Жақында танымал ақын, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы Алматы филиалының бас редакторы Гүлнəр Салықбай жас журналистермен кездесті. Кездесуде келелі ой, əдемі əңгіме, журналистиканың қыр-сыры туралы да айтылды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Гүлнəр Салықбай қазіргі қазақ журналистерінің сөз қолданысындағы кейбір қателіктерді атап көрсетіп, тілдік қолданыстағы қателіктерге қатысты ой-пікірін білдірді. Болашақ мамандарға мұндай қателіктерге ұрынбас үшін не істеу керектігін де айтты. Гүлнəр Салықбайдан керек кеңестер топтамасын «Ұланның» оқырмандарына да ұсынуды жөн көрдік.

Бала деген ақ парақ сияқты дейміз ғой. Таза парақ сияны жақсы сіңіреді. Бала да сол сияқты. Жақсылықты да, жамандықты да бойына жылдам сіңіреді. Бірақ сол сиямен жазылғанды өшіру оңай емес. Сондықтан бала тəрбиесінде де, журналистерді тəрбиелегенде де абай болу керек.

Блогер мен журналистің айырмашылығы неде? Блогер дегеніміз – белгілі бір бұрышта отырып алып белгілі бір тақырып аясында жазатын адам. Ол өз пікірін жария етуге құқылы. Оқырмандарға блогер өз көзқарасын тықпалай алады. Ал журналистің мұндай мүмкіндігі жоқ. Журналист көп жағдайда бейтарап, салқынқанды болуы керек. Осы нəрсені ұмытпасаңдар ғана жақсы журналист бола аласыңдар. Шетелде журналистерді жұмысқа қабылдамас бұрын қолына «Лексикалық нормалар» кітабын береді екен. Не үшін деп ойлайсыңдар? Телевизияда ақпарат ауызекі сөйлеу тілінде таратылады. Алайда ол да лексикалық нормаға сай болуы керек.

Сөз деген құстың балапаны сияқты. Қатты қысып ұстасаң өліп қалуы мүмкін. Ал сəл босатсаң ұшып кетеді. Сондықтан журналист сөзге абай болуы керек. Сөздің шарықтауы да əртүрлі. Тауық сияқты ұша алмайтын сөздер де болады, сауысқан сияқты сақ сөздер де болады, рухы биік қыран сияқты сөздер де болады. Əрқайсысын керек кезінде пайдалана білу де шеберлікті талап етеді. Телевизия құлаққа, газет-журнал көзге жұмыс істейді. Телевизияда ұшып кеткен сөзді қайтара алмайсың.

Қазақ тілінің сөздік қоры бай екені бəрімізге мəлім. Алайда журналист сөздің емес, істің адамы. Журналист өзінің тіл байлығын танытуға міндетті емес, ақпаратты дұрыс жеткізуге міндетті.

Сендер журналистиканың өтпелі кезеңіндегі ұрпақсыңдар. Дəстүрлі журналистика мен жаңа медианың арасындағы «алтын көпірсіңдер». Сендер біздің жолды қалай жалғастырасыңдар, кейінгі толқын да сендерге ілеседі. Осы жауапкершілікті сезінсеңдер екен деймін.

Жастарға жасықтықты сызып тастап, батылдыққа бейімделу керек. Адам баласы тəжірибелі болу үшін қателесіп көруі керек.

Қазақ балалардың барлығында дерлік «ұят болады» деген қорқыныш бар. Осы қорқынышты жеңе білген адам ғана жаңа нəрселерді білетін болады. Тілдік қолданыста сөздерді дұрыс қолданбайтындардың көп болғаны қынжылтады. Өзім қазақ тіліне келгенде қазымыр адаммын. Əріптестеріме де, достарыма да, шəкірттеріме де ескерту жасаудан жалыққан емеспін. Қай хабарда қандай қате сөз айтылды, кім қалай сөйледі, соның бəрін жазып жинай беріппін. Бір күні қарасам, 15 қойын дəптерге толып қалғанекен. Бұл еңбегім нəтижелі болуы үшін əр телеарнаның басшыларына осы қателерге толы қойындəптерді таратып беріп, мұндай қателіктерді қайталамау үшін оқуға жəне қызметкерлеріне оқытуға кеңес бердім. Осыдан соң біраз жақсы нəтижеге қол жеткіздік. Менде үміт сəулесі пайда болды. Қазір де осы əдетімнен айнымай дұрыс қолданылмаған сөздерді, эфирдегі қателіктер мен тіркестерді жазып алып, əлеуметтік желіде бөлісіп отырамын. Қазақ журналистикасына, қазақ тіліне аз да болсын пайдамыз тиіп жатса, қуаныштымыз.

Əр сөзді орнымен қолдану керек. Кейде сөздердің орны ауысып кеткендіктен немесе журналист айтар ойын дұрыс жеткізе алмағандықтан, сөйлемнің мағынасына нұқсан келіп жатады.  Мысалы, «14 желтоқсанға арналған ауа райы болжамы». Ауа райы болжамы қалай арналады? «14 желтоқсандағы ауа райына болжам» деген дұрыс.

Орыс тілінен ауысқан жайсыздықтың бірі – бастауышы да, баяндауышы да атау тұлғалы зат есімнен тұратын сөйлемдерге «ол» деген сөзді қыстыру. Мысалы, «Тəуелсіздік ол – бақыт». «Независимость это…» деген сияқты. Ана тіліміздегі «нəпақа», «пұшпақ» сияқты ежелден келе жатқан сөздерді, кейбір теңеулерді орынсыз қолдану. Мысалы, біреудің қайда жұмыс істейтіні туралы ақпарат бергенде «Ол базарда арба сүйреп, нəпақасын тауып жеп жүр» дейміз. Бұл көркем шығарма емес қой… «Нəпақа» – араб тілінен енген сөз (азық-түлік). «Базарда жүк тасушы болып жұмыс істеп жүр» деуге болмай ма? Тағы бір мысал: «Жас əнші жанына жақын саланың пұшпағын илеп, Алматы маңынан бизнес ашқысы келеді». «Илегендері бір терінің пұшпағы» деген тұрақты тіркес бар. Бұл жерде өте орынсыз қолданылған. «Бойлары сымға тартқандай түзу». «Сымдай тартылған» деуге болады, ал «сымға тартқандай» деген дұрыс емес. Сымға тартпайды.

«Қайырлы күн», «қайырлы таң», «қайырлы түн» деп амандасу – кезінде Ресей фильмдерінің қазақша аудармасынан сіңіп қалған нəрсе. Қазақта «кеш жарық» деген бар. Меніңше, ұлттық арнадағы осы «қайырлыларды» тоқтату керек. Қазақша амандасайық.

«Жіберіп алмаңыз». Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «жіберу» сөзіне мынандай анықтама берілген: «Жіберу – біреуді бір жаққа жұмсау, аттандыру. «Жіберіп қалды» – қолындағыны лақтырды, ұрды». Ұлы сөзде ұяттық жоқ, «жіберіп қойды» деген де тіркес бар. Оның мағынасын айтып жату артық шығар. Сондықтан «жіберіп алмаңыз» дегенді тоқтатайық. Тым құрыса, «қапы қалмаңыз» дейік те.

Қазір «мұғалім» деген сөз қолданыстан шығып барады. Өйткені оқытатын адамдардың бəрін «ұстаз» дейтін болдық. «Болып табылады, болып саналады». Екі сөйлем жазсақ, бірін осылай аяқтауды бұлжымас дəстүрге айналдырып алдық.

«Астанадағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ең көп тараған түрі (?) өз қызметін асыра пайдалану, алаяқтық жəне пара алу (?)болып табылады» (Біздің жаңалықтардан). Дұрысы: «Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстардың ең көп тараған түрлері – алаяқтық пен парақорлық».

«Бешбармақ». Қазақта мұндай сөз жоқ. Ет деу керек. «Бешбармақ» – шетелдіктердің мазақтап айтқан сөзі.

Айтқан сөзіміздің тең жартысынан көбі – «жаңағы». Қазіргі сөйлемдердің түсініксіздігі сонша, бірнеше рет оқымасаң, ұқпайсың. Ал осы сөйлем теледидардан айтылса не болады? Көрермен: «Қане, не дедің, қайта айтшы?» – деп сұрай алмайды ғой. Мысалы, «Ал қыста мал шаруашылығы жем-шөпке деген қажеттіліктің 60 пайызы деңгейінде ғана қамтылатын».Теледидар мен радиодан айтылған сөз құлаққа жеңіл, түсінікті болуы тиіс.

«Пайдалы мəліметтермен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіремін!» немесе «Пайдалы кеңестеріңізбен бөліскеніңізге үлкен рақмет!» – бұл арада «бөліскеніңіз үшін» деген тіркестің қажеті жоқ, кеңесті бөліспейді. «Пайдалы кеңес бергеніңіз үшін рақмет!», «пайдалы мəлімет бергеніңіз үшін рақмет», тіпті «пайдалы мəліметіңіз үшін рақмет» десе болды.

«Тұтыну» сөзі. Қазір журналистер «қандай тамақ тұтынасыз?», «қандай киім-кешек тұтынасыз?» деп сұрақ қоятын болды. «Тұтыну» сөзінің де қолданылатын жері бар. Мысалы, «халық тұтынатын тауарлар» деген сияқты. Ал енді киім, тамақ, тағы басқаларға қатысты орынсыз қолдана берудің қажеті жоқ. «Қандай тамақ жейсіз?» деп, өзіміздің түсінікті тілімізде сөйлеуіміз керек.

«Туылған» деген сөз. Бүгінде жаппай «туылған күнім», «туылған жылы» дейтін болдық. Бұл туралы жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин нақтылы дəлел келтіріп, пікірін айтқан болатын. Бала туады, ана табады.

Гүлнəр Салықбайды көпшілік журналист, редактор ретінде ғана емес, ақындығымен де таниды. Ол «Бір жұтым ауа, қызыл күн», «Жан», «Түс», «Аспандағы аңсарыма», «Кешіріңдер, келгенімді өмірге» кітаптарының авторы. Ақын апамыз бұл туралы да айтып берді.

Ақындық пен жазушылық ешқашан журналистикаға бөгет болмайды. Бұлардың бəрі тұтасқан бір ортақ əлем. Журналистика – кəсіп, ал ақындық пен жазушылық – қабілет.

Менің түсінігімдегі өлең – менің жан əлемім, қуаныш-қайғым, арманым. Ол – менің дүниеге көзқарасым, сырлас досым. Ол – жазған-жазбағаныма қарамай, жүрегіммен бірге соғып тұратын бір құпия дүние. Мен үшін ең қымбат сый. Маған өлеңнің нотамен жеткізе алмас бір музыкасы бар сияқты. Кейде сол əуенді ыңылдап жүремін де, жаман нəрсенің бəрін ұмытып қалам.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №10
6 наурыз 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз