Ары-бері. Жүргіншілер көп өтеді. Мəскеу. Пушкин алаңы. Ол ноқтаға сыймаған тəкаппар басын бүгін мен болашақ алдында əнтек иіп тұрғандай. Бұл қалпы мəңгі өзгермейтіндей. Бірақ кім біледі? Соғысқа дейін қола мүсін күншығысқа қарап тұрды деседі. Ал қазір… Батысқа. КСРО астанасынан қара күзде кетер кезде қазақтың əйгілі ақыны Мұқағали Мақатаев та қоштасуға келіпті.

…Сен болған шақ бұлыңғыр, тұнжыр маған.
Əйтсе де аямапты құрғыр заман.
Болат Пушкин тіріліп кете ме деп,
Тұғырыңды болатпен шынжырлаған.

Қарадым сенің қола мүсініңе,
Қоланы да болады түсінуге.
Мені тəңірім жаратқан табынуға,
Сенің мəңгі қақың жоқ кішіруге.

Ортасына сауықшыл түсіп көптің,
Мастандым да, масайрап ісіп кеттім.
Мұң шаға келіп едім, «ұш!» дедің сен,
Өзің ұш деп тұрған соң ұшып кеттім.

Ұшып кеттім тауларға бұлт басқан,
Төңкеріліп теңізге тұныпты аспан.
Теңіз бенен аспанның тыныштығын,
Долы дауыл барады жұлып қашқан.

Қош бол, аға, əлемді тамсандырған,
«Тас мейманға» табиғи жан салдырған.
…Меніменен сайрандар жел жоқ, бірақ,
Алатауым күтіп тұр қарсы алдымнан.

Қызық. Бұндайда Белла не ойлады екен?.. Ол да бұл тұстан талай өткен жоқ па? Өйткені жас əдебиетшілердің ALMA Materi – Тверь, 25 онша алыс емес. Бір кезде белгілі ақын-жазушылардың біразы жас дəуренін осында өткізіп, тəлім түйген Əдебиет институтында ол да оқып, Б.Пастернактың «Живаго докторы» Нобель сыйлығын алғанда оны қолдағаны үшін осы оқу орнынан шығарылып, бір жылдан кейін қайта қабылдаған болатын. Өйткені, саясат – лас. Оның салқыны өрімдей жас оған да тие жаздады.

Əттең! Тіршілік пен уақыт тегершігі теріс айналмайды. Бəрі армандай болатын. Қасірет пен көз жасы, қарама-қайшылыққа толы адамзаттың XX ғасыры өтіп жатты сыныптай сырғып. 60-70 жылдар еді. Ел құлағы – елу. Елеңдеп отырады. Жұрт кіші экранның алдын бермейді. Айтыс жүріп жатыр. Физиктер мен лириктердің айқасы. Ақыры экранға ақындар шықты. Эстрадалық поэзияның дүмпуі шығар: Вознесенский, Евтушенко, Рождественский, Сүлейменов, Коротич, Ахмадулина… Парнасқа ғайыптан періштелер ұшып келіп, бəрі поэзиямен «уланғандай».

Мəскеу, Ленинград, Киев, Алматы, Тбилиси, Фрунзе – бəрін жыр «сырқаты» ұстапты. Бұл дауасыз дерттен қашан жазылады деп жүргенде институт тəмамдалып, жылдар бойы сағынған дала мен тауға қарай аттанып кеттім. Есенин жиі бас сұғатын Платонов күзетші болатын ғимараттың ауласынан көптен бері ол да көрінбейтіндей. Əйтпесе күллі əріптестері қаумалап «Біздің Белла» дейтін еркелетіп.

Алатаудың алтын алқасындай Алматыға кімдер келіп кетпеген. Махамбеттің бірнеше өлеңін аударып, асқақ ақынның биік рухын жеткізе алмай А.Вознесенский де алма иісіне тұщынды. Евтушенко марқұм да күнгейді көп аралап, арнайы қалам тарта алмай кетті. Бəлкім, оларға шабыт шақыртқы бола алмаған өзіміз кінəлі шығармыз. Бұрынғы астанаға Б.Ахмадулина да келді.

Өлең өнері өлкесінің алғы шептегі солардай өкілімен аралас-құралас күн кешкен Белла (Изабелла) Ақатқызы Ахмадулинаның да жыр жолы тақтайдай түзу болған жоқ.

Орыс поэзиясында қарайып еңбек еткен қыз-келіншектер аз емес. Шабыт шұғыласына шомылған Марина Цветаева, Анна Ахматова, Вероника Тушнова, Ольга Берггольц, тағысын тағылар жігіттермен жарыса жыр жалына жармасты.

Тырнақтай тұңғыш кітаптардың бірден назар аудартатыны тым сирек. Ал Б.Ахмадулинаның «Гүлзар» жыр жинағы уəлі ауыз мэтр Михаил Светловтың көзіне түсті (Кейіннен Лениндік сыйлықтың лауреаты).

«Мен бұлбұлды ешқашан қолыма ұстап көрген емеспін. Ол жып-жылы болатын шығар. Басқалай болса ол қайтіп тамаша сайрар еді. Мен Белла Ахмадулинаның жып-жылы «Гүлзарын» қолыма алдым. Тырнақалды туындылар. Егер өз кітабына бар жан-тəнімен беріледі десек, бұл кітап – оның алғашқы жүрек лүпілі, – деп жазды 1962 жылы. – Ең сүйкімді тəсіл кəсіп арқылы – адам тану. Бұның əсіресе, жазушыға, ең алдымен ақынға қатысы бар.

Мен Белла Ахмадулинаны білетініме бірнеше жыл болды. Əрқашан оның дарындылығы ұнайды, бірақ кітапты оқып шыққаннан кейін ғана мұндай адамның өмір сүруі ғанибет екенін түсіндім! Тіршілікті түйсінгендер көппіз. Бізді алдарқату оңай емес. Өнердегі жасандылықты қас-қағымда аңғарамыз. Ақын Б.Ахмадулинаның басты қасиеті –оның шығармашылығы саф алтындай таза. Ол батыл бейнелеуден, күтпеген теңеулерден қорықпайды».

Ю.Цезарь айтпақшы, ол біздің үйде қонақта болды. Дастарқан аста-төк болған жоқ. Аз уақыт ас қамымен жүрсем, мейманым көрінбейді. Сөйтсем, Белла үстел астында əлі мектепке бара қоймаған қызым Нұржайнамен ойнап отыр екен. Ақынның балажандығы болар бұл.

Астананың саябақтары жоқ гүлзарларын Белламен ұзақ аралап қалампыр жұпарын құштарлана жұтып серуендеппіз тегі. Ұмытыла ма? Олардан жастық, махаббат пен көктем иісі сезіліп тұрғандай. Алматы сапары оған не бергенін білмеймін. Сұраған емеспін. Бəрібір айтпас еді. Қазақ тақырыбына қалам тарту оңай ма? Таулар мен дала ертелі-кеш сағындырады.

Аян НЫСАНАЛИН

«Ұлан» газеті, №6
5 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз