«Халық қаһарманы» атағын алғандардың тізімін қарап отырмыз. Осы уақытқа дейін 26 адам алыпты. Оның он бесін жіті танысақ, қалғандары туралы естіп-білгеніміз мардымсыз. Мерзімді ақпарат құралдары анда-санда «Халық қаһармандары кімдер?» деген тұрғыда мақала жариялайды. Алайда онда онсыз да аты-жөні кеңінен таныс адамдар ғана тізбектеліп өтеді. Ал қалғандарына ешкім арнайы тоқталып əуре болмайды.

Бұл атақ əп дегенде 1994 жылы Сағадат Нұрмағамбетовке, Александр Христенкоға, Ахат Күленовке беріліпті. Бір жылдан кейін, яғни 1995 жылы 8 адамға бірден тапсырылған екен. Олар: Қасым Қайсенов, Тоқтар Əубəкіров, Талғат Мұсабаев, Юрий Маленченко, Алексей Кулаков, Мурдин Таипов, Мұхтар Əлиев, Аким Атмачиди. 1996 жылы Қайрат Рысқұлбеков, Роза Бағланова жəне Шапық Шөкин алған. Мəртебелі атақ  1997 жылы ешкімге берілмепті. Есесіне, 1998 жылы Əзірбайжан Мəмбетов, Нұрғиса Тілендиев, Бақтыораз Бесікбаев секілді үш бірдей қайраткеріміздің есімі жарқ ете қалды. 1999 жылы Рахымжан Қошқарбаевқа, араға 3 жыл салып, 2004 жылы Хиуаз Доспановаға, 2005 жылы Мəулен Қалмырза мен Александр Капоринге, 2006 жылы Мұхтар Алтынбаевқа, 2007 жылы Азамат Жұмəділовке, 2008 жылы Бақытжан Ертаевқа, 2011 жылы Ғазиз Байтасовқа жəне 3 жыл өткен соң, 2015 жылы Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағы беріліпті.

Осы тізімдегілердің кейбірін шынында да есте тұтпағандай көрінеміз. Мысалы, Азамат Жұмəділов пен Александр Христенко кім? Юрий Маленченко мен Алексей Кулаков кім болған? Мурдин Таипов пен Аким Атмачиди ше? Мəулен Қалмырза мен Александр Капоринге бұл атақ не үшін берілді? Шапық Шөкинді атақты ғалым ретінде танығанымызбен, ерекше істерін еске түсіргенде бүгінгі ұрпақ мүдіріңкіреп қалатыны өтірік емес.

Бақтыораз Бесікбаевтың есімі аталмағанына 20 жылдың жүзі болыпты. «Халық қаһарманы» атағы оларға қандай ерлігі үшін берілді? Олардың ерліктерін бүгін неге еске алмаймыз? Ұрпаққа неге үлгі етпейміз?

Жас ұрпаққа арналған басылым болғаннан кейін, сол міндетті өзіміз мойынға алдық. Сонымен, аталмай жүрген «Халық қаһармандары» кімдер? Төмендегі тізімге назар салып көріңіз:

  1. Əкесі «халық жауы» болып айдалып кетіп, балалар үйінде өскен Ахат Күленов Қазақстанның мықты инженер-металлургтерінің бірі болып шықты. Құрамында қорғасыны көп шикізатты өңдеудің жаңа əдісін өндіріске енгізген ғалым. Қарапайым балқытушыдан қорғасын-мырыш комбинатының директоры дəрежесіне көтерілген металлург. Бар ғұмырын Өскеменде өндіріс саласына арнапты. Өз саласында жүзден аса жаңалық ашқан деседі. Кезінде өзі мұрындық болып салдырған Металлургтер кенті ресми түрде Күленов кенті деп аталыпты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Ахат Күленовке Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағы 1994 жылы беріліпті.
  2. Алексей Кулаков Екінші дүниежүзілік соғыста жан аямай Отан қорғаған батырларымыздың бірі. Жараланып қалған взвод командирінің орнына қол бастап, жауынгерлерді шабуылға көтереді. Жаудың дзотын жəне пулеметшілердің екі нысанын ат-көлігімен қоса жойғаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылыпты. Бірақ, ол атақ түрлі себеппен Алексей Карповичке бұйыра қоймапты. Контузия мен жарақатына қарамастан, жорық жолы Польшаға дейін жалғасқан екен. Арада 50 жыл өткеннен кейін 1995 жылы Алматыға шақырылып, Президент Н.Назарбаев Кулаковқа «Халық қаһарманы» атағын тапсырды.
  3. Мурдин Таипов та 1941 жылы əскер қатарына шақырылады. Атақты №316-гвардиялық Панфиловшылар дивизиясының құрамында Мəскеуді қорғайды. Белоруссияны, Балтық жағалауы елдерін, Шығыс Пруссияны, Польшаны, Чехословакияны, Венгрияны азат етуге қатысады. Онымен де қоймай, ақыр соңында жапон соғысына аттанады. Төрт рет жарақаттанып, төртеуінде де аман қалады. Еліне оралып, қарапайым мұғалім болып қызмет етеді. «Халық қаһарманы» атағын 1995 жылы алды.
  4. Александар Капорин де Кулаков пен Таиповтың тағдырын қайталаған жауынгер. Қызыл Армия қатарына алынып, соғысқа кетеді. Донецк өзенінен өткенде ерекше ерлігімен көзге түсіп, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Сонда дивизиядан тірі қалған 18 адамға тегіс награда беріліпті. Украинаны, Румынияны, Польшаны азат етуге қатысқан. Жаумен бетпе-бет келіп, пулеметшілерді  жою операциясын жүзеге асырып отырған. Александр Капорин елге оралған соң Алматыдағы қаржы-экономика техникумында оқып, туған жерінде еңбек етіпті. «Халық қаһарманы» атағын 2005 жылы соғыстың 60 жылдығы қарсаңында алды.
  5. Бақтыораз Бесікбаев фашистердің механикаландырылған колоннасына тура бағытталып жарылған бомбалаушы ұшақтың ішінде болған. Қиян-кескі шайқаста Маслов командирлік еткен ұшақты Гастеллонікімен шатастырып алғандар «Гастелло ерлігін» жырлай бастайды. Он жыл өткеннен кейін Гастеллоны орталық зиратқа жерлемек болып бейітін қазғанда, бейіт Гастеллоныкі емес, Масловтікі болып шығады. Оны айғақтайтын Масловқа тиесілі бірнеше заттар табылыпты. Бұл жағдайды дəлелдемек болғандардың талпынысынан ештеңе шықпайды. Өйткені, жарлықты бұзуға болмайтын дəуір. Осылайша, бұл ерлік жөніндегі ақиқат айтылмай қалады. Арада сарсаңды 55 жыл өткеннен кейін шындықтың беті ашылып, Маслов экипажының мүшелеріне «Ресей Батыры» атағы беріледі. Бақтыораз Бесікбаевтың сол құрамда болғаны туралы мəлімет Қазақстанға да жетіп, 1998 жылы «Халық қаһарманы» атағына лайық деп табылады. Жанашыр азаматтардың жетекшілігімен Бақтыораз туралы біраз мəлімет жиналады. Əу баста Іле ауданында дүниеге келген деп көрсетілгенімен, кейін Балқаштың Жиделісінде туғаны анықталады. Құжатта Бахтурас Бескбаев деп бұрмаланып кеткен аты-жөні Бақтыораз Бесікбаев болып шығады. Осылайша қиянда елеусіз қалған қазақтың ұлы кеш те болса жасаған ерлігіне лайықты бағасын алды.
  6. Мəулен Қалмырзаев Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданының Шымқорған ауылында дүниеге келген. Басқа да наградаларымен бірге І дəрежелі Ұлы Отан соғысы ордені бар. 1942 жылы ауыр жарақат алып, бір жыл госпитальде жатып, І топ-тағы мүгедек болып, елге оралады. Өзі басқарған кеңшарды үздік жетістіктерге жеткізгені үшін Ленин орденімен марапатталады жəне Қазақстанның Еңбек сіңірген зоотехнигі атанады. Шу өзеніне көпір салынуына мұрындық болып, ол көпір 2012 жылы Жеңіс күні қарсаңында Мəулен Қалмырза атымен аталған екен.
    Оның атында Шымкент қаласында көше бар. «Халық қаһарманы» атағы 2005 жылы Жеңістің 60 жылдық мерекесінде берілген. «Халық қаһарманы» атағын алғаннан кейін бір айдан соң дүниеден өтті. «Менің атам абыройлы өмір сүрді, мұқтаж жандарға əрдайым көмектесті, өте жомарт əрі қазыналы адам еді», – дейді Мəулен Қалмырзаевтың ұрпағы Маржан Қалмырзаева.
  7. Атырау облысында дүниеге келген қайсар қыз Хиуаз Доспановаға берілген «Халық қаһарманы» атағы соғыста қыршын кеткен қазақ қыздарына қойылған ескерткіш іспетті десек те болады. Ол ұшқыш болуды бала кезінен армандаған екен. Мəскеудегі əскери-əуе академиясына қабылданбай қалғаннан кейін медицина институтында оқиды. Кейін ұшқыштар дайындайтын училищеге түседі. Атақты ұшқыш əйел Марина Раскова басқаратын 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкінде штурман болады. Аспандағы шайқасқа 300 рет қатысып, 14 рет құлап, төрт рет ауыр жарақат алған қайсар қыздың ерлігі сол кезде-ақ аңыз болып айтылыпты. Соншама қауіп-қатердің арасынан тірі шығып, елге келіп, бейбіт өмірде белсенді қызмет атқарған. Осыдан кейін «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөзге қалай сенбейсіз? «Халық қаһарманы» атағын 2004 жылы алды.
  8. Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа бірінші болып ту тіккенін дəлелдеуге қаншама жыл кетті десеңізші! Соғыста алдыңғы шепте жүрді жəне «Гитлердің үйіне» бірінші болып кірді. «Гитлер үйі» мен Рейхстагтың арасындағы 360 метр жерді қасындағы жауынгермен бірге жаңбырша жауған оқтың астында жеті сағатта еңбектеп өтті. Рейхстагқа ту тіккен ерлігі үшін І дəрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталды. 2001 жылы «Халық қаһарманы» атағы жары Рахилаға тапсырылды.
  9. Аким Атмачидидің ұлты – грек. Ресейдің Туапсе қаласында дүниеге келген. Ол туған жылы əкесі «халық жауы» болып атылып кеткен. Аким 5 жасында отбасымен Семейге жер аударылыпты. Анасы мен əжесінің табандылығының арқасында отбасындағы барлық бала жоғары білім алыпты. Аким сегізжылдықты бітірген соң құрылыс техникумында оқып, сосын Жамбыл атындағы техникалық институтта экономика факультетін оқыпты. Еңбек жолын темір-бетон комбинатында бастап, тəуелсіздік жылдары Қазақстанның ірі темір-бетон бірлестігін басқарыпты. Жетімдікті де, аштықты да, соғысты да көрген, өзі өмір сүріп отырған мемлекетке адал қызмет еткен адам «Халық қаһарманы» атағына əбден лайық еді. Ұлты грек, жаны қазақ Аким Атмачиди туралы қазақтың тағдырлы бір азаматы: «Ол көптеген жетекшілердің тағдырына ықпал еткен, адал əрі принципті басшының классикалық үлгісін көрсетті», – деп еске алыпты.
  10. Юрий Маленченко Ресей азаматы. Ғарышқа жеті рет ұшқан. Соның бесеуінде ашық кеңістікте болған. 1994 жылы Талғат Мұсабаевпен бірге алғаш рет «Союз ТМ-19» кемесінің командирі ретінде ұшып, 125 тəулік 22 сағат 53 минут, 36 секунд өмірін ғарышта өткізген. Юрий Маленченконы Қазақстанмен байланыстыратын осы кезең ғана. Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағы 1995 жылы берілді.
  11. Ұлты украин Александар Христенко бозбала шағында еңбекке араласып, комбайншының көмекшісі болған. Харьков машина құрастыру училищесінде оқығаннан кейін, Целиноград ауылшаруашылық институтын сырттай бітіріп, жолдамамен Қарағанды облысының Пржевальский ауылына келеді. Қарапайым тракторшы, бригадир болып жүріп, Қазақстанда біржола тұрақтап қалады. Еліміз тəуелсіздік алған жылы Қарағанды ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу совхоз-институтына жетекшілік етіпті. Қазақстанда оның тағдырын қайталаған өзге ұлт өкілдері аз емес. Оған берілген «Халық қаһарманы» атағы біздің ештеңені бөліп-жармайтынымыздың көрінісі болса керек.
  12. Жақында Алматыдағы Левон Мирзоян көшесі Шапық Шөкин көшесі болып өзгертілді. «Мирзоянды білуші едік, ал Шапық Шөкин кім?» дегендер болмай қалмады. Павлодар өңірінің Баянауылынан шыққан Шапық Шөкин – Қазақстанда энергетика ғылымының негізін қалаған ғалым. Қарқаралыдағы педагогикалық техникумда оқиды. Сосын Ташкенттегі Ортаазиялық инженерлер жəне ирригация техниктері институтында білім алады. Ол жерден алған білімін Омбы ауылшаруашылығы институтының гидрология факультетінде ұштайды. Үнемі белсенді, қолды-аяққа тұрмайтын жас маман өз қатарының алды болған. Алғаш рет ауылшаруашылығын электрлендіру жөніндегі жауапты қызметті абыроймен атқарады. Соғыс жылдары қауіпсіздік үшін Алматыға көшіріледі. 1943 жылы Қаныш Сəтбаевтың қолдауымен ғылым саласына біржола бет бұрады. Содан энергетика саласында біршама зерттеулер жасайды. Іле өзенінің суы мен энергетика қорын кешенді пайдалану мəселесін зерттеп, Қапшағай бөгені мен Қапшағай су электр станциясын салуға үлкен үлес қосады. Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ету мəселесін Ертіс өзенін бұру арқылы шешуге болатынын дəлелдейді. Мұның өзі Ертіс-Қарағанды арнасының салынуына жол ашады. Сібір өзендерін  Қазақстан мен Орта Азияғa бұру мəселесін ғылыми тұрғыда дəлелдеп, мəселені шешудің тиімді жолдарын ұсынады.  Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтын құрып, оған өзі басшылық жасайды. 1964 жылы Қаныш Сəтбаев дүниеден өткен соң Қазақстан Ғылым академиясының президенті болады. Қазақтан шыққан тұңғыш энергетикке «Халық қаһарманы» атағы 1996 жылы берілді.
  13. Кеудесімен гранатаны жапқан батыр бейбіт заманда да болды.
    2011 жылы Тараз қаласында лаңкестерді құрықтау барысында көпшілікке қарай лақтырылған гранатаны кеудесімен жауып, қаза тапқан Ғазиз Байтасовтың ерлігі санамызды дүр сілкіндірді. 20 жыл бойы құқық қорғау саласында қызмет етіпті. Таразда мемориалдық тақта ашылып, өзі оқыған мектепке есімі берілді, Ішкі істер департаментінің аллеясына ескерткіш орнатылды. «Халық қаһарманы» атағы жұбайына тапсырылды. 
  1. Бұл оқиға Алматы облысының Үштөбе қаласында болды. Макарон цехының бір бөлмесін үш баласымен паналап жүрген жалғызбасты ананы өрттен құтқарып қалған лейтенант Азамат Жұмаділовтің жасы сол кезде 23-те екен. Цехтың шатырынан будақтаған түтінді көрген ол, анасының «бармашы да, бармашы» деп жармасқанына қарамай, темір қақпаны құлпысымен қоса жұлып тастап, іште ештеңеден сезіктенбей, қаперсіз ұйықтап жатқан балалар мен анасын кезекпен далаға алып шығып, өрт сөндірушілерді шақырады. Өзі ерлік жасамадым деп ойласа да, оның ісі кеудесін оққа тосқан жауынгердің ерлігінен еш кем емес. 2007 жылы мемлекеттік наградаға ұсынылып, «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Иə, «Халық қаһарманы» атағын алған 26 адамның бар өмірін ақтарып шығу біраз уақытты алады. Олар туралы тереңнен қозғап айта алмай жатсақ, айып болмас. Біз тек көп айтылмай, жазылмай кеткендердің өміріне тоқталып, ерліктерін еске алып қойғанды жөн көрдік. Əзірбайжан Мəмбетов пен Нұрғиса Тілендиевтің, Роза Бағланова мен Қасым Қайсеновтің, Тоқтар мен Талғаттың, Сағадат Нұрмағамбетов пен Мұхтар Əлиевтің, Мұхтар Алтынбаев пен Бақытжан Ертаевтың, Қайрат Рысқұлбеков пен Айдын Айымбетовтің «Халық қаһарманы» атағын не үшін алғанын бүгінде тəптіштеп айтып жатудың өзі артық секілді.  Тəуелсіздіктің алды-артында қазақ халқына лақтырылған тас солардың да басын жарды, қазақтың басына түскен қиындық солардың да мойындарына артылды. Қай-қайсысы да халықтың қайғысы мен қуанышын тең бөлісіп, тəуелсіздігіміздің нығаюына өлшеусіз үлес қосқан адамдар. Ел болып еңсе көтеруімізге Олжас Сүлейменов пен Əбіш Кекілбаевтар үлес қоспады деп те айта алмаймыз, мысалы. Оларға Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Осының өзі-ақ «Халық қаһарманы» атағының орны да, жөні де бөлек екенін көрсетсе керек. Əбіш Кекілбаев небір қиын кезеңдерде тұңғыш Президентіміздің қасынан табылды. Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» қозғалысын құрып, ядролық сынақ алапатын ауыздықтауда Елбасының қолын ұзартты. Кейбір ақпарат құралдары Бауыржан Момышұлы да «Халық қаһарманы» атағын алды деп жазып жібереді. Шын мəнінде жұрт Бауыржан Момышұлына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, тарихи əділеттілік қалпына келтірілгенін шатастыратын сияқты.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2017

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз