– Үйдегі тəртіп жақсы болды, ана тəрбиесінде өстік. Əкемнің түрəлпеті толық есімде жоқ. Əйтеуір, соғысқа кетіп бара жатқанда, терлеп тұрып жоғары көтергені есімде.  Мен бұл қоғамға 4 жасымнан мүше болдым. Жұмыс істедім. Маған көп нəрсе берген де осы жағдай шығар. Еңбектің бағасын, нанның дəмін, мұқтаждықтың не екенін білемін. Сөйтсе де, балалық шақтың өз қызығы болды. Əкем əулетін жалғастырар ешкімнің жоқтығына налыған күйі соғысқа аттанды. Ауылда дəрігер жоқ еді. Баласы болса хал үстінде жатыр. Шешем сынапқа ұнды араластырып, Құдайға сыйынып, маған ем ретінде беріпті. «Қорғаушы періштем бар» деп айтып жүремін. Сол қорғаушым құтқарып қалыпты. Ол – Ысқақ атам. Актер болуыма досым Райымбектің көмегі болды. Екеуміз бір-бірімізді 15 жасымыздан танимыз. Алматыға келдік. Қайда тапсыратынымызды білмейміз. Газеттен консерваторияда театр мен кино актерін дайындайтын бөлімнің ашылғанын оқыдық. Райымбек бала кезінен өнерге жақын еді. Газеттегі жарнаманы оқып, театр факультетіне бірден оқуға түсті. Ұзын бойлы, сары жігіт еді. Асқар Тоқпанов староста етіп қойды. Ол кезде оқуға күніне 3-4 баланы қабылдайтын. Бір күні Асқар Тоқпановты Райымбек үйге алып келді. Мен жүгіріп шай қайнатып көмектестім. «Əй, Райымбек, мына бала қайда оқиды?» – деді Асқар ағамыз.  «Сельхозда» деді. Мен бұл кезде ауыл шаруашылығы институтына түсіп қойғанмын. «Мына баланы ертең дайындап алып кел. Көп болса қазақта бір агроном кем болар», – деді.

Қазақ киносының асқар тауы Асанəлі Əшімов 80 жасқа толды. Актердің туған күні қарсаңында «Қазақфильм» киностудиясы біраз игі шараны қолға алыпты. Соның бірі – «Шарайна – шындық шебері» атты деректі фильм. Фильм осыдан бес жыл бұрын түсірілген екен. Актердің туған күніне орай қазақ тіліне аударылып, көрерменге қайта жол тартыпты. Тұсаукесерге біз де барған едік. Фильмді актермен қатар отырып көрдік. Бір жыладық, бір күлдік. Актердің балалық шағы, отбасылық өмірі мен кино өнеріне келуі сөз болды. Əсіресе, қос құлыны Сағи мен Мəдидің тағдырын айтқанда, қайран əке күңіреніп кетті… «Деректі фильмді өзім де бірінші рет көріп отырмын. Мен туралы 4-5 деректі фильм бар. Соның ішінде сəтті шыққаны деп айта аламын. Көңілімнен шықты. Көрерменге ұнаса болды. Бұл шығармашылығымдағы бір белес деп есептеймін. «Қазақфильм» 56 минуттық тағы бір фильм түсіріп жатыр. Бұл картина «ЭКСПО-2017» аясында халықаралық театр фестивалінде көрсетіледі», – деді актер. Тарлан актердің тағдыры неге қиын болды? Экраннан неге көрінбей кетті? Деректі фильмде не айтты? Осы сауалдарға жауап іздедік…

Райымбек «Жас гвардия» деген романнан Олег Кошевойдың монологын түнімен жаттатты. Ертеңіне емтихан тапсыруға келдік. Төрт адам отыр, екеуі соқыр, біреуі жуан. Дір-дір етіп, айтып шықтым. Бір соқыр: «Бұл бала ауыл шаруашылығында оқиды екен, оқуын жалғастыра берсін», – деді. Екінші соқыр жай ғана: «Бала жас қой, үйренеді ғой», – деді. «Үйренеді ғой» деп айтқан Ахмет Жұбанов екен. Анам «Алматыға бар, ит оқу болса да түс» деп жіберген. Үйге барғасын анама «ит оқуға түс деп едіңіз, міне, түстім» дедім. Қайтсем де Алматыда қалғым келді. Əрнəрсеге таңғалып, қарап… Сол таңғалу мені тез өсірді. 10-сыныпты бітіргендегі ойлау қабілетім қазіргі жастардың жоғары оқу орнын бітіргендегі сана-сезімімен бірдей болды.  Актерлерді онша қаламайтынмын. Ауылға келгендерін көрем ғой. Əкемнің інісі ашуланып: «Бұл не сұмдық? Біздің тұқымда əртіс жоқ еді», – деп ренжіді. Сол ағам халық əртісі атағын алғанда ғана мойындады.

Бала кезімде «Амангелді» фильмін 100 рет көрген шығармын. Кино қай ауылда болса, сонда барамын. Құдайдан «осы жолы Амангелді тірі келсе екен» деп сұраймын. Сол Амангелдіні ойнаған Елекеңді (Елубай Өмірзақов) көргенде таңғалдым.

Мұхтар Əуезовті бірінші рет көргенде есім шығып кетті. Театрда спектакль басталып кеткен. Бір шетте отырғам. Бір кезде жарық жанып, ел үзіліске шыға бастады. Үстінде тік жағалы ақ жейдесі бар Мұхаң кетіп барады. Дəл менің жанымнан өтті. Біртүрлі болып кеттім. Əйтеуір, ізінен жүргенімді білемін. Ол кісімен көп кездескем жоқ. Бір-екі рет дастарханда бірге отырдық. Мұхаң отырған жерде орынсыз əзіл айтылмайтын. Оған өзі де құмар емес еді. Айтылса да салмақты, сол заманның əңгімесі сөз болатын. Ондай адамдар енді тарихта болмайды. Олар алтын ғасырда өмірге келген. Мұхтар Əуезов келешекте көркем фильм кейіпкеріне айналатын адам.

Шəкен Айманов – өмірдегі, өнердегі ұстазым. Сол кісіден көп үлгі алдым. Қандай орта болса да, тез ортақ тіл тауып кететін. Қанша жерден ұнатпай тұрған адам болса да тіл табысатын. Сондықтан да ол барлық ел үшін «Шəкен аға».

МАЙРА МЕНІҢ ӨМІРІМ ЕДІ…

Менің осындай дəрежеге жетуім Майраның арқасы. Үйдегі режиссерім еді. Мені дайындайтын. 35 жыл тату-тəтті өмір сүрдік. Менің адамшылыққа түзу кеткенім де солардың арқасы. Бұл менің бақытым, тағдырым. Шешем 44 жасында қолымызға келіп, 87 жасында қайтыс болды. Ол кісінің денсаулығымен 100 жасайтын еді. Əттең, екі немересі алып кетті. Əсіресе, Майра кеткенде қатты қиналды. Екеуі құрбы сияқты еді. Көбіне Майраны қоштайтын. Шешесін алды. Алты  жылдан кейін екі ұлды алды. Олардың соңынан анам кетті. Жалғыз қалдым… Өмірді қайта бастағандай болдым. Оңашада есікті жауып алып жыладым. Майрамен таудың арасында жүретін жеріміз бар еді. Сол жерге барып, «Майра!» деп айқайладым (күрсініп). Ешкімнің басына бермесін. Екі ұлдың ауырмай-ақ бір жылда кетуі маған əлі күнге дейін жұмбақ. Сағи ел есінде Шоқан рөлінде қалды. Інім сияқты еді. Шешемнің тəрбиесінде болғаннан кейін мені «аға» дейтін.

«МЕНІҢ ӘКЕМ – АСПАН»

Ауылда мешіт салдым. Мешітті ашып жатқанда күннің жанынан шапақтар түсті. Құдық қазғанда да тұщы су шықты. Негізі ауыл-да тұщы су жоқ. Бірде дауыл соғып, мешіттің алдында сəл тұрып, былай айналып сол маңдағы үйді құлатып кетіпті. Мешітті ашқанда ауылдан хабарласып: «Аға, атаңыз келді. Жанында ұл бала бар», – деді. Бір жылдан кейін ұлым Асанəлі өмірге келді.

Балам əртістерді жақсы біледі. Өзі өлең оқығанды жақсы көреді. «Сіздің жолыңызды таңдаса, қарсы болмайсыз ба?» деп сұрайды. Ол өз таңдауын жасайды деген ойдамын.

Бірде ауруханада жатқанмын. Балам анасына ойланып жатып былай депті: «Ана, əкемді сағындым. Менің əкем – аспан. Ал сен – айсың. Мен кішкентай ғана күнмін. Жұлдыздар біздің туысқандарымыз».

Жұбайым Бағдатпен қиын күнде жолықтым. Мамандығы – дəрігер. Бір рет ажалдан құтқарып қалды. Жоғары қабатқа көтерілгенім есімде. Бағдаттың қан қысымымды өлшеп, «өлмейсің» деп айқайлағанын білемін. Егер ол келмесе, жүріп кетер ем. Сөйтсем, қан қысымын түсіретін дəріні екі рет ішіп қойыппын…

Өлімнен қорықпаймын. Шəкең сияқты азаматтар кетті. Анау өмірде мені күтетін адамдар көп. Ол өмірге мен бала боп барамын. Орта жас. Балаларыммен кездесемін…

Тəуелсіздік алмай тұрып ағамыз «Аждаһа жылан» деген кино түсірген. Өкініштісі, бұл фильм көп көрсетілмей кетті. Еркіндік, бостандық сөз болады бұл кинода.

10 ЖЫЛДАН КЕЙІН ЕСКІРІП ҚАЛАДЫ

Сақалымды көріп, шошыған боларсыңдар. Жақында шалдың рөлін ойнаймын. Шадияровтың, Ка мырзаның жалғасы десек те болады. Араламаған жері, білмейтін нəрсесі жоқ. Қаланың шаруасы басын ауыртып, басқа жаққа кетіп қалады. Негізгі идея өзімдікі. Сценарий авторы – Қуат Ахметов. Осы жұмысты бітірсек, мен үшін үлкен еңбек болар еді. Театрда спектакль қоямыз деген ойым бар.

Қазіргі қазақ киносы жайлы ойым жақсы. Талантты балалар бар. Бірақ, шабандау. Сериалдар көп түсірілетін болды. Ол жеңілжелпі нəрсе. Дəл қазіргі уақытта бізге тарихи кино түсіру қажет. Ел үкіметі киноны қолдаса, талантты балалар міндетті түрде шығады.

Сырт қарағанда актердің өмірі қамсыз, қызық болып көрінуі мүмкін. Актер кейіпкерінің авторы да бола білуі керек. Кинода «подтекст» деген болады. Яғни, «сүйем» деп тұрып жек көретінін білдіруі керек. Көп актерлер олай ойнамайды. «Сүйем» десе, ашық «сүйем» дейді. Шекспирге 450 жыл болды. Оның ұзақ өмір сүруінің себебі неде? Ол драмада алаң қалдырады. Яғни, еркіндік бар. Біздің драматургтер бəрін тығып жазып қояды, ойнайтын нəрсе жоқ. Ол дүние 10 жылдан кейін ескіріп қалады.

Болат ƏБДІЛМАНОВ, актер:

Сағи мені «Қазанбас» дейтін…

Алматы қаласындағы кинотеатрлар мен «Еларна» телеарнасында бір ай бойы Асанəлі Əшімовтің кинолары көрсетіледі. Бұл да үлкен мəртебе. Асанəлі аға өмірде, өнерде адамның өмір сүру үлгісін көрсетті. Үлгі тұтатын тұлғаны сырттан іздеудің қажеті жоқ. Мəселен, өзіңді өмірге əкелген ананы қалай құрметтеу керек? Ол кісінің анасын əже дейтінбіз. Əжеміз қолына қамшысын алып, үйдің ішінде ағамызды қуып жүретін. Ағамыз  үстелдің астына кіріп кетіп, шықпай қоятын. Асанəлі ағаның ұлы Сағимен бір топта оқыдым. Үйіне жиі баратынбыз. Студенттің ойлайтыны – қарнының тоқтығы. Тоңазытқышты ашқанда, көзім қазы-қартаға түседі. Енді жейін деп жатсам, Сағи: «Əй, қазанбас, мынаны же», – дейді. Қалжыңдап мені «қазанбас» дейтін.  Жеп көрсем, сабын сияқты. «Мынаның бір қасығы қазыдан екі-үш есе артық», – дейді Сағи. Сөйтсем, ол уылдырық екен. Үйдің ауласына шықсақ, асқабақ көп екен. Ауылда асқабақты тек сиырға береміз ғой. «Мыналар мал ұстай ма?» деп жан-жағыма қарап қоямын. Сөйтсем, қалалықтар асқабақты тамаққа қосады екен. Сағи кино өнерінде Шоқандай сырғып өтті. Мемлекеттік сыйлық алды, ел таныды. Асанəлі Əшімовтің баласы, Шəкен Аймановтың жиені. Десе де, əскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеді. Қандай керемет үлгі?! Ағамыз қанша қиындық көрсе де, əдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп отыр. Не ексең, соны орасың. Жан жүрегіңмен жақсылық жасасаң, соның бəрі қайтып келеді. Кəрілік жеткенде қандай адам болғаныңды білесің. «Адамда жақсы қасиет болса, бақ та, бақыт та қонады»  дейді Жүсіп Баласағұн. Осыншама қайғы мен қуанышты көтеріп жүру үшін де адамға парасаттылық, рухани байлық керек. Театр мен кино – егіз ұғым. Кейде əртістер киноға көп көңіл бөліп, театр қалып қояды. Ал ағамыз екеуін де қатар алып жүр. Кезінде Одаққа 15 мемлекет мүше болды. 4 жылда бір рет КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілетін. Ресейде қаншама театр бар. Осы сыйлық қазақ театрында сахналанған «Қан мен тер» спектакліне берілді. Ол сыйлық Оскардан əлдеқайда артық.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан газеті, №20

16 мамыр, 2017 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз