Айбар мектептен келе сала, қоржынының бір басына кітабын, екінші басына сусынын салып, өрістегі ағасына ауысымға барады.

Бүгін де кең даланы жаңғырта әндетіп өріске жетті.

– Неге сонша кешіктің? Сабақтан қалатын болдым ғой, – деді ағасы ренжіп. Сөйтті де, заттарын жиып, ауылға қарай жүгіре жөнелді.

Күз келгелі күндегі тірліктері осы. Отыз шақты майда малды ағасы екеуі кезектесіп бағады. Ал жазда қойды жайлаудағы малшыларға қосып жіберетін де, үйде армансыз ойнайтын!

Ауылға қарай асыға басып бара жатқан ағасын көзімен ұзатып салған Айбар, қойларын бір түгендеп алып, кітап оқуға кірісті. Ол Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолағын» осымен екінші рет қайталап оқуда. Әсіресе, «Балуан шолақ» атанатын, ана бір Түйе балуанмен күресетін жерін ерекше сүйіп оқиды.

Кенет арқа тұсы жыбыр ете қалды. Жалт қараса, өзінің ақмарқасы екен. Сүйіне бұрылды.

– Ақмарқам менің! Мені сағындың ба? Саған қант әкелдім! Міне, жей ғой! – деп қошақанының бұйра жонын сипап-сипап қойды.

Ақмарқа қантын жеп болған соң еркелеп, Айбарды мүйізімен түрткілеп, ойынға шақырды.

– Ә, ойнағың келіп тұр ма?! Онда қуа ғой мені!

Айбар қашып, Ақмарқа қуып екеуі біраз ойнады. Аздан соң шаршаған марқа жайлауға кетті. Айбар кітабын қолына алды. Қайтадан Балуанның өмірімен біте қайнасып, қиял көгіне шарықтап кетті.

– А-у, бүркіт! Мен Сұңқармын! Естіп тұрсың ба? – деген дауыс естілгендей болды бір кезде алыстан. Біреу түсінде айқайлап жатқан секілді. Көзін ашса, ағасы екен. Ұйықтап қалыпты. Ағасы төбесінен төніп тұр.

– Оу, қойшы мырза! Қой қайда? Не жатыс мынау? – дейді иек қағып.

Атып тұрып, айналаға қарап еді, қойлар көрінбеді. Шошып кетті!

– Мен, мен… байқамай ұйықтап қалыппын! Қойларды бірге іздейікші,  ә! – деді Айбар батуға айналған күнге қарап.

– Өзің жоғалттың, өзің тап! – деді ағасы қатулана! – Мен ауылға кеттім! Мынандай уақытта далада жүруге болмайды! Сәлден соң-ақ қараңғы түседі.

Мұндай кезде ең дұрысы ағасынан ажырамау! Артынан ере жөнелді. Жүрісі қандай тез еді, жеткізетін емес. Арасында «қал осында, қойды ізде» деп ұрсып қояды. Қандай қатыгездік десеңші!

Сөйтіп жүріп, әне-міне дегенше ауылға да жетіп қалды. «Әкем ұрсатын болды-ау» – дегенше болған жоқ, Ақмарқа шықты алдынан маңырап!

– Өй, Ақмарқам менің! Сен қалай келіп алғансың мұнда? – деді қозыны бас салып. Қойдың үйге келіп алғанын содан біліп, қатты қуанды.

Ағасына қараса, күліп тұр екен.

– Ақмарқа құрлы ақыл жоқ! – деді шекесін шұқып. – Кеш бата сала мал екеш мал да қайтады қорасына?! Ал сен жүрсің сол кітабыңды құшақтап, қиялға беріліп!

– Жә, жетер! Кітаппен дос болғанның жаман болғанын көрмедім.  Тек сақтықты ұмытпау керек! Далада ұйықтау өте қауіпті! – деді осы кезде жандарына келген әкесі.

Содан былай Айбар әке ақылын тыңдап, сергек болуға тырысатын болды. Бірақ, кітабы әлі ажырамас серігі. Онсыз еш қызық жоқ сияқты дүниеде.

 

 

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз