. Сан түрлі мамандықтың ішінен мені қызықтырып отырған мамандық – Халықаралық қатынастар. Мәселен, 11-сыныпқа аяқ басқалы бері ағылшын тілі мен географияға деген зеректілігімнің барынша арта түскенін байқадым. Елдер мен ұлттар арасындағы қарым-қатынас, дипломатия, заңдары мен мәдениеттері мен үшін қызық. Сондықтан да, келешекте аталған мамандық бойынша Отанымыздың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнынан білім алсам деген мақсатым бар.

Ұлан: Әңгімеңе рақмет!

Əңгімелескен
Ілияс СƏРСЕНБАЙ

«Ұлан» газеті, №44
30 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз