«Живопись – суретшінің ішкі түйсігі мен сан түрлі сезімдері бояу арқылы қағазға түсетін жалғыз жол. Оған шынайы өмірдегі білім мен ақылдың қажеті шамалы», – деп сурет жолында ешкімге ұқсамайтын соқпағы бар кіші Фрейд ойын еркін әрі еш астарсыз, анық жеткізген екен. Расында да, сурет өнері – бір қарасаң түпсіз тұңғиық, бір қарасаң көз жетпес биік. Бүгін біз әлемге әйгілі психолог, аналитик Зигмунд Фрейдтің немересі, ең бай суретші саналатын Люсьен Фрейдтің сурет әлеміне саяхат жасаймыз.

ЛОНДОН ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕГІ

Люсьен Фрейд 1922 жылы Берлинде дүниеге келіп, кейіннен Лондондағы орталық өнер мектебінде оқыған. Бір қызығы, оның алғашқы суреттерінен-ақ сюрреализмнің нышандары байқалған. 1940 жылы тұңғыш туындыларын өзі мойындай бастаған талғамы биік суретші суретсүйер қауым үшін тарту жасауды ойға алады. Оның алғашқы сурет көрмесі 1944 жылы Лефевр қаласындағы галереяда өтеді. Бар-жоғы 22 жастағы суретші осылайша жанкүйерлерін тамсантып, сурет тереңіне бойлайды. Жас суретшінің қаламынан сюрреализм бағыты байқалғанын жоғарыда айттық, кейіннен ол өз қолтаңбасын қалыптастыру жолында көп ізденеді. Нәтижесінде ол өз стилін тауып, сурет салудағы табиғилыққа мән береді. 1946 жылдың жазында Люсьен Еуропаны аралап, қарапайым халықты шығармашылығымен таныстырады.

Лондон өнер мектебін тәмамдағандарға зор құрмет көрсетіп, мақтаудың астына алған халық оларға зор сенім мен жауапкершілік жүгін артты. Өткен ғасырдың 70-жылдары суретші өмірінің әрі шуақты, әрі қайғылы кезеңі қатар келді. Шығармашылығындағы ізденістердің нәтижесінен туындаған портреттер қуаныш болса, әкесі мен анасының өлімі суретшіге ауыр әсер еткен. Анасын о дүниеге қимаған суретші сол кезеңде тек аналардың портреттерінен тұратын коллекция жасаған екен. Көңіл түбіндегі қайғыны қылқаламмен ақ қағаз бетіне түсіру ғана қолынан келген ол осылайша өзінің шеберлігін де арттырды.

ҰРЛАНҒАН ПОРТРЕТТЕР

Люсьен Фрейд әрдайым кез келген мәселені жақын досы Френсис Бэконмен ақылдасатын болған. Олар суретшінің алғашқы көрмесінде танысып, ұзақ жыл достығы жарасқан тұлғалар. Фрейд досы Бэконның портретін бір емес, екі рет салады. Өкінішке қарай, портреттер Берлиндегі көрмеде ұрланып, әлі табылмаған.

«Күнделікті өмірде ондай бақытты болмасаң да, шығармашылық барысында өзіңді толық бақытты адам ретінде сезінуің мүмкін. Алайда жұмысыңды аяқтаған сәтте сол бір аяулы сезім бір көрініп жоқ болады», – дейді суретші. Өзіне, өзінің туындыларына көңілі толмайтын Люсьен сол кезде: «Дайын болған картина емес, сол картинаны салған уақыт, процесс маңызды», – деген тұжырымға келеді. Дегенмен қазіргі заманның арт-стиліндегі суреттерді сол кезде тудырған туынгердің тереңдігі, санасындағы сабылыстар мен жалғаннан жерінуі әр картинасынан ап-айқын көрініп тұрады.

Өнер-нарықтың шыңын бағындырған Люсьен Фрейдтің өзге суретшілерден басты ерекшелігі – өзіндік миссиясы мен түпқазығының болуында. Оның суреттері көрерменін бір сәтте жылатып, артынша күлдіре алады. Сан құбылған картиналар легі көз алдыңызға нағыз өмірді әкеп қояды. Ал сіз одан көз тайдыра алмайсыз, қашып құтылу да мүмкін емес. Осыдан 3 жыл бұрын суретшінің «Ұйқыдағы қызметкер әйел» картинасы әлемдік аукционда 33,6 миллион долларға бағаланып, жаңа рекорд орнатыпты. Ол әлемдегі ең бай суретшілердің санатында.

СУРЕТШІ МҰРАСЫ: тек сурет қана емес…

Суретшіні танитындар оның әрдайым қара пальтомен жүретінін айтады. Люсьен 20 жыл киген әлгі пальто атасы Зигмунд Фрейдтен қалған жалғыз мұра. Неге екені белгісіз, атасынан тек осы киім ғана мұраға қалған екен. Осы пальтоны киіп шыға келгенде Фрейдтің рухы жамандықтан, көреалмаушылықтан қорғап тұратынын сезінгентіктен, Люсьен оны көзінің қарашығындай сақтаған. Зигмунд негізін қалаған психоаналитикаға көпшілік үрке қарайтын кезеңде немересі оның сөздерін ұранындай айтқан деседі.

Әйгілі сурет шебері 2011 жылы 88 жасында өзінің Лондонында көз жұмды. Атасының ақылы мен түйсігі дарыған суретші әкесінен архитектуралық ізденістерді бойына сіңіріпті. Өлімінен соң суретшінің қалдырған мұрасы анықталған екен. Жалпы құны 156 миллион доллар болған. Суретші 4 бөлмелі үйі мен 4 миллионын ассистенті Дэвид Доусонға қалдырған. Осылайша, өмірдің әділдігін іздеген танымы бөлек, болмысы бекзат суретші де жалған дүниемен қоштасты. Қош бол, сюрреалист!

Әлия ІҢКӘРБЕК

“Ұлан” (№15, 10 cәуір 2018).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз