«Қыз бала əкеге жақын болады» дегенді естігенде елең ете қаламын. Өзім де əкеме қатты жақын болдым. Мектепте оқып жүргенде би кешіне бару үшін əкемнен сұрана беретінмін. Кейбір сыныптас құрбыларымның «əкемнен сұрана алмадым», «анам əкеме айтпапты» дегенде таңғалатынмын. Əкем екеуміздің арамыздағы еркін қарым-қатынас бойжеткен шаққа дейін жалғасты. Студент болып жатақханада тұрдық. Бөлмелес құрбыларымның əкесінен гөрі, анасына көбірек қоңырау соғатынын байқадым. Бойжете бастаған шағымда əкеммен сырласу жиіледі. Бір күні сыныптас құрбымның ұзатылатынын естігенде барып, əкемнің есіне менің бойжеткенім түсіпті. Содан кейін анамның əңгімесінен «əкең айтып жатыр» дегенді жиі еститін болдым. Қасымдағы құрбыларымнан əкелері туралы жиі сұраймын. «Əкеме ештеңе айтпаймын, менің өмірім оған қызық емес» дегенді естігенде айран-асыр болғанымды жасырмаймын. Кейін келе құрбыларымның бойынан жігітке деген қорқыныш пен үрейді байқадым. Достық ниет білдірген əжептəуір жігіттердің көкірегінен итере бастады. Сырласа келе білгенім, өтпелі кезеңде отбасында болған келеңсіз жағдайлар, əкенің дөрекі мінезі қыз баланың ойында да, бойында да қалып қояды екен…

Төрт қыз тəрбиелеп отырған бір отбасын білемін. Үлкені қазір өтпелі кезеңде, 13 жаста. Кенжесі бірден енді асты. Анасы үлкен қыздың əкесімен қарым-қатынасы қиындай бастағанына алаңдаулы. Бір сынып жоғары оқитын баланың жазған хабарламасын оқып қойған əкесі қызын таяқтың астына алыпты. Кикілжіңнен кейін қыз үйінен қашып кетіп, ата-анасы үш сағат іздеп əрең тапқан. Балаға телефон алып берсек мəселе шешілді деп ойлайтын ата-ана көп. Оны қай мақсатта пайдаланып жатқанына, кіммен, не жазысып жатқанына мүлдем бас қатырмайтындар да жоқ емес. Ал əлгіндей жағдайлар баланың өміріне өшпес із қалдыратынын ескере бермейді. Əдетте қыздар жігіттердің бойынан əкесіне ұқсас мінезді іздейді. Əкесі айбынды болса, ынжық жігітті менсінбейді. Ал əкесінен жылы сөз естімеген, маңдайынан иіскетпеген қыз болашақта ер адамға үрке қарайды. Ұлға қаталдық керек болса, қыз балаға нəзік көзқарас қажет екенін түсіну керек. Бала күнінен бойына сіңген дүние өмір бақи өшпейді. Ал жақсы қасиет – жақсы отбасы болудың кепілі.

Қыз тəрбиесі туралы қызы бар əкеден артық кім айтар?! Қыз бала дүниеге келгеннен кейін əке өзгеріп кетеді дейді. Дегенмен, əкесімен сырласпайтын, тіпті сөйлеспейтін қыздар да бар. «Қызыңызбен жиі сырласасыз ба, соңғы рет оларды  қашан қуанттыңыз, қызыңыздың жүректі елжіреткен сөзі есіңізде ме?» деген сұрақтарды қыз тəрбиелеп отырған əкелерге қойған едік.

 

 

«Ұлан» газеті, №9
27 ақпан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз