Мансұр Құтыбаев 27 жаста. Дүниежүзіне танымал «Google» іздеу жүйесінде қызмет етеді. Жұмыс орны – Польшаның Варшава қаласында. Ол физика пәнін әкесінің қалауымен таңдаған. Ал  ақпараттық технологиялар саласы – өз қызығушылығы. Әлемге әйгілі компанияның жас қызметкері жұмысының тыныш, жағдайының жақсы екенін айтты. Бірақ Қазақстанды сағыныпты. Мансұр ағаларың Алматы қаласында дүниеге келген.

«Алматыдағы №14 орта мектепте 5-сыныпқа дейін қазақ тілінде оқыдым. 6-сыныптан бастап №165 техникалық лицейде орыс тілінде білім алдым. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне информатика мамандығы бойынша оқуға түстім. Магистратураны IT индустрияда халықаралық деңгейде танылған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде «Есептеу техникасы және бағдарламалық жасақтама» мамандығы бойынша аяқтадым», – дейді өзі туралы.

–  IT саласын таңдауыңызға не нәрсе түрткі болды?

– 11-сыныпта оқып жүргенімде бұл саланы болашақ мамандығым ретінде таңдаймын деген ой болған жоқ. Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуде таңдаған пәнің мамандығыңа әсер етеді. Ал мен физика пәнін таңдадым. Мамандық таңдауда әкемнің ықпалы орасан болды. Екінші курста университет ішінде ақпараттық жүйелерге байланысты жарыс өтті. Талантты студенттерді халықаралық 1/4 финалға командалық құрамға іріктеді. Группамызға  жарыс жөнінде хабар келді. Барлық студенттер баруға міндеттелді. Оған қатысуға онша ниетім болған жоқ, одан гөрі қыдыруды ойладым. Тек сабақтан босататынына ғана қуандым. Жолда мені декан ұстап алып, еркімнен тыс жарысқа алып барды. Ол жерде есептер шығардық. Мені команда құрамына қосты. Осылай бұл саладағы алғашқы қадамым басталды.

– «Google» компаниясының Польшадағы бөлімінде жұмыс істеп жатырсыз. Бұл қызметке қалай келдіңіз?

– Халықаралық ақпараттық жүйелерге байланысты олимпиададан кейін танысым Әзизханмен хабарластым. Ол «Google» компаниясында жұмыс істейтін. Мені сол жерге ұсынып көруін өтіндім. Ол жұмысқа қабылдайтын адамдармен сөйлесіп, резюмемді көрсетті. Көп кешікпей поштама хат келді. Әңгімелесу үшін компанияға шақырыпты. Ең алдымен кездесуге дайындық ретінде материалдар жіберді. Видео, әртүрлі құжаттар секілді. Жіберілген барлық мәліметпен таныстым. Осыдан соң процесс басталды. Ол телефон арқылы жүзеге асты. Берілген мәліметтер бойынша гугл қызметкерлері сұрақ қойып отырды. Мен жауап бердім. Бұл кезең сәтті аяқталып, компанияның Швейцариядағы офисіне сұқбатқа шақырылдым. Бір күнде бес сұқбат, одан кейін арнайы жұмысқа қабылдаушы бөліммен тағы бір әңгімелесу болды. Осыдан соң олар маған таңдауға бірнеше команда ұсынды. Барлық командамен сөйлестім. Әңгімелесу барысында Польшаның бір адамымен таныстым. Маған осы құрам ұнады да, қатарларына қосылдым. Бұл команданың жұмысы Варшавада болатын. Польшаға осылай келдім. Екі жарым жылдан бері келісімшарт бойынша жұмыс істеп жатырмын.


«Google» компаниясы туралы неше түрлі репортаждар, материалдар, тіпті фильм де бар. Ішінде жүрген адам ретінде сізден де сұрасақ. Бұл компанияда жұмыс істеу үшін қандай талаптарға сай болу керек? Гуглда неше адам жұмыс істейді өзі?

– «Google» компаниясында қызметкерлер өте көп. Нақты қанша адам бар екені есімде жоқ. Шамамен барлық мемлекеттегі филиалдарындағы адамдар саны он мыңнан асады. Арнайы, ерекше талап жоқ. Қызметкерлерге қойылатын талап бірдей. Міндеттелген кез келген жұмысты жауапкершілікпен орындап, компанияға пайдаңызды тигізсеңіз болғаны.

Көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Әлемдік деңгейдегі ірі компания болса да, мұнда жұмыс істеу қатты қиын демес едім. Қызмет жолында көтерілгісі келетін кез келген адам біраз сатыдан өтіп, бар күш-жігерін салып, еңбек етуі керек. Осы жолдағы әр сатыны бағындыру үшін мүмкіндігінше өзіңді жан-жақты көрсету қажет. Жоғарыда айтқанымдай, компания игілігі үшін қызмет ету – ең маңызды талап. Ал күнделікті тапсырмаларды орындау ешқандай қиындық туғызбайды.

– Қазақстанның IT саласына қандай баға бересіз? Біздің әлсіз тұсымыз қайсы?

– Қиындау сұрақ. Негізі Қазақстанның әлсіз тұсы көп. Менің байқауымша, біздегі мықты мамандар шет елге кетіп қалып жатыр. Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы оқыту жүйесінде кемшілік бар. Барлық салада солай демеймін, ақпараттық технологиялар саласы бойынша білім өте әлсіз.

– Бұл салада қызмет атқаратын маманға қойылатын талап немесе маманның бойынан табылуы керек қасиеттер?..

– Барынша өзіңді тез жетілдіріп, ақпараттық ортаға аз уақыттың ішінде үйренісіп кету абзал. Технологиялық саладан база болғаны өте маңызды. Ақпарат арқылы жұмыс істейтіндіктен, әр нәрсенің орнын білуге тиіссіз. Логикалық дүниелерді шешетін, математикалық әдістерді пайдаланатын кездер де болады. Сол себепті ойлана алу керек. Ағылшын тілін білгеніңіз өзіңізге жақсы. Әсіресе шетелдік компанияларда қызмет ететін болсаңыз, тілді білу жеңілдік туғызады. Технология тілі мен ең көп ақпарат ағылшын тілінде екені бәрімізге мәлім.

Осы салаға қызығушылық танытып жүрген жастарға айтарым, уақытты босқа өлтірмеңіздер. Мен көп уақытымды жоғалтып алдым. Өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Оқуға көп көңіл бөлу керек. Тек университетте алған біліммен шектеліп қалмаңыздар. Жаһандық жаңалықтардан хабардар болу маңызды. Әлемдік трендтерді бақылаңыздар. Қазір бүкіл ақпаратқа қол жеткізу оңай. Қазақстандық студенттер ақпаратқа еркін жету үшін ағылшын тілін білгені дұрыс.

Жұмысыңыз табысты болсын, әңгімеңізге рақмет!

Əңгімелескен
Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті

Ұлан газеті», №42
16 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз