Əлем чемпионатының қызып тұрған кезі. Сондықтан тақырыптан ауытқымайық. Азиядан барған құрамалардың арасында Иранның ойын өрнегі көңілден шықты. Алғашқы матчта Марокконы жеңді. Одан кейін екінші турда 2010 жылғы əлем чемпионы Испанияға қарымды қарсылық көрсетті.

Жалпы, Иран құрамасы Ресейдегі әлем чемпионатының алдындағы іріктеуді өте жоғары деңгейде өткізген болатын. Бірнеше ойын бойы қақпаларына гол жібермей, әлем чемпионатына алғашқылардың бірі болып жолдама алды. Ал чемпионатта Сочидегі алғашқы матчта Марокко құрамасынан басым түсті. Иран футболшылары әлем чемпионатында соңғы рет 1998 жылы АҚШ-ты жеңген. Одан кейін 2006, 2010,2014 жылдары бірде-бір ойында үш ұпай еншілеп көрмеген. Құраманың осындай нәтиже көрсетуіне қақпашы Алиреза Бейранвандтың еңбегі зор.

25 жастағы қақпашының тағдыры да қызық. Футбол ойнауына қарсы болғаны үшін бала кезінде ата-анасынан қашып кетеді. Көшеде қонып, қара жұмыс істеп жүріп, футбол ойнауын тоқтатпайды. Оның бәрі әйтеуір бір күні әлем чемпионатында өнер көрсетсем деген арманы үшін. Сол мақсатына қақпашы 15 маусым күні қол жеткізді.

Алидің драмасын түсіну үшін ол туған Иранның батысындағы Лурестанға аздап экскурсия жасап көру керек. Болашақ Иран құрамасының қақпашысы көшпенділер отбасының тұңғышы екен. Әкесі балаға үнемі қой баққызады. Бос уақытында Али футболмен қатар, жергілікті халықтың алыс қашықтыққа тас лақтырып ойнайтын Дал Паран ойынын жақсы меңгеріп алады.

– Біз тастарды ғана емес, балшықты, таяқты бәрін лақтыра беретінбіз. Кімдікі алысқа ұшады, сол чемпион болады, – деп еске алады сол кезді Али.

Оның айтуынша, бұл ойын оның футболшы болып қалыптасуына да септігін тигізген.

Алидің отбасы елдің барлық аймағын аралап шыққан. Бірде Сарабиасеге тоқтайды. Бейранванд футболды дәл осы жерде қатты жақсы көреді. 12 жасқа дейін шабуылшы болып ойнаған. Бірде команданың қақпашысы жарақат алып қалып, орнына қақпаға тұрады.

– Қақпашы болып ойнау барлығынан да қатты ұнады. Бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтын жауапкершілік.

Әкесі Мортеза футболды ешқашан жұмыс ретінде қарастырмаған. Сондықтан баласының ала допқа деген қызығушылығына қарсы болады.

Әкем мүлдем футболды ұнатқан жоқ. «Доптың соңынан қуып, қандай жетістікке жетесің?» – деп айғайлайтын. Әкеме ақша тауып беру қиынға түсетін. Сондықтан менен көмек күтетін. Бірде ол жейдемді жыртып, қолғабыымды лақтырып тастады. Бірнеше матч қолғапсыз ойнауға тура келді. Амал жоқ, үйден қашып, бақытымды ел астанасынан іздеуден басқа жол көрмедім.

Али туыстарынан қарызға ақша алып, ата-анасына ескертпей, автобуспен Тегеранға жетеді. Жолда футбол бапкері Хоссейн Фейзбен танысады. Ол Алиге «Вахдат» командасында жаттығуға ұсыныс жасайды.

– Хоссейн маған 40 доллар көлемінде ақша берді. Бірақ тұратын жерім болған жоқ.

Али Тегерандағы алғашқы түнінде мигранттармен бірге Азади мұнарасында түнеп шығады. Кейіннен клубтың есігінің алдында қонады.

– Адамдардың маған тиын тастап кетіп жатқанын байқадым. Олар мені қайыршы деп ойлады. Бірақ мұндай сыйлыққа да қуандым. Себебі ұзақ уақыттан кейін алғаш рет тойып тұрып, таңғы асымды іштім.

Бейранванд бұдан соң екі апта «Вахдат» командасының капитанының үйінде тұрады. Сосын тігін фабрикасына жұмысқа кіреді. Бұл фабрика командадағы тағы бір футболшының әкесіне тиесілі. Түнде сол фабрикада қонып жүрді.

Келесі жұмыс орны – көлік жуу орны болды. Бірде көлігін жуу үшін Иран футболының аңызы, құрама сапында 109 гол соққан Али Даеи келеді («Бавария», «Герта» клубтарында ойнаған).

– Қасымда жүргендердің бәрі менің кедейлік тағдырымды жақсы білетін. Олар Даеиден көмек сұра деп үгіттеді. Ең болмаса жөні түзу клубқа орналастыр деп айт деді. Бәлкім Даеи маған көмектесуі мүмкін еді, бірақ оған жағдайымды айту ол кезде ұят көрінді, – деп еске алады Бейранванд.

Дегенмен Алидің ойнына «Нафт Тегеран» кәсіби клубы қызығушылық танытады. Команда ұзақ уақыт аймақтық лигада өнер көрсеткен. Бейранванд мүмкіндікті мүлт жібермейді. Клубтың базасына көшіп алып, құлшылық ететін залда тұрады. Пицца тасумен айналысады. Әйтеуір бір күні жоғары деңгейде футбол ойнайтынына сенді.

– Менің бапкерім пиццерияда жұмыс істейтінімді білген жоқ. Бірде түскі асқа тамақтануға келді. Ол мені көргенін қаламадым. Бірақ ресторанның иесі дәл сол үстелге баруымды сұрады. Сол жерде киімді шешіп, жаңа жұмыс іздеуге тура келді. Осыдан соң үлкен саябақты жалғыз өзім тазалап жүрдім. Маған өзімнің спорттық бабымды үнемі сақтап жүру қиынға соқты. Өйткені ұйықтауға, жаттығу жасауға уақытым аз болды. Арманым орындалмай жатқанын сездім. Алайда клуб келісімшарт жасап, маған бір мүмкіндік берді. Осындай сенім артатын күнді ұзақ күттім.

«Нафт» клубында Али 2016 жылдың мамыр айына дейін ойнады. Алдымен жастар, сосын негізгі команда құрамында өнер көрсетті. Про-лигада қола жүлде еншілеген соң, «Персеполис» клубына ауысты. Бұл команда екі титул ұтып үлгерді. Бірде әріптесіне 70 метрлік қашықтықтан асырған добы голға айналады. Сөйтіп, бала кезіндегі алыс қашықтыққа тас лақтыратын әуестігі пайдасын тигізген болатын.

Ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын 3,5 жарым жыл бұрын Ирак құрамасына қарсы өткізді. Оны тіпті 2015 жылғы Азия кубогының тізіміне қосты. Бірақ алаңға шыққан жоқ. Бұл жолғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін Бейранванд негізгі құрамнан бастаған жоқ. Дегенмен уақыт келе бәсекелестерінен оза шапты. Оның үстіне, әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі 13 ойынның 12-сінде қақпасына гол жіберген жоқ. Тек соңғы Сириямен болған матчта ғана қақпасын құрғақ ұстай алмады.

Ресейдегі әлем чемпионатында Али плей-оффқа шығуды армандайды. Егер соңғы турда Португалияны жеңсе, қақпашының арманы орындалады.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №26
26 маусым 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз