Фристайл деген сөзді естігенде көз алдыңа не елестейді? Мысалы, маған қысқы олимпиада ойындарындағы шаңғымен секіру спорты елестейтін. Ал футбол фристайлы туралы не білеміз? Бұл спорттың жаңа түрі ме, әлде жай ғана көше өнерінің бірі ме?
Фристайл сөзі ағылшын тілінен аударғанда «еркін стиль» деген мағына береді. Футбол фристайлын қазақшалап «доп тебу мәнері» деген дұрыс шығар. Футбол фристайлынан екі дүркін Қазақстан чемпионы атанған Қамбар Мұстафинмен сұқбаттасқан соң, фристайлдың жастар арасында қалыптасқан жаңа мәдениет екеніне көз жеткіздік.
Қамбар Мұстафин қалай «Пиноккио» атанды?
– Қамбар, футбол фристайлы – қазақ жастарына таңсық дүние. Ол қандай спорттың түрі?
–  Иә, көпшілік фристайл туралы біле бермейді. Оны футболмен, кейде цирк өнеріндегі трюктермен шатастырып жатады. Менің ойымша, фристайл көше өнеріне жақын. Оның түп-тамыры көшедегі еркін өнерде жатыр. Фристайлды спорттың бір түрі ретінде емес, жастар арасындағы жаңа мәдениет деп есептеймін.
– Доп тебуді кімнен үйрендіңіз? Фристайл футболдан басталады дегенге келісесіз бе?
– Он екі жасымда әкем футболға берді. Ол кезде Қарағанды қаласында тұратынбыз. Доп тебуден мүлде хабарым жоқ болатын. Қабілетім мықты болды деп айта алмаймын. Доп тебу техникасын меңгере алмай, біраз қиналдым. Бірде жаттықтырушы ағайым менің дәрменсіздігіме қатты ашуланып, допты бар күшімен аспанға теуіп жіберді де: «Қағып ал!» – деп бұйырды. Ол кезде мен 13 жаста едім. Доптықағып ала алмадым. Қатарластарымның алдында ұятқа қалғаныма налып, қатты ұялдым. Командадағы балалардың бәрі мені «Пиноккио» деп мазақтайтын болды. Ертегідегі бұл кейіпкер туралы бәрі білетін шығар. Өзімді қоғамда ешкімге керексіз, қабілетсіз адам сезіндім. Осы оқиғадан кейін күндіз-түні допты қағып алудың түрлі тәсілдерін меңгере бастадым. Футболшы Роналдудың видеоларын көріп, өз бетімше үйрендім. Ол кезде ғаламтордың дамымаған кезі.Іздеп, сұрап жүріп, футболшылардың түрлі доп тебу тәсілдерін қарадым. Бірте-бірте менің мақсатым қақпаға гол соғу емес, доп-пен өнер көрсету екенін түсіндім.

– Футболдан фристайлға қалай ауыстыңыз? Қандай қиындықтар болды?
– Фристайлмен 2008 жылы таныстым. Өзім үйренген доп тебу мәнерінің ермек емес, өнер екенін білдім. Осылайша, футбол мен өмірге деген көзқарасым бірден өзгерді. 18 жасымда футболмен қош айтысып, фристайлға
түбегейлі бет бұрдым. Қарағандыда мектепті аяқтап, Алматы қаласына келдім. Колледжге оқуға түстім. Үлкен өмірге аяқ басқан соң, өзімнің сүйікті ісіммен айналысуға, қалағаныма қол жеткізуге мүмкіндік ашылды.
«Әскерде жүріп те доп тептім»
– Әскерге барып, азаматтық борышыңызды өтеп қайтқаныңызды білеміз. Әскерге бару фристайлмен айналысуға кедергі жасамады ма?
– Иә, 2016 жылы 4 мамыр күні әскерге шақыртты. Қызығушылығым басқа болса да, Отан алдындағы борышты өтеу – парыз. Бұл кез келген ер жігіттің міндеті деп білемін. Әскерде жүргенде де доп тебуді тастаған жоқпын. Алғашында мерекелік шараларда өнер көрсетіп жүрдім. Жарты жылдан кейін басшылықтан рұқсат алып, күніне 1,5-2 сағат жаттығып жүрдім.
– Футболшылар арнайы алаңдарда, қатаң тәртіп пен ереже бойынша уақтылы жаттығады. Ал фристайлшылардың жаттығу мәнері қандай?
– Бізге алаңның да, жаттықтырушының да, ереженің де қажеті жоқ. Фристайл еркін стиль екенін айттым. Күн сайын өзіңнің қалауыңа қарай жаттығасың. Фристайл міндет немесе жұмыс емес, ол – өнер туындысы, хобби.
– Қазақстанда аса танымал болмағанымен, фристайлдың әлем бойынша мойындалған спорт екенін білеміз. Аталған спорт түрінен қандай да бір чемпионаттар мен олимпиадалар өткізіле ме?
– Иә, чемпионаттар мен олимпиадалар өтіп тұрады. Қазақстандық фристайлшылар да бұл байқаулардан шет қалып жатқан жоқ. Астана, Алматы, Орал сияқты қалаларда фристайлмен айналысатын өнерліжастар көп. Үнемі байланысып отырамыз. Өзім 2012-2013 жылдары фристайл спорты бойынша Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атандым. 2014 жылы Малайзияда өткен Азия чемпионатына қатыстым. Бұл чемпионатта ТОП-8-дің қатарынан көріндім. Кейінгі чемпионаттар Индонезия, Вьетнам елдерінде болды. Бұл байқауларда ТОП-32-ден түсіп көрген жоқпын.

Skillers Crew – Алматыдағы жалғыз фристайл мектебі
– Алматы қаласында фристайл мектебін ашқан алғашқылардың бірісіз. Оқу процесі,  курс бағасы туралы айтып берсеңіз.
– Өз қызығушылығымызды дамытып, өзгелерге де үйрету үшін павлодарлық досым Диас Ақынжанов екеуміз Алматы қаласында Skillers Crew фристайл мектебін аштық. Қазір мектебімізде жеті оқушы доп тебу өнерін үйреніп жатыр. Бір қызығы, олардың екеуі қыз бала. Алғашқы сабақты тегін өткіземіз. Әрі қарай сабақ кестесін қойып,білгенімізді үйретеміз. Он екі реттік сабақ курсы он бес мың теңге көлемінде. Егер адамдардың доп тебу өнеріне деген қызығушылығы болса, жас талғамаймыз. Кез келген адамның доппен ойнауға құқығы да, қабілеті де бар деп ойлаймын. Алматы қаласы бойынша басқа фристайл мектебі жоқ. Санжар Бекенов есімді продюсер досым біздің өнерімізді видеоға түсіріп, монтаждап, керемет туындылар жасап берді. Осы арқылы өз имиджімізді қалыптастырып келеміз.
– Кумиріңіз кім?
–  Футбол әлемінде үш футболшыны үлгі тұтамын. Олар Криштиану Роналду, Зинедин Зидан, Андрей. Бала күнімнен солардың доп тебу мәнерін үйренуге тырыстым.
– Қоғамда кез келген футболшы фристайлшы бола алады деген пікір бар. Сіз бұған келісесіз бе?
– Қоғамда фристайлға жеңіл-желпі қарайтындар көп. Фристайлмен айналысу еріккеннің ермегі, барлық адам доп тебе алады деген пікір қалыптасқан. Менің айтарым, кез келген адам футболшы бола алады, алайда, кез келген футболшы фристайлшы бола алмайды. Футболға қызықпайтын ер азаматтар бірен-саран шығар. Олардың бәрі дерлік доп тебе алады. Футбол ойнап, демалып, тынығады. Бірақ, олардың ешқайсысы доп тебудің әдемі техникасын меңгеріп, мәнермен тебе алмайды. Ол ұзақ дайындық пен тәжірибе арқылы келеді. Алайда, Қазақстанда фристайлға көп көңіл бөлінбейді. Мұны тек ермек, көше бұзақыларының ісі деп есептейді.
«Өмірді қызыл дипломның құнымен өлшемесек екен…»
– Бұл өнерді қазақ менталитеті дұрыс қабылдай алмайды дедіңіз. Қандай да бір түсініспеушіліктер мен кедергілер болды ма?
– Біздің өнерді түсінетін адамдар аз. Әсіресе, күзетшілер мен тәртіп сақшылары қас жауларындай көреді. Жаңа айтқанымдай, доп тебуді өнер деп емес, бұзақылық деп санайды. Көпшілік біздің өнерімізді тамашалағысы келеді, ал біздің шоу көрсеткіміз келеді. Суретке, видеоға түсіріп, алғыстарын айтып жатады. «Арбат», «Мега», «Достық» сияқты ойын-сауық орындарында, басқа да жастар көп жиналатын жерлерде өнер көрсетіп жатқанда, күзетшілер мен тәртіп сақшылары кедергі келтіреді. Әрине, біз дауласудан қашамыз. Бірақ, бұл біздің өнерімізге жасалған қастандық деп түсінемін. «Мына жерде доп ойнауға болмайды» деген заң қайда жазылыпты? Еш жерде жоқ. Бірақ, амал жоқ, бәрін бейбітшілікпен шешіп, мойынсұна саламыз.
– Фристайл нақты ғылым саласы емес. Қай салада білім алып жатырсыз?
– Қазір көлік компаниясында қызмет етемін. Теміржол университетінің соңғы курсын сырттай оқып жатырмын. Себебі, былтыр әскерге барғандықтан, оқудан академиялық демалыс алғанмын. Колледжді қызыл дипломмен бітіргенмін. Бірақ, оның мен үшін маңызы жоқ. Ата-аналарымыз өмірдің, білімнің, баланың құнын қызыл дипломмен өлшемесе екен. Өмірдің мәні креслода отырып, беделді болуда емес. Сүйікті ісіңмен айналысып, бақытты болуда. Мысалы, мені достарым да, әріптестерім де өнерім үшін бағалайды. Көлік компаниясына мамандық бойынша жұмысқа орналасуыма да осы өнерім көмектесті.
P.S. Расымен, қазақта нан табатын мамандық деген түсінік бар. Оның қандай мамандық екенін анық білмесек те, сондай тұлға болуға ұмтыламыз. Себебі, бізді бала күнімізден солай тәрбиелейді. Кейде ата-анамыздың мақтанышы болу үшін жеке қызығушылықтарымызды құрбан етуге де барамыз. Қамбар Мұстафинмен болған әңгімеден соң бізге еркіндіктің жетіспейтінін сезіндім. Адам өзі жақсы көретін, өзінің қолынан келетін іспен айналысса ғана өнімді еңбек ете алады. Отанға деген махаббатты да әртүрлі тәсілмен дәлелдеуге болады. Сұқбаттан соң түйгеніміз – осы.
 Сұқбаттасқан Дана МАРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз