Іңкәр Бекіш – Freie Univeritat Berlin оқу орнының 2-курс студенті. «Кәсіпорын экономикасы» мамандығында оқиды. Іңкәр Астана қаласындағы №46 неміс мектебін бітірген.

–Мектеп бітіргеннен кейін Германиядағы Марбург қалашығына барып, шетелдік студенттерді жоғары оқу орнына дайындайтын курсқа құжат тапсырдым. Бұл жерде неміс аттестаты беріледі. Неміс аттестаты болмаса, ешқандай университетке тапсыра алмайсың. Қазақстанда 11 жылдық білім беру жүйесі болса, мұнда 12-13 жыл оқиды. Сол себепті қалған екі жылды осы жақтан оқыдым. Курсты үздік аттестатпен аяқтаған соң, Германиядағы қалаған жоғары оқу орнына тапсыруға мүмкіндік туды, – дейді Іңкәр.

Марбург – Лен өзенінде орналасқан Гессен штатындағы университеттік қала. Қаланың бай тарихы оның архитектурасында көрініс табады. Туристер мұнда құлыпты, готикалық шіркеуді және басқа да ежелгі көрікті жерлерді зерттеуге келеді. Бұл сондай-ақ ірі студенттік орталық. Себебі 1527 жылдан бері Марбург қаласында әлемдегі ең ескі протестант университеті жұмыс істейді. Марбург – жастардың қаласы.

Астанадай үлкен қалада туып-өскен кейіпкеріміз Марбургте қалғысы келмеген. Германияның астанасы Берлиндегі жоғары оқу орындарының бірін таңдаған. Университет атауы қазақ тіліне аударғанда «еркін» деген мағынаны білдіреді.

Freie Univeritat BerlinГерманиядағы білім мен ғылым орталықтарының бірі. 1948 жылы негізі қаланған. Жоғары рейтинг, қуатты ғылыми-зерттеу базасы және студенттер санының көптігімен (соның ішінде шетелден келген студенттер көп) ерекшеленеді. Гуманитарлық, әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдары бойынша білім береді.

– Қазақстан мен Германияның білім беру жүйесінде айтарлықтай айырмашылық бар. Қазақстанның университеттерінде оқып көрген жоқпын, бірақ Алматы мен Астанада оқитын достарымның әңгімесінен білемін. Мысалы, біздің елде университет бекіткен сабақты қаласаң да, қаламасаң да, оқуға міндеттісің. Ал мұнда таңдау еркі өзіңде. Бұл жақта «топ», «курстас» деген ұғым атымен жоқ. Тек өз еркімен жиналған үлкен топтар ғана бар. Студенттер қай профессордың лекциясына немесе семинарына қатысқысы келсе, сабақ кестесін ыңғайлап алып, емін-еркін келіп қатыса алады. Бұл жүйе біздің оқу үлгерімімізге немесе бағамызға ешқандай әсер етпейді. Мамандығыма қатысты сабақтың өзіне де қызықтырмаған жағдайда бармауға құқылымын. Ең бастысы, қорытынды емтихандарды жақсы тапсыру керек, – дейді Іңкәр.

Іңкәрдің айтуынша, емтихан тапсырғанда студентке үш рет мүмкіндік беріледі. Үш ретінде де тапсыра алмай қалса, оқып жатқан мамандығы бойынша Германиядағы ешқандай университетте оқуын жалғастыра алмайды екен. Емтихандарды қайта тапсыру – тегін. Біздегідей жазғы маусымға қалып, ақша төлеп оқу деген жоқ.

– Германияда тек қана тегін оқисыз, ақылы оқу деген атымен жоқ. Семестр сайын университетке 200-300 еуро төлейміз. Бұл ақша оқу орнының жарығына, сабақ барысында бізге берілетін тапсырмаларды шығару үшін қажет қағазға,  парта немесе тағы басқа материалдарға, яғни бізге қажет заттарға жұмсалады. Әр адам өзі үшін оқиды. Профессорлар оқуға тиіс кітапты және тақырыпты ғана айтады. Қалғанын өз бетіңмен оқып аласың. Сол себептен де студенттердің басым көпшілігі кітапханада отырады, – дейді Іңкәр.

Кейіпкеріміз лекция тыңдағаннан гөрі, кітапханаға барып тапсырма орындағанды дұрыс көреді. Белгілі бір профессорлардың сабағына қатысумен шектелмей, әрі қарай өз бетінше ізденеді. Оқытушының айтқанын сол күйінде қайталап айтып беру деген бұл жақта жоқ.

Іңкәрдан Қазақстан мен Германияның арасындағы өзге де айырмашылықтар туралы сұраған едік. Бұл сауалымызға былайша жауап берді:

Екі елдің менталитеті екі түрлі. Адамдардың өзін ұстауына дейін мүлде басқа. Бізде біреуден көмек сұрай қалсаң, жай ғана көмектесе алады. Ал мына жақта біреуге көмектессең, кейін маған да көмектеседі деген ой болады. Германияда жүргеніме үш жыл. Бұл жақтың менталитетіне үйреніп қалған сияқтымын. Кейде түсінбейтін кездерім де болады. Қазақстаннан оралған кезде ыңғайсыз жағдайлар болып тұрады. Біздің жақта жоспарлау деген жоқ. Ал мұнда керісінше, бәрі жоспармен жүреді. Мәселен, дәл қазірдің өзінде қаңтар, ақпан айларының белгілі бір күндеріне жоспарым жазылып тұр. Бұл осы елдегі артықшылықтың бірі деп ойлаймын.

Жастар туралы айтсам, маған қазақстандық жастардың өзін-өзі ұстауы, құндылықтары ұнайды әрі жаныма жақын. Берлиндегі достарымның көпшілігі Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Беларусь секілді елдерден келген орыстілді студенттер. Мұнда да жаман әдеттерге әуес, уақытын бос өткізетін жастар бар. Сонымен бірге, спортпен жиі айналысатын, ғылым-білімге құштар жандар да жеткілікті.

Іңкәрдың айтуынша, Германияда қарапайым студенттерге ешқандай шәкіртақы берілмейді. Құжаттар жинап, арнайы шәкіртақы алуға болады. Германияда да Қазақстандағы «Болашақ» сияқты бағдарлама бар. Ол жерде студенттерге шәкіртақы беріп, барлық жағдайды жасайды. Ондай шәкіртақымен оқығандар диплом алғаннан кейін белгілі бір уақыт аралығында мемлекетке қызмет етуі тиіс.

Іңкәр қазақстандық екі студентпен бірге пәтер жалдап тұрады. Пәтер иесі де бұлармен бірге тұрады екен. Егер уақыты артылып, мүмкіндігі болса, студенттердің жұмыс істеуіне де болады. Дәл біздегідей даяшы бола алады, тіпті, мамандығы бойынша жұмыс істейтіндер де бар екен. Үш жылдан бері елден жырақ тұрып жатқан Іңкәр қазақстандық замандастарына былай дейді:

«Мектеп бітіргеннен кейін өз беттеріңмен өмір сүріп үйреніңдер. Өздерің ақша тауып, өз-өздеріңді қамтамасыз етуді біліңдер. Осының арқасында өзіңе деген сенім пайда болып, жауапкершіліктерің артады».  

Іңкәр алдағы жоспары туралы ашып айтпады. Оқуды бітіргеннен кейін елге оралатыны анық. Әрі қарайғысын уақыт көрсетер дейді. Біз Іңкәрдің экономика үшін қажет маман боларына сенімдіміз.

Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті

«Ұлан» газеті, №51
18 желтоқсан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз