Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек бокс тарихындағы ең үлкен жекпе-жектің бірі болғаны анық. «Ғасыр жекпе-жегі» саналған алғашқы кездесу көпшіліктің көңіліне күдік ұялатып, қос спортшы арасында күрмеуі шешілмеген мәселе қалған еді. Дегенмен қос тарап көп уақыт созбай, қарымта кездесу өткізуге уағдаласты. Алайда мексикалық боксшының допинг сынамадан өте алмауына байланысты, 5 мамырға жоспарланған екінші кездесу өтпей, кейінге шегерілген. Бұл жайттан кейін Головкиннің қарсыласына деген көзқарасы бірден өзгерді. Альварестің нағыз чемпион екеніне күмәні бар екенін де жасырмады. «Шешінген судан тайынбас» қағидасын ұстанған отандасымыз 5 мамыр күні Ванес Мартиросянмен (36-3-1, 21 КО) жұдырықтасып, екінші раундта сұлатып салды. Геннадий өзін «қартайды» дегендердің аузына құм құйып, әлі де бір қағары бар екенін тағы да аңғартты. «Егер төрешілер әділ болса, екінші жекпе-жек мен үшін және бокс тарихы үшін өте маңызды болмақ. Меніңше, бұл кездесу уақытынан бұрын аяқталады», – деп сұқбат та берді. Ал Альварес болса: «Головкинді қалай жеңу керек екенін білемін. Бұл жолы бәрі басқаша болады»,– деген болатын. Осы орайда, білікті бапкерлер мен кәсіпқой боксшылардан «Бірінші жекпе-жектегі сценарий қайталануы мүмкін бе? Головкинге тактикалық өзгеріс керек пе? Головкиннің «Канелодан» басым тұстары қандай? Альварестің артықшылығы неде?» деген сұрақтардың төңірегінде сауалнама жүргізіп көрдік.

1. Головкин-Альварес арасындағы екінші жекпе-жектің нәтижесі қалай аяқталады деп ойлайсыз? Тактикалық өзгеріс керек пе?
2. Головкинге Қазақстанда жекпе-жек өткізуге не кедергі?

Мырзағали АЙТЖАНОВ, Ұлттық құраманың бас бапкері:

Кімнің мықты екенін ринг шешеді

1. Бокс мамандары әртүрлі болжам айтуда. Кімнің мықты екенін ринг шешеді. Әрине, біз отандасымыздың жеңісіне сенеміз. Головкиннің Альвареске қарағанда тәжірибесі мол. Екеуінің жекпе-жегін Александр Усик пен Мурат Гассиев арасында болған кездесумен салыстыруға болады. Усик әуесқой бокста жиған тәжірибесінің арқасында бір бас жоғары екенін байқатты. Геннадий де дәл солай «Канелодан» басымдығын көрсетеді деп ойлаймын. Екінші жекпе-жекте 12 раундқа созылуы мүмкін. Бірақ төрешілер екінші мәрте тең нәтиже көрсетіп, әлемді алдай алмайды. Алғашқы жекпе-жекте де отандасымыздың басымдылығы байқалған еді. Бірақ аздап қателіктерге де бой алдырғанын көрдік. Жойқын соққыларын дарытқысы келген Генаны мексикалық боксшы кейбір сәттерде «алдап» кетті. Сол қателіктерімен жұмыс істеп, тактикалық тұрғыдан өзгеріс енгізуі керек. Әрине, Альварес басқа қарсыластарға қарағанда соққысы жойқын әрі жас спортшы. Қалай болғанда да, қос спортшы шаршы алаңда барын салатыны айқын.

2. Нақты не кедергі екенін айта алмаймын. Бұл саланы, шоу-бизнесті америкалықтар билейді. Олар Қазақстанда жекпе-жек өткізу үшін «әкесінің құнын» сұрауы ғажап емес. Кәсіпқой бокстың отаны саналатын Американың талаптары жоғары болуы мүмкін. Головкиннің арқасында Америкада қаншама адам табыс тауып отыр. Осы жайттар да кедергі келтіруі мүмкін. Ал Генаның Қазақстандағы жекпе-жегіне жанкүйерлер де, спорт сарайлары да дайын.

Ермахан ИБРАЙЫМОВ, Олимпиада чемпионы:

Головкинге жылдамырақ жұдырықтасу қажет

1. Геннадийге екінші жекпе-жекте жылдамырақ жұдырықтасу қажет. Джебпен көп жұмыс істеп, іш-бауырына да соққыларды көбірек дарыту керек. Осындай соққылармен шаршатып, қарсыласының тынысын тарылту керек. Альварестің алғашқы жекпе-жектегідей емін-еркін қозғалуына мүмкіндік бермей, бұрышқа тақап шабуыл жасаған жөн. Әрине, Альварес отандасымыздан жас, әрі жылдам боксшы. Дегенмен, 12 раунд қорытындысы бойынша Головкин жеңіске жетеді деп ойлаймын.

Қанат ИСЛАМ, кәсіпқой боксшы:

Головкин нокаутпен жеңіске жетеді

1. Бокста кімнің жеңіске жететінін болжап білу мүмкін емес. Ол сонысымен де қызық. Екі азулы қарсылас жұдырықтасса, екеуіне де оңай болмайды. «Канело» Головкиннің спорттық мансабындағы ең мықты, әрі қолайсыз қарсылас. Сондықтан жекпе-жек тартысқа толы өтетіні айқын. Меніңше, Головкин нокаутпен жеңіске жетеді. «Канелоның» Головкиннен ешқандай артықшылығын көріп тұрған жоқпын. Мәселенің бәрі дайындық пен тәжірибеге байланысты болады.

2. Бұл мәселеге байланысты бір ғана адам шешім қабылдай алмайды. Геннадийдің Америкада келісімшарттары бар. Ол келісімшарттың ішкі мәселесі бізге беймәлім. Сондықтан нақты кесіп айта алмаймын.

Мұхтархан ДІЛДӘБЕКОВ, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері:

Бұл жолы Альварес жеңіске жететін сияқты

1. Екінші жекпе-жекте жеңіске Альварес жететін сияқты. Ол Головкиннен жас, әрі қомақты қаржы әкелетін боксшы. Сондықтан Головкин айқын басымдықпен жеңбесе, төрешілердің бір бүйрегі тағы да Альварес жаққа бұруы мүмкін. Өйткені төрешілер алғашқы жекпе-жекте ақылға қонбайтын шешім шығарды. Головкинге ешқандай тактикалық өзгеріс керек емес. Тек білгенінен жаңылмай, бар мүмкіндігін толық пайдаланса болды.

2. Бізде кәсіпқой бокс жаңадан дамып келеді, аудиториясы да Америкадағыдай ауқымды емес. Сондықтан Қазақстанда жекпе-жек өткізу аса тиімді емес.

Бейбіт ШҮМЕНОВ, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы:

Жекпе-жек кез келген уақытта аяқталуы мүмкін

1. Екеуі де орта салмақтың үздіктері, бір-біріне лайықты боксшы. Альварес Головкин үшін өте қауіпті қарсылас. Екеуінің де соққылары жойқын, сондықтан жекпе-жек кез келген уақытта аяқталуы мүмкін. Бір ғана соққы жекпе-жектің тағдырын шешеді. Альварестің қорғанысы мығым, соққыны да жақсы көтереді. Ол өте ақылды боксшы, әр жекпе-жек сайын қарқыны күшейіп келеді. Ал Головкиннің тәжірибесі толыққан, техникасы да мықты. Головкинге қолдау көрсетіп, жеңіске жетуін тілейміз.

2. Естуімше, Головкин Қазақстанда бірнеше рет жекпе-жек өткізгісі келген. Қаржылай көмек көрсететін демеушілер табылмайынша жекпе-жегін көре алмаймыз. Басты кедергі қаржыға кеп тіреледі. Головкиннің де отанында жұдырықтасқысы келетіні анық.

Қуат ХАМИТОВ, аралас жекпе-жек спортшысы:

Альварес жеңіс тойын тойлай ма?

1. Головкинде бірінші жекпе-жекте нокаутқа жіберетін жақсы мүмкіндік болды. Екінші кездесу қос спортшы үшін де қиын болады. Өйткені бір-бірінің жұдырықтасу мәнерін біліп алды. Бірінші жекпе-жек кезінде: «Головкин Альваресті ұпай санымен жеңу үшін кемі екі рет нокдаунға жіберу керек», – деп айтқанмын. Бұл жекпе-жекте де отандасымыз кемі бір рет нокдаун жасаса жеңіске жетеді. Егер нокдаун болмаса Альварес жеңіс тойын тойлайды. Өйткені Альварес Головкинге қарағанда қаржы көбірек әкеледі. Генаға тактикалық тұрғыдан өзгерістер керек. Абель Санчес отандасымыздың тек нокаутқа көп мән бергенін қалайды. Головкин нокаутты ғана ойламай, әуесқой бокстағыдай бар білгенін жаңылмай жұдырықтасса жеңіске жетеді. Бірінші жекпе-жекте айла-тәсілсіз шабуылға шығып, қарымта соққыларды өткізіп алғанын көрдік. Дегенмен отандасымыз Альвареске қарағанда тәжірибелі, тісқаққан боксшы.

2. Бұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, біздің уақытымызбен Американың уақыты сәйкес келмейді. Яғни, бізде кеш батқанда оларда таң атып, жекпе-жектің көрсетілімі аз болады. Ал HBO арнасы үшін рейтинг керек. Екіншіден, Американың аудиториясы ауқымды, билеттері де қымбат болады. Ал Қазақстанда қымбат билетті халықтың қалтасы көтермейді. Меніңше, Головкин спорттық мансабындағы соңғы жекпе-жегін ешнәрсеге қарамастан Қазақстанда өткізеді деп ойлаймын.
Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) Сауль «Канело» Альвареске қарсы болатын екінші жекпе-жегі үшін IBF тұжырымының белбеуінен айырылды. Енді отандасымыз WBA (Super), IBO, WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын қорғайды. Айтпақшы, отандасымыз бокс кешінен түскен қаржының 42,5% иеленсе, қалған 57,5% Альвареске тиесілі. Араға бір жыл салып, қос саңлақ Лас-Вегас қаласында орналасқан T-Mobile спорт кешенінде қайта қолғап түйістіреді. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болады.

Жанқош ТҰРАРОВ, кәсіпқой боксшы:

Екінші жекпе-жек Головкин үшін өте ауыр болады

1. Екінші жекпе-жекте Альварестің қарқыны күшейе түседі. Головкинге қиынға соғары анық. Өйткені Альварес техникалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да өскен. Меніңше, бірінші жекпе-жектегі сценарий қайталанып, кездесу тағы да 12 раундқа созылуы мүмкін. Кімнің жеңіске жететінін дөп басып айта алмаймын. Дегенмен Головкинге жанкүйер болып, жеңіске жетуін тілейміз.

2. Кәсіпқой бокс спорттан бөлек, үлкен бизнес. Бұл жерде көп мәселе қаржыға байланысты. Еліміздегі спорт сарайлары Америкадағыдай үлкен емес және халық та аз жиналады. Сондай-ақ атақты HBO телеарнасын Қазақстанға әкелу үшін де қомақты қаржы керек. Негізі, шынайы өткізуді қаласа ешнәрсе кедергі бола алмайды.

Мадияр ӘШКЕЕВ, кәсіпқой боксшы:

Төрешілер Головкиннің қолын көтереді деп ойлаймын

1. Бұл жекпе-жекте нағыз мықтының кім екені анықталады. Ешқандай да тең нәтиже болуы мүмкін емес. Өйткені ондай нәтиже екеуіне де тиімсіз. Екінші кездесуде төрешілер Головкиннің қолын көтереді деп ойлаймын. Бірақ отандасымызға сәл қорғанысқа көңіл бөлу керек. Геннадий халықтың сұрауындағы нағыз шоуды көрсететін боксшы. Ал «Канело» қашып жүріп, арасында ғана соққыларын дарытады. Головкинмен ашық айқасқа түсуден қашқақтайды.

2. Бұл мәселені Головкин шешпейді. Оның бәрі промоутерлерге байланысты. Промоутерлер үшін Қазақстанда жекпе-жек өткізу тиімді емес. Өйткені билеттің құнын шығара алмайды. Америкада билеттің құны Қазақстанмен салыстырғанда екі есе қымбатқа сатылады. Сондай-ақ ақылы көрсетілімді (PPV) ешкім сатып алмайды.

Сауалнаманы дайындаған Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз